Марал Ысқақбай. Шындық пен өтіріктің аражігін кім ашады?
27.12.2019
1974
3

«Қазақ әдебиетінің» соңғы санында (№51-52) Балнұр Қыдырбектің «Ағаларымның» қырық өтірігіне жауап» деген мақаласы жарияланды. Ауыз әдебиетінде «Өтірік өлең айтысы» дейтін «жанр» болушы еді. Балнұр өзінің заңсыз әрекеттерін «өтірік өлең» «айтысына» айналдырып жібергісі келетін сияқты. Өз қылығын осылай жуып-шайғысы келгенмен, онысы «жаптым жала – жақтым күйе» болып жатқанын елейтін емес. Қазақта «басқа бәле – тілден» дейтін мақал бар. Әр жалалы сөздің жауапкершілігі болатынын есте ұстаған жөн.

Балнұр бұл «лепесін» әуелде «Ғалам-музиктің» чатында жариялаған еді. Ол «қисындарын» маған көрсеткенде, пікірімді қысқаша айтып беріп едім. Қыздар бір сөзімді шашау шығармай чатқа салыпты. Оны газетке де ұсынарын білгем жоқ. Әйтпесе, сол күні-ақ газетпен хабарласып, айтарымды соларға айтатын едім. Амал жоқ, «өтірік» десе де, «шын» десе де, газет бетінде жауап беруім қажет шығар деп шештім. Тек бұдан бұрын өзге сұхбаттарымда айтылғандарды қайталамай, қарындасымның әрбір «шын сөзіне» ғана нақты жауап бермекпін.

Оқи отырыңыз!

«Ағаларымның» қырық өтірігіне жауап

Әуелгісі: «Мені бастық бол деп өзі шақырды», – дейді. Таңырқарлық жәйт. Байғали ұқсата алмаған шаруаны Балнұр дөңгелетіп әкетер деп сенгенім бе сонда?! Қай пысықтығына қызықтым екен? Композиторлар одағын «өлі де емес, тірі де емес», шалажансар жағдайға жеткізгенін өзге білмесе де, мен білем ғой. Композиторлармен екі күннің бірінде кездесіп, бәрін естіп те, біліп те жүрген жайым бар емес пе?! Әлде оның «лауреат» деген дардай атағы мен ерекше талантына тәнті болып, композиторлық беделіне қызығыппын ба? Қаншалық беделі барын, шынымды айтсам, білмеймін, ал атақты қалай алғанын жақсы білем. Осыған «белсенді» қолғабыс тигізген адамның бірі мен едім, оны ұмытпаған шығар. Бұл қарындасымның әке-шешесімен ұзақ жылдар жақсы араласқан жайым бар еді. Сондықтан пенделік жасап, жақсы ағамның қызы ғой деп, бел шеше кірісіп, белсене қолдағам. Шынтуайтында, қазір оның қандай туындысы ұсынылғанын да, жалпы қандай шығармалары барын да білмеймін. Ал керісінше, Алтынбек Қоразбевтың, тым құрығанда, он-он бес шығармасын іркілмей атап бере алам. Кез келген көзі қарақты қазақ сөйтеріне сенімім және кәміл. «Алтекең біреулердің әндерін сіңіріп кетіпті» деген сөзді осыдан оншақты жыл бұрын біраз шуылдатып, даудың арты ақыры жоғары сотқа дейін жеткені, бірақ ол анықталмай, жай сөз болып қалғаны есімізде.

Балнұр Қыдырбек

Енді екінші «шын лепесіне» көшейін: «Мені бастық бол деп наурызда шақырды», – дейді. «Жаңылысып» отыр. Байғали Есенәлиев екеуі бүгінгі таңырқарлық әрекеттерін наурызға жеткізбей, сонау ақпанда бастаған. Авторлар Кеңесінің 2019 жылғы 27 ақпанында жасалған-мыс «Протоколына» сырттай қол жинауға кірісіп кеткені сол ай болатын. Қол жинаушысы – Байғали, әрине. Жібі түзу жігіттер маған оны сол күндері-ақ жеткізген. Тіпті, сонау Белгияда жүрген Ж.Тұрсынбаев телефон шалып: «Аға, Қоғамда не болып жатыр өзі? Балнұр жиналыс өткізем, бастық сайланам, кел, соған қатыс, қолда деп, мені шақырып жатыр ғой», – деп, Балнұрдан естіген сөзінің мәнісін сұраған. Сонда ғана Байғалидың істі шынымен насырға шаптыра бастағанын түсініп, «Ғалам-музик» директорлығынан да босатып жіберуге мәжбүр болғам. 370 мың теңге айлық төлеп, қарсы жұмыс істетіп қойып отырам ба!? Әрине, оның қылығын түсінуге болады: ҚазАҚ-тың бас директорлық лауазымынан айырылып қалған соң, менен кек қайтарудың амалына кіріскені ғой. Екеуіміздің арғы түп атамыз батыр болған, Байғали соны біледі. Соған тартқан нағыз көзсіз батырдың өзі болса керек, тым құрымаса, бір жаға жыртыспай, қалай көне қоям деп шешкен сияқты. (Ал Балнұрдыкі не жосық?! Мен соған таңмын! Айтпақшы, ол да батырдың тұқымы, әйтсе де, екеуміз шекісетіндей реті жоқ сияқты еді. Жолымыз ешқашан қиылысып көрмеген.) Мен Байғалиға тек әкесі баласына ғана қиятындай жағдай жасап едім, пысық асабалығына қарап, қолынан іс келер деп дәметкем: қызметсіз жүрген жерінен шақырып, құла-дала кабинетімді босатып беріп, бүкіл Қоғам қызметкерлерінің алдында «орынтағыма» қолтықтап кеп отырғызып, «ал, қарағым, іске сәт!» – деп тілек айтып, батамды бергем. Жас қой, істесін дегем. Азамат қой деп сенгем. Тіпті менің оған құлаған ықыласым барша авторларға да мәлім жәйт: 2013 жылғы жалпы жиналыс естеріңізде ме? Сонда төрағалықтан босанғым келетінін, Б.Есенәлиевті екі жылдан бері қасымда ұстап баулып жүргенімді, жұмысты соған тапсырмақ ойым барын айтқанымда, авторлар шуылдап, кетуіме қарсылық білдіргенін жиналысқа қатысқандар ұмыта қоймаған болуға тиіс. Сонда мен президиумда оң жағымда отырған Сұлтанәлі Балғабаевқа: «Сұлтан-оу, айтсаңшы мына жұртқа. Бұлай етуге болмайды ғой. Мен біржола қара үзіп кетпеспін, көмектесіп тұрамын. Менің де шынтағым астына жастықты қалыңдап тастап, жамбастай жатып, шәй ішетін кезім жетті емес пе?» – деп қазақылау өтініш айтуға мәжбүр болғам. Сонда Сұлтанәлі орнынан тұрып: «Оу, ағайындар, осы да бола ма екен. Жұрт бастығынан құтыла алмайды, ал сендер «жібермейміз» дейсіңдер. Бақылап жүрем, көмектесем деп тұр ғой, түсінсеңдерші», – деп басалқыға шақырғаны бар. Басқаны ұмытса да, оның осы сөзін ұмытпаған шығар жұрт. Құдайға шүкір, Сұлтанәлінің көзі тірі, сөзімнің жалған емесіне куәлік бере алады. Ақыры мені «құрметті төраға» сайлап барып, Есенәлиевтің бас директорлығын мойындаған. Сөйтіп, Байекең бес жыл бойы тізгінді жеке ұстады. Беделі күрт көтеріліп, киноға түскіш болып алды; бұрын бір кітап жариялап көрмеген адам, бар жазған-сызған шикілі-пісілі дүниесін құрастырып, бірден 3 томдық шығарып алды. Сонан соң мен оған жақсылап кепілдеме жазып беріп, Жазушылар одағының мүшелігіне өткіздім. Бірақ Қоғам жұмысы құлдырап, авторлар ақшасының жиналуы күрт кеміп кетті.

М.Шахановтың соңғы жалпы жина­лыста айтқан сөзі естеріңізде шығар: «Мен бұрын 4 кісінің айлығындай ақша алушы едім, қазір, тіпті, коммуналдық төлеміме жетпейтін болды», – демеп пе еді. Сондай жағдайға жеткізген осы Байғали болатын. «Әлін білмеген әлек» деген осы. Бас директорлық мансапқа бауыр басып қалған болу керек. Айлығы одан кем емес жұмысқа ауыстырғаныма қарамастан, бас директорлықты қайтарып алудың қамына кірісіп кетіпті. Ол мақсатқа жетудің жолын қарастырғанда, таңдауы Балнұрға түскенін қарай гөр! Бір қайран болса, содан болар десе керек. Алыстан ойластырылған «стратегиялық айла» ғой. Сұңғыла ақыл деп осыны айт! Композиторлар одағын «майшелпекке» айналдырып, дәндеп қалған Балнұр «алақанын ысқылап» құлшына кіріскен. Екеуі өтірік хаттама жасап, Авторлар Кеңесі мүшелеріне тойда көрсе – тойда, көшеде көрсе – көшеде – әртүрлі сылтау айтып, қол қойдырып, шұғыл дайындыққа кіріскен; сонан соң жалған қолды негіз қылып, заңсыз жиналыс өткізіп, заңсыз бастық сайланып, ҚазАҚ мөрінің логотипі бойынша жалған мөр жасатып алып, тіпті «Каз. Правда» газетіне: «ҚазАҚ-тың Авторлар Кеңесі биылғы 28 наурызда кирилицамен жасалған мөрін жарамсыз деп, жоюға шешім шығарды», – деп жалған хабарлама жариялауға дейін барған. Авторлар Кеңесі мүшелерінің қай-қайсысы да ондай шешім шығармағандарына кепілдік береді. Б.Қыдырбек бұнымен де тоқтамай, Әділет Министрлігінің Тіркеу басқармасына жалған хаттамасын алып барып, менің орныма өзін тіркетіп алған, сонан соң жалған мөрді пайдаланып, ҚазАҚ-тың банктегі есеп-шотына тұмсығын сұққан. Қазірдің өзінде 20 миллионға жуық қаржыны пайдаланып үлгеріпті деп естіп жатырмыз. Оның қайда жұмсалғаны белгісіз, бірақ анықталуы қиын емес қой. Құдайға шүкір, заң бар, тиісті органдар бар. Уақыты келер. Сөйтіп отырып, «М.Ысқақбай қаржылық қылмыс жасапты, бір жарым жылдың ішінде жарты миллиард теңгені жеп қойыпты», – дейді. Иә, сонда оны қайда жіберіпті? Бірақ айтпайды. Осы 20 жыл ішінде ҚазАҚ-ты Бас прокуратурадан бастап, әртүрлі министрліктер, салық органдары – кейбірі екі реттен, кейбірі бір-бір реттен – барлығы 11 рет тексерген. Ешқашан бетімізге шіркеу түскен емес.

«Соңғы үш жылда СИЗАК-қа мүшелік жарнасын да, шетел авторларының қаламақысын да төлемеген», – дейді тағы да. Егер бұны Балнұрға Байғали айтқан болса, рас-өтірігін анықтаудың түк қиындығы жоқ еді оған. Біздің сайтты өзі бұғаттап ұстап отыр ғой, әлгі айтылған төлемдердің бәрі сол сайтта нақты көрсетілген. Біз әр жыл аяқталған сайын үш тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) бүкіл қаржылық есеп-қисабымызды көрсетіп, буклет шығарамыз. Оны алдымен сайтқа саламыз, бүкіл шетелдік әріптестерімізге, Әділет министрлігіне, ірі-ірі пайдаланушы-төлемшілерімізге міндетті түрде жіберіп тұрамыз. Бұл – халықаралық тәжірибедегі екіжақты келісім-шарттың талабына сай, дәстүрге айналған міндет. Шетелге кеткен әрбір теңгенің құжаты қолымызда. Кез-келген тексерушіге көрсете аламыз. Ал енді «авторлардың ақшасын депозитке салып, пайдасын Ысқақбай көріп жатыр», – дегені де – жала. Өткен жылға дейін шетел авторларының қаламақысын депозитке салып сақтағанымыз рас. Өйткені шетел авторларының қаламақысы екіжақты келісім-шарттың талабына сай жылына бір рет қана жіберіліп тұрады. Сондықтан оны инфляциядан, девальвациядан қорғау үшін депозитте сақтап, пайыздық өсімін солардың өзіне жіберіп тұрдық. Депозитке салсаң, шетел авторларының ол ақшасы өзіміздің ішкі экономикаға да қызмет етеді. Бұның да әрбір теңгесі кімге, қайда кеткеніне дейін құжаттармен дәлелдеп көрсете аламыз. Және сол депозиттік салым келісім-шартқа Б.Есенәлиевтің өзі қол қойған ғой, оны да айта кетейік. Соңғы бес жыл бойы бас директор сол болды емес пе?!

Келесі сөз «Ғалам-музик» баспасына қатысты. Ол баспаны заңсыз құрылған деп есептейді. Неге? Ондай баспалар бізде баршылық қой: «Дастан» деген баспа болған; жаңадан ашылған «Асыл музик», «Бақыт музик» дейтін баспалар бар; «Веб-контент», «Много музыки», «Первое музыкальное издательство», т.т. деген ірі баспалар жұмыс істейді. Осылардың бәрі де ҚазАҚ-пен келісім-шартқа отырған. «Ғалам-музиктің» өзгелерден айырмасы – онда тек Қазақстан авторлары ғана мүше және оның бар мақсаты Қазақстан авторларының мүддесін қорғауға ғана бағытталған. Талан-таражға түсіп кетіп жатқан жүздеген миллион теңге қаламақыны қорғау үшін құрылған. Сол баспаның арқасында ҚазАҚ-тан демпингіге бола кетіп қалған қаншама төлемшілерді ҚазАҚ-қа қайтарып алдық. Оның ішінде ірі-ірі 28 телеарна мен радиолар, кабелдік арналар бар. Соңғы жылдары қайда кетіп жатқаны белгісіз болып, әртүрлі қоғамдардың «қалтасында» жүрген жүздеген миллион теңге сыйақыны сөйтіп қайтардық. Осы жерде тағы бір нәрсені айта кетейін: өсек таратушылар ол баспаға аударылған ақшаның бәрі М.Ысқақбайдың қалтасына түсіп жатыр дейтін көрінеді. Егер ол менің «тәтті майшелпегім» болса, неге мен Б.Есенәлиевті сонда директор етіп жіберіп жүрмін. Ешкімді жолатпай, қызғыштай қорып отырмас па едім?! Өсектің де қисыны болу керек қой.

«Қылмыстық іс қозғалып, тексеру жүріп жатыр», – деп соғады тағы да. Әсілі, қылмыстық істі кім қозғауы керек еді, ол ма, мен бе деп, қазір еріксіз ойланып отырмын. Заң талабы мен Қоғам жарғысының талаптарын сақтамай «кезектен тыс жиналыс» өткізген кім? Кворумның исі жоқ жерде өзін төраға сайлаттырып, сотқа 259 адамның жалған тізімін тапсырған кім? Ол тізімнің ішіндегі ҚазАҚ-тың 130 мүшесінің 128-інің қолын өтірік қойған кім? Тіпті ол тізімге аяулы ақын Жұбан Молдағалиев пен Сайлаухан Накенов сияқты, т.б. марқұмдардың атын кіргізіп жүрген кім? ҚазАҚ логотипімен жалған мөр жасатқан кім? Республикалық газет бетінде Авторлар Кеңесі атынан жалған хабарлама жариялаған кім? Жиырма екі жыл бойы сенімді әріптесіміз болып келген банктегі 800 миллиондай теңгені басқа банкке аударып, білгенін істеп жатқан кім? Тоғыз-он айдан бері жұмыстан береке қашырып, қырықтан астам қызметкерлерді айлықсыз қаңтарып қойған кім? Қоғамның үш жарым мыңдай мүшесінің қаламақысын «бұғаттап ұстап» отырған кім? Бүкіл шетел авторларының 1,5 жылдан бергі қаламақысын төлеуге мұрша бермей тоқтатып қойған кім? Мемлекеттік бюджетке, халықаралық ұйымдарға төленуге тиіс қаржыны жібертпей, Қоғам беделін де, ел беделін де түсіріп отырған кім?

Бұл ҚазАҚ 151 елмен байланысы бар мекеме ғой, солардың бәрі «бұл не деген сұмдық?» деп елеңдеп отырғалы бір жыл болды. Сонда кімге кім қылмыстық іс қозғауға тиіс өзі? Жарайды, құрысын! Өтірік пен шындықтың ара жігін ашуға түбінде бәрібір заңға жүгінуге тура келетіні түсінікті. Ол қозғаса да, мен қозғасам да, тексерілетін факты біреу ғой. Тек айта кетерім: тоғызыншы қараша күні ауданаралық сотта «Балнұр мен Байғалидың әрекеті заңсыз» деген шешім шыққан. Бірақ Балнұр мен Байғали оны мойындамай, қалалық сотқа жүгініпті. Жыл аяғына дейін ол да шешіліп қалар. Ал осы таяуда, өткен жұма күні, яғни 13 желтоқсанда, «Ғалам-музиктің» үстінен Байғали ұйымдастырған сот процесі де баспаның пайдасына шешілді. Өткенде «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «шын лепесінде» Балнұр: «М.Ысқақбайдың үстінен Қылмыстық Кодекстің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр», – депті ғой. «Жығылған күреске тоймас» деген. Қозғалсын, қайтеміз. «Аққа – Құдай жақ» деп, өз адалдығымызға сеніп отырудан басқа не істейміз. Бәрін де заң мен уақыттың өзі реттейді. Біздің сенетініміз – өзіміздің адал ісіміз, соттың әділ төрелігі. Әр заңсыз әрекеттің тиісті жазасы бары сияқты, әр жалған сөзімізге де заң алдында жауап беретінімізді есте ұстағанымыз жөн. Шындық пен өтіріктің ара жігін тек Заңға жүгініп қана ашуға болады. Басқа амал көріп отырғам жоқ.

Марал ЫСҚАҚБАЙ,

ҚазАҚ-тың 1998 жылдан бергі заңды төрағасы.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 28.12.2019 | 04:37

Марал аға ! Байқауымша былықты бастаған өзіңіз екенсіз.. Анау жігіттің іскерлігі той басқаруы ұнады деп, шақырған өзіңіз екенсіз ғой.. Бастағаннан кейін әдемі аяқтау керек еді.. Ал сіз тақты ешкімге бермей отырып алдыңыз! Мен сіздің орныңызда болсам тақты 70 жасқа келгенде-ақ жөні түзу жандарға өткізіп берер едім! Енді міне сот ісі қозғалып абыройдан жұрдай болудың алдында тұрсыз… Қайда жүрсеңіз де аман болыңыз!

Аноним 28.12.2019 | 09:46

Руласына сыйлық әперу, жақынын жанына тарту деген жаман індеттердің басында осы М. Ысқақбай жүрген екен ғой. Өзін аямаған өзгенің бетін шиедей қылады демекші, бір бармағы бүгулі екен, ағайыны абыройлы болып кетпесін деп, бәрін өз аузымен айтып отыр.

Аноним 28.12.2019 | 09:51

Негізі, М. Ысқақбайды төрт- бес жылға соттату керек, бір-екі жылда шығып келеді. Сосын ҚазАҚ-қа өмірлік төраға болуына болады. Бізде солай ғой, Журналистер одағының төрағасы С. Матаев пен Театр қайраткерлері одағының төрағасы Т. Жаманқұлов сотты болып, кішкене бейнет көрген соң, мәңгілік төраға орынтағына қонжиды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір