Ішкі көші-қонды реттеуге үлес қосады
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерден еліміздің солтүстігіндегі жұмыс күші тапшы облыстарға қоныс аударушыларды ынталандыру мақсатында әлеуметтік қолдаулар қарастырылған.

Осы орайда «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу» бағытында Түркістан облысында өткізіліп келе жатқан өңіраралық «Қоныс аудару» жәрмеңкесінің маңызы зор. Биыл көктем айларында облыс орталығы мен Жетісай, Мақтарал және Сайрам аудандарында өткізілген жәрмеңкеге Абай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан келген делегация өкілдерімен бетпе-бет сөйлесіп, әлеуметтік қолдаулар қарастырылған мемлекеттік бағдарламалардың қарапайым түрде түсіндірілуінің нәтижесінде 500 отбасы, мүшелерін қоса есептегенде 2000-ға жуық түркістандық теріскейге көшуге ниет білдірген. Осы ретте ішкі көші-қонды реттеуге көпбалалы отбасылар үлкен үлес қосатыны атап өтілді. Жұмыс орнын ұсынушылардың айтуынша, жалпы еңбек нарығында айтарлықтай өзгерістер жоқ, бүгінгі таңда денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, көлік салалары бойынша мамандар тапшы.
Шілденің басындағы мәліметке қарағанда, Шымкенттен солтүстік өңірлерге 65 отбасы қоныс аударған. Жаңа мекенде олар тұрақты жұмыспен және мамандандырылған тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Жауапты органдардың мәліметінше, қазіргі күні қоныс аударушылардың 90 пайыздан астамы тұрақты жұмысқа орналасқан. Қоныс аударған отбасыларға 275 мың теңгеге дейін бір реттік жәрдемақы және тұрғын үй құнының 50 пайызына дейінгі соманы жабуға арналған сертификаттар беріледі.
Еліміздің жұмыс күші жетіспейтін теріскей өңірлеріне халықты қоныстандыруға бағытталған өңіраралық іс-шара аясындағы жұмыстар Түркістан облысында 2015 жылдан бері жүргізіліп келеді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон мәселелері жөніндегі бөлімінің мәліметіне сәйкес, 2015 жылдан бері Түркістан облысынан 15 589 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударған.
Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылғы жылға республика бойынша 7344 квота бөлді, Абай, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін өңірлер болып белгіленді. Қоныс аударушыларды ынталандыру мақсатындағы әлеуметтік қолдау бағытында бағдарлама аясында қатысушыларға және олардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (275 240 теңге) мөлшерінде көмек беріледі. Сонымен қатар 12 ай бойы жалдамалы баспана мен коммуналдық төлемдерге арналған жәрдемақы, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығына жер бөлу, жеке кәсіп ашу мүмкіндіктері қарастырылған.
Өз тілшімізден