Адалдықты ту еткен  Қапекең
06.12.2019
931
0

1965 жылы университетті бітіруге жақындап, диплом жазуға шыққан кезіміз. Соңғы курстың екінші жарымында студенттердің Алматыдан қызмет іздей бастайтын әдеті. Бірге оқитын кейбір еті тірі жігіттер осындағы таныс-білістерін, жерлес ағаларын жағалап, газет-журналдарға орналасып та жатыр. Әрине, менің де арманым – астанада қалу.

Қапан Сатыбалдин

Бірақ бір қиын жері – менде басқалар сияқты ағалап-жағалайтын ешкім жоқ еді. Әйткенмен, «Үмітсіз – сайтан» деген. Біреулерден «Қазақ әдебиеті» газетінде бір орын босапты дегенді естідім де, «нем кетіп барады, мен де бағымды сынап көрейін» деген оймен ат басын солай қарай бұрдым. Бұрын шығармаларын оқығаным болмаса, газеттің бас редакторы Қапан Сатыбалдин деген кісіні жүзбе-жүз көріп тұрғаным осы. Ол қоңырқай өңді, қайратты қара шашын оң жағына аудара қайырған, бойы ортадан гөрі төменірек, бірақ қорғасын құйған сақадай шымыр адам екен. Жүзінен әлдебір жылылықты сездім де, редактордан ештеңені жасырмай, осыдан үш-төрт жыл бұрын Қытайдан келгенімді, университетті үздік бағамен бітіргелі тұрғанымды, егер орын табылып жатса, «Қазақ әдебиетінде» қызмет істеу мен үшін зор мәртебе екенін үстемелей айтып жатырмын.

– Қалам қауқарың қалай? Бірдеңе жазасың ба? – деді Қапан бас-аяғыма барлай көз жіберіп.

– Қолымнан бәрі келеді: өлең де, әңгіме де, сын мақалалар да жазам. Оның біразы республикалық газеттерде жарияланып та жүр! – деймін өзімді қалайда өткізгім келіп.

Редактор менің жанұшырған сөзде­ріме езу тартып күлді. Сонан соң алдын­да­ғы папкадан әлдебір қағазды шығарды да:

– Бізге бір адамның керек екені рас. Жақында Сағи Жиенбаев баспаға ауысып еді, соның орны бос тұр. Бірақ соған «құда түсушілер» көп. Мінеки, бұрын он екі адам тізімделген екен, он үшінші етіп сені де жазып қояйын, – деп әлгі тізімге мені де қосты. – Орыстарда «он үш», – бәлендей оңған сан емес. Дегенмен біз қазақпыз ғой, хабарласып тұр, – деді сөз соңында.

Мен салым суға кетіп, редактордың алдынан көңілсіз шықтым. Жаңағы көкпардан бірдеңе тиеді деп үміт етудің өзі артық еді. Сол оймен пойызға билет алдым да, осындай әредікте ауылға барып келейін деп, Семей жаққа аттанып кеттім. Содан арада оншақты күн өткенде бір-ақ оралдым. Келген соң әнеукүнгі жағдайды білмек болып, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына соқтым. Үміт жоқ, жәй далбаса көңіл… Бірақ, қызық болғанда, мұнда мені үлкен қуаныш күтіп тұр еді. Босағадан аттай бергенімде-ақ, қайран Қапекең:

– Әй, бала, барсың ба? Қайда жоға­лып кеттің? – деп дауыстап жіберді.

– Ауылға барып келдім, аға! – дедім, бір жақсылықты сезгендей жүрегім атқалақтап.

– Қыдыратын кезді тапқан екенсің! Мен сені жұмысқа алайын деп іздеп отырсам…

– Алыңыз, аға… Еш өкінбейсіз! – деймін қуаныштан не айтып тұрғанымды өзім де сезбей.

– Бірақ сонша адамның арасынан сені неге таңдағанымды білесің бе? – деп Қапекең қарқылдап күліп алды. – Әнеу- күні айтып едім ғой, сенен бұрын он екі адам тізімде тұр деп. Байқасам, солардың әрқайсысының соңында екі-үштен адам жүр. Үйде де, жұмыста да маза жоқ – шырылдаған телефон… Солардың ішінде жанкүйер қолдаушысы жоқ, саяқ жүргені – жалғыз сен екенсің. Содан ойлап-ойлап келдім де, саған тоқтадым.

– Өте дұрыс істегенсіз… Рахмет, аға!

Содан, не керек, Қапекең Рая дейтін хатшы әйелді шақырып алды да, сол арада мені жұмысқа алу туралы бұйрыққа қол қойды. Еңбек стажым басталған сол бір 1965 жылдың 15 наурызы мәңгі есте қалды. Әрине, Қапекеңнен басқа біреу болса, ол орынды менен гөрі пайдалырақ, қарымта қайтатын әлдебір ағайынға бұлдап өткізуіне болар еді. Бірақ Қапан ағамыз ондай пендешілікке бармады. Адалдық, кісілік дегеніміз осындай-ақ болар. Егер адамдар әмісе осылай бір-біріне шапағат-сәулесін түсіріп, көмек қолын созса, бұл дүние әлдеқайда нұрлы, әлдеқайда кең болар еді-ау!

Қапекеңнің адамды тани білетіні, достық байланысты ешқандай есепке құрмайтыны – оның Есенберлинге деген қарым-қатынасынан да айқын көрініп тұратын. Мен ол кезде дүниеде Есенберлин деген жазушының бар-жоғын білмейтінмін. Қызметке жаңа кірісіп жүрген кезімде, Қапанның кабинетіне жасы елуге келіп қалған, үстінде көнетоз ақ плашы бар, қанаты сынған қаздай бір жағына сәл қисайып басатын, ақ шашты, аласа бойлы бір адам келіп-кетіп жүрді. Әлгі адам көбінше жұмыс аяғына таман келеді де, редактормен әңгімелесіп отырып қалады. Кейде екеуінің әзіл-қалжыңдары жарасып, бірге кетіп бара жатқанын көреміз.

– Біздің редактордың қасынан шық­пайтын осы ақ плашты кім? – дейміз жастар жағы бір-бірімізге иек қағып.

– Бұл – Қапанның досы, Ілияс Есен­бер­лин деген жазушы! – дейді редак­циядағы егде қызметкерлер.

Артынан сұрастырып білсек, ол, шы­нында да, соғыстың алды-артында бірнеше поэма жариялап, өлеңдер жина­ғын шығарған байырғы қаламгер екен. Елуінші жылдары қуғынға ұшырап, соңғы он-он бес жылда ештеңесі басылмай, еш жерде аты аталмай, ұмытыла бастаған. Қазір киностудияның бір бөлі­мінде елеусіздеу қызмет атқаратын болса керек.

Арада біраз уақыт өткенде, Қапекең бір күні мені кабинетіне шақырды. Барсам, редактор өзі ғана отыр екен. «Не боп қалды?» деп үркектей кірген маған:

– Мұнда таяу келіп отыр! – деп жылы шырай танытты. Алдында әлдебір кітап пен «Жұлдыздың» жаңа саны жатыр екен. Соларды маған таман сырғытты да: – Мына кітапты оқыдың ба? – деді бетіме барлай қарап.

Бұл – Есенберлиннің таяуда жарық көрген «Айқас» атты романы еді. Дүкенге түскенін көрсем де, әлі оқыған жоқ едім, шынымды айттым.

– Ендеше, осы кітапты жақсылап оқып шық! – деді Қапекең. – Роман шығар-шықпастан Сейілбек Қышқашев деген біреу мына журналда сойыпсал мақала жариялапты. Істеп отырғандары – көрінеу қиянат. Біз осының ақиқатын айтып, жазушыға ара түсуіміз керек.

Мен «Кітапты оқып көрейін» дегендей күмілжіп едім.

– Сен, бала, ондай былқылдағанды қой! – деді Қапекең. – Ілияс – менің жан аяспас, жалғыз досым және өте талантты адам. Сол досыма жазықсыз жала жабылып жатқанда ара түсе алмасам, мен мына жерде редактор болып несіне отырмын?! Бір апта уақыт берем. Алдағы дүйсенбіде мақала менің алдымда жатсын!

– Жарайды, аға. Айтқаныңыз болсын! – дедім бұл жолғы тапсырманың жөні бөлек екенін аңғарып.

Редактордың соншама адамның ішінен бұл жолы мені таңдауы тегін емес. Мен сыр шашпаймын, әрі өзіне қарыздар адаммын. «Жақ­сылыққа – жақсылық» дегендей, ме­нің де бір кәдеге жарайтын кезім келіп еді. Ол уақытта жұмыс шақ келтір­мейтін жас кезіміз. Айналасы төрт-бес күннің ішінде романды да, жур­нал­дағы сынды да оқып шығып, айтылған уақытта мақаланы тас-түйін жазып та болдым.

Қапекең айтса айтқандай, журнал­дағы мақала әділетті аяққа басқан, әдеби сыннан гөрі жазушыны қорлау үшін жазылған фельетон тәрізді бірдеңе екен. Жас сыншы «жуас түйе жүндеуге жақсы» деді ме, әлде біреулердің айдап салуымен арандалып қалды ма, кесіп айту қиын… Мен өз мақаламда сыншының кітапқа таққан қисынсыз кінәларын түгел жоққа шығарып, «Айқас» романының қазіргі техникалық интеллигенция өмірінен жазылған сәтті еңбек екенін дәлелдеп шықтым. Кейін Ілекеңнің осы романына Мемлекеттік сыйлық берілді.

Мақала Қапекеңе ұнады. Газеттің келесі нөмірінде бірден басылып шықты. Сол күні түске таман редактор шақырып жатыр дегенге барсам, қасында Есенберлин бар екен. Бүгін оның да мерейі тасып, көңілді жүрген кезі болса керек, қалың еріндері түріле, ырсыңдай күліп, Қапанға бірдеңелерді айтып отыр. Мен сәлем беріп, қастарына таяғанда, редактор басын көтерді де:

– Ілияс, әлгі сен үшін жарғыға түсіп, Қышқашевты қысқаштай қысқан Жұма­ді­лов деген қызметкеріміз осы! – деді үнінен әлдебір мақтаныш лебі есіп.

– Айналайын, қанатымен су сепкен қарлығашым сен екенсің ғой! – деп Ілекең де орнынан көтеріле берген. Ба­сын­да қол беріп амандасты да, оны азыр­қанды білем, қапсыра құшағына алды.

– Рахмет, бауырым! Сенің адал көңіліңе алғыс айтайын деп келдім. Мына Қапан біледі, менің осы жасқа келгенше баспасөз бетінде жылы сөз естігенім осы! – деді ағы­нан жарылып.

«Жақсыдан – шарапат» деген сол. Мен Қапекең арқылы Ілияс Есенберлинмен алғаш рет осылай таныстым. Арамыздағы екі мүшелге жуық жас айырмашылығына қарамастан, кейін бұл байланыс шығарма­шылық достыққа айналды. Көп ұзамай Есенберлин қазақ әдебиетінде тарихи романның көшін бастады. Біз сол көштің жүгін артысып, бұрауын байластық.

Жалпы, Есенберлин мен Сатыбалдин арасындағы риясыз достық кейінгі ұрпаққа үлгі болғандай. Қапан қайтыс болғанда, Ілекеңнің қатты қайғырғаны есімде. Қабір басында сөз сөйлеген кезде де егіле жылап тұрды. Ол кезде Ілекең «Жазушы» баспасының директоры болатын. Сатыбалдин шығармаларының төрт томдығын бірден жоспарға енгізіп, ізін суытпай оқырман қолына тигізді. Антқа адалдық, достық қарызды ақырына дейін өтеу дегеніміз осындай-ақ болар.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,
Қазақстанның Халық
жазушысы

(«Қапастағы бұлбұлдар» естелігінен үзінді).

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір