Ел қасіретін арқау еткен екі роман
27.12.2019
1438
1

Роман – күрделі жанр. Ұлттық әдебиетте «Абай жолы» эпопеясы бағындырған биік қазақ әдебиетіне кең өріс ашқаны шындық. Қазақ романдарының эпопеяға ұласуы – әдебиетіміздің аз уақыт ішінде әлемдік өреге жеткенін көрсетіп еді. Содан бері қазақ қаламгерлері жүздеген роман жазды. Зерттеушілер «қазақ әдебиетінің даму үрдісі роман жанрын игеру арқылы жаңа деңгейге көтерілді», – дейді. Бірақ роман тек көлем мен қат-қабат оқиғалар тізбегі емес, заманға сай өзгеріп, тақырыпты қамтудан гөрі беру формасы, тілдік ерекшелігі, мазмұндық сапалығы жаңаланып отырады. Біз 2019 жылы жарық көрген екі роман туралы қысқаша мәліметті ұсынып отырмыз.

«Қасірет пен тағдыр»

Биыл белгілі жазушы Сәуле Досжанның «Полиант» баспасынан «Қасірет пен тағдыр» атты жаңа романы жарық көрді. Жуырда Семей (Алашорда) қаласында кітаптың таныстырылымы өтіп, оған өңірдің зиялы қауым өкілдері мен қарапайым жұртшылық қатысты. Жазушы кітаптың таныстырылымын неге Семейде өткізді? Себебі, шығарма – Семей қасіреті туралы кең құлашты тұңғыш роман. Анығырақ айтсақ, романда полигон зардабы, оның жергілікті тұрғындарға тигізген залалы, күйреген бейуаз отбасылардың қасіреті сөз болады.

Әлемдік жарылыстардың – атом бом­басының жылдар бойы қазақ жерінде өтуі, қызыл империяның қарапайым халық тағдырымен ойнауы, ал сол тұрғындардың өздерін сынаққа айналғанын сезбей, барлық кесапатты тағдырдан көруі, кемтар бала, ауру әке, айкезбе аналардың мүшкіл халі романда бір отбасының қасіреті арқылы беріген. Кемтар баланы дүниеге әкелген жас ананың іштей тұншыққан, психологиялық тұрғыдан аса ауыр қысымға ұшыраған сәтінен басталған шығарма осы өлкенің ғана емес, Кеңес одағы тұсындағы тұтас елдің тағдырын бейнелі образдармен айшықтаған.

Роман желісі бірсыдырғылықтан бас тартып, әртүрлі формалық, стильдік ізде­ніс­термен беріледі. Біржақтылы даттау, өткенге күйе жағу, ашып-жарып бәріне нәлет айтудан бас тартып, ел трагедиясын бодандықтың қамытын киген, еркіндіктен айырылған халықтардың санасы тұрғысынан суреттейді. Яғни, бо­дандық тек басқаға бағынудан, бас еркін­дігінен айырылудан көрініп қана қоймай, сонымен қатар адамның ойлау жүйесі де құлдыққа түсетінін астармен жеткізеді. Бұған дәл сол қасіреттің зардабын тартып отырса да, әкімшілік пен билікте істейтін жергілікті атқамінерлердің жүйеге қарсыласуға дәрменсіздігі мысал. Өз баласы жарылыстардың тірі құрбаны екенін біле тұрып, өзі қызмет ететін билікті қорғаштайды, қорыққанынан сыйлайды.

Автор романда сюжеттік құрылымды күр­делі ситуациялар арқылы байытып, Аяулымды (жас ана) түрлі тағдыр сынағына салады.

Романның соңғы тараулары Семей полигонына қатысты зерттеу еңбектері мен осы тақырыпта қалам тербеген өнер қайраткерлерінің, қаламгерлердің шығар­малары, полигонның жабылуына үлес қосқан тұлғалардың ерліктері турасында баяндайды. Бұны жазушының осы әлемдік қасіретпен қазақ халқының жан-жақты күрескенін, соның дәлел-сипаттарын жеткізу жолындағы өзіндік формасы  десек болады. Қазір әлем әдебиетінде мықты шығармалардың көбісі әртүрлі жанрларды тоғыстыра  келіп, оқырманға жай рухани ләззат сыйлап қана қоймай, бір тақырып аясында көптеген танымдық ақпарат беруді мақсат тұтады. Сәуле Досжанова да Семей қасіреті туралы жаза отырып, қазақ халқының соңғы 30 жыл бойы атқарған жұмыстарын роман арқылы қайта бір еске салып, әдетте белгілі ортаға мәлім болғанымен, жалпы көпшілікке беймәлім полигонмен күрес тарихын нақты дәлелдермен келтірген. Бұл жазушының өзі жазған тақырыпқа үлкен жауапкершілікпен қарағандығының көрінісі.

«Сәуле Досжан – қазіргі прозада өзіне ғана тән тақырыбы мен стилі бар жазушы. Бүгінгі постомодернистік кеңістікте жеңіл оқылатын, мистикалық үрейді заман шындығын көрсету үшін қолданатын мәтіндер көбейе түсті. Бұл мәтіндерде баяндаушы-нарратор мен түрлі пенделік тірлікке ұшырайтын кейіпкерлер бүгінгі тілмен сөйлегендіктен, әр санаттағы қоғам өкілдерінің сөздері баршылық», – дей­ді белгілі әдебиеттанушы Айгүл Ісімақова. Жазушының бұл романы бұған дейін қазақ қаламгерлері ден қоя суреттемеген полигон қасіретін өзіндік өріммен оқырманға ұсынғанымен құнды.

 

«ҚОҢЫЗ»

Жуырда жазушы Ырысбек Дәбейдің «Қоңыз» романы «Үш қиян» баспасынан жарық көрді. Аталған туындыны Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ қоғамының хал-ахуалын, автократиялық биліктің бет-бейнесін, жер бетінде жер көлемі жағынан 9-орында тұратын, жер асты кенішке толы бай елдің қарапайым кішкентай тұрғындарының «қоңыз тірлігін» шынайы әрі байсалды жазған шығарма деуге толық негіз бар.

 

Роман белгілі бір шағын қаладағы еңбек дауынан басталып, ақыры қантөгіспен аяқталған оқиғаны негіз етеді. Бірақ автор бұл оқиғаны тек екі отбасының тағдыры арқылы берген. Шығарма желісінде екі отбасының өткені мен бүгіні көтеріліс кезінде алма-кезек суреттеліп, жіпке тізгендей логикалы оқиғалардың қиындылары арқылы өріліп отырады. Арқау, негізгі жүлге еш босаңсымаған қалпында соңғы түйінге жетеді. Еңбек дауы, жалақыға келіспеушілік, заңды талап – дөкейлердің яки бас болар қаһармандардың араласуынсыз қарапайым жұмысшылардың іс-әрекетімен шешіледі. Мұнда автор өзі сөйлемейді, тек оқиғаны қағазға түсіруші ретінде ғана бейтарап қалады. Бұл бейтараптық «автордың өлімін», демек шығарманың өз өмірі, өз еркіндігі барын мейлінше көрнектілендіре түскен.

Шығарманың сюжеті шымыр, композициясы берік. Ол тек қала жұмысшыларының митингісі арқылы өрілген десеңіз, қателесесіз. Онда екі отбасындағы оқиғалар, көнбіс мінез, көлгір достық, еліміздегі білім, денсаулық саласындағы жемқорлық пен адамды адам ретінде санамайтын, бір-біріне жаны ашымас, бірінің тағдырына екіншісі алаңдамас топтық сана, тобырлық көңіл-күй, шіріген бюрократия шым-шымдап,тараудан тарауға көшіп отырады.

Егер шығарма тек қана осы ауанмен беріліп, солай аяқталған болса, «әлеуметтік романның» жақсы бір мысалы ғана болып қалар еді. Автор «қара бояудан» тұратын оқиға желісіне елестік күй қосуды алдын-ала ойластырған секілді. Бұған алаңдағы жыршы образының тарау сайын «жаңа қырлары» ашылып, кейіпкерлер ортасында бар мен жоқтың арасында көрініс табуы дәлел. Мұны шеберлік деуге болады.

Ал қоңыз туралы әңгіме өзінше бір хикая. Оны да әдемі, сазды әуенмен оқиға иіріміне жымдастырған.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 10.04.2020 | 16:55

Сәуленің романы туралы пікірді оқып, сырттай қызықтым, бірақ күдігім де бар: «Полигонды мен жаптым! Біз жаптық!» деп, өздерін өздері жанталаса насихаттап жүрген, шындығында ду-думанды көбейтіп, «полигоннан тауқымет көргендерге көмектесеміз» деп 10 миллиард доллардан астам ақша жинап алып, соны Шодиев, Машкевич, Ибрагимов деген алаяқтармен бөліске салған Олжас Сүлейменов ағасын басқаларша көкке көтере мақтамады ма екен?..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір