Балаларға базарлық
09.08.2024
113
0

Таңатар
ДӘРЕЛҰЛЫ

БАЛАЛАР БОЛДЫ
ҚОЛҚАНАТ

Арналар бұлқып туласып,
Сарыл да гүріл шуға асық.
Бөгет­ті жарды салынған,
Маңайды түгел су басып.

Табиғи апат осы ма,
Үрей де кет­ті қосыла.
Танытқан бірлік жеңеді,
Қалың ел қалмас тосыла.

Бірлікке не де жетпейді,
Сол күндер естен кетпейді.
Ауылдар қалса су асты,
неге ерлер бейнет шекпейді?

Шекті ғой бейнет ұл да қыз,
Келгендей дұшпан бір нағыз.
Қапшықтар құмға толумен,
Ешкім де қарап тұрмады.

Кімге де жет­ті артар іс,
Балалар мұнда бар таныс.
Балапан қолдар майысып,
Басталып кет­ті арпалыс.

Еткендей аймақ, дала тар,
Үдеді тасқын шамадан.
Ойылсын мейлі алақан,
Қайтпады қайсар балалар!

Жеткізді мақтау білікті ой,
Ер болсаң білек түріп қой!
Ата да бала болған ғой,
Балалар ертең жігіт қой!

Бұйыртса өсер «елім» дер,
Маңдайдан аққан терін көр!
«Өскейсің аман» деп тұрды,
Күбірлеп кейбір еріндер.

Салынса бөгет, жол жаңа,
Тасқынға қарсы ол – талап.
Үлкендер үлгі көрсетсе,
Балалар болды қолқанат.

Таныт­ты ел бірлік, қайсарлық,
Ақылмен шешіп байсалды.
Ел аман, жұртым тыныш боп,
Тасқынның бетін қайтардық!

БІЗДІҢ ЖАҚТА ЖАЗ ҚАНДАЙ!
Сембей сайрар бұлбұл жақ,
Қандай ғажап бұл бір шақ.
Қаңқыл салды қаздары,
Аққу қанат сыңғырлап.

Үйрек ұшса төбеңнен,
Жаз емес бұл бөгелген.
Жарқын жаздың бейнесін,
Жан-жағымнан көрем мен.

Енелерін төл емген,
Алқап тегіс көгерген.
Көз алдыңда боз бота,
Құлын шаба жөнелген.

Туған ауыл жазы ұнап,
Деймін асыл қазынам.
Бұзауына сиырлар,
«Мө-мө» дейді азынап.

Қуанысып ырза адам,
Тебіренбей тұрмаған.
Бозғылт түтін қалықтап,
Баяу ұшар мұржадан.

Ғажап қой жаз, қызық көп,
Самал баяу, жүзің тос!
Ертеңді-кеш суымас,
Әжем жаққан қызыл шоқ.

Молдау түссе таңғы шық,
Ыстық болар жан қысып.
Ошағында әжемнің,
Жатыр таба нан пісіп.

Неге үйірсің кесірге,
Тентек лақтар секірген.
Қозыларға қарашы,
Біреуі жоқ есірген.

Басқа бақыт жазғандай,
Балдырғандар мәз қандай.
Көктем-қызды есейткен,
Біздің жақта жаз қандай!

БАУЫРСАҚТЫҢ ҚАСЫНДА
Қызыл күрең болмай ма,
Балапандай сап-сары.
Басылады сол бойда,
Қарыныңның ашқаны.

Бауырсақтың тегі ұннан,
Бабын білер аналар.
Дәмді шіркін, не қылған,
Иісі ауылға таралар.

Қонағына шашылар,
Дастарханға молынан.
Қазағымның асылы әр,
Дәстүрімнен орын ал!

Баба ғұрып киелі,
Бар мұнда үлкен мағына.
Қонағы ауыз тиеді,
Бауырсақ пен ағынан.

Ақ бауырсақ бұл деген,
Мақтан тұтар асыл дәм.
Үлде менен бүлде не,
Бауырсақтың қасында.

УӘДЕ
– Жемқор, жемқор дейді ел,
Жақтырмайды неге оны.
Көкейлерін жейді не,
Айтшы әке, себебін?

– Ай, Нұртілеу, балам-ай,
Кішкентайсың әлі сен.
Мұны ұсаққа санамай,
Айтып берем қане мен.

Тәуелсіздік әріне,
Түскен қара дақтай бұл.
Ол бір кесел бәріне,
Әлі тоқтам таппай жүр.

– Бұл не, әке, не өзі,
Бұл да біздей адам ба?
Ете ме еңбек тер езіп,
Оянып ап азанда?

– Адамы, адам балам-ау,
Адамдығы жоқ бірақ.
Өзім де таң қалам-ау,
Шешім таппай көп сұрақ.

Тауып жатыр сорын да,
Былыққа әбден батқандар.
Оңай олжа жолында,
Ар-ұятын сатқандар.

Елдік мұрат жоқ мүлде,
Арандары ашылған.
Зияндай жас өскінге,
Өз пайдасын асырған.

Олар жегі құрт­тардай,
Жерде өсетін қолайлы.
Қалсын мейлі түк қалмай,
Ұрлайды да тонайды.

Қиын боп тұр табу ем,
Сыбайласып сірескен.
Отаныңның жауымен,
Әлсіз болма күресте!

Жемқор табар түрмесін,
Кісенделіп ұры да.
Күреспекке бірлесіп,
Берді уәде ұлы да.

Атырау облысы,
Құрманғазы ауданы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір