Балаларға базарлық
28.06.2024
350
0

Бүбішхан ТІКЕБАЕВА

ақын,
Мәдениет
саласының үздігі

ҚОРҒАН БОЛАМ ЕЛІМЕ

Мен де – бір ұрпағы елімнің
Үмітін артады болашақ.
Жемісін беретін жерімнің
Қорғайтын ұланы бола алсақ.

Күнде алға жетелеп арманым
Қиялмен алысқа самғадым.
Мен де бір кірпіш боп қалансам,
Көтеріп елімнің қорғанын.

АСТАНА
Бой көтерді бір қала,
Ол – біздің сұлу Астана.
Астанада бәрі бар,
Қараймыз соған шат­тана.

Мынау – туған мекенің,
Астанада көсемің.
Ән ұран-ақ, көрсетер,
Қазақтың кім екенін.

Күміс күннің астында,
Желбірейді туымыз.
Қазақ деген халықтың,
Қызы менен ұлымыз.

Ардақтайтын Астанам,
Мәртебелі бас қалам
Көркейе бер күн сайын,
Алға қарай бас қадам!

ЕҢБЕК
Еңбексіз адам гүлдемес,
Білімсіз адам түк емес.
Еңбекпен білім ұштасса,
Сүйреп шығар бір белес.

Еңбек ет туған халқыңа,
Түбінде құр қалмассың.
Мына өмірдің нарқына,
Еңбегіңмен жалғасқын.

Ер атантар ұлы еңбек,
Жақсы жолмен жүріп өт.
Адамдығың көрінер,
Көрінер содан құдірет.

ЖАҚСЫ БАЛА
Ұқыпты Талғат сабақта,
Күнде бестік алады
Киімін таза киіп ап,
Өнегелі болады.

Мұрат, Самат, Қанат та,
Қызығады Талғатқа.
Жақсы оқыған балалар,
Жетер өзі Мұратқа.

Тәртіпті егер болсаң сен,
Жақсы көрер ұстазың.
Ата-ана мен мектебің,
Өнеге болар ұстамың.

СПОРТШЫ
Ерте тұрып жүгір,
Ширақ басып кідір.
Керіп созып аяқты,
Алға, артқа бүгіл.

Оңға, солға бұрыл,
Белден төмен бүгіл,
Иіп, жазып жібер,
Күш қосылар жігер.

Тынысыңды түзе,
Мықты болды тізе.
Енді болды жетер.
Штангіні көтер.

КЕЛІҢДЕР АЛМАТЫҒА
Асыл ән еркемсің,
Көк төбе көркейсін.
Өркендеп өсе бер,
Түп түзу көшелер
Келіңдер Алматыға.
Алматы – Жерұйық,
Еңселі сен биік
Төбесін күн сүйіп,
Тәкаппар Алатау тұр
Келіңдер Алматыға.

Тау суы – мөп-мөлдір,
Төңерек ән мен жыр,
Нұр көктем оралып,
Бұлбұлдар сайрап жүр.
Келіңдер Алматыға.

Алматы аяулы,
Ел құшақ жаяды.
Көкпеңбек жер мен көк,
Бақтары саялы,
Келіңдер Алматыға.

Дәл қазір Алматы –
Көркейген жас қала,
Бой түзеп келеді,
Бірге өскен астана
Келіңдер Алматыға.

АНА ТІЛІ
Айналайын күнім,
Мерекең ғой бүгін,
Қазақша боп шықсын.
Сенің сұлу тілің,
Өздеріңдей әсем,
Менің тұңғыш жырым.

Қазақ тілім, тілім,
Ән үйренем бүгін,
Ана тілім менің,
Сенен алдым білім.
Қуанышта шек жоқ
Шат­танамын бүгін.

Отан-анам саған.
Ән арнайды балаң
Гүлдей жайнап өсіп,
Мен азамат болам.
Көркейеді көңіл
Жайнай берсін өмір.

ТІЛ АЛҒЫШ
Мен – тіл алғыш баламын,
Шақырғанда барамын.
Киімді өзім киемін,
Түймені өзім тағамын.

Тазалаймын тісімді,
Жөнге салам ісімді.
Мысығыммен ойнаймын,
Білем қанша күшімді.

Мен тіл алғыш баламын,
Айтқан тілді аламын,
Жұмсаса егер бір жаққа,
Екі айтқызбай барамын.

Кітапты да оқимын,
Сурет ­те саламын.
Көмектесем үйіме,
Бақшаға өзім барамын.

Достарымнан ұят­ты,
Тазалаймын аяқты.
Тап-таза боп жүрмесем,
Күле-тұғын сияқты.

БЕСІК ЖЫРЫ
Бесіктен шешіп алдым да,
Тәй-тәйлап келем өзіңді.
Көре­йін сенің жан бөпем
Талпынып жүрген кезіңді.

Жетелеп сені жүре­йін,
Алға қарай бас балам,
Құт­ты болсын қадамың,
Өмірдің көшін бастаған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір