«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ»… ҚАСҚАЙЫП ҚАРСЫ АЛАДЫ
Өткен жұмада астаналық телеарнаның бірінде қонақта болдым. Бағдарламаның тізгінін ұстаған әріптесіммен арадағы әңгімеміз кітап нарығы жайында өрбіген. Көрерменмен төте байланыста отырған соң сауалдар WhatsApp желісі арқылы түсіп жатты.
Сұрақтардың ауаны, әрине, әрқилы: бірі ана мәселенің мән-жайына қанығып, бірі мына бір жайттың жай-жапсарын білгісі келеді. Соның ішінде: «Сіз «Abai.kz» ақпараттық порталын ашып, жұмысын жолға қойған адамсыз, «Қазақ әдебиеті» газетін де ғаламторға көшіре салмайсыз ба? Өйткені бүгінгі жұрт газеттен гөрі сайтты көп қарайды ғой?..» – деген сыңайда сауал тастады. Мен ойланып қалдым. Рас, мына зымыран заманның көшінен қалып қоймайық деп қарекет қылып, интернет-басылымның бас бұйдасын қолына ұстағанның бірі біз болғанбыз. Бірақ сол істі бастар алдында, «жаңа медиа дәстүрлі баспасөзді жоққа шығармайды, керісінше, ақпарат көзінің ақсақалына айналған БАҚ-тың мүмкіндігін ашады» деген ұстанымды ту еткенбіз. Сол сөзім – сөз. Ақпараттық технология қарыштап дамып, ілгері қадам басқан сайын дәстүрлі баспасөздің салмағы да арта түсуі керек. Себебі салмақсызданған дүниені сабырға шақыратын сарабдал ойлар мен сарапталған пікірлер қашанда өмір сүруге хақылы. Сондықтан «Қазақ әдебиеті» де жалғанның жарты күнінде 85 жылдық тарихын тәрк етіп, қасиет дарыған қағаз бейнесіне қол бұлғап кете бармайды. Ғасырлардың бораны мен дауылы, аптабы мен аңыздағы тоздыра алмаған тастағы жазулар сияқты «Қазақ әдебиеті» де келер күндерді қасқайып қарсы алып тұруға тиіс. Бұны неге айтып отырмыз? Бұны айтып отырғанымыздың себебі еркін сөз, азат ойлар дамыған Еуропа да оқу мәдениеті сіңген газет-журналдарын ғаламтордың арандай аузына тастай салудан сақсынып, күресіп бағуда. Демек, біз де амалы табылғанша, әдеби апталық пен оқырман арасын үзбеуге барымызды саламыз. Алайда, көңілде күмән да, күдік те көп. Неге дейсіз ғой?.. Қайтсе де, газет баспа жүзін көрер, бірақ, соны оқитын оқырман ортасы ортайып бара жатқандай ма, қалай? Әр тараптан арбаған сиқырлы құбылыстар қазақ жанын жалаңаштап, жайдақтай түскендей ме, қалай? 85-тің сеңгірі бізге осындай қауіп ойлатады.
Д. Қуат
Міне, бүгін сіздің қолыңызда 15 жылы кем ғасырдың сырын сөйлеткен, тарихын ақтарған, рухани әлемін ашқан газет тұр. 1930 жылдардан басталған ұлттық қасіреттердің таңбасы түскен «Қазақ әдебиетінің» қазақ үшін қам қылмаған жылдары жоқ екен. Сол үшін де маңдайының соры бес елі болыпты. Әйтсе де, соның бәріне көніпті, төзіпті, қарағайға қарсы біткен бұтақтай мінез танытып, қасарысып бағыпты. Біз газетіміздің осы нөмірінде оқырман ортасы біле түссін, қаныға түссін деген ниетпен «Қазақ әдебиетінің» бұрынғы-соңғы қызметкерлеріне барынша сөз бердік. Олар әдеби апаталықтың әр саны қалай жасалып, қалай жарық көргені жайында қызықты естеліктер айтады. Ел іші ескерер деген талаппен есті әңгімелердің тиегін ақтарады. Ойланып, ой безбеніне салып қабылдау – оқырман еншісінде. Аға буынның – құрдасы, келер ұрпақтың – замандасы «Қазақ әдебиетімен» қашанда бірге бол, бек құрметті оқырман!
Дәурен Қуат,
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы