Қаралы жылдар хаттамасы (1934-40)
12.12.2019
2701
1

«Қазақ әдебиеті» газеті – ұлт руханиятының түлеуіне, мәдени саланың дамуына, әдеби тілдің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан басылым. Рухани басылымның тарихына үңіле отырып, біз Қазақ ұлтының бір ғасырға жуық уақытта бастан кешкенін, саяси-әлеуметтік қыспақтардағы жан күйзелісін, ұлы тұлғалар айтқан шындық пен айта алмаған, ішінде тұншыққан жанайқайын да байқаймыз. Газет тілшісі Қазақстан ұлттық кітапханасының «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар» бөліміндегі 1934-40 жылдардағы газет сандарын қарап, басылым жариялаған мақалаларға шолу жасап қайтты.

Биыл шыққанына 85 жыл толған газет алғаш 1934 жылы жарық көрген. Газеттің тұңғыш редакторы Ғабит Мүсірепов (1934, қаңтар – шілде) болса, одан кейін Бейімбет Майлин (1935 наурызға дейін), Сәбит Мұқанов (1936 қазанға дейін), Бейімбет Майлин (1936 қарашадан 1937 шілдеге дейін), Асқар Тоқмағамбетов (1937 желтоқсаннан 1938 жылы сәуірге дейін), Әлжаппар Әбішев (1940) болған. Бейімбет Майлин екінші рет Бас редактор болғанда ешбір газетке қол қоймаған. Оның орнына Тайыр Жароков, Өтелбай Тұрманжановтардың қолы қойылыпты.

Сәкенді ақтау және Әміренің ажалы

Газеттің 1934 жылдағы сандарында негізінен саяси өзгерістерге көп мән берілген. Әрине, қазақ даласы ашаршы­лықтан енді ес жиып, етек-жеңін жинай бастаған уақыттың бедері – «дауыл алдындағы тыныштық» басылымның әр санынан менмұндалайды. «Дүние жүзі, пролетарлары, бірігіңдер!» ұраны кез-келген мақаланың тұздығы іспетті. Мәдени-әдеби мақалалардың өзінде саяси реңк басым.

Әйткенмен, газет тек саяси мәселелерге, толастамайтын ұрандарға ғана мән берген деу артық болар. «Ақын-жазушылардан Қарағанды шахтерлері сапалы көркем шығармалар күтеді» секілді әдебиетті өз заманын суреттеуге үндеген көптеген мақалалардың арасында Қазақстанда өткен жазушылардың ІІ съезінде жасалған баяндамалар мен жарыссөздерді тәптіштеп ұсынып, талқылауға тұтас нөмірлерді арнап отырған. Сондай-ақ Совет одағының өзге республикаларында өткен жазушылар съезіндегі негізгі баяндамаларды да үзбей талқыға салған. Грузия, Тәжікстан, Армения, Украина әдебиетшілерінің басқосуында айтылған ойларды қысқартпай ұсынып отырған.

Қазақстан жазушыларының екінші съезінде Жұмаділұлы Қас(ж)ым: «Сәбит Сәкенді «ұлтшыл жазушылардан бізге келді», – деді. Бұл жаңа пікір емес. Бұрыннан айтылып жүрген пікір. Мен осы пікірге әуелде қарсы едім. Әлі де қарсымын. Үйткені, Сәбит Сәкенді ұлтшыл жасауға дәлелі жоқ», – дейді. Одан соң Сәкенді Мағжанмен салыстырудың дұрыс еместігін айта келіп, өзара ынтымақты болуға шақырған.

Газеттің «Кеңес одағы жаңа әдебиеті туралы шетел жазушыларының пікірі» деген бас тақырыбында Р.Роллан бастаған шетел жазушыларының социалистік реализмнің негізін қалаған кеңестік жазушыларды мадақтаған пікірлерін ұсынумен бірге, шетел жазушыларын таныстыруды ұмытпаған.

Осы жылдағы назар аударарлық бір мақала Ә.Қоңыратбайұлының «Иран ақыны Фердоуси» атты шолуы. Ақынның өмірі мен шығармаларындағы басты ерекшелікті тізе келе, қазақ жазушыларына заңғар тұлғадан үйренеріміз көп дегенге саятын үн тастайды.

Жыл жабар нөмірдің соңғы бетінде қазақтың ұлы әншісі Әміре Қашаубаевтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты тұтас беттің жартысына көңіл айту берілген. Белгілі режиссер, дрматург Жұмат Шанин «Әнші Әміре» атты мақаласында әншінің өмірбаянына кеңінен тоқталып, «Әміре – Парижде», «Әміре – Мәскеуде», «Әміре – Германияда» деген шағын тақырыпшалармен ұлы әншінің жеткен жетістіктері мен алған асуларын кеңінен баяндаған. Ал әнші, актер, режиссер Құрманбек Жандарбекұлы «Әміре топтан озған…» мақаласында замандасын егіле жоқтай келіп: «Әміренің айтқан әндерін мен де айтатынмын. Бірақ мен әнді жақсы салатындығын сүп деп кездескенде-ақ білдім», – деп ағынан жарылған.

Әміре Қашаубаев 1934 жылы 6 жел­тоқсанда Алматы көшелерінің бірінде қайтыс болғаны мәлім. Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде Совет одағының өнерпаздарымен бірге барып, Еуропа жұртын ғажап дауысымен таңдай қақтырған әншінің кейінгі өмірі кеңестік «үш әріптердің» қатаң бақылауында өткені, кей түндері үйінен ұстап әкетіп, тергеп, ұрып-соққаны жиі айтылады.

«Әдебиет кабинетінде» – Әуезов

1935 жылғы газет беттері социалистік қоғамның артықшылығы туралы баяндамаларға, Кремльде өткен жиындар мен Сталиннің ұзын-құлаш сөздеріне, Ленин көсемнің шығармаларындағы «өзекті ойларына» толы. Социалистік әдебиеттің негізін қалаушы тұлға Максим Горькийдің әр мақаласы, сөйлеген сөздері, әдебиет хақындағы толғамдары тоқтаусыз жарық көріп, оның әдебиеттегі беделі мен орны, «кеңестік адам тәрбиелеу­дегі» жазушы шығармаларының маң­ыздылығы турасында жазылған материалдар көз қарық­тырады. Ал қазақтан Сәкен Сейфуллинді өнеге етуге, дәріп­теуге баса назар аударғаны бай­қалады. Дәл осы жылы Сәбит Мұқанов өзі бір жыл бұрын «ұлтшыл» деп айдар таққан Сәкен Сей­фуллинді  «Қазақстанда бұрын болмаған пролетариат әдебие­тінің кірпі­шін қалаған», – деп ма­дақтап, көлдей мақала ұсынған.

Мирзоянның мәдениет қыз­меткерлерінің Қазақ­стан­дағы І съезінде сөйлеген сөзін тұтастай беріп, сол жиында көтерілген мәселелер талданып, оны іске асырудың жолдары да назардан тыс қалмаған.

Ал басылым беттерінен қазақ тарихына, ұлттың тыныс-тіршілігіне қатысты деректер ұшыраспайды. Тек қазақ музыка театры, ондағы қойылымдар туралы аракідік мақалалар ұсынып, әртістерді таныстырып, театрға көрермен тарту мәселесін көтерген.

Бізге берілу үлгісі жағынан саяси ұрансыз жазылған «Әдебиет кабинетінде» атты мақала қатты ұнады. «Марттың 16-сы күні әдебиет кабинетінде қазақтың атақты жазушысы Әуезұлы Мұхтар жолдас өзінің шығармашылық тәжірибелері туралы баяндама жасады. Мұхтар жолдас баяндамасын 1917-18 жылдары жазған «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал» пьеселерінен бастады», –дейді мақала авторы. Бұдан Әуезовтің драматургиясы жайында өткен басқосу екенін аңдаймыз. Қаламгер өз сөзінде драматургияның қыр-сырын тәптіштеп айта келіп: «Біздегі кемшілік Шекспирдей шеберлікпен пьеселер жаза алмай жүрміз», – деген оймен қорытындылайды.

Газеттің тағы бір саны тұтастай «Қал­мақан ақынның қадамына 10 жыл толды» деген мақалалар топтамасына арналыпты. 1934-37 жылдардағы газет нөмірлерінде Қалмақан Әбдіқадырұлы мен Әбділда Тәжібаевтардың есімі жиі кездеседі.

Сталиннің сұхбаты және Горькийдің өлімі

1936 жылы газеттің алғашқы саны: «І. Жансүгірұлының 2 поэмасы туралы айтыс» тақырыбымен басталған. Қалмақан Әбдіқадырұлы мен Ш.Қуанышұлы ақын­ның «Күй», «Күйші» поэмаларындағы ерек­шеліктерді айта келіп: «Неге ханның қарындасы күйшіге ғашық болады?» деген сұрақты қойған. Поэманың тілі, көркемдігі, адам жанын әсерлі жеткізуі жайында тамсана отырып, кейбір «феодализмге басымдық» берген тұстарын сынға алған.

Әдеттегідей, бұл жылы да саяси та­қы­рып­тар көп жарияланған. «Фурма­нов­­тың өлгеніне 10 жыл» деген секілді тақырыптар молынан кезігеді. «Орыстың атақты данышпан сыншысы Белинскийдің туғанына 125 жыл толды», «Еліміздің азат әйелдері», «Большевик ақын Сәкенге жалынды сәлем!» деген ұрандық тақырыптар әр нөмірде алдымыздан шығады. «Құрыш қалай шынықты» романының авторы Островскийдің қайтыс болуына байланысты көңіл айтып, қаламгердің шығармашылық жолын тәптіштеп таныс­тырған. Шота Руставелидің туғанына 750 жыл толуы да ұмыт қалмаған.

Сондай-ақ, «Правда» газетінде басталып, кейін түгел Одаққа тараған «әдебиеттегі формализм мен натурализмге қарсы Қазақстанда үш күнге созылған айтыс» өткені жалаң айғайдың үдегенін аңғартатын дүниелер. Бұл сол кездегі әдеби ортада «ескішілдікпен күрестің» белең ала бастағанын да айғақтай түседі.

Осы жылы газет «Сталин жолдастың әңгімесі» деген тақырыппен Сталиннің «СкриппсГовард Ньюспейперс» газетіне берген сұхбатын жариялаған. Көлемді сұхбатта Америка газеті Советтер одағының өзге елдермен қатынасын, социалистік елдің көршілеріне қаупі бар-жоғын, халықаралық байланыстар кезіндегі Советтер одағының ұстанымын сұраған. Оның бәріне аса сақтықпен әрі өзіндік доңайбатын да жасырмай жауап берген Сталин: «Сіздің бұл сөзіңіз Советтер одағы жер жүзілік революция жасаймын деген пландары мен ойларын тастағандығының белгісі ме?» деген  тілші сұрағына: «Бізде ондай пландар мен ойлар ешуақытта болған емес», – деп қысқа қайырған.

Бұл жылдағы ең ірі оқиға – Максим Горькийдің өлімі деуге болады. Қаралы хабар газеттің бірінші бетінен басталып, бірнеше нөмірге жарияланған. Ұзақ-сонар қоштасу сөздер, арнау өлеңдер, жазушының өмірбаяны, шығармашылығы туралы талдаулар үзбей берілген. Сәбит Мұқанов бастаған жазушылар Максим Горькийдің шығармаларын кеңінен насихаттап, оның социалистік идеяға берік азаматтығын, Кеңестер одағы халықтарының идеясын азат етудегі ерен еңбегін айрықша бағалаған.

Қалың хаттардың ішінде Мұхтар Әуе­зовтің де тілдей ғана қысқа қайырған көңіл айтуы бар. Мұхтар Әуезов Горькийді тұтас халыққа үлгі болар қаламгер ретінде бағалап: «Алексей Максимович енді арамыздан мүлдем кетті деген қандай салмақты…» – дейді.

Жылдың соңына таман «дауыл алдын­дағы тыныштықтың» сеңі бұзылып, Советтер одағының аспанын қара құйын ұйтқи бастағанын байқауға болады. Мұны «Отан жаулары атылсын», «Жаудың қарасы өшсін» деген секілді өлең-жырлардан байқауға болар еді.

Оқи отырыңыз!

 «Қызыл қырғынның» басы мен аяғы

«Халқымының күні – Сталин, нұры – Сталин»

1937 жылдың №1 саны «Орыс халқының ұлы ақыны Пушкиннің өлгеніне 100 жыл» мақаласымен ашылған.

Газеттің негізгі нөмірлері «Қазақстан социалистік республикасының Конс­ти­туциясының проектісіне» арналып, Мирзоянның баяндамасы, Конституцияға үн қосулар  негізгі тақырып­ ретінде үздіксіз ұсынылған. Қызыл армияның құрылғандығының 19 жылдығы, Лениннің қайтыс болғанының пәлен жылдығы, ұлы көсемнің сара жолы деген сарындағы мақалалар қатары көбейіп, Сталиннің суреттері мен мақалалары, баяндамалары бұрынғыдан да арта түскен. Әсіресе, «Халық жауларын» айыптау ісіне белсене кірісіп, соттардың арнайы үкімдері, атуға кесілген, қамауға алынған азаматтардың аты-жөндері тізбектеліп берілген.

«Жасаған бақыт заңын ұлы Сталин,

Халқымның күні – Сталин, Нұры – Сталин» деген ұран көтеріліп, жеке басқа табынушылық мейлінше асқынғаны көзге ұрып тұр.

Қазақ жазушыларының арасын кезген үрей мен «жау анықтау» үрдісі «Жазушылар ұйымындағы ұлтшыл-фашист жаулардың зиянды зардабын біржола құртайық», «Әуе­зовтің сөзі мен ісі неге бір жерден шық­пай­­ды?» деген мақалалардан анық аңғарылады.

Газет тек саяси сипаттағы мақалаларға ғана назар аударды десек, қиянат болар еді. Қанша қиын күн туса да, олар өнер мен әдебиетті ұмыт қалдырған жоқ. «Қазақ сахнасындағы аударма пьесалар» атты проблемалық мақала соның айғағы.

Осындай жиында Әуезов: «Шекспирден алынатын пьесаның аты әзірге дәлдеп белгіленбегенменен, не «Отелло», не «Ремео-Джулетта» екеуінің бірі болатыны анық. Театрдың басшылары бұл жөнінде өзінің әзірлігін істеп отыр. Аудармашыға қойылған шарт бойынша, Шекспирдің пьесасы ағылшын тілінен аударылады. Орыс тіліне жасалған аудармалар жай қосымша мағлұмат есебінде ғана пайдаланылады», – депті.

Қалижан Бекқожин әдебиеттегі аударма мәселесін айтып, аудармашылардан шығарманың өз қасиетін өзгертпей, дәл беруді талап етеді. Мақалада қазақшаладық екен деп, орынсыз бұрмалау оқырманға тиім­сіз, әдебиетке пайдасыз екендігі ескер­тілген.

 «Театр өсірген хас талант­тар» атты мақаласында Қ.Бекқожин драма театрының жас актерлермен толық­қанына қуанып, Күләш, Құрманбек, Елубай, Қанабек, Серке бастаған топты мақ­та­ныш­пен атап, Қапан, Сәкен, Айша, Сейфолла сияқты жастардың келе бастағаны қазақ өнерінің жетістігі екенін айтады. Осы жылы газетте Мұхтар Әуезовтің «Алма бағы» пьесасы жарияланыпты.

Қазақ тарихы, тіпті, әлем тарихы туралы мақала бермейтін газетте «Исатай Тайманұлы көтерілісіне 100 жыл» атты мақала берілгені назар аудартады.

Жамбыл Жабаев, «Әзірет-Сұлтан» және Абайды іздеу

1938 жылдың айтып өтерлік ешқандай артықшылығы жоқ деуге болатындай. Осыдан бір жыл бұрын басталған қуғын-сүргін, айыптау, «халық жауларына» шыққан үкім, Советтік дамуды ұлықтау қаз-қалпында қайталанғаны басылым беттерінен бірден көзге түседі. Бұл жылы «Қазақ әдебиеті» газеті Жамбыл Жабаевты тануға ұмтылыс жасапты. М.Қаратаевтың «Кавказға саяхат» мақаласынан басталған жамбылтану мектебі жыл бойы қарт ақынның шығармашалығын дәріптеуге зер салған. Тіпті, 1938 жылды «Жамбыл жылы» деуге де болады. Жамбыл жырау да саяси дүбірден шет қалмағаны «Жерде тірі қалмасын» деген өлеңінен білінеді.

«Қан тілеген қара бет,

Өз бастарын қандасын.

Тез атылсын, атылсын,

Жерде тірі қалмасын», –

 деп ұран тастапты ортаға 100 жасаған Жамбыл ақын…

Қажым Жұмалиевтің «Махамбет поэзиясының тілі» атты мақаласы сол шақтағы әдебиеттанудағы жаңа тақырып деуге болады. Аталған мақаласында автор ақын өлеңдеріндегі өткір тіл мен образды ойларға тоқталады.

Газет қазақ өнерінің үлкен табысы ретінде Асқар Тоқпановтың «Әзірет-Сұлтанын» театрда сахналануын атаған. Онда автордың жетістігі айтылып, «діни фанатизмге қарсы ойлы шығарманың» молайғаны халыққа керек екендігін баса ескерткен.

1939 жылдың соңында газеттің екі-ақ саны жарық көрген. Бұрынғы леп, бұрынғы сарын. Сталинді пір тұту, оны «Бүгігінің Ленині» деп мадақтау, Жамбылдың «Сталин» поэмасының жарық көруі соның айғағы іспетті.

1940 жылы газетте Абайға оралу, Абайды іздеу жолының басталғаны аңдалады. Бұған себепкер болған Әуезовтің «Абай» пьесасының жазылуы еді. «Январьдың 2-күні Қазақстан Жазушылар союзының правлениесінде Мұхтар Әуезов пен Леонид Совелевтің «Абай» трагедиясы оқылды» деп басталатын мақала жарық көріп, оған тыңдаушылардың жақсы баға бергені аталады. «Абай туралы ғылым академиясының істері» атты мақаласында Ж.Ақыпбаев Абайдың өмірі мен шығармаларын зерттеудегі олқылықтарға тоқталған. Абайдың академиялық толық жинағының І томы жайында ой қозғаған автор: «Абайдың тілі жөнінде әлі күнге ешбір ғылыми мақала жазылған жоқ. Абай шығармаларының текстісі толық зерттеліп біт­кен жоқ», – деген мәселе көтерген. Автор абайтануда Абайдың  саяси көзқарасын да танып-білу маңызды екенін айтқан. «Абай ақындықтан басқа үлкен композитор болған» деген автор ақынның музыкалық мұраларын зерт­теудің маңыздылығына да мән беріпті.

Түйін: «Қазақ әдебиеті» тарғалаң шақта заман бедерін осылай айшықтапты. Әрине, біз әрбір мақалаға тоқтауды міндет санамадық. Кейбір әдеби-мәдени өмірге қатысты мақалалар көзімізге түспесе, аруақтардан ғафу өтінеміз. Себебі, кітапханада газеттің сандары түгел емес, енді кейбірі жыртылған, қиып алынған… Дегенмен бұл да ұлт тарихының біз ұмытуға болмайтын «ақтаңдақ беттері». Осы бес-алты жыл бедерінде қазақ қоғамын неше түрлі алашапқындар көктей өтіп, «досты – жау, жауды – дос еткен» алмағайып заманның бейнесін бүгінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс.

«Қазақ әдебиетінің»
1934-40 жылдардағы
нөмірлеріне шолу жасаған –
Тоқтарәлі Таңжарық

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.03.2020 | 20:07

Lanora scopri la nostra collezione di maglie calcio, tra cui squadre di club, squadre nazionali, allenamento calcio e acquista online Maglie
Calcio Poco Prezzo. Nancy

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір