Түркі жұрты, түгел бол!
27.11.2019
1733
0

«Нұх пайғамбар үш ұлын үш тарапқа: Хам атты ұлын Үндістан жаққа, Сам атты ұлын Иран жаққа, Йафес атты ұлын Солтүстікке жіберді. …Йафестің сегіз ұлы бар еді, ұрпақтары көп болды. Олар мыналар: Түрік, Хазар, Сақлап, Орыс, Мең, Шын, Кеймар, Тарих. Йафес өлерінде өз орнына үлкен ұлы Түрікті отырғызып, өзге ұлдарына: «Баршаңыз Түрікті патша деп біліп, оның сөзінен шықпаңыздар», – деп өсиет қылды, оған «Йафес ұғланы» деген ат қойды». Әлбетте, бұл Әбілғазы атаның «Түрік шежіресі» кітабындағы сөйлемдер және осы сөйлемдердің басында «Йафес атасының әмірімен Жуды тауынан кетіп, Еділ мен Жайық суының арасына қоныс тепті», – деген жолдар бар.

Інжіл жазбаларында да Нұхтың баласы Йафес (Яфес) әкесінің рұқсатын алып, Зюд тауынан Еділ және Жайық өзендерінің жағалауына көшкені жайлы мәліметтер кездеседі. Осыдан-ақ, Түркінің негізгі атамекені қазақ жері екенін аңғаруға болады.

Ал «Түркі» сөзінің этимологиясына келсек, тартысты пікірлерге кезігеміз. Кейбір деректер «қайсар, батыр, ержүрек жауынгер» деген мағынаға саяды десе, енді бір деректерде «тұр» сөзін түбірге алып, түрегеп тұру, яғни, өзінің заңды орнында тұрған адам деген ұғымға әкеледі.
Әлқисса, Түркі халқының түбірі қандай ел еді?! Галикарнастан шыққан Геродоттың «Тарих» еңбегіне қаралық: «…скифтер 28 жыл Жоғары Азияны басқарып келген. Киммериялықтардың соңынан олар Азияға кіріп, мидиялықтардың мемлекетін жойған болатын. Скиф халқының санын мен нақты айта алмаймын, себебі бұл туралы әртүрлі мәлімет алдым. Шынында да, бір мәлімет бойынша скифтер өте көп, екіншісі бойынша түпкілікті скифтер өте аз…». Әрине, Геродоттың жазбасынан Томирис ханшаның ерлігін, скифтердің ғұрпын біле аламыз. Бұл Грек тарихшысының көзімен делік.

Шығыстың сұңғыла шайыры Фир­доу­сидың «Шахнамасындағы» Тұран ханы Афрасиабтың мына бір бейнесіне назар салалық.

«Долданып Афрасиаб арыстандай, 

Пиранға: «Соқтыр,– деді, – барабанды, 

Иранға көрсетейік тонағанды, 

Бұйрықты Пиран сонда беріп еді, 

Өгіздей адырналар мөңіреді. 

Әскерлер түзеді сап жеделдетіп, 

Оранып алған барлық беренге жұрт, 

Қарамау қиын қолға, қайран қалмай 

Жер – шаңның теңізіне айналғандай…» осылай жалғасып кете береді.

Біртұтас Оғыз, Қарлұқ, Енисей қырғыз­дары, Қарахан мемлекеті, Қимақ, Хазар, Дунай, Еділ, Кама бұлғырлары, Селжук империясы, т.б. түркі тектес тайпалар бүгінде алуан мемлекеттерге айналған. Түркияда 76 млн, Иранда 18 млн, Қазақстанда 17 млн, Қытайда 11 млн, Ресейде 10 млн, Еуропалық одақта 5 млн, жалпы, тағы да басқа әлемнің көптеген мемлекеттерінде 180 млн-ға жуық Түркі халқы мекен етеді.

ТҮРКІ ИДЕЯСЫНДАҒЫ АТАТҮРІКТІҢ ОРНЫ

Түркі халықтарының ынтымақты ел боларына имандай сенген, Түркілік идеяларды қолдаған кемеңгер қолбасшы Ататүріктің 1927 жылы Парламент мінберінде сөйлеген сөзінде: «Біздің көршіміз Кеңестер одағы күндердің күні құлайды. Бірақ ол жерде біздің ағайындарымыз, қандас бауырларымыз бар. Біз солармен байланысты үзбеуіміз керек. Біз соған дайын болуымыз керек. Тіл деген – бір көпір, тарих – бір көпір, мәдениет деген де – көпір, осы көпірлерді құлатпауымыз керек. Сол бауырларымызбен біз өте жақын қарым-қатынаста болуымыз керек», – дегені бар. Бұл – биік сенім, бұл – үлкен көрегендік еді. Тіпті, Мексикадағы көне үндіс халықтарының, байырғы тұрғындарының тілін, тарихын зерттеу үшін ғалым Тахсин Маятепекті елші етіп жібергені – Түркілік сананы дамытуға, түбірін зерттеуге негізделген маңызды қадамдар еді.

Қазан Төңкерісі кезінде Кеңес одағынан қашып келген қазақ, өзбек, әзірбайжан, башқұрт, қырым мен қазан татарларының арасынан шыққан ғалымдар Ахмет-Заки́ Валидов, Мұстафа Шоқай, Тахир Шағатай секілді ірі шоғырды Ататүрік ылғи қолдап отырды. Кеңес одағының қол астында болғандықтан, көп кіріге алмаса да, Шығыс Түркістандағы, Әзірбайжан, Ауғанстан, Ирак, Иран Түркістан аймағындағы түркі жұртының балаларын Түркияға шақыртып, сауатын ашқан да – Ататүрік болатын.

МҰСТАФА ШОҚАЙ 

XX ғасыр тұсында Шаһабаддин Маржани, Исмаил Гаспыралы, Жүсіп Ақшора, Фатих Каримов және тағы да басқа тұлғалар түркі халықтарының бірлігі үшін күресті. Ұлтымыздың аймаңдай перзенті Мұстафа Шоқай Түркілердің басын қосып, 1917 жылы 28 қарашада Түркістан автономиясын құрды. Яғни, саяси тұрғыдан қарайтын болсақ, ұлттық мемлекеттің іргесін қалады. Сонымен бірге Түркістан автономиясын бүкіл түрік халықтарының көрнекті өкілдері қолдады. Қоқан автономиясы өзінен-өзі ыдыраған жоқ. Өкінішке қарай, большевиктер мұхтариатты барынша тықсыртып, күшпен ыдыратты. Мұстафа Шоқайдың аңызға айналған мына бір сөзі жадымызда: «Түрік халқы – батыр халық! Түрік халқы – арыстан ер халық! Кімнен таяқ жегендей, біздің түрік баласы?! Алдырып жүрген дұшпанға арасының аласы!» Бұл нақыл сөзді біз ұмытпауымыз керек! Бәріміз бір болсақ, жеңбей-тұғын жауымыз, алмайтын қамалымыз болмайды!

ТҮРКІ БІРЛІГІ 

Түркі халықтарының бірлігі – бүгінгі қоғамда өте-мөте өзекті тақырып болмаққа керек. Жалпы, бірлік мәселесі қоғамдық өмірдің аса бір қажетті шарты екендігі әлімсақтан белгілі. Түркі әлемінің бірлігі жетпей, ыдыраған, сондай-ақ бірлігі нығайып әлемді аузына қаратқан тұстары да тарихтан белгілі. «Бөлінгенді бөрі жейді», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, көпшілігі бодандыққа ұрынып, этнос ретінде жойыла бастады. Өткен ғасырдың басында түркі халықтарының не ел болып қалуы, не тозып, тарихтың сахнасынан түсуі тарихтың таразысына қойылған сәттерде – түркі бірлігі жаңаша мазмұнда барынша қайтадан көтерілді. Түркі жұртын этнос ретінде сақтап қалудың бірден бір жолы –«тілде, ділде, істе бірлікте» (Ысмайыл Ғаспыралы) болуға шақырған түркішілдердің ұраны түркі әлемінің көгінде қалықтады. Жалпы, түркішілдік деген не? Бұл жайлы белгілі Түрік ғалымы З.Көкалып: «Түрікшілдік – бар ынтасымен тек өзінің бірегей мәдениетіне ғана ғашық болу, бірақ шовинизм немесе фанатизм емес. Еуропа өркениетінің құндылықтарын толық және жүйелі түрде ала отырып, онда басқа ешқандай ұлттық мәдениетті жатсыну немесе төмендету ниеті жоқ. Керісінше, барлық ұлттық мәдениеттерді бағалаймыз және құрметтейміз. Тіпті, біз бірқатар жамандықтарын көрген ұлттардың да саяси ұйымдарын құрметтеумен бірге олардың мәдени туындыларына таңданамыз, ойшылдары мен өнер адамдарына құрмет көрсетеміз», – дейді.

Кеңес өкіметінің түрікшілдікке, түркі бірлігіне шақырған түркі халықтарынан шыққан ұлт зиялыларын «пантүркішілдік», «ұлттық шовинизм», «панисламшылдық», «діни фанатизм», «реакцияшыл қозға­лыс» деген небір саяси айыптаулармен айыптап, дүркін-дүркін жазалаулар ұйымдас­тырып отырғанын білеміз. Өйткені түр­кі­шілдік – түркі халықтарын бірлікке шақыр­ған ұлт-азаттық қозғалыс болды.

Бүгін­гі әрбір Түркі мемлекеттерінде бауырлық сана биік болмаққа керек. Шынында, сонда ғана біз аспайтын асу, алмайтын қамал болмасы анық.

Б.БӨРІХАНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір