Мүлде шаршамайтын адам болғым келеді
29.11.2019
1024
0

«Пруст сауалнамасы» vs «Қазақ әдебиеті»

Сауалнама қонағы – ақын Әлия Дәулетбаева

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

– Адалдық.

– Ер-азаматтың басты қасиеті не?

– Ірілік, мәрттік.

 – Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Мен үшін балаларымның алаңсыз күлкісі мен бұлтсыз болашағынан үлкен бақыт жоқ.

 – Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

 – М.Мағауиннің «Аласапыранындағы» Ораз-Мұхаммед, М.Шолоховтың «Тынық Донындағы» Григорий Мелехов.

 – Ең басты кем­шілігіңіз не?

– Маған түк жа­ман­дық жасамаса да, кей адам­дарды жай ғана ұнамайтыны үшін маңыма жуытпайтыным бар. Тіпті, амандаспаймын да.

 – Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Менде бос уақыт көп… Ұйықтаймын…

 – Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Археолог.

 – Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

– Люксембургте.

 –Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?

– Мүлде шаршамайтын адам болғым келеді.

 – Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

– Өзім сыйлайтын жандарға сөз келмеуі үшін кейде принциптеріме қарсы шығатын кезім болады. Сирек болса да.

 – «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?

– Сенгің келген нәрсеге сену.

 – Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?

– Білмеймін… Мүм­кін, уақыт машинасын.

– Не нәрседен жиіркенесіз?

– Өлермендерден.

 – Сіз үшін ең ұнам­сыз тарихи тұлға кім?

– Махамбеттің өліміне қатысы барлар.

 – Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

– «Өзі ұялмаған кісі бетін шиедей етеді».

 – Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

– Екі жағдайда… Қанаттанғанда, сосын долылық қысқанда.

 – Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?

– «Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар…».

 – Қазіргі адамдар­дың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?

– Сабыр.

 – Біздің заманымыз­дың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

– Бар. Соған шүкір.

 – Жас қаламгерлер­дің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?

– Біреудің өмірін сүргісі келеді… Фанатизм басым…Артық­шылығы – тілдері шұрайлы, мүмкін кемшілігі де сол.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір