АЛАШТЫҢ АЛАТАУЫН АРҚАУ ЕТКЕН РОМАН
03.08.2022
1123
0

Қазақтың белгілі ақыны, бірнеше прозалық кітаптардың авторы жазушы Рафаэль Ниязбектің «Көсем» тарихи романы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығы қарсаңында жарық көргендіктен, үстіміздегі жылы аталған роман туралы көп айтылуда. Жуырда Алматы облысындағы Қапшағай қаласының Д.А.Қонаев есімімен аталуы ресми бекітіліп, Қонаев қаласының ашылу салтанаты өтті. Балқаш қаласында тұлға бейнесі қашалған алып ескерткіш еңсе тіктеді.
Қазақ қаламгерлерінің ішінен Д.А.Қонаев туралы 300-ден аса өлең жазған көрнекті ақын Р.Ниязбектің «Көсем» романы туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Рақымжан ТҰРЫСБЕКТЕН, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, ф.ғ.д. Гүлжаһан ОРДАДАН, «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д, профессор Гүлзия ПІРӘЛІДЕН сұрап көрген едік.

ХХ ғасырдың көркем шежіресі
– 2022 жылдың 18 мамырында өткен Қазақстан Жазушылар одағының жылдық қорытындысында Рафаэль Ниязбектің «Көсем» романы деректі шығармалар қатарында аталды. Романның жанры туралы не айтар едіңіздер?

Рақымжан ТҰРЫСБЕК: «Көсем» – автордың күрделі жанрға қалам тартқан алғашқы туындысы емес. Бұған дейін де ол осы жанрда үш кітабын жарыққа шығарып, оқырманның ыстық ықыласына бөленген. Ал «Көсем» – даңқты тұлғаның (Д.А.Қонаев хақында) еңбек Һәм өмір жолы арқау болған, сан салалы оқиға мен талайлы тағдырлар талқысы тоғысқан, кезең шындығы мен уақыт рухы терең танылатын кең көлемді, тың өрісті, соны үрдісті, тағылымды туынды екені анық.
Тарихи романның мазмұн құрылымын еске алсақ, бастапқы бөлікте – «Ұлыны ұлықтаған туынды» деп аталған ғалым Темірбай Мұқашевтың көлемді алғысөзіне, ондағы бірқатар талдау жүйесіне көз тоқтатпай, айналып өту ағаттық болар еді. Т.Мұқашев тарихи романның кеңестік кезеңдегі көркемдік мәні мен нәрін, басты тұлға – Д.Қонаевтың болмысы мен ұстанымын, тұлғалық қыры мен көркем бейнесін кең түрде талдаған. Шындығында ол тарихи романның табиғаты мен тағылымын тану­да, жанр жүйесі мен көркемдік-рухани нәрін танып-талдау тұстарында автор ұстанымы мен туынды шындығын жан-жақты ашу мүмкіндігін айқын көрсетіп берді. Бастысы, тарихи романда негізгі кейіпкер Д.Қонаевтың кезеңі мен қызметіне, әсіресе мемлекеттік саяси маңызы бар кездесулер мен оқиғаларда оның басшыға тән білімі мен біліктілігіне, жауапкершілік жүгіне, ақыл-парасаты мен адами ұстаным мәніне айрықша ден қояды.
Гүлжаһан ОРДА: Р.Ниязбектің «Көсем» романында да пленум материалдары, кейіпкердің сұхбаттары мен естеліктері мол қолданылған. Мұның бәрі тарихи тұлға туралы нақты деректерді сөйлету қажеттілігінен туған. Р.Ниязбектің қаламына арқау болған «Көсем» романында тарихи деректердің өзгеріссіз қолданылуының басты себебі де сонда. Соған қарап бұл туындыны деректі проза деп атауға келмейді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» дегендей, Д.Ахметұлының өз естеліктеріндегі, сұхбаттарындағы мәліметтерді әр қаламгер түрлі әдіс-тәсілдермен оқырман жүрегіне жеткізіп жүр.
Гүлзия ПІРӘЛІ: Автор қазақтың саяси тарихында ғана емес, ел басқарған басшылардың кез келгенінде кездесе қоймайтын тереңдік пен тазалықты, адалдық пен бекзаттықты, тектілікті бір бойына сыйдыра білген тарихи кейіпкердің барлық қоғамдық-саяси бейнесін аша білген. Д.Қонаевқа артық сипаттама берудің өзі де ерсі. Ол ел алдында өмірінің соңына дейін қандай қасиетті, қадірлі болса, романда да тап өмірдегідей өз өресі мен биігінде бейнеленген. Туындыда құнды құжаттардың молынан келтірілуі оқырман сенімін тудырып, шығарманың шынайы шындықпен өрілген нанымдылығын арттырады. Тарихи роман жанрының көркемдік шарты мен талабына сай туындаған осындай талап күні кеше көз алдынан өткен өмірлік шындықтың өміршеңдігін танытады.

Отты да, орды да қазақтың өз қолымен көсеген саясат сипаты

– Оқырман қауымға түсінікті болу үшін өздеріңіз айтып отырған тарихи құжаттардан, не болмаса тарихи деректерден бірер мысал кілтіре сөйлесеңіздер.

Гүлжаһан ОРДА: Романда Д.А.Қонаевтың ұстамдылығы, көрегендігі, тектілігі жан-жақты, нақты детальдармен ашылған. Оған бір ғана мысал келтірсек те жетіп жатыр. Қазақстанның қырық жылдығын тойлап жатқанда Н.С.Хрущевтің Алматыдағы отыз бес мың адамдық стадионды көргенде: «Яй, яй, сілтеген екенсіңдер шамаларыңа қарамай. Ал Алматының халқы қанша?» – деп басшыға тарпа бас салғанына қарап отырып, Отанға жыл сайын миллиард пұт астық тапсырған Қазақстаннан не болса, соны қызғанғаны анық көрінеді. Кеңес Одағы басшысынын бұл қитұрқы сауалына ол мән бермеген қалып танытты. Бірақ оның қазақ халқын менсінбеуі, артқа тартуы, көкіректен итеруі, басынуы ұлт көсемінің жанын жегідей жеп жатты. Тіпті бүкіл радио-телевидениені өшіріп тастап, тойға жиналған әлем халықтары алдында: «Патшалық Ресей империясы Қазақ­станды ғасырлар бойы орыстандыра алмап еді. Біз бұл идеяны аз уақыттың ішінде жүзеге асырдық!» ­– деп көпіргеніне не дерсің.
Ел көсемінің романда сөз болатын ашаршылық, қуғын-сүргін көрген халықтың тарыдай шашырап Орынбор, Астрахан, Омбы, Новосібір, Қытай, Монғолия асып кеткенін Хрущевке жеткізіп, Саяси Бюрода бірнеше рет көтеріп, жат жерлік болып кеткен ағайынды бауырына баспақ болғанын біреу білсе, біреу білмес.
Гүлзия ПІРӘЛІ: «Құнарсыз жеміске құрт та жуымайды» дегендей, Д.Қонаев көптен биік, абыройлы, ойлы, білімді болған сайын жауы да соншалықты көп болуы табиғи заңдылық та еді. Тарихта қашанда солай болған және бола да береді. Ұлттық мүддені өзінің мансабынан асырып ойламайтын жанындағы жандайшап пенделердің де оның етегінен тартып, Мәскеудегі беделіне көлеңке түсірген тұстары да романда нақты тарихи фактілермен баяндалған. Мәтіндегі мысалдарды келтірер болсақ, бір жиынның немесе бір мақала көлемінің жетпесі тағы анық. Қазақтың өзінің пендешілік пиғылына жету үшін арызды жазудан алдыға жан салмайтын қасиетін жақсы зерттеген орыс билігі отты да, орды да қазақтың өз қолымен көсеп, тұтатып та, түсіріп те отырды емес пе? Д.Қонаевтың үстінен жазылған 250 беттік бір арызда арсыздықпен айтылмаған не жоқ дейсіз? Ал оның саны 500-ден артса ше? Сонда біз қандай ел болдық? Ол ой кімді толғандырмаған? Оның жауабы осы романда толық берілген десе де болады. «Жарамсақ – жаудан жаман», «Қазақтың жауы –қазақ» деген Абайдың даналығы кітаптың өн бойында өріліп отырады. Павлодар қаласына Хрущевтің құрметіне «Хрущевоград» деп атай жаздағаны, Бостандық ауданын сұраған өзбектерге беруі, Хрущевпен бірге оқыған сол кездегі Өзбекстанның Бірінші хатшысы Ниязов пен Жоғарғы кеңеске төрағалыққа сайланған Насреддинованың ықпалы мол болғаны шығармада нақты нарратологиялық мәтіндер арқылы нанымды бейнеленеді. Оған «О передачи Бостандык­ского района и части земель голодной степи из состава Казахской ССР в состав Узбекской ССР Постановление Верховного Совета Казахской ССР от 21 января 1956 г. (Стенографический отчет заседаний второй сессии Верховного Совета Казахской ССР четвертого созыва 1956 г)» деген архивтік құжаттағы деректер дәлел (68-69-бб).
Рақымжан ТҰРЫСБЕК:  Романда Ғылым академиясы мен Жазушылар одағы бірлесіп өткізген көне дәуір әдебиетіне байланысты конференция, М.Әуезов пен М.Ғабдуллиннің эпос мәселесіне қатысты қайшылықты кереғар көзқарастары, Қазақстан жазушыларының съе- зінде Бірінші хатшы Пономаренко Әуезовті төнген қауіп-қатерден қалай қорғағаны хақындағы жағдаяттар да кезең шындықтарымен сабақтастықта өріс алып, байыпты баяндалып, сенімді суреттелген. Бұл жайлар Мәскеудің империялық өктемдігі екенін Д.Қонаев анық аңғарған еді. Ол – жауапкершілік жүгін жан-жақты сезініп, ғылым ісі мен ғалымдар еңбегін жан-жақты ашып, кеңінен көрсетеді. Романдағы бұл тұстар, шын мәнінде кеңестік кезеңнің қатқыл жүйесін, идеологиялық ұстанымын, уақыт рухының: «ұр да жық» сынды бағыт-ұранын, астамшыл әрекеттерін анық-қанық таныта түседі.
Романның екінші бөлігінде Д.Қонаевтың тарихи тұлға, кезінде Алашорда мүшесі болған Әлімхан Ермековпен жол үстіндегі кездейсоқ кездесуі баяндалады. Ол кезде Д.Қонаев Мәскеудегі институтта оқитын. Екеуі бірін-бірі танымайтын еді. Қонаев – студент, Ермеков – тұтқын. Д.Қонаев оның жәй адам емес екенін іші сезген. Оның арып-ашыған, жүнжіген аянышты халін көрген Дінмұхамедтің сол бір сәтін: «Есіл ерді қор қылған қайран заман-ай!» – деп жүрегі қанжылап, көзінен ыстық жас ытқып кетеді. Бірақ қолдан келер дәрмен қайсы», – деп шарасыздық танытқанын автор көркем тілмен көкейге қонымды етіп жеткізген. Конвоирдың көзін ала бере оның әйеліне жазған хатын алып, жасырып қалады. Олар арада он сегіз жыл өткен кезде қайта кездескен. Осы сәт романда былай суреттелген: «Әлімхан көп сөзге жоқ кісі еді. «Шырағым, мені танымайтын шығарсыз», – деп келген шаруасын айта бастап еді, Дінмұхамед сөзін бөліп: «Әлеке, о не дегеніңіз. Сізді білмейтін қазақ баласы бар ма бүгінде? «Ұлы математика курсы» деген кітабыңызды оқып, жан дүниеңіздің рухына көкірек көзімізді суарып өстік емес пе. Оның үстіне, баяғыда сізді тұтқындап Мәскеуге алып бара жатқанда вагонда кездескеніміз қайда. Сондағы студент мен едім ғой», – деп есіне салған. Әлімхан мұндай тосын жайтты күтпеген еді. Қатты толқып, көңілі босап жылап жіберді. «Ой, айналайын-ай, сол хат­ты салып, хабар жеткізбегенде жеңгең менің қандай зауалға тап болғанымды білмей әуре-сарсаңға түсіп, ішқұса болып өлетін бе еді, әлде қайтер еді. Алла бетіңнен жарылқасын сені», – деп Дінмұхамедті қапсыра құшақтап, ұзақ егілді» (230-231-беттер). Ақын-қаламгер Р.Ниязбек екі тұлғаның тарихи кездесуін оқырманға осылай әсерлі етіп жеткізген. Болған жайды бүкпесіз баяндап, қаз-қалпында жеткізген автордың ұстанымы мен жазу шеберлігі оқырманды тәнті етпей қоймас.

Желтоқсан шындығы

– 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы Д.А.Қонаевтың өміріне тікелей қатысты болғаны тарихтан белгілі. Осы көтерілісті жазушы қаншалықты дәрежеде көрсете алған?

Гүлжаһан ОРДА: Романнан үлкен орын алатын оқиғаның бірі де сол ­– Желтоқсан көтерілісі. Себебі Д.А.Қонаевтың үйқамақта болып, сұрақ-жауапқа тартылуының басты себебі де осы көтеріліске байланысты. Көзін ашқалы Қонаевтан басқа басшы көрмеген қазақ жастары үшін В.И.Лениннің «Ұлттардың өзін-өзі билеу правосы» бұрмаланғаны басқа сыймайтын құбылыс болды. Бір айдан кейін 75 жасқа толатын Бірінші басшыны халықтың, елдің алдында салтанатты түрде зейнет демалысына шығарып салады деп жүргенде, оның бір түнде орнын босатуы кім-кімге де күмәнді ой туғызды. Солардың көбі – жоғары оқу орнында «Ғылыми коммунизм», «КПСС тарихы», «Саясаттану» сияқты пәндерді оқып жүрген саяси сауатты студент жастар.
Сонымен бірге саясаттанушы Дос Көшімнің сол сотта аудармашы болғаны, үкімнің сотқа дейін шығып қойғаны, Қайраттың Жамбыл облысының тумасы болғаны үшін ату жазасына кесілгені бірінші рет айтылып отыр. Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбеков, Қайыргелді Күзенбаевтарды ұстап берген де – өздерінің қасында жүрген достары. Жазушы басын өлімге тіккен жігіттерге сатқындар мен аярларды қарсы қоя суреттеген. Төрт жігіттің сот залындағы қасқайып тұрған суретін газетке жариялаған журналист Жақыпов пен ҚазТАГ-тың директоры Жұмағали Ысмағұлов та жазадан құтылмады. Оларға газет-журналдардың есігі тарс жабылды, отбасын қаламымен асырап отырған жігіттерге бұл оңай жаза болған жоқ.
Гүлзия ПІРӘЛІ: Қонаевтың әрбір әрекетінің терең оймен, сабырлы сақтықпен, ұлтжандылықпен, ұқыптылықпен, парасаттылықпен пайымдалып отырғанын да оқушы жақсы сезінеді. Әсіресе 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң саяси қуғынға түскен тұлға Қонаевтың әділдігі, ұлт пен мемлекет ісіне деген адалдығы тұлабойынан ғана емес, күнделікті тіршілігінен де тайға таңба басқандай көрінетін. Білдей бір мемлекет басшысының әрбір алған затының құжаттарының бар болуы, олардың соншалық ұқыптылықпен сақталғаны осыған дәлел.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК: Алматыда өткен Пленум 18 минутта аяқталды. КОКП ОК хатшысы Разумовский Д.Қонаевты қызметінен босатып, оның орнына Ресейдің Ульянов обкомының бірінші хатшысы Г.В. Колбинді тағайындады.
Пленум шешіміне қарсылық білдіргендердің қарасы көп еді. Студент жастардың дауысы да, екпіндері де қатты естілді. «Театр және кино» институтының профессоры А.Тоқпанов екпін-серпіні басым студенттерді сабырға шақырып, қызбалыққа салынбауларын қатты ескертті. «Ресейдің қитұрқы саясаты көп қатпарлы, терең астарлы» екенін де барынша байыпты баяндап, жіті қаперге салды (148-бет).
Бұл кезде қарлы алаң жан-жағынан әскерилермен қоршалған еді. Қызыл жағалы жендеттер жастарға өктем үн қатып, қолдарындағы келтек темірмен, дубинка және сапер күрекпен ұрып-соға бастады. Жиналған жұрттың бірқатары кейін шегініп, бас сауғалап қашқақтай бастаған… Сол сәтте: «Жігіттер, қорқып, тайсақтайтын болсаңдар, шалбарларыңды шешіп бізге беріңдер! – деді бір жап-жас қыз айғай салып. – Сендерді туғанда аналарың қалжа жеген жоқ па? Еркек емессіңдер ме, немене? Намыстарың қайда?» – деген ащы дауысы мен жанайқайы естілді. Оның дауысы жалпақ жұртқа жетті. Ар-намысты оятып, жан-жүректі қозғағаны да анық еді.
Бұл – Қазақ университетінің 2-курс студенті ГүлжиҺан есімді қыз. Ол –қарлы боран мен мұз құрсауында жүрсе де ерік-жігері мықты, намысты да табанды, өжет мінез, өршіл рухты қыз екен. Елдің сөзін сөйлеп, жұрттың алдында жүрді. Жастардың қарасын көбейтіп, ар-намыстарын оятып, елдік әрекеттерге барып, жігерлі үн қосты. Бастысы, империялық билік ұстанымы мен қилы әрекеттеріне қарсылық көрсетті. Бодандық пердесін кейін серпіп, билік тұтқасын «берік қолға алған» кеңестік жүйе мирасқорларын, отаршылдық ойранын сынап-мінеді. Тәуелсіздік мәнін, азаттық, теңдік үнін анық та айқын жеткізді. Ел басқару – ұлттың ісі екенін табандылықпен, қайсарлықпен айтты.
Қазақстан Жазушылар одағының көктемде өткен Пленумына Г.В.Колбин қатысқаны қаламгерлердің есінде. Желтоқсан тақырыбы да қозғалды. Майдангер-ақын Т.Бердияров, Ж.Молдағалиев және сатирик Ш.Смаханұлы елдік мүдде мен ерлік шежіресін әр қырынан сөз етті. Мәскеудің «саяси ойын ережесі» қазақ халқына, жастардың өмір-тағдырына кері әсер етіп, сызат түсіргені де барынша байыпты, дәлелді дәйектер негізінде жүйелі жеткізілді. Біріншіден, сол кездесуде ақындар Тоқаш Бердияровтың: «Колбин, сен неге алаңдағы қазақ жастарын қанға бөктірдің?», Жұбан Молдағалиевтің: «Мен бұл қырғынды көргенше, соғыста шейт болып кеткенім артық еді», – деп орындарынан атып тұрып, атой салғандары әлі күнге дейін қаламгерлердің құлағында. Тарихи романдағы Желтоқсан шындығы да осы тұста анық аңғарылды.
Көркем шығарма мен көркем образдың негізі – өмірлік болмыс

– Тарихи романда орталық кейіпкерден басқа тарихи тұлғалар кездесе ме? Бар болса, олар кімдер?

Гүлзия ПІРӘЛІ: Романда Д. Қонаев қатты қадірлеген қанаттас, замандас қаламгерлер бейнесі де көзге жылы ұшырайды, әлемге әйгілі Мұхтар Әуезов, көрнекті актер Қалыбек Қуанышбаев, ақиық ақындар Олжас Сүлейменов, Мұқағали Мұқатаев, халық батыры Бауыржан Момышұлы, атақты Желтоқсан ардагерлері Жұбан Молдағалиев, Сейдахмет Бердіқұлов, т.б сынды сирек кездесетін ұлтжанды тұлғалар бейнесі де халық жүрегіндегі қалпында көркем кестеленген. Автордың кейіпкердің күрделі табиғатын, қиын сәттердегі жан дүниесіндегі арпалыстарды ашу үшін әдеби түс көру тәсілдерін пайдалана білуі де көңіл аударуға тұрарлық. Ұлт тарихындағы тәуелсіздік үшін күрескен тарихи тұлғалар галереясы да осында берілген. Кешегі Кенесарыдан бастап, Махамбет, сырласы болған құдасы Мұхтар Әуезов, Мұстафа Өзтүрік, Д.Қонаевқа ғана емес, қазақ еліне оң көзімен қарап, еркін еңбек етуіне мүмкіндік жасаған Брежневпен, Косыгинмен, 50 жыл отандасқан жары Зухрамен түсі арқылы кездесіп, шер тарқас­уы, ел тағдырын ойласып, терең толғанысқа берілуі де – қисынын тапқан көркемдік тәсіл. Өйткені образ қаламгер қиялының, суреткерлік шеберлігінің, интеллектуалдық деңгейінің, көркемдік танымының, жазушылық ой-сезімінің синтезіне тәуелді. Кез келген көркем шығарма мен көркем образдың негізі – өмірлік болмыс. Көркемдік дерек пен өмірлік дерек мұнда да көркемдік шарттылыққа ие. Себебі көркемдік әлем, көркемдік шындық өмірлік шындықтың бәрінен жоғары тұратындығы мәлім.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК: Д. Қонаев орнына өздерін «үміткер санап» жүрген – Жоңғарбаев, Қаражамалдинов, Әбуталиев, Меңдібаевтар қисынын тауып, Г.В.Колбинге ата жауындай көрген жанды қаралау бағытында «тосын сыр» ашады (502-505-беттер). Төртеуінің Колбинге жағымпаздығы, Қонаевқа деген өшпенділіктері бір-бірімен жарыса сөйлегендерінен көрініп, «өзі болып, толған қыз төркінін танымастың» керін келтіріп жатса, қалай қынжылмассың. Абай: «Күшік асырап, ит еттім, Ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, Ол мерген болып, мені атты», – демей ме?! Кемеңгер ойшыл қалай дөп басып айтқан десеңші. Қазақ «Кімнің-кім екенін басыңа іс түскенде білерсің!» – дейді. Әнші, термеші Жәнібек Кәрменов «Ойламаңдар, жігіттер» деп аталған термесінде: «…Күні үшін жүрген қулардың, Бірі де қалмас қасыңда», – деп жазылған жолдар бар. Сол бір ауыр жылдары қоғамдық өмірден бөліп тасталған Қонаевтың бұрын жанынан шықпайтындар амандық-саулық сұрасу былай тұрсын, қарасын да көрсетпей кетті. Тек ақын Олжас Сүлейменов пен ішкі істер қызметкері Амангелді Шабдарбаев қана күнде жанында болып, достыққа адалдықтарын көрсетті. Әсіресе А.Шабдарбаев оны әкесіндей сыйлап, алғашқыда қызметінен бас тартып, жанына жалау болды.
Түркі дүниесіне мәшҺүр Халифа Алтай мен Шығыс өнерінің танымал жеңімпазы Мұстафа Өзтүрікпен, алғашқы қазақ ғарышкер Тоқтар Әубәкіровпен болған жылы шырайлы кездесу-сұхбаттар арқылы да адамдық борыш, ізгілік пен имандылық, адамгершілік пен жауапкершілік жүгі, сыйластық сырлары ұтымды суреттелген (611-622-беттер).
Тарихи романның тұтас табиғатынан байқалатыны, Д. Қонаев қызмет бабындағы ресми адамдармен (Н.С.Хрущев, Л.Н.Брежнев, М.С.Горбачев, Ю.В.Андропов, К.У.Черненко, Ж.Шаяхметов, Ж.Тәшенов, Н.Оңдасынов, И.Юсупов, К.Аухадиев, М.Сағдиев, т.б.), еңбекшілермен, бейресми кездесу-сұхбаттарда да ұлт мұраты мен елдік мүддені жоғары қойғанын аңғарамыз. Автор халық қағидаттары мен дүниетаным арналарын, дәстүр мәні мен дін нәрін, өмір тағылымын кең түрде пайдаланып, жүйелі жеткізген. Ататарих пен тұлғалар тағылымын (Абылай хан, Бәйдібек, Кенесары, Төле би, Бөлтірік шешен, Абай, Жамбыл, Шәкәрім, Т.Рысқұлов, Б.Момышұлы, Қ.Сәтбаев, Е.Бекмаханов, М.Әуезов, Қ.Қуанышбаев, т.б.) сөз жүйесінде, ойлар мен толғаныстар тоғысында көңілді кеңге салып, айрықша жылылық, мейірім шуағымен орынды кестелегені оқырманды тәнті етіп, бей-жай қалдырмайды.
Гүлжаһан ОРДА: Желтоқсан көтерілісіне қатысты О.Сүлейменов, Т.Бердияров, Ж.Молдағалиев, Ш.Смаханұлы, Ә.Мәмбетов, Т.Жаманқұлов, т.б. сияқты кейіпкерлер өз аты-жөндерімен жүрсе, енді бір сыпыра Домалақ шал, Қожантай, Жұмағұл сияқты өмірден алынғанмен, аты-жөні өзгертілген жағымсыз кейіпкерлер де бар. Бірақ олардың аты өзгертілсе де, оқырман кім екенін жазбай таниды. Қонаевтың үстінен 250 беттік арыз жазған осындай сатқындар, алаяқтар еді.
Қонаевтың мәселесі қаралған Пленумда М.Сағдиев, Шығыс Қазақстан облысының бірінші хатшысы Милкин сияқты азаматтар Димаш Ахметұлын арашалап қалды. Жоғарғы Кеңестің төрайымы Сидорова Қонаевты қаралап сөйлеуден бас тартса, Орал обкомының бірінші хатшысы М.Б.Ықсанов, Заманбек Нұрқаділов сынды азаматтар қасынан табылды. «Жеңілген күреске тоймайды» дегендей, Колбин «Қонаев – Алаштың ары, қазақтың – қасиеті, ұлттың – ұяты деген сайын оған өршелене өшігіп, айналайын ата қазақтың өзін де, өтінішін де өзекке теуіп, сұлатып салып жайратумен болды». Себебі «Қонаевтың ақ сауыты – адалдығы еді. Қараулықтың қара жебесі қанша үшкір болса да бәрібір кеудесін тесіп өте алмады». Мәскеуден арнайы тапсырмамен жіберген полковник үстем ұлттың үсігіне шалынбаған жаны жайсаң орыс азаматы болғандықтан, Горбачев «Алаштың заңғар Алатауын» абақтыға жаба алмады.
Роман оқиғасына сондай-ақ Қарақалпақстанның бірінші хатшысы Кәкімбек Салықов, Өзбекстанның бірінші хатшысы И.Б.Усмонходжаев, Совминнің төрағасы Бәйкен Әшімов, Көкшетау облысының бірінші хатшысы Мақтай Сағдиев, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.С.Меңдібаев сияқты тарихи тұлғалар қатысқан. Саяси Бюродан К.Салықов арашалап, «Қонаевтың бір тал шашы түсіп, ескерткіші тұғырынан алынатын болса, қашан айтты демеңдер, Мәскеудің ескі алаңына да, Алматының жаңа алаңына да қарақұрым халықты жинап, митингі өткізем!» – деп О. Сүлейменов ақын күркіремегенде Қонаевтың күні не болары белгісіз еді. Кезінде Кәкімбекті Орынборға басшы етіп жіберуден «бұл қорыққан билік қашан да азулы ақындардан аяқ тартты. Ал олар Қонаевқа керек кезінде қалқан бола алды. Есесіне, келесі топтағылар «Бір кездері Қонаевтың жүрегінен көктеп өскен бұтақтар екенін ұмытып, бір-бір ұзын найзағайға айналып, тұла бойын тұс-тұстан сұққылап, қанын сорғалатып ағызып жатты. Бірақ бұл мәңгүрттер Қонаевты емес, ұлылықты шабақтап, қан құстырып жатқанын білмеді»…

P.S. 674 беттік көлемді тарихи романды бір жиын барысында толық талқылап шығу мүмкін еместігін байқап отырмыз. Көлемді романды оқып, ол туралы оқырманға мазмұнды сұхбат бергендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Қазақтың кешегі тарихын білгілеріңіз келсе, Рафаэль Ниязбек ағамыздың ұлт көсемі Д.А. Қонаев туралы романын тауып оқуға асығыңыздар, ағайын.

«Алқа» жиынын
ұйымдастырған
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір