Әуесхан апаның мұрасы
07.12.2019
1097
1

Елбасының туған жерінде орналасқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы «1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні» аясында «Елбасы туған жерде» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырып, құтты қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Айтулы мейрамның құрметіне орай, орталыққа ауданның зиялы қауым өкілдері, ауданымызға белгілі азаматтар және тағы басқа мәртебелі меймандар шақырылды. Олардың бірқатары «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының арнайы Алғыс хатымен марапатталып, өнерпаз жандардың концерттік бағдарламасына куә болды. Сонымен қатар, мерекелік басқосу барысында осы орталықтың директоры Адиля Қоржумбаева мәдени ошақтың екі жылдық есебін оқып, маңызды ақпарттан құлағдар етті.

Биыл Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың Шамалған ауылы тұрғындарымен кездесуі, «Атамекен» орталығында өтті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова арнайы іс сапармен келді. Жалпы, орталық ашылғалы бері 28 мыңнан астам көрермен келіп, жан сарайын кеңітіп қайтты. Биыл жәдігер жинаушы Әуесхан Мажайқызы халқымыздың 5 ғасырлық тұрмыс-тіршілігіен сыр шертетін, бір әулеттің мұрасы саналатын 100-ден аса жәдігерді қөмекші қорға тегін тапсырып отыр, – деді ол.

Осылайша, Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған шараның жалғасы тағылымды мол «Көнергенмен өзі, көненің көзі» атты көрмемен жалғасты. Шара аясында қолөнерші, жәдігер жинауға жаны құмар Әуесхан Мажайқызының тың дүниелері қонақтар қауымына таныстырылды. Жетпіс жастың жетегіндегі әжейдің V ғасырлық тарихы бар мұраларының қай-қайсы болмасын өткеннен сыр шертетін және қасиетін жоғалтпаған құнды дүниелер екені көрініп-ақ тұрды.

Ол жәдігерлердің арасында көненің көзі болған Қызай қалпақ пен шылауыш, осыдан үш жүз жылдың алдындағы аталарымыз тұтынған тұрмыстық бұйымдар мен шеберлер мұрасынан тартып, бүгінгі күннің болашақта жәдігерге айналар асыл қазыналары толып тұр. Айта берсек, қазан-ошақ, самаурын, келі-келсап, қазан, мосы, астау, тегене, қасық, шөміш, пышақ, қысқаш, тоқылған ши, аттың қылынан өрілген арқан, қазақтың қара сабыны, тағы басқа да тұрмыстық бұйымдардың түр-түрі көз сүріндіреді.

Олардың қатарында тарихта аты қалған Қызай қалпақ, Солтангелді бидің күмістелген ер тоқымы, Ұлтарақ батырдың кісесі, Жансарбай емшінің емдеу құралдары, Омарақын зәңгінің белбеуі, бір ғасырдан астам тарихы бар мұйық, ХІХ ғасырда Ресейде жасалған самаурын өте бір ұқыптылықпен сақталған.  Ал ер-тоқым, жүген, ноқта, құйысқан, өмілдірік,  қамшы, кісен секілді ат  әбзелдірінің өзі бір төбе. Төрт, алты, сегіз, он екі өріммен өріліп, күміс жалатылып, түрлі асыл тастардан көз салынып, безендірілген ат әбзелдері мен  айыл-тұрманның шебердің қолынан шыққан сирек кездесетін өнер туындысы екендігі бесенеден белгілі.

Бүркіт ұстайтын тор, жемсау, қолғап, тұғыр, сияқты аңшылыққа пайдаланатын құрал-саймандар да бүгінгі ұрпаққа таңсық дүниелер. Емшілікке қолданылатын қорғасын, кепіреш, дәрілік шөптерді үгітетін кішкентай келі,  денедегі арам қанды тазалауға арналатын лоңқа, сиырдың мүйізінен оюлап жасалған бүлдіргі ата-бабаларымыздың халықтық медицинаны хал-қадірінше өркендеткенін аңдатып тұр.

Шара аясында сол жәдігерлердің таныстырлымымен қатар Әуесхан апа қазақтың қолөнер шеберлігін де қоса көрсетіп, жастарға ата-бабаларымыздың құны тозбас өнері мен өміршең тіршілік тынысын таныстырды.  

Бұлбұл Нұрбекова,

«Атамекен» тарихи-мәдени орталығының бас қор сақтаушысы.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 07.12.2019 | 21:13

Әуесхан Мажайқызының көрегенділікпен ұлысымызға ұлағат болар өнегелі өмірі, осынша заттай мұраны мәдениет ошағына сый-тарту жасап мырзалық танытуы ертеден қазақы қаймағы бұзылмаған дәстүрдің жалғасын танытқандай екен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір