Ішкі әдеби айтыс немесе дәстүршілдік пен жаңашылдық
25.10.2015
2387
0
570550_211572118_1__________________________2Әдебиетте айтылмаған, жазылмаған жаңалық кем, бәрі әуелгілердің үрдісі. Алайда, жаңаша жазу, ешкімнің ізі түспеген соқпақпен айтуда әдебиетте бәрінің хақысы бар. Әдебиетті құраушы мазмұн мен форма бір-біріне тәуелді, бір-бірінсіз күні қараң. Әйтсе де, болмысқа емес бояуға малынған әлемдік мәдениет әдебиеттің мазмұнын жұтып, қалыбын әрлеуге кірісті. Бұл тұрғыдағы пікірлер қайшылығы – ұрпақтар арасындағы бітімге жік салды.


Алматының айбаршын ақ таңын қа­лың кіреукелеп күзгі тұманды көлбеп күң­гірттеу бір бұлт қақ төбесін қамтып тұру­шы еді ғой. Аспаны қайда, ауасы қай­да Алматының? Алайда, Алатаудың көк­мой­нақ жотасынан сылдырлап түскен Есен­тай бүгін ерекше мөлдіреп жатқан. Таң­ғы серуеннің сылқылдаған өзен бойымен жылыстауын жақсылыққа балап ке­ле жатсам да, мөлдірліктің аққайнар тұ­нығы өзіне тарта берді. Бір тұста, Есентай сылдырауын қойып, тұнып жатыр екен. Отыра қап, тұнық судың мөлдір мұңына тұншықтым. Кенет су бетіне қауқиып екі адамның басы шықты.
– Әдебиетке опадарлық жазғыш­тық­та емес, жазуға деген ішкі сұраныста. Һәм формада емес, мазмұнда. Форма түп­теп келгенде, көз арбау, көлем қор­қақ­тық, гәп мазмұнда. Қалай болғанда да айт­қаның, ай­та алғаның маңызды. Фо­тографиялық еспен қабылдайтын сана бәрібір көлемді көзге ілмей судыратып шы­ғады. Маркес пен Хэмингуей де тез оқы­лады қазір. Ны­ғыз­дық та, тығызды ақ­параттық екшеу де за­ман ығы, оған қа­рай ығысу жазушының кел­бетін бұза­ды. Жазсын, жаза берсін, көлем көлдей болса да мәйегін бере алса болды.
– Өнер, ол қандай саланы меншікте­сін, ол өнер болғасын, оның шарықтау тағ­­дыры бар. Өнерден тарихтың, уақыт­тың ағыны сезіліп тұруы тиіс. Жалпы, өнер­шінің өзі тарихи туынды болып қа­лып­тасуы тиіс. Тарих һәм тағдыр бәрібір бү­гінгі сананы тәр­биелеп шығарды. Пос­т­модернистік мә­тін жоқ, постмо­дер­нис­­тік пайым бар – әдебиет сөзсіз уа­қыттың ле­гімен ық­шам­далуы, құ­был­уы, өзгеруі, жаңа арна табуы, жаңа тыныс ашуы тиіс. Көне соқ­пақпен саясат та шаршайды. Ал кө­лемге тәуелді бүгінгі аға буынның өкілдері бәрібір оқыл­май­ды. Өзінің арасында ғана түсінікті, ша­ғын аудиторияны қамтиды. Негізі, олар кемемен келген жерден біз бастап кетіп отырмыз.
Тек соны өздері байқамайды. Олар кемемен лайсаңдау, балшықтау, таяздау арнаны кешіп, ентігіп бізге жет­кен­де, бәлкім біздің ағыс жылдам, қауіп­­тілеу, һәм тереңдеу болуы мүмкін ғой, ары қарай кемесін жүр­гізу­ге қор­қақ­тап қал­ғаны сондықтан болар. Осы жеткен жеткен деп. Су бетіне қалы кілемін төсеп тас­таған­дай екеу малдас құрып отырды. Бірін­шісі құмалақ аш­қандай қолымен жер сызғылап үңілді:
– Бұл – тағдыр. Соғыстан кейін ту­ған­­дар. Тәттіні де, қаттыны да, ащыны да, тұщыны да қарпып жұта берген буын. Сөз жоқ, олар атаның қара күйік иіс сің­ген шапанын бүр­кенген, ала жаздай ай мен жұлдыз қойнында сырласқан, ішінде бүгулі жатқан сөзі көп буын болды. Көп сөйлемей олар қалай аз сөйле­сін. Мәселен, жапон әде­бие­­тінің көсем­дері – К.Оэ мен К.Абэнің көртышқан­шылап кесек-кесек дү­ние­әлем­нің пәлсапасын қылғыта беруін, формаға алаңдамай көсіле беруін неге шене­мейсіз? Әде­биет­тің бұл да құдай жаз­ған тағдыры. Тарихы. Эволю­ция­лық жолмен өріс­те­мей қоғам шалт-шұлт етіп жаңаны тез қабылдай алмайды. Біз, әкеміздің сөзіндегі ке­йіс­тің айтылып, таусылып біткенше, о дүниеге аттанып кеткенше тың­дауымыз керек. Солай болады да.
– Қай кейіс?
– Жалпақ бет әлгі айнаға қада­лып оты­­ра­сың да қоясыңдар ғой осы? Құртта­ған терінің құртын теріп, өздерің­мен өзде­рің күліп, ыржыңдап, қатын-балаң, еркегің һәм ермегің де сол, бәрің аймалап соған үңілесіңдер. Әкең кіріп келгенде бетіңді көтер­мей­тініңе рен­жімей, кейіс айтпай қайтсін?
– Сол айна болмаса, шатың айырылып жатар едің, көк милау?
– Бұл қай долбарың?
– Замана ауысты, білерсің, бір замандарда қазақ даласын онсыз да нашақорлар мен доңызбасты бір жы­ныс­тылар, миссионерлер, жиһа­д­шылар басып қаптап кет­пек болған. Сонда, сол әлгі тіпті азғын­дарды тәрбиелеуде де әдебиет дегенің түңіл­геннен басқа ештеңе бітірмеді. Сол зымыстан айна болмаса басқа пәле болар еді, мен са­ған айтайын!
– Айтқыш екенсің, айтшы, тың­дайық! Басын шап беріп көтеріп алған екіншінің бас самайы жалтылдап, танауы делдиіп шы­ға келді.
– Білесің, көлдей «Жынды желде» осы кеп сөз болған. Бір ойды айту үшін қан­ша пұт сөз сарп болды, жай­дақ баяндау фор­ма­ға нұқсан келтірді. Мазмұн формаға илік­се қайтер еді? Қаймағы ұйыған тайпаны құртудың қаншама айласы айтылады. Сол айланың бәрі де бір тайпаны жоқ қылу­­ға жетерлік еді. Бірақ сондайлық ық­сыз жел өтінде тұрған ұлтқа енді ешкім де тіреу бола алмайтын еді. Өйткені, ол елдің әуелі қатындары аз­ды. Һәм сол әлемді қатын­ның қолына ұстатып берген де тарих һәм уақыт. Не шара?
– Тарих пен уақытыңды түсінбей тұрмын?
– Қатын азса, неге азды? «Еркек жұл­­қынған­­нан өлсін, әйел тұншық­қаннан өлсін» де­ген тәмсіл бар. Сол Алас тай­пасының қатын­дары артық арпылдап сөйлемеуші еді ғой. Ерлері һас батырлар. Бірақ бұл тағдыр. Құ­дайдың тәлейі.
– «Есбайдың  тігінде» һәм «Аспан­қо­ра­­да» бетімен кеткен қатынның азар безерлігі, оспадарлығы, ұқсын­сызы, көкбеттігі сурет­теледі, қазақ жазушылары заманның уытын суреттегенде әйелдің де опасыз­ды­ғын қоса кейіптей­тін. Өйткені, әйел мен за­ман бірдей құбылады. Әйел өр­ке­ниеттің жылтылдақ арбауына тез алданады, өтірі­гіне нанады, өзі нанып қоймайды, әлемге нандырады. Әлемді әйелдің көзімен аунат­қысы келеді. Өйткені, шайтан пәле, әуелі әйелді аздырған. Есбай мәрт, жомарт батыр. Күйкі тіршіліктен, ез болған қатын­басты еркектен мезі болған. Бі­р­ақ қаза­қы, ілкі ұлттық тамырынан ажы­ра­­ма­ған, момындығы парасатқа, мәм­іле­герлігі дана­лыққа ұласып жататын. Әңгіме атауы да ға­жап. Бірақ жазылу нашар. Рас, маз­­мұнға берік буын бұл, айт­тым мана, көкі­ректе қатқан шер қан­­ша болса соншасы ағып кетсін. Брю­сов­ский: «Мы – ветераны, Мучат нас раны» депті ғой». Сеніңше, Есбай мен Атанның – онан қала берді, қа­зақ­тың дарқан үнсіздігінің үнін жеткізу аяқасты ала бетке сыйып кете ме?
– Әдебиет зар зар еңірейтін кө­лем бе екен? Рас, роман ауқымы қай­сыбір зарыңды жұта береді. «Соңғы парыз­да­ғы» тақырып, ұлттық мә­селелер, қазақы қалып, адамдық негіздер түгел қамтыл­ған. Тілі ірі, сүйекті сіңірі бар. Жәдігердің момын­дығы, аңғал үнсіздігінде – дала­лық­­тар­дың таңқаларлық данышпандығы жатыр. Романның тартымдылығы дра­ма­тизм­дік образдық ойнақылы­ғында, оқырман сөзсіз мазмұнның, оқиғалар­дың кері ше­гініс­терін тамашалай бергісі кеп ұмсы­нады. Жәдігер бойындағы дара қасиет­терді тұлғала­ғанда көз алдыма неге-дүр Дулат Иса­бектің «Гау­һар­тасы» келеді. Жазу­шы әсте Салтанаттың күйеуінің тоң­мойын қылп етпес қыңыр­лығын, сезім­сіз­дігін балағаттап, қазақ­тың төл мінезі – Жәдігерге қарсы қой­ған­дай көрінеді маған.
Кенет су бетіне шөлп етіп тас түс­ті ме, әл­де құрбақа секірді ме, тұнық су шең­бер­ле­ніп иірімін созды. Сонда екі бастың қа­сына тағы екі бас қосылғанын аңдадым.
– «Сіз босқа даурығасыз». Үшінші бас маған алдын беріп отырса, арт­қы жауырынын беріп иығы сәл бүгің­кі төр­тін­ші бас отырды: «Қазақтың табиғаты формаға кел­мейтін пошым өзі. Формалистер бірен-саран басы қауқиып жүр­генімен, аға буынның артынан тарыдай шашылып дәс­түр­шіл ізбасарлары оларды жоқтатпай­ды. Мәселен, Д.Әшім­ханұ­лының сти­лі – көп жазғыштың әуселесі ауатын стиль. Будақ­та­тып сөз саусағаны­мен – сарыатандай маз­мұн әуелгі қақ­па­дан-ақ қол беріп иіліп тұрады. «Жер аңсаған Сарыатанның» формасы – сізге кейде Айтматов пен Оралханды еске түсіреді. Жазушының жан бе­ріп, жақсы жазған шығармасы осы шығар. Көп туындылары жазу­шы­ның ішкі атойла­ған эмоциясымен қайталанып жазыл­ған­дай. Жалпы, Дидахмет көп күрсінетін жазу­шы. Осы күрсіністің өзі ойсыратып оппаң­нан құлатады. Өз ерекшелігі – жазушы өңгелердей ішкі монолог пен пси­­хологиялық сырбаздыққа көп ұрын­­байды. Сонысымен де елтіп алады».
– Аядай жарым бет – осы кептес туын­ды­лар­дың мазмұнын сығып жұтын­дырып жеткізе алады. Мысалы, Мадина Омарова­ның «Коньяк қосылған кофе» драмасын алайық. Сіз бірден кімнің кім екенін айырып жатасыз. Қоғамдағы сұрықсыздар­дың, жалған жалпақше­шей­лердің, күнделікті көз талдырған өлі бейне­лердің платформасын танисыз. Кей­де кейіпкерлерінің сөзі бөлек те, өзі бөлек болып көрінеді. Кейіпкердің сөзіне емес, әрекетіне, болмы­сына үңіліп оқырман түйсінеді. Ал кейіп­кер портретін жасауда оза шапқан шы­ғар­­малар келісесіз бе, аз оқыла­ды?».
– Келіспеймін. Ж.Шаштайұлының «Аспанқорасы» һәм Н.Дәутайұлының «Құ­­дірет пен қасірет» романындағы кейіп­кер­лер қазақ үшін құнды, құбылаға бет түзе­ген­дей бас иетін тұлғалар. Атан мен Дос­ма­ғамбет бү­кіл қазақтың Алласы ал­дын­дағы ақ­тық арын қорғай алады сәтін салса. Уақыт өте келе, «Қан мен тер», «Ай мен Айша» жеткен биіктен самғай түседі.
– Алайда, қаракөз көркем сөздің – «интеллектуалды тауар» айналысына түскен уақытта – Елбасының айтқан ескертпесі де еске түседі. «Не­ге бүгінгі кейіпкерді, бү­гін­гі та­қы­рып­ты жазбай­сың­дар?». Жақсы екен­сіңдер, жайсаң екенсіңдер – ал неге бүгінгі инновациясы мен модернизациясы қарқынды елдің құл­пыр­уын жазбайсыңдар? Жазу­ға болады! Құлпыр­тып жазуға болады. Ол үшін форма маз­мұнға ұласуы тиіс. Тақы­рыпт­ық формация – эпикалық сана жемісі, ал бізге әлемдік тіркес бұ­зар, формақосар ауқым керек. Өткен жылдың сатылымдағы һәм оқы­лым­дағы кітабын білесіздер ме? Ақтө­бе­лік кәсіпкер жігіттің «Қазақ­стан­дық арман» («Казахстанская мечта») кітабы болды. «Меломен» дү­кенде­рінің сөрелерінде екі мың теңгеден самсап тұр. Батыс әдебие­тіне көз тіксеңіз, олардың әде­биеті – жан­тану­ға қатысты немесе әлеу­мет­тік-мәдени, психологиялық тұр­ғы­да жа­ңа тыныс тапты. Ал орыс әде­биеті негізінен криминалистикаға көшті. Бізге өзге форма керек ағайын­­дар? Екінші басқа  біткен  атыздай көз үшеудің тұла бойын тін­т­кілеп, жақ­тыр­май су тереңіне үңілді.
– Көркем әдебиет кеңістігінің мәң­гілі­гі, өз құндылық бағамы, өз талғамы, өз биігі бар. Асқар Алтайдың «Алтайдың алқызыл модағайының» формасы мазмұнға ұласып, бүтін өнер критери­йлеріне жауап бере алады. Жазушының бұдан өзге шы­ғар­ма­ла­ры осы хикаяты­ның биігіне шыға алма­ған сияқты. «Туажатта» да қаламгердің тыл­сымдыққа деген құштарлығы көз болғанымен, түп­теп келгенде нағыз реа­лис­тік шығарма. Ал «Алтайдың алқызыл мода­ғайы» – стилі мен даралығын тұлға­ла­ған ма­гиялық, мистикалық бағыты ай­қын – жаңа форма мен мазмұнның жаңа­лы­ғын көреміз. Сіздің аз оқылады дегенге дауым бар – көркем әдебиетті талғап, таңдап, құшырланып іздейтін оқырман әлі тірі.
– Мазмұн мен форма керек дейсіз – біз­де ізденісі ерен, форма­лық құ­был­уы ерек шығармалар бар. Мәселен, Жүсіп­бек Қорғасбектің «Үлпілдек» роман-тәмсілі. Мұн­дай формалық бояуды кімнен көр­діңіз? Бірақ осы романның сәтті эксперимент екеніне дауым бар, шығармада Жүсіп­бектік ашынған ашқарақ айғай бар, һәм соны көмкермек болған форма ұсты­ны соншалық нәзік. Өйт­кені, формаға мазмұн үйлесе алмай, оқырманды қайта-қайта керітабан­датып отырады.
– Жаңалыққа деген ізденіс – шын ори­гиналды аршып алуға зор қызмет қы­лады. Ардақ Нұрғазының поэзиясы һәм прозасындағы ішкі салқынқан­ды­лық, ұстамдылық оқыр­манды әлдилеп отырып әлгі шыңғыр­ғандардан бетер терең шымға батырады. Ардақтың прозасынан Мар­кес­­тік ұқыпты баяндау тәсілін аң­дайсыз. Ық­шам да нығыз. Һәм тақ­ырып пен негізгі сю­жеттен азат құрылымды көресіз. Аса байып­пен маңғаз сөйлейтін үшінші бас саңқыл­дап қа­дау-қадау сөз ақтарды:
– Жалпы, әдебиеттегі ізденістер, құ­бы­лыстар болсын – әрбір жазу­шы­ның өзіндік ішкі қайраңы, үні сыңсып жатуы тиіс. Авторын көрмей-білмей-ақ, кімнің шимайы екенін қанық танысаң – сол әдебиеттегі өз жолын, өз стилін қалып­тастыра алды деуге болады. Мәселен, Ж.Шаштайұлының – «үнсіздік» даналы­ғы, Д.Әшімхан­ұлы­ның – қапа-күрсініс қамалы, Н.Дәу­тайұлының – трагикалық көпнүк­те­лілігі, Ж.Қорғасбектің – аш­қа­рақ адуын тіркестері, Т.Нұрмағам­бетов­тің – ирония­лық магиясы, М.Бай­­ғұттың сезімтал юморы, Н.Ораз­­дың сен­ти­мен­талистік бия­зы­лы­ғы, А.Алтайдың – «боз» дүниелік танымы, Р.Мұқанованың – образдық ойнақылығы, А.Кемел­бае­ваның – сүлейсөз пәлсапә­шыл­дығы – оқырман мен қаламгер ортасында тәтті бір құпиядай көрінбей сақ­та­лып жатады. Демек, форма мен мазмұн химиялық қосылыстардай уақыт өте келе тотығып, бір бүтінге айналады.
– Д.Әшім­хан, Ж.Қорғасбек, Т.Ша­­пай, Д.Исабеков пен Т.Нұр­мағам­бетов арна­сындағы баяндау мен суреттеуге құнық­қандықты қазіргі жас қаламгер­лерден бай­қай­мын. Техникамен тәп­тіш­теу, тозығы жеткен «еске алғыш нос­таль­гиялы» баяндаудан арылу қажет, жұтынған жаңа фор­ма керектігі құба-құп. Кейбір қалам­гер­лер­дің «түсінікті һәм түсініксіз» шы­­­­­ғар­­­­масының бой көрсетуі – арлы әде­биет­тің өзегіне түсе алмағандық па деп болжаймын. Бұл араға Асылбек Ықсан, Д.Қуат, Қ.Мү­бә­рак, А.Нұрғазы мен М.Ома­ро­ваны қоса алмаймын.
– Формалық, мазмұндық құбылу – Д.Амантай, А.Ықсан, А.Кемелбаевамен бірге келген жоқ. Ж.Аймауытов бастап Асқар Сүлейменов қошта­ған лингвисти­ка­лық, мис­ти­ка­лық, магиялық, абстрак­ция­лық реализм мен утопиялық «мәтін­бұ­зар» постмодернизм бүгінгі жеке-дара мистик пен мифолог қаламгерлердің тууына әкеп соқты. Батыстағы бар кө­нер­­ген формалар бізге аймен бой тең­ес­тірген біртүрлі жаңалық болды. Әсілі, ол жаңалық емес, қазақстандық жаңа әдебиет пішіні. Әлемге қазақ­тың «мойы­н­тартқыш» – мә­дени «модный» тұрқымен барлау. Қан­ша­лық­ты қазақтық болмы­сың қалғанын таразылау. Р.Сейсенбаев қала өмірін қау­зай­тын тілі тақұл-тұқыл шығар­маларын ілгеріде жазды. Мұндай тіл Саттар Ерубаевтан қалған мұра. Формалық, мазмұн­дық тұрғыдан өзге­ше стиль. Дидар нақ осы мектеп­тің өкілі. Бі­рақ тағдыр тәлейін­де С.Ерубаевтың, Р.Сейсенбаевтың да эксперименттері өміршең бола ал­ма­ған сияқты. Аға буын сөксе «қан­дарыңда тарих пен әдебиеттің жылға сайымен жүріп өткен динамика неге жоқ» деп, тамырсыз қаңғалақ әде­биет үшін сөксін.
– Зейнолла Серікқалиев кезінде түр, форма деп аптыққан жігіттерге: «та­лант мықты болса форманың бәрі жорға, бірақ түбі аумайтын, төкпей­тін, ғасырлар бойы көлік болып келе жатқан академиялық формаға қай­тып келесің­дер» деп басу айтқан. Айтқаны айтқан. Форма мен маз­мұн­ды бөле-жарып өгейсітпей, мазмұнға форманы теліген абзал. «Телқоңыр­дай». Алдын маған беріп, байыпты бағландарша сөз қоз­ғайтын үшінші бастың ойы сұхбатқа нүкте қойылған­дай естілді.
– Мырзалар, дауысқа салмаймыз ба? Бай­қауымша, қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болғалы тұр. Төртінші бас саңқ ет­іп жұрттан бөле жырыла ба­сын шошайтты.
– Мен жалпы өнердің құнын дауыс­қа салып салмақтауға қарсы­мын.
– Форма – бүгінгі өзгерген сана. Өзгер­ген сана – «интелектуалдық ғала­м­­дану процесінің жемісі» деген теорик Б.Майтанов. Қабылдайсыз ба, қабыл­да­май­­сыз ба – «сенсор са­налы» «еркін мә­де­ниет» өкілдері (ол БІЗ) әдебиетті құбыл­ту­ға кіріседі әлі. Екінші бас, жанары шоқты қарып алғандай алқаның оты­рысын нақ­тылап, өз дегенінен шегін­беді.
– Сонда да бір жаққа шығу керек қой? Ал сіз ше, мырза? Нені құптай­сыз?
Төрт бас жамырасып жанарлары өң­ме­німнен тесіп өтердей бажырайды. Қа­пелімде не айтарымды білмей сас­қанымда, екі қолымды жоғары көтеретін әдетім бар еді, бұл жолы қолымды түсіре сала біле­гім­дегі са­ғатқа қарадым. Төрт бас тапжыл­май­ тіксініп тұр.
– Мен бе?.. Менсіз-ақ, сендер, өз­де­рің тым ақылдысыңдар! Жоқ, ақылды емес, бәрін білесіңдер. Бір­нәрсе деуім орынсыз болар?
– Сенің қулығың бізге аян. Әрине, мұн­дай әңгімелер сенің көзқарасыңа қайшы болуы мүмкін, әйтсе де «әу» деп көр!
– Мен таласпаймын. Бірден ше­гіне­­мін. Сендердің орталарыңда өзімді жалаңаш сезінетінімді жасырмаймын.
– Демек өстім, өндім де. Адам ал­ға қарай жаңа екпінмен жылжу үшін артқа шегінуі керек. Ол жағын құп­таймын. Ал біз төртеуміз көк езу болып қайдағы-жай­­да­ғымен сарсаң еттік пе санаңды?
– Мен ештеңені теріске шығарған емес­пін. Төртеуі оқсырая қарады. Мені алғаш рет көргендей.
– Қайшылық па қорқатының?
– Жоқ, ол барлық жерде бар ғой. Айтып отырған әдебиеттеріңде де.
– Сыртқы қайшылық пен ішкі қайшы­лық басқа.
– Аса ерекшелік жоқ. Біреуі кө­рінеді, біреуі көрінбейді. Сондай қарапайым нәр­се. Кейде ішіңді тым пыстырып жібереді.
Төртеуі үнсіз қалды. Үндеместен орын­­­да­рынан көтерілді. Қоштасқан да жоқ, тіп­­ті белгі де жасамады. Сол кезде қақ бас­­тан күркіреп Алматының бұлты шүйі­ріл­ді. Жұмысқа бара жатып неге аял­да­ға­ным­ды түсіне алмай біраз тұр­дым да, Есен­­тай бойынан аулақ деп әлгілерден шо­­шынып тез басып қарамды батырдым.
Пысы: Бір күні В.Белинский жазушы Гер­ценге қоярда-қоймай «А мыр­за­ның Б мырзамен сұхбаты» атты ма­қаласын бас­тан-аяқ оқып берсе керек. Мақа­ласын аяқтап, Герценнен жылы пікір күткен Виссарион «қалай екен?» дейді. «Жақ­сы, жақсы екен. Алайда, осыншама миғұламен уақыт өлтірген не деген ерінбеген жансыз?» деген. Жас­тығына ойсырай құлаған сыншы «Өлтірдің! Өлтірдің-ау!» деп қыс­ты­ғыпты. Бізге де мақтамен бауыздайтын әділ сыншы бұйырғай!

Сағадат Ордашева.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір