Елбасы және қазақ көші
01.12.2019
1922
1

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Қазақстан Тәуелсіздігінің алтын бесігі саналатын Алматы шаһарында мерекеге орай түрлі іс-шаралар өтеді деп жоспарланып отыр. Қазақ Тәуелсіздігінің бекемделіп, шекараның бүтінделуіне, ел қатарлы еңсе көтеруіне айрықша үлес қосқан, азаттық рухын күллі халық жүрегіне сіңіріп, бейбітшілік ұғымын барша жұртқа паш еткен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі күллі әлемге танымал. Тұңғыш Президенттің беделі – тұтас мемлекеттің беделі. Ел тірегіне айналған тұлға жайында қоғам белсендісі Ауыт Мұқибектің мақаласын ұсынып отырмыз.

Мен – еліміздегі көші-қон саясатының игілігі арқасында Атажұртына оралған азаматпын.  Және сол еңбегім үшін елу жасқа толуыма орай Сіздің қолыңыз қойылған «Құттықтау хатын» алған санаулы қандастардың бірімін. Мені осындай мәртебеге көтерген – әуелі Тәуелсіздік, содан кейін Елбасының көреген саясаты деп білемін.

Мен әр пікірімде, әр мақаламда «Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕЛ тәуелсіздігін жариялаудан бұрын жолға қойған ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясаты! Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға, көреген басшы екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан да – осы алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы шығарған БАТЫЛ әрі ТАРИХИ шешімі!» – деген сөзді қайталаудан жалыққан емеспін.

Тұңғыш Президент Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаудан бір ай бұрын, 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы №711 Қаулы шығартты. Сол Қаулының шарапатын бүгіндері миллионға жуық елге оралған қандастар көріп отыр.

Ал, Ел Тәуелсіздігін жариялай сала, он бес күннен кейін, яғни 1991 жылы 31 желтоқсанда Тұңғыш Президент «Қазақ радиосының» эфирінен сөз алып, «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін «ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба?» деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам құқығы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа респуб­ликалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанға қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы Қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» – деп, «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» атты тарихи Жолдауын жариялады. Сол ақжарма тілекті алыста жатып естіп, қызметін тастап, отбасын бастап елге келген азаматтар қаншама! «Қазақстан Президенті әлемнің әр түкпіріндегі қазақтарды шақырып жатыр екен» деп мәре-сәре болған қиырдағы ағайындардың қуанышты жүздері әлі күнге дейін көз алдымда.

Бұл Үндеу біздің – қиыр жайлап, шет қонған ағайындардың мойнына тұмар етіп тағып жүретін ең қастерлі сөзіне айналғалы қашан!

1992 жылы 28 қыр­күйек пен 4 қазан аралығында Алматы қаласында дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтіп, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылуына Нұрсұлтан Назарбаев тікелей мұрындық болды. Аталған құрылтай қазірге дейін бес мәрте шақырылып, қазақ көшіне тың серпін берді. Алыс-жақыннан оралған қандастар қауқылдаса қауышып, ыстық құшақтарын жаза алмай, бір-бірін қонаққа шақырған сәтті көруден артық бақыт бар ма?!

1997 жылдың 13 желтоқсанында тұңғыш рет қазақ тілінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңын қабылдатып, қол қойған Елбасының, «Көш көлікті болсын!» деген аталы сөзін ұмытқан жоқпыз. Аталған Заңға қазірге дейін бес мәрте өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Биыл Парламентте тағы да қайта қаралмақ.

Бұдан бөлек, 2012 жылғы 28 ақпанда Үкіметке «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту туралы» №264 Қаулы шығартып, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін  4 пайыз жеңілдік бергізуге ықпал етті.

Сондай-ақ  Елбасының тікелей тапсырмасымен Үкімет 2016 жылғы 18 ақпанда №83 Қаулы қабылдап, «Оралмандар» мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін жеті облысты «Арнайы аймақ» етіп бекітті; 2017 жылғы 13 қазандағы №644 Қаулысымен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құрды; 2018 жылғы 18 мамырда №280 Қаулысы арқылы «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» бекітіп берді.

Бұл  «алдағы болашағымыз не болар екен?!» деп тұрған сонау тоқырау жылдары қабылданып, бірте-бірте кемелді саясатқа айналған батыл шешімдер еді.

ХХ ғасырдың екі бірдей алапат соғысын басынан кешіп, қолдан жасалған ашаршылықтың нәубетін бір кісідей тартып, үш жүз жылға созылған бодандықтың қанды құрсауынан әне-міне құтылар елең-алаң шақта  бір-ақ уыс болып қалған қазақтың  Көшбасшысы ретінде бірінші болып дүниежүзіне тарыдай шашырап кеткен қазақтың басын Қара шаңырақ Қазақстанда қосуы – шынында, ерен ерлік!

«Елім, жерім деп еңіреген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық. Ешкімге шектеу жоқ!» – деп шегелеп еді Тұңғыш Президент. Енді Атажұртына бет түзеген «Нұрсұлтан бастаған нұрлы көш» мәңгі тоқтамақ емес!

Осыдан он жеті жыл бұрын Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайында «Келем дегендерге Қазақстанның жері кең, елі кең, жағдайы бар, Заң қабылданды, құқықтарың бар. Қандай жұмыс істеймін десең, қандай бизнеспен шұғылданам десең, мүмкіндік бар. Келіңдер де, айналайын қазағым, күніңді көріп, байыңдар», – деп еді тебіреніп Елбасы.

Адамзат баласы үшін Күннің нұрынан артық жылы ештеңе жоқ шығар. Ал Елбасының «АЙНАЛАЙЫН ҚАЗАҒЫМ!» деген осы бір ауыз сөзі біз үшін сол Күннің шұғыласынан мың есе артық!

Шетелден келген қазақтар еліміздің демографиясын ғана көтеріп қойған жоқ, ұлт тілінің дамуына, ұлттық дәстүрдің оралуына, тарихи танымның жаңғыруына, экономикамыздың, шағын өнеркәсіптің жандануына ерекше үлес қосқанын айтуға тиіспіз. «Көп қорқытады» демекші, шығысымызда Қытай, солтүстігімізде Ресей тұр. Осы ұланғайыр даланы көздің қарашығындай аман сақтау үшін санымыз мол, сапамыз жоғары болуы керек. «Өзіміз қиналып жүргенде, шетелден қазақ шақырып қайтеміз?» деген сыңаржақ пікірлер айтылмай қалған жоқ. Бірақ Елбасы ұзақты болжады, алысты ойлады. Қазір Еліміздегі мемлекетті құраушы ұлттың үлесі 70 пайыздан асса, оған шеттен келген ағайындардың айтарлықтай демеу болғанын ешкім жасыра алмайды. Біздің өскеніміз, өркендегеніміз – ұзақ болашақ үшін, «Мәңгілік ел» болу үшін керек.

Тұңғыш Президенттің ерекше атарлық ұлы ісі – шекарамыздың шегенделуі деп білемін. Қазір алысқа қарамай-ақ, Орталық Азия елдерінің кейбірі өзара қырғи-қабақ болып, шекараларында бір-біріне қару кезеніп, тіпті дау-дамайлары тарқамай жүргенін көріп жүрміз. Елбасы Тәуелсіздік таңы атысымен барлық көршілерімен шекараны бекітуге бар күшін салды. Ұзақ та ауыр келіссөздер жүргенін ақпарат құралдарынан оқып жүрміз. Егер дипломатиялық ұтқырлық, мемлекет басшылары арасындағы сыйласымды қатынас, достық болмағанда, шекарамызды халықаралық заңдар негізінде бекіту қиынның қиыны болар еді.

Біз, әлемнің әр қиырынан елге оралған қандастар, Елбасы Н.Назарбаевқа мәңгі ризамыз!

Біздің бүгінгі жетістігіміздің негізі  Тұңғыш Президенттің ерен еңбегінің арқасында қаланды. Ертеңгі алар асуымызға да Елбасының жана саясаты арқау болары сөзсіз!

                               Ауыт  Мұқибек

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 03.02.2020 | 01:04

Хмм… ядролық қаруы бар агро-өнеркәсіпті гүлденген Қазақстанды қабылдап алып, екі сиырмен қарызға батырған аЗапстанды қалдырған көрегенім-ай десеңші…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір