Дүйсенәлі Әлімақын. Жанарыма жалғыз рет түне, сен…
30.12.2019
897
0

Дүйсенәлі

***

Тағдырын да, тарихын да ұғар ем,

Жанарыма сияр емес бұл әлем.

Тек сыйғаны, сенің кербез суретің,

Ақ теңізде ақ ханшадай күлесің.

 

Ондай жарқыл көрмегендей ешқашан,

Ондай ғапыл келмегендей от басам.

Мен өзіңе баяғыдай жақынмын,

Мен өзіңмен баяғыдай достасам.

 

Тағдырын да, жаңбырын да ұғар ем,

Жанарыма сыймай қойды мына әлем.

Тек сыйғаны саған барар жол екен,

Қайтып келші, қайта оралшы Сен, ертең.

Көзің болып мөлдірейді жұлдыздар,

Өзің болып сөйлеседі көлеңкем.

 

Сенсіз жерде елемеді, Түн мені,

Сенсіз жерде Жүрек-Айнам кірледі.

Сенсіз жерде түстім тағы қыс-отқа,

Сағынышым қардан бетер түсі аппақ.

 

Мен тулаймын Сенің дария кеудеңде,

Мен сыймаймын сағынбаған құшаққа.

Тағдырын да, барлығын да ұғар ем,

Жанарыма сыймай қойды мына әлем.

 

Тек сыйғаны сенің сол бір суретің,

Тек сыйғаны сенің атың — Ұлы есім.

Тек сыйғаны саған барар Жол екен,

Сенсіз жерде түсті тағы өр еңсем.

 

Ой қуалап отырғанда ұшақта,

Мен жіберген SMS-ті құшақта.

Сағынып кел, зарығып кел, болмаса

Мен сыймаймын сағынбаған құшаққа.

ПАРАДОКС

Шаттығыңды күліп тұрған Күн деймін,

Жоқ күніңді жұлдызы өлген Түн деймін.

Сені аяйтын Мен бар екем жалғанда,

Мені аяйтын кім бар еді, білмеймін…

 

Енді ешқашан жығылмас ем, сүйесең.

Жанарыма жалғыз рет түне, Сен.

Сені ойлайтын батыл Жүрек менде бар,

Мені ойлайтын Жүрек кімде жүр екен?

 

Тағат таппай көңіл құрғыр желіккен,

Сені іздейді көшелерден, көліктен.

Саған раушан ұсынатын мен бармын,

Маған ешкім гүл бермейді неліктен?

 

Көз алдыңда бар ма жарқын елесім…

Мен туралы не білесің, Сен, осы?

Саған арнап қарға сонет жазамын,

Маған ешкім жыр жазбайды О, несі?

 

***

Хан көшелерден, бұрылыстардан,

Ақ армандарым қашады.

Менің ақ қалқам гүлін ұстаған,

Жүрегін күнге тосады.

 

Қолын береді ол ақ сағым нұрға,

Соңына соның ілесіп.

Дегендей бейне бастадым дуға,

Ұшып-ақ кетті пыр етіп.

 

Енді жұрт оны құс дейтін болды,

Жүрегім соған шыдарма?

Енді ешкім мені күтпейтін болды,

Күтпейтін болды «Тұранда».

 

Әлгі бір хаттар келмейтін болды,

Келмейтін болды түндерде.

Даяшы қыздар сенбейтін болды,

БАРЛАРҒА жалғыз кіргенде.

 

«Аға- оу» деп шыққан еркелік үнді,

Естимін, қашан кім білсін?!

Ғұмырды біздің ертегі қылды,

Сол ақ қалқа, бүлдіршін.

 

***

Лаулатып жырын кеудемде,

Жетелеп кетті мені өмір.

Мен алғаш сені көргенде,

Бұдан да нұрлы еді өмір.

 

Отыңа түсіп күйгенде,

Жанарым жоқ боп кеткені.

Мен алғаш сені сүйгенде,

Бұдан да ернім отты еді.

 

Қасыңа жақын келгенде,

Айтылып тұрды көзіңде ой.

Мен сені алғаш көргенде,

Бұдан да тарпаң едім ғой.

 

Жаныма жарқын гүл берген,

Шақырып шексіз әлемің.

Мен алғаш сені сүйгенде,

Бұдан да мөлдір, пәк едім.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір