ҰЛТТЫҚ ОЙ-САНАНЫ БЕЙНЕЛЕУДЕГІСУРЕТКЕРЛІК ШЕШІМ
04.12.2019
458
2

Жазушы шығармасы арқылы не айта алды? Кейде сурет­кердің айтқысы келген ой­лары деп, айтқанын емес, айтпағанын қазбалап жатамыз. Ондай тап­қырлықтың кейбірі тұшымды, кейбірі болжал. «Қазіргі әдебиеттегі көркем шығар­маның бойында қандай ұлттық ойлар айтылды?» «Өмір шындығын қалай жеткізді?» деген сауалдарға ой жүгіртсек, санамызға әрқилы жауаптар келеді. Мысалы, Н.Дәу­тайұлының «Айғыркісі» әңгімесінің атауы тосын.

Шығарма мазмұнымен таныс емес оқырманға бұл – кісі есімі немесе кісі есіміне баламаланғандай атау болып көрінуі мүмкін. Әңгімені оқи бастасаңыз бұл ойдан арыласыз. Шығарма бастауында-ақ Есқұл қария сөзінен жас қабірдің басында тұрған «Айғыркісінің» жылқы екендігін біле қоясыз. Хош, сонымен «Айғыркісі» қандай образ? Адамға тән ес-ақылдың, тіпті киеліліктің «Айғыркісіде» болуының сырын қалай қабылдайсыз? Иә, қазақ ертегілері мен батырлар жырындағы тұлпарлардың адамша сөйлеуі жанр таби­ғатынан. Ал мұнда «Айғыркісі» сөйлемейді, бірақ іс-әрекеті сөйлемегеннен ерек және нанымды. «Есік тарс еткенде тура маған қарай екі көзінен от шашып жылқының басы төніп келеді екен. Өмірімде дәл бұлай қорыққан емеспін. Баланың даусы шар етісімен жылқы езу тартқан сықылданды. Сөйтті, рас!» (Дәутайұлы Н.«Айғыркісі» 2томдық таңда­малы шығармалары). Жазушы «Айғыр­кісінің» бұл әрекетін ақсақал сөзімен ұғындыра кетеді. «Кісінің киесін көрсеткен жоқ па? Бізден кетіп қалған кісілік киені Құдай сол жануардың деніне салған шығар. Сөйтпесе, мына ісі қалай, а?!» (243-б). «Айғыркісінің» иесі Жалғас қорадан құлап жатқанда, оқыранып тұрып қақпаны тарпыған жануар тағы да Есқұл қартты таңдандыра түскен. Суреткер әңгіменің бастапқы жаңа жолдық ширегінде-ақ, мал баққан қазақ тіршілігін қыр суретімен сабақтастыра отырып, адамдық қасиет ұғымына қатысты ой тастап өтеді. Ол ойды Есқұл отағасының түз түнегендегі аспан жұлдыздарына қарап, «…бірі самғап, бірі сарғайып, бірі сандалып сапырылысқан Құдайдың пенделерінің кез келгендерінің кеудесінде осындай бір төбесінде жарық сәулесі қалың қойнау болса ғой» (245-б) деп келетін толғанысымен жеткізеді. Адам жанына терең бойлатып, өзді-өзіне бір сәт үңілдіріп, қоғам жайлы ойлана отырып күрсінуге жетелейтін толғақты түйін әңгі­менің негізгі лейтмотиві. Есқұлдың адам­гершілік жайында солай болса екен деген ішкі түйсігінен-ақ, адами болмысын аңғарт­қан суреткер баяндалатын оқиғаның да драмалық тереңдігінен хабар беріп отыр. Әңгімедегі драмалық фабула осы Есқұл қарттың көрген, көңілге түйген өмір сурет­терімен қабысып жатыр. Өмірде ардақтала бермейтін адамдық мұраттың кейіпкер санасына көшіріліп берілуі, осы кейіпкердің (Есқұлдың) автор концепциясына қызмет етуші негізгі тірек екендігінде. Авторлық концепция осы Есқұлдың өміртану, түйсіну, күрсіну тіпті өкіну сезімдерімен бірлікте тұр. Демек, Есқұл – жақсылық, адамдық ұғым­дарының жаршысы. Шығарма бастауында жақсылық жаршысының пенделер жайлы жақсы ойлап күрең ойға малтуы бекер айтыл­маған. Сондай-ақ, жақсылық ауылынан табиғаты қашық Бұлдидың ойларын Есқұл ойымен жарыстыра беруінде өзіндік тәсіл бар. Бұл – жақсылық пен жамандықтың бітіспес күресі осы шығарманын да арқауы дегені. Бұлди бейнесі бүгінгі заманның адамдарына тән. Оның (Бұлдидың) іс-әрекеті, психологиясы – қазіргі уақыттың барометрі. Демек, қасиет ұғымдарының бүгінгі қоғамда, адамдар санасында ұмытылуы жақсылық емес­тігін жазушы өмір шындығынан өріп, ескертіп тұр. «Есағам қойнауға биесімен бірге түнеп жүріп қиялиға айналып барады, болмаса мына алақандай кеудемізге қойнау түгілі, ішек-қарнымыз зорға сыйып жүрген жоқ па демесін бе…» (243-б). Міне – бүгінгі өмірдегі адамдардың бүкпесіз ойы. Мұны бүгінгі қазақ мойындауы керек. Кедейі бай, байы зор болсам деген кезең. Рух байлығынан материалдық байлықтың мейлінше жоғары өлшенген тұсы. Ішек-қарынның тоқтығын ғана ойлаушы бүгінгі өмір пенделеріне «кие», «қасиет» ұғымдарын түсіну, түйсіну қайда? Бүгінгі Бұлдилар кеуде көтерген ішек-қарынның жанына жақсылық сәулесінің де сыя алатынына күмәнданбаса керек еді.

Автор кереғар ұғымдарды параллель сипаттап тұрып-ақ оқырманын ойландырады, сәулесі өше қоймаған кеудені ойға қалды­рады. Осындағы ішек-қарын атауы бекерге қолданылып тұрған жоқ. Ол ар, ұят, иманын жоғалтып алған бүгінгі пенденің өмір сүру философиясының басты атрибуты. Әңгіме­дегі өзгешелік те жақсы мен жаман арасын­дағы конфликттен басталуында. Есқұл – бүгінгі ұрпақтың атасы. Ал сол атамыздың бала кезінде бір қариядан «Әй, балам, дүниені білгің келе ме, дүниені білгің келсе, дүниенің кісі сенетіні – көп, сенбейтіні – аз», – деген сөзді естуін автордың баяндауының себебі идеялық мақсатты орындаушы кілт ретінде алғандығында жатса керек. Шығар­мада мал иесі Жалғас – бүгінгі ұрпақ, Жал­ғастың әкесі Бұлди – бүгінгі аға буын, Есқұл – ата буын өкілі болса, Есқұлға әлгі сөзді айтушы ата-бабаларымыз болып шығады. Автор ұрпақ сабақтастығын бекерден-бекер қамтымаған. Өмір шындығын бейнелеудегі кейіпкерлердің жас мөлшері авторлық концепцияны берудегі математи­калық дәлдікті танытады. Кейіпкерлер жасының көрсет­кішін анықтасақ, Жалғас – 18 жаста, Бұлди – 44 жаста, Есқұл 65 жаста болып шығады. Әңгі­менің оқиғалық уақыты 1998-2000 жылдарға келетінін ескерсек, Бұлди – кешегі советтік кезеңдегі атеистік қоғам тәрбиесінен шық­қан бүгінгі пысықайдың нақ өзі. Есқұл – қазіргі сиректеу кездесетін есті қариямыз. Демек, бүгінгі уақыттағы адамгершілік нормалардың құлдырауы кешегі советтік кезең мен капиталистік сана гармониясында жатқандығында. Атеистік сана ұлт бола­шағы үшін қаншалықты қауіпті болса, нарықтық сана үдерісінде де оның халыққа тигізер қатері басым. Бірі зорлықпен жүзеге асырылса, екіншісі өздігінен қозғалысқа түскен. Жекеменшік саясат ар-ұят мәселесін бойына жұтып жіберетіні де мәлім. Есқұлға айтқан әлгі қарияның сөзінің растығына әңгіменің мына тұсында да көз жеткіземіз. «Отағасы дағдарды: «Япыр-ай, бұл сонау Таластың қайсыбір түкпіріндегі қырғыз ауылынан қалай келді. Келсін-ақ, қашып, алайда мына жас қабір басында тұрысы… Жылқының… Жылқыны да адам секілді аза тұтып… Нендей құдіреті бұл, Жаратқан иенің…» (236-б). Жазушы ұлттық дүние­танымда қалыптасқан «кие», «қасиет» сияқты асыл ұғымдарды Есқұл ойымен адамдар жадына қайта салғандай. Былайғы жұрт мұндай құдіретке бас шұлғығанмен, сене қоймайды. Сенгені «Көкте Құдай, жерде әулие, екі құдірет сендерді енді ұмытпаймыз, тобамызға келіп жүретінімізді кезек-кезек айтысып, ағыл-тегіл болған. Бірақ қайтесің, пенде пәтуасыз болып шықты» (238-б). Сонау Адам ата заманынан бастап пенде шіркіннің заты бүгінгі дәуірде де пендеші­лігінен арыла қойған жоқ. Бұл – көп мойын­даған шындық. Бұл шындықты жазушы тағы да сол көптің іс-әрекетінен шығарып, өз мінін өзіне көрсетіп тұр. Бұл Есқұлдың бала күнінде көзімен көрген, әулие дескен қарияның қаңсыған дүниеге жаңбыр жаудырған құдіретінен кейінгі пәтуасы еді. «Рахымшылығыңа жаным құрбан, Жарат­қан!» (237-б) дегенді айтқанда аузынан көк жалын ұшып, қалған қариялардың жүзінен қол басындай бұлт пайда болып, көкке көтерілген-ді. О дүниелік болып, кете барған әлгі әулие қарияның ісіне жұрт таңырқасқан. Кісі сенбейтін істі Есқұл кейіпкеріміз бала күнінде осылай өзі көрген. Осы оқиғаның оқырманға нанымдылығын эпизодтық кейіпкердің «Құдай кейбіреуге өзіне қарай жақындай түсетін құдірет берген жоқ па, ел-жұрттың көз жасын жеткізіп тұратын» (237-б), – деген сөздерімен бекіте түседі. Осы тұста айта кететін бір жәйт. Әулие қария жүріп кеткеннен кейінгі керемет деталь – көкке ұшқан көк жалын, қол басындай бұлттар «Айғыркісі» денесінен де бұлдырық­тай болып шығуы. Бұл әулие қария мен «Айғыркісі» арасындағы тылсым сабақтас­тықты көрсете ме? Жоқ, әлде, әулиелік пен киеліліктің Жаратушыдан берілетін қасие­тінің жануарда да болатынының көрінісі ме? Қалай болғанда да, бұл екі ұқсастық деталі авторлық концепцияны реалды жеткізуде орынды пайдаланылған. Автордың «киелі» ұғымын дәріптеуіне, қасиеттің қанат қағуына оппозиция ретінде көрінетін басты кейіпкер – Бұлди. Бұлди қай қоғамда да болған, әсіресе бүгінгі қоғамда өмір сүруші белсенділердің типажы. Сонымен қатар бүгінгі қоғамдық санада әрекет етуші түсінік, талғамның көрсеткіші. Егер бүгінгі сана-сезім Бұлди түсініктес болмаса, әлеуметтік жағдайда да өзгешелік болар еді. Яки, жекеменшік байлыққа жету мақсатында адамгершілік түсініктер табанда қалмас болар. Бірақ бұл әңгімеде баяғы байлар мен Бұлдилар арасын тым жақындатуға болмас. Себебі, Бұлди, бүгінгі заман көзімен қара­саңыз, кәдімгі кәсіпкер, биснесмен. Оны оқырман осы пысықтығымен-ақ ақтап, ұнатса болар. Оның бала күнінде-ақ қоян өсіріп, қойшыларға айырбастап қора ішінен өз меншігін иеленетін әрекетіне ырза бейілде болғың келсе де, әкесіндей таңданасың. Мұнда Бұлдидың бұл әрекетін нарық заманы көзімен бағаласаң, осы заманның өз баласындай қабылдай қоясың. Сөйтіп өскен Бұлдиға пысықтығы жер тесер жар кезігіп Бұлдекең атанғанына бүгінгі оқырман кәміл сенеді. «Бұлдекең өз ақылымен іс көзін тауып бизнес жасап жатқан азамат қой» дейтіндер де табылар. Осы уәж жөн-ау дейін десек, «бизнес жолында адамдық қасиеттер жылап қалмады ма?» деген күмәннан арыла қоймаймыз. Бұған кәсіпкер дүкеніндегі дәрілердің екі бағада сатылуын алдыға тартсақ та жеткілікті. Автор оқырманды осындай дүдәмал ойларға қалдырмауды да ескерген. Бұлдидың ішкі ойын әке мен бала арасындағы сырдан-ақ жайып салады. «Сосын айтқаны, баяғыда өткен-кеткен, сүйегі қурап қалған нәрсе. Қайта келмейді. Бүгінмен бол. Кімде дәулет бар, бүгін – соныкі. Дәулет сөйлейді, дәулет ұтады, дәулет озады. Дәулетің бар ма, ештеңені көктегі Құдайдан да, жердегі адамнан да сұрамайсың. Түгел пішту!» (249-б). Міне, кәсіпкер, бизнесмен дейсіз бе, Бұлдиың­ыздың жандүниесіндегі байлықтың мөлшері осы. Бұл ой қазіргі заман адамының психологиясына айналғалы қашан. Бұлдиша ойлайтындар жетіп артыларлық. Бұлдилар қарапайым халық ішінде де, мемлекеттік қызмет ішінде де өріп жүр. Олар әртүрлі мамандық, кәсіп иелері де. Бұлдиша ойлау жүргізушіге де, заңгер, дәрігер, мұғалім, банкир тіпті сенаторға да тән. Бұлдилардың аты затына, заты атына сай. Бүгінгі заман психологиясын айнытпай танытатын Бұлдилық сана. Автор қазіргі дәуір психологиясын мейлінше дәл көрсетуде кейіпкердің болмыс-бітімін нақты айқындаушы ретінде олардың есіміне де көңіл бөлген. Бұлди – бұлғақтау, бұлғақтату. Бұлғақтау да, бұлғақтану да, бұлғақтату да қазіргі заман адамының мінезі. Бұлдилану – бүгінгі өмір ағысы, аурасы. Дегенмен қазақ әлі ақылынан алжасқан жоқ. Бұлдилардан рухы биік Құдайдың құлдары әлі де бар. Ол – әңгімедегі Есқұл. Бұлдидың әлгі философиясына қарсы дау айта алатын Есқұл қария. Есқұл – Құ­дай­дан үміті бар жандардың жиынтық бейнесі. Есқұл есімі кейіпкер атына саналы түрде қойылған. Есқұл – бірде кейіпкер, бірде автор. Есқұлдардың санасы Бұлдилар психологиясына қарсы тұратын бірден-бір рухани күшіміз. «…Баяғы деген ата-бабалар, ата-бабалардың кісілігі, түсінігі, қуаныш-шаттығы, азабы мен шері, жеңісі мен жеңілісі, аққан қаны мен төккен терінің ұлы көші емес пе? Соның барлығын мына жұрт өздері өңмеңдеп соңына түскен дәулет дейтін қолдың кірінің жолына құрбан ете сала ма. Бұлай етсе, қазақ несіне қазақ, қай жері халық?..» (249-б). Лирикалық пафоспен өрілген осы ойлар басшыға да, қосшыға да, жұртқа да қойылған риторикалық сұраулармен әдіптелген. Жауабы әрбір есті құлдың (Есқұлдың) санасын қозғап, кеу­десіне жарық сәуленің қойнауын сыйдырып, жүрегіне сәуле түсірсе болғаны. Есқұл ойымен тізілген осы пікір адресі «мына жұрт» деп елге арналуы бекер болмаса керек. Есқұл қарияның характері момын халықтың сабырлы, байсалды кейпінен еш айнымайды. Автор Есқұл мінезінің өзгеріске түсуін мақсат етпеген. Есқұлдың мінезі – әңгіме арқауынан танылатын ұлттық идеяларды сақтаушы, жеткізуші көркем мінез иесі сипатында. Тіпті, оның «Айғыркісіні» 100 мың долларға сатпақшы немере інісіне «киесі барды сатуға болмайды» деуден аса алмағаны да осы мінез табиғатынан. «Неге ол Бұлдидың жағасына жармасса да, қарсылық көрсет­педі?» деп те дау айта алмаймыз. Жазушының бұлай еткені де нанымды. Себебі, Айғыркісі – Бұлдидың өз малы. Егер автор Есқұлды Бұлдимен осы жәйтке қатысты жағаластырса, Бұлди «бұл менің өз жылқым» дегенді айтар еді. Ол уәжі де жөн болмақ. Бірақ әңгіме финалында Есқұл қария осы жағдайды есіне алатыны бар. Бұл жазушының идеялық мақсатты орындаудағы көркемдік шешімі болса керек. Өткен заманда жұрты үшін жанын садақа етіп, өзін құрбандыққа шалған батыр атасының ерлігін есіне алған Есқұл «бүгін кім сөйте алады?» деп қамығады. Ондай ерлікке өзінің де бара алмағанын өзінен көруі керек екен. Есқұл санасындағы ой ағымы елдік сананың дүр сілкінуіне жеткізгендей. «…–Жақсы үміт-арманның иесі мен киесін сақтай алмаған жұрттың көретіні – ақыр заман!» Отағасы селк еткен» (254-б). Мына сөзге есті құлдың бәрі де селк етті-ау. Жеке бір адамдардың тағдырына үңіле отырып, қоғамның бет-пердесін ашып, ұлттық мәселелерді қозғаудың әдебиеттегі бір үлгісі осы әңгімедей болса керек. Есқұл­дың құлағына бір дауыс келіп, әлгі селт еткізер ойларды айтуы – елдің елдік мақсаты жолында өмірлері өткен ата-бабаларымыз­дың ұлы арманы емес пе? Елдің ұлы арманын ардақтаған кейіпкер – автордың ішкі дауысы, әрбір есті құлдың (Есқұл) ішкі ойы да – осы. Әңгімедегі томаға тұйық мінезді кейіпкер – Жалғас. Жалғас мінезі, болмысы жағынан Есқұл табиғатына жақын. Ол дүниеге келгенде есімін осы Есқұл қойған-ды. Есқұл кейіпкер мен автор бірлігі тұрғысынан келсек, «Жалғас» деген кейіпкер есімінен де суреткерлік концепцияны аңғарамыз. Жалғастың Есқұл қариямен рухани түсіністікте жүруі осыны аңдатады. Сондай-ақ, Есқұл, Жалғас кейде авторға, автор кейде Есқұл, Жалғас болмысына сіңіп кетеді. Сонда Есқұл, Жалғас, автор бірлігінен суреткер концепциясының кейіпкер характері арқылы бейнелену шеберлігі танылады. Ал Бұлди характері – бүгінгі қоғам мінезі. Халық Бұлдидың характері, іс-әрекеті арқылы өз мінін өзі көреді, өзінен-өзі ұялады. Өз бейнесінен кемшілік көрген халық дүниеге деген көзқарасын өзгертіп, рухани түлеуге бет бұрып жатса – жазушы концепциясының мәреге жеткені. Бұлди характері – халықтың бір мерезді мінезінің сипатын аша түскен, постмодернді образ. Әңгімедегі философиялық түйіннің бір қыры Жалғас характерінен туындап жатады. Есқұл мен Жалғастың диалогынан-ақ Жалғастың азаматтық позициясы таныла түседі. Бір диалогтан-ақ Жалғастың ол арманы, жанының ізгілігі төгіліп тұр. Қарапайым ауыл баласы Есқұлдай көкірегі қазынаға толы қарияның жанында тұрып ұлттық тәлім-тәрбиені бойына жұқтырған. Есқұлдың осы баланың атын Жалғас қоюы авторлық мақсаттан туындаған. Суреткер Есқұлдай есті қазақтың бүгінгі ізбасар ұрпағы – Жалғасты ата жолымен рухани түлете алған. «Ата салтымыз, ұлттық дәстү­ріміз, дініміз, діліміз, өрнегіміз Жалғастай ұрпақ бойына сіңіп жалғасын тапса, үміт үзілмесе» деген мұрат бар. Ұлттық құлды­лықтарымыз бен «Кие» ұғымы «Айғыркісі» бейнесіне жинақталған. «Айғыркісінің» иесі Жалғас – бүгінгі ұрпақ өкілі. Сол «Айғыр­кісіні» құныққан құлқымыз сатып жіберді. Авторлық мақсатқа орай «Айғыркісісін» іздеп шыққан Жалғас та мертікті. Осы шешіммен автор оқушысын ойға жетелейді. «Есқұл ұлықтаған ұлттық қасиет, дарыған кие жалғасын табар ма?» деп ой мүжисіз, мүжілесіз. Суреткер сананы сан сұрақтармен сүзіп өтеді. Әңгіменің кульминациясындағы ғайыптан жеткен дауысты ой құлағымен тыңдай алсаңыз, «Айғыркісінің» образданатыны адамға тән іс-әрекетпен шешімге иелік ететінін, «Кие» ұғымы «Айғыркісі» бейнесінен заттандырыла түсетінін автор Жалғас ертегісімен де нақтылайды. Мифологиялық ойлаудың бертін келе көркемдік ойлауға ойысқа­нындай, ұлттық дүниетаным сенімі мифтік сананы қайта жаратып отыр. Бұл ертегі Жалғас-автор қиялынан туып «Айғыр­кісі» образын мейлінше терең деректендірген. «Айғыркісіге» тән адамдық ақыл, саналы түйсік Жаратушыдан берілгеніне Жалғас ертегісінен кейін кәміл сенесіз. Суреткер «Кие» ұғымын шынайы өмір бояуында реалдандыра түскен. Концепциясына орай автомиф жаратындысының көркемдік қыз­метін шебер қиюластырған. Автомифтің ішкі қатпарларында елдік санаға жеткізуші ұлы арман, қыран қанатты қиял, өмірге құштар­лық иесі, Адамды іздеу бар. Ол жоқ жерде, ертегіде айтылған алғашқы кезеңдегідей өңшең бір масылдар мен тоңмойындар заманына тап боламыз. Содан сақтансақ керек, Адамзат қауымы.

Оқи отырыңыз!

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ. Шал

Жазушы Н.Дәутайұлының «Ақ күшік» хикаятындағы бедеу Қалдыбай, диірменші Павел, «Айғыркісі» әңгімесіндегі Есқұл қария, Бұлди бизнесмен, «Құдірет пен қасірет» туындысындағы бас кейіпкер Досмағанбет, айдаудағы Петр, жесір Қызбалтай, ару Ақтамақ тағдырлары дәуір шындығын суреттеудегі кейіпкерлер галереясын құрайды. Бірінің тағдырына қатал уақыт себепкер, ал бірі өз тағдырын өзі жасаса, енді бірі өмір жолында шалыс басып түзелуге ұмтылып жатқаны. Сан қилы тағдыр тауқыметі арқылы жазушы оқырманына адамтануды, қоғамтануды, өміртануды үйретер ұстаздай әсер қалдырады.

Суреткер қолтаңбасының бір қыры ретінде шығармала­рындағы кейіпкерлердің характерлік ұқсастығын дара атауға болады. Характерлік ұқсастық бірін-бірі қайталаушы емес, бірін-бірі даралаушы, толықтырушы белгілермен көрінеді. Мәселен, «Айғыркісі» әңгімесіндегі Есқұл қария мен «Құдірет пен Қасірет» романындағы Досмағанбет характері. Екі кейіпкердің бойында да сүйегімен біткен ізгілік нұры бар. Екеуі де адамгершілік қасиеттерді – өмір өлшемі көрген. Шығармада осы кейіпкерлер өмір ситуациясында даралана бастайды. «Батыр» әңгімесіндегі Батыр образы да – Есқұл, Досмағанбет секілді елжанды азаматтар қатарынан. Әрине, бұл әңгіме оқиғалық уақыты жағынан шығармашылық қиял жемісі саналады. Мәселе шығармадағы өмір шындығының автор қиялында сомдалған көркем шындықпен ара-қатысында. Көркем шындықтан түйінделген көркемдік шешім тарихы өмір шындығының өзін сөйлетсе, бұл – шеберлік. Суреткер шығармаларындағы кейіпкерлер есімдерін де авторлық мақсатқа орай атайтынын айтып өткенбіз. Әңгімедегі ілгергі тарихтың алғашқы берілуі жазушы концепциясын орнықтырудағы алғашқы көркемдік баспалдақ. Мазмұн мен пішін бірлігі тұрғысынан қарасаңыз да, бұл әңгіме – соны үлгі. Жазушы концепциясының сыртқы пішіндегі көрінісі Батыр есіміне байлаулы. Қазақ әдебиеті тарихында мұндай көркемдік тәсілді алғаш ендіруші азаттық жаршысы, ақын Мағжан Жұмабайұлы болатын. М.Жұмабайұлының «Батыр Баян» дастанының тақырыптық атауы соның дәлелі. Демек, ақын, жазушы концепциясын пішін бедерінде, тақырып атауында құндақтауы жайдан жай емес. Батыр ұғымы ел намысы, ер намысымен айқындалатыны белгілі. Қазақ тағдыры не жұтылуы, не халық боп қайта бас көтеруі мүмкін болып, сынға түскенде, Мағжан ел бірлігі ел намысында екенін еске түсіріп, ұлттың тарихи жадын қозғап, санасын тірілтті. Ақын мен жазушының суреткерлік концепциясының тоқайласар төркіні де ұлттық намысты жоқтап, елдік сананы іздеуде жатыр. Ақын мен жазушыны қауыштыратын ұлттық ой, ұлттық идеяның бастауы – бабалар рухы. Н.Дәутайұлының «Батыр» әңгімесіндегі Батыр бейнесі – қазақ тарихында есімі бар барлық батырлардың типажы. Батыр характерінен барлық батырға тән мінез, өрлік көрінеді. Оқырман «бұл қай батыр?» деп ойланып жатпайды, кейіпкер Батырдың орнына өзі білетін батырларды қойып көзіне елестетсе де, өмір шындығынан алыстамайды. Бұл батыр Қобыланды, Абылай, Бұхарбай, Жанқожа, Баян, Ағыбай, Бөгенбай, Қабанбай, тіпті баяғы Алпамыс батыр болса да әңгіме арқауындағы өмір шындығына сенесіз. Батырдың өмірлік мақсатына, адамдық аңсарына иланасыз. Әңгіме Батырдың оңаша бір күйге көп түскен сәттерінің сырын аңғартудан бастау алады. Соңғы кездері оқшаулануды ұнатқан. Батырдың бұл әрекетін автор кейіпкеріне психологиялық талдау жүргізе отырып баяндайды. «Оның етегінен тартып, еңсесін езген екі ауыр қайғы болатын: біріншісі – ата мирасы жау қолынан өлмегені… «Батырдың ажалы жаудан» дейтін қатал кесім бұлардың тұқымына тән ұлағатты ұран сөз; жауға шаба алар қай-қайсысы да ат жалын тартып мініп, қолына найза ұстағаннан, «Е, Құдай, сол тілекті бере көр!» десетін-ді. Десетін де, жан алып, жан беріскен қолды қырғанда «өлем-ау» дейтін ой ешқайсысында болмайтын. Атасы кіндік тұсынан бойлап кірген сұр жебеден әкесі мойын түптен тиген семсердің өткір жүзінен қаза тапты. Ал бұған келгенде… Батыр әкесі мен атасынан аз немесе кем шайқасқан жоқ. Он алты жасында төрт көз сауыт киді. Жау қарасы көрінгеннен жер тарпитын тоқпақ жалды торы айғыр деймісің, қамшы сілтетпей-ақ қара тұяғымен бір орнында шыр айналатын қабырғалы қазанат деймісің, қаншама жылғы қайғысының белінен қашан түсті. Сондағысы ел мен жердің намысы» (255-б).. Авторлық баяндау автор көзқарасымен түйінделіп отырады. Қазақ батырына тән ұлы мұрат талай ғасырлар көшінен қалған емес. Мұны оқырман ел аузында айтылатын батырлар ерлігінен өрілетін аңыздардан да, тарихи деректерден де естіп білген. Бірақ естіп білу бар да, көзбен көру бар. Біз үзіндіге алып отырған автор сөзінде, батыр мұратын жалпы ұғым түсінігінен бөлектеп, бөлшек түрде, жалқының өмірлік арманы етіп, деректендіре ұсыну бар. Автор бір батырдың әулетінің шежіресінен ұлы мұраттың («батыр ажалы жаудан») істе көрінуін (әкесі мен атасының өлімі) заттандырып көзге көрсете айтады. Осы қам-қаракет қазақ даласын қорғаған барлық батырдың өміріндегі ұлы мұраты болғандығын түйсініп, байтақ жерімізге иелік етуіміздің сырына бойлайсыз. Халық афоризміне айналған «Батырдың ажалы жаудан» дейтін ұлт философиясының ішкі қабатындағы өмір әуені батырлардың ұлы мұратын осылай танытады. Қорыта келе айтарым,Н.Дәутайұлының әр шығармасы өткен мен бүгіннің тарихи бедерін шендестіре отырып, оқырманды ұлттық мүддеге жұмылдырады.

Ислам ДОСБОЛ, филология ғылымдарының кандидаты

ПІКІРЛЕР2
Аноним 07.12.2019 | 16:49

Тартымды теориялық талдау, тың тұжырым жасалған екен

Аноним 07.12.2019 | 16:52

Жазушының шығармашылық дарыны шынайы бағаланған. Раушан Әбдіқұлова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір