Бұғалыққа түспей кеткен соңғы қазақ – ол ҚҰЛАН
13.12.2019
1010
0

Абылай Мауданов

МЕН ТУҒАН ЖЕР

Мен туған жер – тау, тас, теңіз, ормансыз,

Ормансыз да болған жоқпын қорғансыз.

«Пысық бол» деп шыңдаса да өкпегі,

«Кішік бол» деп тәлім берді көкпегі.

 

Бал деп сордым удай ащы шиесін,

Сол арқылы білгем дәмнің киесін.

Шіліңгірде сая еткем жыңғылын,

Ақ балықтай айдынына сүңгідім.

 

Бал қымыздың келтіретін күтімін,

Тобылғының жұттым жұпар түтінін.

Құба белін құла тайым шаңдатқан,

Қойлыбайдың қобызындай сарнатқам.

 

Күзде қырда көн етікпен дым бастым,

Бұлт астында құс үнімен сырластым.

«Адал бол» деп үндеп қыстың ақ қары,

Аязы кеп ақ жүзімді қақтады.

 

Кең қиырға суардым да көзімді,

Қара жерден үйрендім мен төзімді.

Асқақтықты ұғып өстім аспаннан,

Менің сөйтіп ақ сапарым басталған…

 

ҚҰЛЫН-ҒҰМЫР

Өліараның уысынан босап енді,

«Түрлентемін» деп келген осы әлемді,

Түн астында өмірге қияқ ай мен

Ай қасқалы құлыншақ қоса келді.

 

Жіп-жіңішке аяғы дір-дір етіп,

Айды көріп сілкінді шіңгір етіп.

Еміренер енесі еркелетіп,

Үр денесін жылы дем үлбіретіп.

 

Самал сипап кекілін толқындатып,

Аймалады армансыз сол күн бақыт.

Бозамық ай нұрындай уыз-сүтті

Сора берді айқасқа борпылдатып.

 

Жүйріктігі дарыған енесінің,

Кең даланың, дегендей, – егесімін

Қос құлағын қадап ап төбесіне,

Шауып жүрді құлыншақ келесі күн.

 

Сүтке тойса – маужырап шуақ күнге,

Маңайына жүруші ед ұнап мүлде.

Ай толғанда мойнына айқасқаның,

Құрық келіп киілді бір-ақ күнде.

 

Елемеді ешкім де нәзіктігін,

Ноқта киді басына,

Жазықты кім?

Әлсін-әлсін желіні жұлқып қойып,

Жатыр, әне, құлыншақ қажып бүгін.

 

Кімге барып айтайын мұңымды бұл,

Тынши қапты қыр жақта бүгін дүбір.

…Есер көңіл желіде тыпыршуда,

Аңсаттың-ау, бала күн,

Ноқтасыз құлын-ғұмыр.

                              

АҚ ЖАУЫН ТОЛАСТАМАЙ СІРКІРЕЙДІ

Ақ жауын толастамай сіркірейді,

(Қажеті жоқ қайырды кім тілейді…)

Желкемнен жұтардай боп кетпей қойды-ау,–

Қаралы қарашаның бұлты үрейлі.

 

Ақ жауын. Ағыл-тегіл селдетеді,

Жұлқылап тереземді жел кетеді.

Ала жаз бір тамбаған қырсық аспан,

Керегі жоқ кезінде көлдетеді.

 

Жалықтым, жауын неге тоқтамайды,

Жанымды жебір ойлар ноқталайды.

…Сен келсең, ей, күз, бәрі мұңға батып,

неліктен өткеніне көп қарайды?

 

Бұл, бәлкім, табиғаттың тосын ісі,

Бірақ та ұнамайды осынысы.

…Жоқ, әлде, күзге айналып тына ма екен,

Көктем мен жайсаң жаздың қосылысы.

КҮЗДІ САҒЫНАМ

Аязды қыстан қалтырап денем,

Арқадан көктем қақпады мені.

Жазыма үміт артып-ақ кеп ем,

Жаздан да жанның таппадым емін.

 

Ләззат таппадым қыз құшағынан,

Қалғандай көштің шетінде жетім.

Кіреуке-кірпік күзді сағынам,

Қоңыр мұң деген досым келетін.

 

Құсы жоқ көлім, жағаңа келіп,

Сабыр табамын сабама келіп.

Келерін күздің ерте ойлағанда,

Қызығын жаздың бағалар да едік.

 

Өмірге айтар өкпе, наз емес,

Отты жырымды көсеп көремін.

Құс қайтқан шақта, (көктем, жаз емес)

…бәлкім, «есеп берермін».                                                          

 

АҚЫРҒЫ ҚАЗАҚ

(Ақан Нұрмановтың рухына)

 Тағдырына куә болған ең азапты, ең көркем,

Атылды ма ақырғы оқ?..

Қолдан ұшты бердеңке.

 

Айдалада аң емес-ау,

Аңшыны атты бір қазақ,

Абақтыдан қашқан жанға

ажал болды бұл ғажап.

 

Жалын қылған, табындырған

Алласы мен Ар ғана,

Ақырғы ұлын үнсіз-түнсіз

аттандырды сар дала.

 

Тапшыл қоғам текті ұлының

өртеп тынды өзегін,

Дию-намыс, дүлей ыза ішінде тұр көзенің.

 

Запыран құсып заңғар кеудең алыса

алмай заманмен,

Қиянаттың құмырасын

қаққылапсың қаламмен.

 

Бұғалыққа мойынсұнбай,

болмай басқа амалың,

Ат үстінде «өлтіріпсің» еркін ұлын Даланың.

 

Бұла басқа жабысса да

айықпастай сор, күмән,

Бұғалыққа түспей өткен соңғы қазақ – ол Құлан!

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір