Бұғалыққа көнбеген ағайындылар
Атамыз Мәрсек Сасықбайұлы жас кезінде мырза, сал-сері, кейін келе Шығыс Қазақстанда Төбе би болып, қажыға екі мәрте барған ауқатты кісі болыпты. Райымжан, Босжігіт, Қалауи, Айып, Шерияздан атты бес ұл сүйген екен.
Мәрсек атамыз арнаулы оқымаса да, ел аралап жүрген кездерінде орыстар қоныстанған ауыл-қыстақтарға барып-келіп жүріп, өздігінен ізденіп, орыстардан жақсы сауаттанған кісі екен.
Мәрсектің немересі Тұрдыхан Шериязданқызының айтуынша: «Бір жылдары орыстың сарала киім киген солдаттары тражмонке арбаларымен Шығыс Қазақстан сахарасына келіп, орыс тілін білетін адам іздеп жүргенде, Мәрсек атама жолығып, бір жаз өздерімен бірге алып жүріп, қысқа қарай қайтып кетіпті. Қалың қар еріп, жол ашылғанда, әлгі солдаттар тағы келіп, атамды патшаның алдына апаратынын айтады. Ал атам елімен, туыс-туғандарымен қоштасып: «мен неден жазып, неден жаңылдым? Мені бекерге шақырып жатқан жоқ, бір пәле болған ғой…», – деп солдаттармен бірге Петербургке кетеді. Барғанда ақ патша қабылдап: «Қазақ елінде орысша білетіндер өте аз. Сенің көмегіңмен орыс-қазақ арасындағы бітпей жатқан жер дауы шешілді. Сенің осы еңбегіңді бағалап, сый-құрмет көрсету үшін алдыма шақырдым. Қандай талабың бар, байлық-мансап керек пе?» – деп сұрайды. Сонда атам: «Біздің Қазақ сахарасында оқыған адам өте аз, басымда жетерлік байлығым бар, маған мансап керек емес, тек бір баламды Петербургтен оқытып беріңіз» – деп өтінеді. Сонымен, Омбы қаласынан гимназия оқып бітірген Райымжанды Петербургке заң институтына оқуға аттандырыпты…» деп жазады (Тұрдыхан Шериязданқызының 2014 жылы «Мерей» баспасынан басылып шаққан «Кешулер» атты кітабының 16-бетінде).
Райымжан Мәрсеков 1903 жылы оқуын жақсы нәтижемен бітіріп, Омбы қаласына адвокат болып орналасады да, 1914 жылы Семей қаласына көшіп келеді. Райымжан келуден ілгері Семей өңіріндегі заңға қатысты жұмыстарды орыстар шеңгелдеп, өз беттерінше шешім жасап, халықтың наразылығын тудырған екен. Райымжан келген соң ел ішіндегі дау-шарлар тек Райымжанның бақылау, басқаруында болыпты. Тұрдыхан Шериязданқызы жоғарыдағы кітабында: «Қазақ басылымдар адвокат Райымжан келгеннен кейін түрлі даулар дұрыс шешімін табатын болды», – деп жазады депті (18-бет).
Райымжан атамыздың 1919 жылғы ашаршылықта қалың халқының қолындағы тері-терсек, жүн-жорқасы секілді шикізаттарын Шығыстағы Владивосток қаласына апарып, ол жердегі өзі әбден білетін «Мейір» фермасына тоқтамдасып өткізіп, олардан бір вагон азық-түлік, киім-кешек әкеліп, Семей халқын бір нәубет ашаршылықтан құтқарып қалған еңбегін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Алашорда үкіметінің тапсыруымен 1918 жылы Семейде қазақ атты әскер полкын құрушылардың бірі Райымжан атамыз болыпты.
Райымжан Мәрсеков 1922 жылы Алаш ардагерлері – Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтармен бірге Қытайдың Шәуешек қаласына барып, ол жаққа босқын болып өтіп кеткен ел-жұрттың ахуалын бағамдайды. Бұл деректеме кей жазбаларда, Алашорда басылымдарында қаржы жинайды деп те айтылады. Алаш ардагерлері ұйымдастырған бас қосуларға Толының әлі отызға да іліне қоймаған жас үкірдайы Қызыр Мамырбекұлы да келіп қатынасады. Қызырдың жолсеріктерінің біреуі болып менің немере атам (атамның туған ағасы) – Жақубай Жүрімбайұлы да бірге барады. Райымжан олармен сол жолы жақсы танысады. Басына күн туғанда екінші мәрте үйленген жас әйелі мен жалғыз қызын ала кетуге де амалы болмай, тек қарақан басын құтылдырып, алғашында Терістаңбалы еліне (Жакубай ауылына) паналап барып, соңынан Қызыр үкірдай қарамағында Алаш идеясын үгіттеу мақсатында ағартушылықпен шұғылданады.
Қызыр үкірдай 1893 жылы туған. 1917 жылы үкірдай болған. Хат сауатын ерте ашқан. Қолында Қытай ұстаз ұстап, қытай тілін жақсы меңгерген. Орысшаға жүйрік татарлармен араласып, орысшаны да жақсы білетін, жаңалыққа жаны құштар жан болыпты. Дүние ағымына құлағы түрік, феодалдық салт-сананы қабылдамаған, реформашыл адам болған екен. Содан да болар Қызыр Райымжанды бір жағы ағартушы ретінде пайдаланса, бір жағынан өзіне ақылман ұстаз тұтыпты. Райымжаннан жаңаша оқу үлгісін үйреніп, әлеуметтік-қоғамдық өзгерістерден хабар тауып, ол кісіні ерекше құрметтейді екен. Бір ғана мысал, жоғарыда аты аталған Жакубай атамыздың үлкен ұлы Ақпанбек былай деген еді: «Жиырма неше жастағы кезім. Соғым сойып жатқанбыз. Үйімізге Райымжан келе қалды. Бір жылқы, екі-үш ұсақ мал сойып жатқанымызды көрген. Соны олқысынды ма, әлде біздің отбасының адамдарының көптігін ойлады ма, таңертеңгі шәй үстінде әкеме:
– Жәке, менің де соғымым мәз емес, бір ғана ту бие сойдым, ұсақ малым жоқ. Үкірдай шақыртқан екен, сол ауылға кетіп барамын, мына ұлыңызды ерте кетейін, құр қайтпаспыз, – деді.
Біз барғанда Қызыр үкірдай қыстаудың аяқ жағындағы жайылма мұзда саптама етігімен сырғанақ теуіп жүр екен. Бізді көре салып, үйіне қарай беттеді. Біз атағашқа қарай бұрылғанда, үкірдай қолын бұлғап:
– Кім екен десем, Рекең екен ғой. Бері тартыңыз, бері қарай! – деп өз үйінің бұрышындағы атағашты нұсқады. Жетіп келген Рекеңді өзі қолтықтап, аттан түсіріп, құшақтасып амандасты да, Рекеңді қолтықтап үйіне кіріп кетті.
Бүкіл Майлы-Жайыр елін қабағымен жусатып өргізетін, ілуде біреу болмаса қамшысының ұшын бермейтін үкірдайдың Рекеңнің алдында балаша елпілдеп, құрақ ұшқанына қайран қалдым. Былтыр күзде Рекеңнің үйі біздің ауылға қоңсы отырғанда, анда-санда ауыл сыртындағы төбеде түймелі гармон шалып, ыңылдап ән айтып отыратынын талай көрген едім. Бірақ шешіліп көп сөйлемеуші еді. Сөйтсем, ол кісінің сөйлейтін кезі мен сөйлесетін кісілері бар екенін кейін білдім. Бүгін Қызыр үкірдаймен түннің бір уағына дейін көбіне орысша сөйлесті. Мен сөздерін ұға алмадым. Ертесі жайырақ тұрдық. Аттанарда үкірдайдың малайы менің алдыма он еркек қой салып берді. Рекеңнің айтуы бойынша мен жолшыбай алты қойды Рекеңнің үйіне апарып бердім де, төрт еркек қойды айдап қайттым. Үкірдайдың қалауымен Рекең сол үйде тағы бірнеше күн аялдайтын болып қалды.
Райымжан Мәрсеков Қызыр үкірдай елінде бала оқытып жүргенде, аймақтан, Дөрбілжін ауданынан (ол кезде Толы Дөрбілжінге қарайды екен) екі дүркін қуғындау бұйрығы түседі де, анықтауға жансыздар жіберіледі. Бірақ Қызыр үкірдай күшке басып, бұйрықтарды атқармайды, жансыздарды кері қайтарады. 1930 жылы Қызыр үкірдай 37 жасында қайтыс болғаннан кейін Райымжан Толыда тұру мүмкіндігі қалмағандықтан, жалғыз өзі Құлжа жаққа жан сауғалап кетеді. Құлжаға барғаннан кейін бірнеше ай үй-күйсіз, бір ауқатты татар байының қолында қара жұмыс істеп жүреді. Сондай күндердің бірінде бұрын Семейге сауда-саттықпен келіп-кетіп жүретін бір татар азамат Райымжанды көріп, таниды. Оны үйіне апарып өз балалары мен маңайындағы туыс-туған, көрші-қолаңдарының балаларын жинап беріп, орысша оқытқызады. Іле-шала сол өңірдегі бір мектепке мұғалім болып орналасып, күй-жайы оңала бастайды. Әлгі татардың көмегімен Толыда қалған отбасын көшіріп алады. Бірақ Райымжанның тыныш тіршілігі ұзаққа бармайды. Совет үкіметінің қайта-қайта қудалауымен Чиншысай билігі астыртын тіл біріктіріп, 1938 жылы Райымжан Мәрсековты ұстап әкетеді де, көзін жояды.
Райымжан төрт рет некелескен кісі екен. Бірінші әйелін әке-шешесі құдаласып алып беріпті. Ол әйелінен Гүлжазира, Гүлғасыл атты екі қыз сүйіпті де, «оқымаған надан» деп менсінбей, шығарып жіберіпті. Гүлғасылды үлкендер алып қалыпты да, кіші қызы Гүлжазира шешесімен бірге кетіпті. Гүлғасыл 1992 жылы қайтыс болды. Оның Сара деген қызы 80 жастан асты.
Екінші рет Омбыдағы бай татардың оқыған Қажия атты қызына үйленіп, Жаһаншах деген ұлды болады. Қажия көп ұзамай өкпе ауруынан қайтыс болады. Жаһаншах ержетіп, Петербургтен оқу бітіріп, соғысқа кетеді. Содан хабар-ошар болмапты.
Үшінші рет Қарқаралының татар бай саудагерінің Бұлбұл-Гүлназ атты оқыған сұлу қызына үйленіп, Гүлрауза атты қыз сүйеді. Дәл сол тұста басына күн туып, амалсыздан Қытайға өтіп кетеді. Гүлраузаның Рая, Саида деген екі қызы бар.
Қытайға төртінші рет барғаннан кейін Қызыр төренің ұйғарымымен үйленген әйелінің аты – Нұржамыш Байшалқызы. Нұржамыштан Гүлсипат, Гүлғасыл деген екі қыз, Жаһанша атты ұл сүйіпті. Олардың ұрпақтары екі елде қоныстанып, өмір сүріп жатыр.
Ал Райымжан Мәрсековтың кенже інісі Шерияздан да Алашорда партиясының белді мүшесі болған. Алашорда қимылдарына белсене қатынасып, ағасы Райымжанға сенімді қолғанат болған. Сол себепті де артына қуғын түсіп, басы кететін болған соң, ағасының артынан бала-шағасын ертіп, қытайға өтіп кеткен екен. Шерияздан Мәрсековтің екінші әйелі Оғазипа (кейін Оқа деп аталып кеткен) сол кездегі жағдайларды былай есіне алады.
«1932 жылы көктемнен бастап Шериязданның соңынан қуғын түсті, «ағасы он жыл бұрын Қытайға қашып кеткен, өзі де Алаштың мүриті, феодал қажының Семей өңіріне танымал атақты байдың ұлы, жаныштау керек!» деген қауесеттер тарала бастады. Сонымен Шерияздан үйге тоқтай алмай, қашып-пысып жүретін. 1932 жылдың күзінде үстіне Шериязданның өзім тігіп кигізген желеткесін киген біреу жетіп келіп:
– Мына желеткені танисыз ба? – деді. Шериязданға бірдеме болған екен деп шошып кетіп едім, әлгі адам:
– Шошымаңыз, мына желеткені киіп барсаң, саған сенеді деп маған кидіріп, сіздерге хабар беруге жіберді. Кешке қарай ауылдың сыртындағы қопа қамысқа келіңіздер! – деді де кетіп қалды. Содан уәделі уақытта Шекеңнің бұрынғы әйелінен туған Шәдай, Сақандарды жетелеп, өз тұңғышым Арқалықты омырауыма басып, ауыл сыртындағы қопа қамысқа келсем, Шекең мен қайнағам Айыптың ұлы Мұрат ат арбамен тосып тұр екен. Содан суыт түнде жүріп, күндіз бекініп, Бақты шекарасына бірнеше тәулікте жеттік. Шәуешекке барған соң құдандалы туысымыз Есжан мен Нұрилалардың үйінде айға жуық паналап, одан Толыдағы қайнағам Райымжанды таптық. Қайнағамды мен «төраға» деуші едім. Біз барған соң көп тұра алмадық. «Төраға» Құлжаға кетті де, біз Жың ауданындағы менің туыстарымды қара тартып кеттік. Барғаннан кейін көп ұзамай Шекең мектеп ашып, балаларды оқытты. Бірақ біздің алаңсыз күндеріміз ұзаққа бармады. 1937 жылы Шекеңді бала оқытып тұрған жерінен ұстап, айдап кетті. Айдауда кетіп бара жатқан Шекең Манас өзенінен өтіп бара жатқанда мұзы ойылып кетіп, ат-матымен суға құлап кетеді. Айдап келе жатқан шеріктер мұздың қуысынан оқ жаудырып, Шекеңді өлдіге есептеп, өз жайларына кетіпті. Ал Шекең мұздың астындағы қуыста аман қалып, Манастың Тасырқай ауылына барып, паналапты. Мен бұл хабарды бірталай уақыттан кейін естідім. Тасырқайға келсем, Шекең Асыпахұн деген ұйғырдың сиыршысы болып жүр екен. Мен барып, байға сауыншы болдым. Сөйтіп, бір мезгіл жан бақтық та, кейін таныс-білістер арқылы Үрімжіде ашылған «Моңғол – қазақ» білім ошағының шақыртуымен Шекең мұғалімдік жұмысқа орналасатын болып, Тасырқайдан кетіп қалдық. «Жарлының аузы аққа тисе, мұрны қанапты» дегендей, енді ес жиярмыз-ау дегенде, Шекең «Алашорда көсемдерінің бірі – Райымжан Мәрсековтің туған інісі, өзі де Алашорда белсендісі болған. Шынжырбалақ-шұбартөс шіріген байдың ұлы, октябрь төңкерісіне қарсы болған» деген кінә тағылып, тағы қолға түседі. Алты жыл түрмеде жатып, 3 аймақ төңкеріс үкіметінің өлкелік Гоминдаң үкіметімен жасасқан «11 бітімінен» кейін ғана денсаулығынан айрылып, босап шығады. Күнде кеш батқанда, «атамын, шабамын, қырамын, жоямын!» – деп айғайлап, үйді басына көтереді. Алдап-сулап әрең тыныштандырамын. Үйдегі бәкі-пышақ, балта-шот сияқты суық саймандарды тығып тастаймын. Бір түн тынышталса, бір түн елеуреп, ұйықтатпайды. Сөйтіп, арада он ай өткенде кенже қызым – Тұрдыхан дүниеге келді. Соның қуанышынан кейін ғана Шекеңнің жүйке ауруы әрең қалпына келді. Бірақ ары қарай ұзақ жасай алмады. 1949 жылы қайтыс болды».
Тұрдыхан Шериязданқызы 2021 жылы Қыркүйектің 14 жұлдызында 74 жасында коронавирустан қайтыс болды.
Құдайға шүкір, Кеңестің де, Қытайдың да бұғауына көнбеген ағайынды Мәрсековтердің немере-шөберелері де, жиен-жиеншарлары да түп-түгел ата-мекендері – Қазақстанға келіп қоныстанып, өсіп-өніп жатыр. Илаһим, ұлы аруақтар разы болғай!
Сәли САДУАҚАС,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі