Қилы кезеңде пана болған киелі орда
16.12.2019
746
0

Қазақстан Жазушылар Одағының 85 жылдығына арналған мерейтойлық Пленумда  Алматы қаласының әкім Б.Ә. Сағынтаев та баяндама жасап, қаламгер қауымды бір серпілтіп тастады. Баяндама барысында әкім: «Одақтың тікелей ұсынысы бойынша Алматы қаласында тұратын қаламгерлерге  биыл 150 грант тағайындалды. Оның 90-ы өз иегерлеріне жетсе, қалған 60-ын жылдың соңына дейін табыс ететін боламыз. Алдағы жылы іріктелген 20-ға жуық ақын-жазушының кітабының жа­рық көруіне қолдау көрсетеміз», – деді.

Бақытжан Сағынтаев,

Алматы қаласының әкімі

Қайырлы күн, құрметті зиялы қауым!

Қадірлі қаламгерлер!

Бүгінгі күн қазақ руханияты үшін қай­таланбас ерекше күн. Себебі, «Өнер алды – қызыл тіл» деп білген қазақ халқының ең дамыған, қадір тұтқан қасиетті өнері – ол әдебиеті. Қазіргі таңда еліміздің сөз ұстаған, ой толғаған 800-ден астам талантты қаламгерлерінің басын біріктірген – Қазақстан Жазушылар Одағының құрылғанына бүгін 85 жыл толып отыр.

Аты аңызға айналған Сәкен Сей­фул­лин негізін қалаған бұл шығар­ма­шылық ұйымды әр жылдарда хал­қымыздың белгілі қаламгерлері – Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев, Әбділдә Тәжібаев, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Қалдарбек Найманбаев, Нұрлан Оразалиндер басқарып келді.

«Сөз – Құдайдан шыққан бу» дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы. Өткен ғасырдың алмағайып жылдарында қазақ сөзі, қазақ рухы өз топырағында қиын дәуірді басынан кешірді. Тіліміз саясаттан, қаржы мен сот жүйесінен ығыстырылып, тұрмыстық деңгейде қолданылатын өгей тілге айнала бастады. Ұлтымыздың сан ғасырлық арман-мұратын бойына жиған қазақ сөзінің тап сондай қилы кезеңде барып пана тапқан киелі ордасы – осы Жазушылар одағы болатын.

Одақтың ұйтқы болуымен осы жылдарда қазақтың ақын-жазушы­ла­ры елімізде болған барлық тарихи оқи­ғалардың алдыңғы шебінен табылды.

Ғасыр басында саяси элитасынан көз жазып қалған халқымыздың тағ­дыр-талайы ендігі жерде ұлы Мұхаң, Сәбең, Ғабеңдер бастаған шығармашылық элитаның қолында еді. Өздеріне замана жүктеген бұл міндеттерді қазақ ақын-жазушылары зор абыроймен атқарып шықты. Соғыс жылдары Қасым, Сырбай, Жұ­бан болып ұрыс даласына аттанса, онан кейінгі тың игеру, өндірісті да­мыту, жаңа буынды тәрбиелеу сынды жұмыстарға да қаламгерлеріміз өлшеусіз үлес қосты. Осылайша қазақ ақын-жазушылары тілмен бірге тарихымызды, төл салт-дәстүрімізді – бір сөзбен айтқанда, елдігімізді де сақтап қалды.

1991 жылы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған Тәуел­сіз­­дікке қол жеткіздік. Алғашқы жылдар­дағы қиын-қыстау кезеңде Сіздердің әрқайсыларыңыз азаматтық үні айқын, жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде елдің алдына шықтыңыздар.

Халқымыздың өткені мен бүгінгісін, арман-мұратын көркем тіл, нәзік сезіммен толғап, елді ауызбіршілікке, сабырға шақырдыңыздар. Осындай жауапты сәтте адамгершіліктің, биік парасаттың үздік үлгісін көрсеттіңіздер.

Шығармашылық ұйым бұл күндері де өз дәуірінің, өз қоғамының қозғаушы күші ретінде ұлттық идеяларды насихаттауда тиянақты істерді атқарып келеді.

Жазушылар одағының қатпарлы тарихы Алматы қаласымен тұтасып жатыр. Өйткені жазушылардың бірнеше буыны Алматыда қалыптасып, осында табысты еңбек етті. Сүйікті қаламыз туралы тебіренбей қалам тартқан жазушы, толғанбай жыр жазбаған ақын жоқ десе де болады.

Қазір Алматы қаласында Одақтың 360 мүшесі тұрады. Біз кең көлемде де, жекелеген жағдайда да қаламгерлермен бірнеше мәрте жүздесіп, пікір алмастық. Жазушылар Одағымен бірлесе қала әкім­дігі белгілі ақын-жазушылардың шығар­машылық кештерін, мерейтойларын, көрмелерін тұрақты ұйымдастырып келеді. Мүмкіндігіне қарай кітаптарын да шығаруды қолға алып жатырмыз. Мұның әрқайсысына жеке тоқталып жатпайын, оны өздеріңіз де жақсы білесіздер.

Сондай-ақ биылғы жылы зиялы қауым өкілдерімен жұмыс жүргізудің жаңа жүйесін енгіздік. Одақтың тікелей ұсынысы бойынша қаламгерлерге 150 грант тағайындалды. Оның 90-ы өз иегерлеріне жетсе, қалған 60-ын жылдың соңына дейін табыстайтын боламыз.

Алдағы жылы іріктелген 20-ға жуық ақын-жазушының кітабының жарық көруіне қолдау көрсетеміз.

Бұл бағыттағы жұмыстар өз кезегінде ақын, жазушы, драматургтер мен сыншы­лар­­дың қаламыздың, тұтастай еліміздің тыныс-тіршілігін көркем бейнелейтін әдеби шығармалар жазуына септігін тигізеді деп ойлаймын.

Ардақты ағайын!

Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алма­ты қаласы – баршамыздың ортақ мақ­та­нышымыз. Осыған орай, еліміздің ру­хани орталығы саналатын қаламыздың өркендеуі жолында Өздеріңізбен бірге аян­бай еңбек етіп, мәдениетіміз бен әдебиетімізді дамыту – бәріміздің ортақ міндетіміз деп есептеймін.

Ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында өтіп жатқан Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейлі белесі баршаңызға құтты болсын!

Елі­міз аман, жұртымыз тыныш бол­ғай!

Шығармашылық табыстар тілеймін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір