«Шаруашылықтан» әдебиет бетін жасадық
Мен хат танығалы осы сүйікті, иықты, талантты, қанатты газет – «Қазақ әдебиетін» үзбей оқып келемін. Әлі есте, бәрі есте – төртінші сыныпта оқып жүргенімде «Қазақ әдебиетінің» соңғы төртінші бетінің ең соңында М.Әуезов театрының гастрольдік сапары жайлы 30 жол шамасындағы шап-шағын сөзім жарияланды. Сонда әрі қуанып, әрі қысылғаным әлі есімде. Қуанғаным – түсінікті, өзім әр санын асыға күтетін сүйікті газетімде шағын болса да сөзім жарияланды, қысылғаным – газеттің редколлегия мүшелері М.Әуезовтен басталады екен, менің фамилиям ұлы жазушы есімінің дәл төбесіне жазылыпты.

О. Бөкеев пен Р. Сейсенбаев
«Қазақ әдебиеті» газетіне өткен ғасырдың жетпісінші жылдары келдім. Алғаш «очерк және публицистика» бөліміне әдеби қызметкер болып қабылдандым, төрт айдан кейін бөлім меңгерушісі болдым. Үш бірдей атақты ағаларыммен қызметтес болдым. Олар: Сырбай Мәуленов, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза. Үшеуінен көп нәрсе үйрендім. Қазақ әдебиетінде жұмыс істеген жеті жыл мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Мен келгенде газет үлкен форматта төрт бет болып шығатын. Соның екі беті шаруашылық тақырыбын қамтитын мақалалар еді. Кезекті лездемеде: «Қарабайыр мақалаларға неге екі бет береміз? Бұл «Социалистік Қазақстан» сияқты партиялық баспасөздің шаруасы емес пе? Оның орнына әдебиет, мәдениет, өнер жайлы жазбаймыз ба?» – дедім. «Әдебиетке екі бет жетеді, екі бет шаруашылық жайлы болсын» деген Орталық Комитеттің нұсқауы бар», – деді редактор. «Жақсы, солай-ақ болсын, сонда сол екі бетке совхоз директорының, құрылыс тресі басшысының жұмыстары баяндалған қара дүрсін мақалалар жариялануы керек пе? Оның орнына өмірдің өзекті мәселелерін көтерген проблемалық мақалалар неге бермеске, неге жаңа рубрика ашпасқа?» – деймін. Сен келе салып бізге ақыл үйрететін кімсің? Жаңашыл болсаң – тап, соның жолын!» – деді бас редактор бастап, өзгелер қостап. Жастық қой, «Табамын!», – дедім. Сосын үш күн бойы ойланып, кезекті лездемеде «таптым», – дедім.
– Не таптың?
– «Проблемалар. Ойлар. Ұсыныстар». Бұрынғыдай «жүз қойдан жүз отыз қозы алды», «жоспар жүз процент орындалды» дегеннің орнына «аудандарда, облыстарда қандай проблемалар бар?» деген мәселені біз емес, басқару тізгінін ұстаған басшылар жазады, соған орай «проблемалар, ойлар, ұсыныстар» айтылсын дедім.
Менің бұл идеям бас редакторға да, басқаларға да ұнады.
– Ал, іске, кіріс, – деді Сырағаң – Сырбай Мәуленов.
Дереу өзім тілеп алған ауыр жұмысқа жегілдім. Алғаш сол кездегі Денсаулық министрі Төрегелді Шармановты сөйлеттік. «Проблемалар. Ойлар. Ұсыныстар» айдары өмірге осылай келді де, газеттің бірінші бетіндегі үш бағанаға тұрақты жайғасты. Осы рубрикамен министрлерді, обкомның бірінші хатшыларын, жоғарғы оқу орындарының ректорларын, т.б. көрнекті тұлғаларды сөйлеттік. Сол сол-ақ екен, газеттің таралымы күрт көтерілді.
Бірде Сырағаң: «Басқалар барғысы келмейді. Сен жассың. Гурьевке бар. Тыңға түрен салсаң, газетке де пайда, өзіңе де абырой», – деп, Гурьев облысына іссапарға жіберді. Бұл ауыр, әйтсе де абыройлы сапар болды. Облысты он күн бойы армансыз араладым. Тәулік бойы көз байлаған құм дауылына кезігіп, отыз сағатқа жуық айдалада ас-сусыз қиналуды да бастан кештім. Есесіне, «Қазақ әдебиетінде» «Маңғыстау мұнаралары» деген жалпы атпен «Өзендегі оттар», «Атырау көркі – Ақтау», т.б. жеті бірдей көлемді, көркем очерктерім бірінен соң бірі жарық көрді. Бір күні Сырағаң Орталық Комитеттің кезекті Пленумынан көңілді оралды. Саяси бюроның мүшесі Д.А.Қонаев Пленумда жасаған баяндамасында: «Социалистік Қазақстан» Қожанасыр анекдоттарымен әуреленіп жүргенде, «Қазақ әдебиеті мұнайлы Маңғыстаудың маңдайын жарқырата жазды» деген мағынада сүйікті газетімізге ризашылығын білдіріпті.
Кездейсоқтық дегенге қараңызшы, «Қазақ әдебиетінде» «Маңғыстау мұнаралары» жарияланғаннан кейін бір ай өтпей жатып, жаңадан Гурьев облысынан бөлінген Маңғыстау облысы құрылды. «Жаңа облысты ашқан «Қазақ әдебиеті» газеті», – деп қалжыңдайтын еді жігіттер.
«Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторлары: Сырбай Мәуленов, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза, жауапты хатшы Әбірәш Жәмішев, газет қызметкерлері: Асқар Егеубаев, Әубәкір Нілібаев, Сабырхан Асанов, т.б. қаламдастарымнан көп тәлім алдым. Бұл газет менің азамат болып қалыптасуыма, қаламгер болып танылуыма орасан зор ықпал етті.
Біз қызмет істеген жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіндегі ең үлкен бөлім – «очерк және публицистика» бөлімі еді. Мен – бөлім меңгерушісімін, Сабырхан Асанов пен Сейітқазы Досымов – әдеби қызметкер. Сабырхан – аса талантты лирик, Сейітқазы – ұшқыр журналист. Үшеуміз тізе қосып, газет ұжымы, Орталық Комитеттегі авторлардың көмегімен газеттің екі бетін алып жататын «Шаруашылыққа» деген нұсқауын «бұзып», «Әдебиет бетін» жасадық. Біртіндеп газет таралымын молайтуға осылайша үлес қостық.
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының
иегері