Балаларға базарлық
28.08.2022
365
0

Әр өңірдің ертегісі үлкен-кішінің қиялына қанат бітіріп, жақсылыққа шақырып қана қоймай, сол мекенді жайлаған халықтың салт-санасын, арман-мұратын, ділі мен тінін паш етеді. Мұны, әсіресе Батыс пен Шығыс халықтарының ертегілерін оқығанда сезіне түсеміз: бірі көбіне-көп нақтылыққа, зерттеп-зерделеуге құрылса, енді бірі тылсымнан, табиғаттан сыр шертіп, нәп-нәзік лирикамен өріледі.
Тынымсыз ізденіс үстінде жүретін жас қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әлібек Байбол жиырмадан астам халықтың ертегілерінен тәржіма жасаған екен. Біз солардың арасынан аталған автордың аудармасымен Африка халықтарының бірқатар ертегісін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Ендеше, күн бетін бұлт баспайтын қара құрлыққа бірге саяхаттайық.
Редакциядан

Хамелеонның түсі қандай?
(Бауле ертегісі)

Есте жоқ ерте заманда, Ньямье құдай шартараптағы адам, аң, жан-жануар біткенді шақырту үшін жұмыр жерге елшілерін жұмсайды.
Бәрі жан-жақтан жиылған соң, ол былай деп жалпақ жаһанға жарлық шашады:
– Айтыңдар, қане! Жерде не қалайсыңдар, әрқайсың? Рұқсат етейін.
Сонда, алдыменен адам әңгімеге араласады:
– Ат басын ауылға бұрып, сонда қалып егін ексем деймін.
– Ал біз ну орманға орнықсақ, – деді аңдар.
Тек хамелеон ғана тіс жармады.
– Сен не сұрайсың? – деді Ньямье.
– Былай ғой, – деді хамелеон. – Табаным тиген орынның барлығы маған тиесілі болса деген тілегім бар.
– Мақұл, – деді айтқаны өтіп, атқаны жетіп тұрған Ньямье. – Онда, ойға алғандарың орындалсын.
Міне, содан бері адамдар – ауылда, ал аңдар – орман-тоғайда тіршілік кешіп жүр. Ал хамелеон қайда барса да, сол мекеннің қызылды-жасылды бояуына еніп, өз үйіндегідей алшаң-алшаң басып, емін-еркін жүретін көрінеді.
*Ньямье (Ньяме, Ньяма) – аспан құдайы, кейбір Батыс Африка елдері арасындағы басты тәңір боп есептеледі.

Ең алғашқы
адамдар қалай пайда болды
(акамба ертегісі)

Ең алғашқы адамдар аққұмырсқалар илеуінен шыққан-ды. Бұлар – еркек пен әйел, әрі ерлі-зайыпты екеу еді.
Аяқастынан көктен тағы бір жұп түседі, олардағы олжа: сиыр, қой және ешкі. Жұрт аспани жұптың туыс-туғанын рухтар тайпасы деп атайды, жаңағылар жақсы өмір сүріп, өте бай-бақуатты тұрады.
Әлгілер бұлттан салбырай құлап, Нзауе* ауылының іргетасын қалайды. О жаққа барған әрбір жан жартастардағы алғашқы аспани еркектің ізін, соған тиесі қой мен ешкі шиырлаған ізді көре алады.
Аспани ұл аққұмырсқалар илеуінен өніп шыққан кісінің қызын айттырып алады. Екеуі бір табын сиыр еншілеп бөлек шығады. Ал аққұмырсқалар илеуінен шыққан тағы бір кісінің ұлы мен аспани ердің қызы отау құрып, өз алдына жеке шаңырақ көтереді. Оларға да бір табын сиыр бұйырады.
Ізінше-ақ әлем бала дүниеге кеп, адам да көбейеді. Сондай бір жайма-шуақ уақыт, мамырстан орнын аштық, жан-жақты жалап-жұқтаған жұт басады. Кейбірі ауа көшіп, көз көрмес, құлақ естімес жерге, аяқ жетпес алыс қиянға бас сауғалай барып үй тұрғызады. Сәйкесінше, ілкі жандар – масай (масаи), екіншілері – кикуйю тайпасы боп ұжымдаса заман кешеді.
*Нзауе – Шығыс Африкадағы акамба тайпасы мекендейтін жер. Бұндағы тау, құз-жартастан ежелгі аңшылар салған көптеген суретті кезіктіруге болады.

Екі кедей
(хауса ертегісі)

Есте жоқ ескі заманда бір адам тіршілік кешіпті. Онда тамақ та, киім де болмапты, жалғыз қуанышы – белге орайтын таңғышы. Күндердің бір күнінде әлгі адам патшаға барып, былай деп өкпесін айтады:
– Бүйтіп өмір сүргенше, өлгенім артық, бәрінен шаршадым. Ішіп тамаққа, киіп киімге жарымай-ақ қойдым. Тұрмысымның оңалар түрі жоқ. Көңілге демеу боларлық жалғыз нәрсе – белге орайтын мына таңғышым ғана. Маңдайым­ның соры – бес елі! Қырық қырсық жабысқан сор қасқамын!
– Мақұл! – дейді патша. Сөйтіп, құлдарына оны ұстап алып, азаптап өлтіруге тапсырма береді.
Дәл сол кезде тағы бір тақыр кедей, маңдайында түгі жоқ жарлы, тыржалаңаш адам өтіп бара жатып бүй дейді:
– Бір ғана өтінішім бар! Сіз мына кісіні өлтірген соң, беліндегі таңғышын алсам бола ма екен?
Бұны естіген бірінші кедей:
– Тоқтаңыздар! Өлтірмеңіздер! Мені қайтадан патшаға алып барсаңыздар екен. Айтар бірауыз сөзім бар еді, – деп жалынады.
Құлдар манағы жарлыны патшаның алдына әкеледі.
– Аман қалдырыңыз, мәртебелім! – дейді ол патшаға. – Бүгін менен өткен кедейді көрдім. Әбден ойландым, өлгім келмейді!
– Олай болса, келген ізіңмен қайт. Жортқанда жолың болсын, – дейді сонда патша, ерекше мейірленіп. – Өзіңнен өткен қайыршыны көргеніңе тәубе қыл, тағдырыңа шүкір ет.
Осымен, ертегі – тәмам.

Түлкі гиенаны қалай алдады
(фульбе ертегісі)

Мына бір қызықты баян етейін…
Ертеректе, түлкі шөлдеп-шөліркеп, әбден әлсіреп, құдық жанына келеді. Сөйтсе, барабан басына қос шелекті мықтап ұстайтын жіп байланған екен. Түлкі жоғарғы шелекке отырып төмен түскенде, төменгісі жоғары көтеріледі!
Шөлін әбден қандырып, тамаша тойған соң шығайын дейді, бірақ шыға алмайды. Құдыққа бас сұға қараған гиена* су бетінен Айды және түбінде жатқан түлкіні көреді. Гиенаға тіл бітеді:
– Не істеп отырсың?
Түлкі Айдың судағы бейнесін нұсқап:
– Мына ірімшіктің жартысын жапырып жатырмын, ал қалған жарымын саған қалдырам, – дейді қуланып.
– Қалай түссем екен, а?
– Шелекке отырып! – дейді түлкі сыр бермей.
Содан не керек, гиена төмен түскенде, екінші шелек ішіне жайғасқан түлкі жоғары көтеріледі.
Міне, түлкі құдықтан шығып, ақымақ гиенаны сонда қалдырып кетеді.
*Гиена – Африка мен оңтүстік-батыс Азия­ны мекендейтін мысықтекті жыртқыш аң.

Ақымақ ұл
(хауса ертегісі)

Ерте, ерте, ертеде бір әйел өмір сүріпті. Оның ақымақтау, ессіздеу, есерсоқтау, ешкімге ұқсамайтын бір ұлы болған екен.
Бірде анасы оны ине сатып әкелуге жібереді. Бала инені алған соң, жолшыбай кебек толы себет ұстаған досын жолықтырады:
– Инені қайда салсам екен?
– Себетіме! – дейді досы.
Бала инені себетке салып, үйге жеткен соң қараса, әлгі зат жоқ, сөйтіп құралақан келеді.
– Ине қайда? – деп сұрайды анасы.
– Оны кебек толы себетке салып, кейін таппай қалдым!
– Әй, неткен ақымақ болдың, сен! – дейді анасы ашуланып. – Инені жейдеңнің жеңіне қыстыра салмайсың ба, ақымақ-ау! Сонда жоғалтпас едің.
Келесіде анасы ұлын майға жұмсайды.
– Ертерек кел!
Бала май сатып алып, оны жейдесінің жеңіне салып ап, үйді бетке алады. Межелі жерге жеткенше май еріп, жерге тамып-тамып, азғантайы ғана қалады.
– Май қайда? – деп сұрайды анасы.
– Еріп кетті! Қалғаны – мынау! – дейді бала басын қасып.
Анасы қатты долданып, айғайлап жібереді:
– Майды құмыраға салмадың ба, ақымақ бала-ау?! Сонда ерімей, бұзылмай жетер еді ғой! Келесіде сөйтіп істегін! Мақұл ма?
– Мақұл!
Бірнеше күн өткен соң анасы ұлын көршіден күшік әкелуге жұмсайды. Ол күшікті құмыраға салып, бетін нығыздап жауып қояды. Үйге жеткен соң анасы:
– Күшік қайда? – деп сұрайды.
– Құмырада!
– Тезірек аш! – деді анасы шошып.
Ашса, байғұс күшік тұншығып қалыпты! Анасы:
– Әй, неткен ақымақ болдың, сен! Күшіктің мойнына жіп байлап: «Жүр, жүр!» – деуің керек еді ғой. Сонда артыңнан еріп отырар еді.
Келесіде анасы баласын етке жұмсайды. Етті сатып алып, оны жіппен байлап: «Жүр, жүр!» – деп сүйрелей жөнеледі.
Иісшіл иттер етке шауып, жан-жақтан жабылып, оны жеп тастайды. Бала үйіне тек сүйектерді ғана әкеледі.
– Ет қайда? – деп сұрайды анасы.
– Міне ғой!
– Сен асқан ақымақ екенсің! Расында да, ақымақсың! Айтар сөзім – жоқ! – деп анасы айғайлап жібереді. – Мынау ма, етің? Сүйек-саяқты ет деп жүрсің бе, байғұс бала?
– Өзің сөйтіп үйреттің емес пе?! – дейді ол бұртиып.
Анасы ашуланып:
– Енді, осыдан сені бір жерге жұмсамаспын!

Біреудікіне
көз салма
(амхара ертегісі)

Теводрос патша тұсында тойымсыз көпес өмір сүріпті. Тауарларды бір ғана жерден сатып алып, оны басқа жерге апарып саудалаған, сонымен жан баққан-ды.
Күндердің бір күнінде, ол өзен жағасына тоқтап, демалып, түскі асын ішіп, керілген керуенін зат-бұйыммен толтырып ары қарай жылжиды, сапарын жалғастырады. Арада біршама уақыт өткеннен кейін сол жерде ақша толы әмиянын ұмытып кеткені есіне түседі.
Жеделдетіп артқа қайтады, іздегені – 100 бырр*. Сонда бір кісіні кезіктіреді. Бейтаныс жан:
– Не іздедің, саудагер? – деп сұрайды. Ол:
– Ақшамды жоғалтып алдым! – деп жауап қатады.
– Ішінде қанша бар еді?
– 100 бырр!
Қуанғанынан бейтаныс бетінде нұр ойнап:
– А-а-а, онда табылды, табылды! Міне, ала ғой!
Көпес ақшаны санамалап шыққан соң:
– Негізі, 200 бырр жоғалтқам! Қалғанын қайтарғын! – дейді қабағын қарс түйіп.
– Олай болуы мүмкін емес! Мен 100 бырр ғана таптым! – деп таңданады бейтаныс.
Екеуі төрелігін айтып, ақ-қарасын ажыратып беру үшін Теводрос патшаға әділдік іздеп барады. Әмірші көпестен:
– Қанша ақша жоғалтып алдың? – деп сұрайды.
– 200 бырр, мәртебелім!
– Ал сен қанша тауып алдың? – дейді патша бейтаныс кісіге сұраулы жүзбен.
– 100 бырр!
Сонда әділ әмірші былай деген екен:
– Ей, көпес! Егер сен 200 бырр жоғалтып алсаң, оны 200 бырр тауып алған адамнан сұра! Ал 100 бырр тапқан жан ақшаны өзіне қалдырсын! Әгәрәки, алда-жалда бір кісі 100 бырр іздеп жүр дегенді естісем, оған өзім-ақ төлеймін, пұлын.
Сөйдейді, ел!..
*Бырр (быр, бер) – ертедегі Эфиопия мен Эритреядағы Мария Терезия (Мария Терезия Вальбурга Амалия Кристина) талерының ең алғашқы атауы, сол уақыттағы ең құнды, ең беделді сауда тиыны. 1976 жылдан бастап бүгінге шейін бырр – Эфиопия­ның ұлттық валютасы саналады.

Әлібек
Байбол

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір