Қалаға барсам қарным ашады
13.10.2022
588
0

Ауылдан Алматыға кел­генде алдымен авто­бус­тан оң аяғыммен түсем деп сол аяғыммен жер бассыппын. Енді сорым қайнайды деп тұрғанда асқазаным ғыж ете қалды. Ең бастысы мынау тасқалада аш қалмау керек маған. Сондықтан самса жеп, сағыз шайнап, екі тәрілкеден тамақ ішіп, артынан Алматының «машалка нанын» кептеп алдым. Тойғаннан күркірете кекіріп едім, көшедегі кісілер селк етіп, теректегі құстар желп ет­ті.

Жолай келе жатып шемішке шақтым. Әйтеуір қарным тойды. Сөйтіп, туысымның үйіне көңілді кірдім. Амандық-саулықтан кейін шәй әзірледі. Сол арада жеңгеміз дүкенге жүгірді. Сатып әкеліп дүкеннің тұшпарасын қайнат­ты. Бұрқылдап ол бәле піскенше екі-үш қияр мен қызанақты кесек турап, мойонезді өлтіре салып, тұз сеуіп дастарханға қойды. Дүкеннің нанын лезвенің қалыңдығындай кесіп, алдымды а души қалап тастады. Бұрқылдап әңгіме айтып отырғанда, бұрқылдап тамақ та пісті. Тақ бір ет асып жатқандай отыз бес тал тұшпараға шуласып, шұрқырасып, әзер дегенде асқа отырдық. Дастарханның тарын айтпаңыз. Тіземіз-тіземізге тиіп, қолымыз-қолымызға айқасып, бейне бір қала көшелеріндей кептеліс басталды.
Жеңгем сояудай саусақтарына жабыстырған тырнақтарымен жаңа бұйраланған шашын ұстай берді. Алдыма ас келді.Тәрелкеме қарасам, үш тал тұшпара, екі тал ірі кесілген пияз, жеңгемнің бір бұйра шашы тауық сорпасында қалқып тұр. «Іш-же» деп қайта-қайта қинаған соң шанышқыға бір талын іліп аузыма ұрдым. « Алсаңшы, ұялма!», еще немношко» деген соң екі тілім наннан жедім. Машалкадай жұмсақ екен. Кәдімгі тісі жоқ апам иекпен илей салатын асы екен. Аздан соң шай келді. Оған көздің жасындай ғана тетропакет­тің сүтін қат­ты. «Құмшекер салсаңшы, қайным…» дейді, жеңгем. Төрт бұрыш шақпақ қант­тың біреуін кесеге кесектей сүңгітіп жібердім. Құйған шайы – жылымық бірдеңе. «Жеңге, шайыңыздың бұрқылдап жатқан жерінен құйсаңыз» деп қойдым. «Әкел» деп кесеме «тефальдың» түбіндегі қағын қотара салды. Шәйімнің ішінде кесек-кесек қақтар сеңдей соғылысып жүр. Оны ұққан жеңгем жоқ. Әшейін мені әңгіменің астына алып, оны-пұныны сұрап, өзі жасаған салат­ты өзі тауыса жеп қойды. Ағам да бір ішек болып қалған ба аузына ас апармады. Жоқ әлде маған жетсін деп, тартынып отыр ма, онысы бұлт­тай бұлыңғыр.
10 минут өт­ті дегенде тәрелкемдегі екінші тұшпараны қылғыт­тым. Тұшпараның нанын ұзаққа сақтау үшін дәретхананың қағазын қосады дегенді еміс естігенім бар. Үшіншісін жеуге оқталғанда, ішім құрылдап бастады. Ішектерімді біреу қолмен бұрап жатқандай бүрістім де қалдым. Қайта-қайта қарнымды толтырып жел келеді, желмен бірге маңдайыма тер келеді. Сыртқа білдіртпей шығарып жіберейін десем аядай үй аяйтын емес.
Жыным келді. Дәретхана құрылысынан бастап, қала құрылыс басқармасына дейін жапыра боқтадым. Ентігіп, көңілімнің күйін келтіріп, ішімді уқалап, өз-өзімді жұқалап, дастарханда отыра бердім. Әлгі құрғыр тар дәретханаға кіріп, айнала алмай, үйелеп құлап, орнымнан тұра алмай ішім кеуіп, ішкенім сыртқа теуіп, былғап алам ба деп қиналғаным-қиналған. Оның үстіне асханаға жабысып тұрған туалет­тің қабырғасы бит­тің қабындай жұп-жұқа екен. Шай ішіп, тұшпара жеп отырған кісілерге ішіңдегі революцияның құрылдаған, дырылдаған, ыңылдаған үнін қалай ғана естіртесің? Біреудің ішінде өтіп жатқан майданға екіншінің араласуға, халін сұрауға, қағазын апарып беруге қандай қақысы бар? Ешқандайда. Атам қазақ «Тісі ауырған мен іші ауырғанның көңілін сұрама» демей ме. Сондықтан тісімді-тісіме нығыздай қысып, қара терге түсіп, ауылдағы жүгіріп бара салатын иесіз қирап қалған кеңселерді, есі шығып ескірген моншаларды, құлап, кірпіші тоналған балабақшаларды еріксіз еске ала бердім. Олардың да қадірін түсінетін күн болады екен-ау деймін ішімнен, керемет­тей ішім ауырғанда.

КОНФЕТКА ҚЫЗ

Интернетпен қызбен таныстым. Таныса сап жабыс­тым. Жылға жуық уақыт болды. Кәдімгідей жүретін сияқтымыз. Бірақ «заочно».
Әңгімеміз бәтенкенің бауындай шешіліп, байланады. Ол қалаға, мен ауылға кел деймін. Ауылды айтып бастасаң шошыйды. Көзі банкадай бақыраяды. Ауыл десе албасты көргендей қашады. Қала десе ит қуғандай мен пызып берем. Сөйтіп, махаббат­тың қыл арқанын екеуміз екі жақтап резеңкеше созып жібердік.
Есімі әйбат. «Ә» дан басталып «м» мен бітеді. Ватсапта оны мен «рафаэлло» деп еркелетем. Өйткені осы кәмпит­ті сатумен айналысады. Басқа жігіт­тердей бақа жейтін аққуға теңепғ ақымақ болмай-ақ қойдым. Өзіндей тәт­ті, өзіндей қымбат италиялық рафаэлло десем біреу басымды жара ма?
Мінезі де рафаэллоның құрамындай қызық. Тек мұны рафаэлло жеген менен басқа ешкім түсінбес тегі. Ашуы – шар тәріздес вафлиге ұқсайды. Тіліңде еріп, тісіңде қырт-қырт сынады. Тәт­ті екен деп көп жеуге тағы болмайды. Өтің жүрмей майланып қалса қайта бет­тей алмай қаласың. Бірақ бадам жаңғағы мен кілегей қосылған қылығы – тәбетіңді қат­ты ашады. Сосын ықылық ата отырып, кокоспен қапталған сұлулығына қазақ тілінен қайырлы сөз таппай қиналасың…
Лавсан қабығына оралған көңіліңді көтерер көйлегі бар. Әр түрлі. Аппақ. Онысын жиі қонаққа киіп барады. Оны көзі шалған тәт­тіге құмар мендей жігіт­тер сыртынан көзбен ішіп-жейді. Жұқалауға көнбеген соң, мыстары құрып, жұтынып-жұтынып қойып отырады.
Кім тәт­ті жемейді дейсің? Әсіресе менікіндей алдыңда рафаэлло тұрғанда. Бірден көзіңе нәзік көрінетін сыртына қарап, аузыңа сап шайнамай қылғытқың келеді. Іші де жұмсақ, сырты да жұмсақ. Конфетка тұла бойында 10 грамм да жасандылық жоқ. Сондықтан ГМО-сыз табиғи қылтың-сылтыңсыз қасиетке ие.
Бірақ бұртиып қалса, кептірілген кокостай қата қалады. Ал содан кейін өсімдік майларындай қант қосылған әңгіме айтуға тура келеді. Сонда да бадам жаңғағындай шағылмай қояды дерсің. Амалсыз кептірілген майсыз сүт пен бидай ұны араласқан әзіл айтасың. Оныңды жек көрмегенмен сүт­тей құрғақ сөздеріңнің суын сығып ап, лецитин, ароматизатор хош иісті, хош үнімен үлбіретіп жауабын былш дегізеді. Ол сөзді шыдап естіп тұрған құлағың керең болмаса бу шығады да, көңілің көмірсуға лайланып кетеді. Оңай емес, оның да әйел біткенге Тәңір тағала бере салған ұзын да, сүйір натрий, гидрокарбанат­ты тұзды тілі бар. Ызыңдағанда, тақақтағанда, екі қолын бүйіріне қойып, тапсына сөйлегенде, талағың тарс жарыла жаздайды. Ондайда Рафаэлло — италияндық өнім екені есіңе, түссе сениордай бір тізерлеп, шляпаңды шешіп, кеудеңе қойып, кешірім сұрайсың.
Бірақ деймін да. Ол тәт­ті қызға 100 грамм да талғам құндылығымды жоғалтқам жоқ. Керісінше, ақуыз аңсарым 9,3 г, махаббат майлылығым 47,8 г, көмірсу көңілім 36,8 грамм қалпын қашан да сақтап қалады. Өйткені пысық. Қырық жаны бар. Бойындағы энергетикалық құндылығы барлық әйелге тән, еркек өмірбақи түсіне алмай өтетін 2552 (кДж) мөлшерге тең.
Міне, менің сырт­тай жүріп жүрген қызым осындай. Өзі тәт­ті. Көп жесең тісің ауырады, жемесең қызғаныштан ішің ауырады. О, рафаэлло!..

Біреулер білсе де, бәзбіреулер біле бермейтін сайыпқыран сатирик – Серікжан Мұрасылов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір