«БАЛАЛАРҒА ӘДЕБИЕТ КЕРЕК»
06.12.2019
1231
0

(Сырбай Мәуленовтің тұсындағы «Қазақ әдебиетіне» қысқаша шолу)

Қазақтың белгілі ақыны Сырбай Мәуленов «Қазақ әдебиеті» газетіне екі рет Бас редактор болған. Біріншісінде 1955 жылдың қаңтарынан 1957 жылдың наурызына дейін басшылық еткен.

Сырбай Мәуленов

Осы арада газет тарихына аз-кем шолу жасайық. «Қазақ әдебиетінің» 1940 жылы жарық көрген 6 нөмірінің барлығы қаңтар айында шыққан. Одан кейін 1954 жылдың аяғына дейін оқырманмен арадағы байланыс үзіліп қалған. «Қазақ әдебиеті» он бес жылдан кейін – 1955 жылы 14 қаңтарда қайта жарық көреді. Бұл жолы басылымның бас редакторы болып Сырбай Мәуленов тағайындалады.

 1956 жыл газет бетінде аса өзекті ұлттық мәселелер көтерілген кезең болды. Осы жылы Р.Бердібаевтың «Ең үлкен мәдени байлық» (1956, 22 сәуір), Ә.Нарымбетовтың «Ана тілін ардақтайық» (1956, 1 маусым), М.Қаратаевтың «Қайта қарауды қажет ететін мәселе» (1956, 10 тамыз), Партия тарихы институтының бір топ ғылыми қызметкері – Т.Кәкішев, Р.Сәрсенбаев, Х.Хасенов, Т.Әлімқұлов, А.Байшин, А.Мұқтаров, Қ.Әбілдаев, Қ.Әлиасқаров қол қойған «Тіл мәдениеті» (1956, 17 тамыз) атты атышулы мақалалар бірінен соң бірі жарық көрді. Бұл жарияланымдар қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Газетте жарық көрген осы мақалаларға орай ҚКП Орталық Комитеті сол жылы 10 желтоқсанда «Қазақ әдебиеті» газетінің қателіктері туралы» жасырын қаулы қабылдайды. Қаулының қарарында газеттің жіберіп отырған саяси «қателігі» барынша айыпталады. Осыған байланысты газеттің бас редакторы С.Мәуленов Орталық Комитетте жазаға тартылады.

Сондай-ақ С.Мәуленов басқарып тұрған уақытта балалар әдебиеті дәл бүгінгідей өзекті мәселе болыпты. Мәселен, жазушы Сапарғали Бегалин «Балаларға әдебиет керек» деген мақаласында: «Қазақстанда балалар әдебиетінің жалпы жағдайын алып қарайтын болсақ, бұл салада олқылықтың әлі де тым басым екенін аңғарамыз. Ең алдымен, біздің шығармаларымызға көркемдік терең шеберлік жетіспейді. Соның салдарынан жадағай үгіт, ақыл айтушылық басым. Бізде балалардың ұғымына жеңіл, тіліне орамды, қызықты өлеңдер, поэмалар да аз», – дейді (1955, 4 ақпан).

 Сырбай Мәуленов газетке екінші рет 1973 жылдың наурызынан 1977 жылдың сәуір айына дейін басшылық еткен. Осы уақытта да әдеби апталықта балалар әдебиеті туралы мақалалар жиі басылған. Соның бірі – жазушы Танаш Дәуренбековтің «Балаға балдай сөз керек» атты мақаласы. Автор мақаласын осы күні де жиі айтылатын мынадай пікірімен бастайды: «Бүгінгі балалар прозасының бағдары сөз болса, осыдан көп жыл бұрын қалыптасқан тізімнің басында Бердібек Соқпақбаев пен Сансызбай Сарғасқаев жүретініне құлағымыз үйреніп, көзіміз қанығып болған». Әрі қарай «…Бердібектен кейін әдебиетке келіп қосылған жазушылар творчествосы көбіне еленбей, аттары тек жуан тізімнің соңынан көрініп жүретін жағдайлар мен босқа дәріптелетін кітаптар қаншама», – дей келе, сөзін былайша жалғайды: «Мұның екі түрлі себебі бар ғой деп ойлаймыз. Бірі – кейбір төменқол шығармаларға автордың «бедел-дәрежесінен» тайсалып, кезінде әділ төрелік айта алмаймыз. Екіншіден, көркемдік және идеялық дәрежесі тұрғысынан әжептәуір болғанмен, оның авторы елеусіз еңбеккер, «қарапайым» қаламгер болуы мүмкін» (1975, 24 қаңтар). Автордың бұл пікірі – бүгінгі қазақ әдебиетінің де шындығы десек, артық айтқанымыз болмас.

 Сондай-ақ осы жылдары сұхбаттар «КӘ-нің диалогы» деген айдармен жүргізіліп отырған. Әдеби сын мақалалар да назардан тыс қалмаған. Жаңа кітаптарға, шығармаларға талдау жасалған. Тағы бір елеулі ерекшелігі – газет бетінде очерктер жиі жарияланған. Ал бүгінде бұл жанрдың тасада қалып бара жатқаны өкінішті-ақ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір