«Әдебиет теориясы»: ота үстіндегі арудың жүрегі
26.11.2019
5928
0

Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек.

 Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан

«Ұлттық аударма бюросы» биыл «Әдебиет теориясы» атты 5 томдық кітапты аударған болатын. Әлем әдебиетін жаңаша талдау мен оқытуды мақсат еткен авторлардың бұл кітабы қазір әлемде ерекше сұранысқа ие оқулықтар санатында. Кітапты толықтай оқысаңыз, әдебиетті талдау мен түсінудің, оқу мен оқытудың жаңа методикасына жолығасыз. Авторлар әлемдегі үздік әдеби мақалаларды жинақтап, оны арнайы тақырыптық бөлімдерге бөле отырып, мақалалар жүйесіне сай келетін танымал шығармаларды бірге талдайды. Авторлар мен оқырман дискурсқа, ой таласына жүгінеді. Біз бүгін осы кітаптардың жауапты шығарушысы, белгілі ғалым К.Матыжановтың «Әдебиет теориясы» туралы мақаласын ықшамдап ұсынып отырмыз. «Қазақ әдебиетінің» оқырмандарына қажетті танымдық мақаланың мәні мен маңызы зор деп ойлаймыз.

Кенжехан Матыжанов,

филология ғылымдарының докторы, «Әдебиет теориясы» 5 томдық антологиясының жауапты шығарушы және ғылыми редакторы

ӘДЕБИЕТ – «ӨМІР ОҚУЛЫҒЫ»

Әдебиеттің теориямен жазылмайтыны, көркемөнердің ешқандай дайын қалыпқа сыймайтын құпия құбылыс екендігі бесенеден белгілі. Дегенмен ғылым қашанда осы бір тылсым әлемнің сырын ашуға толассыз әрекет жасап келеді. Салыстырмалы түрде айтқанда, бұл – адам өмірінің құпиясын ашуға талпынған ғылыми-тәжірибелік ізденіс тәрізді, ешқашан нақты жауабы табылмайтын, қалыптанған ережесі жасалмайтын, өнердің даму өрісіне ілесіп отыратын ұшы-қиыры жоқ үздіксіз үрдіс. Оқулық авторлары америкалық ғалымдар Майкл Райан мен Джули Ривкин бұл құбылысты кітаптың мұқабасындағы сурет арқылы бейнелеп көрсеткен.

Ота үстелінің үстінде жатқан арудың жүрегін қолына алып үңіле зерттеп тұрған дәрігер адам ағзасының құпиясын түсінгісі келетін тәрізді. Осы оғаш әрекеттің өзі адамды алуан түрлі әсерге бөлеп, сансыз сауалдарға жетелемей ме? Сондықтан да кітап авторлары өз ойларын: «Біздің кітапқа енгізген кейбір теориялық толғамдар мұқабадағы… қолына әйелдің жүрегін алып, алаңсыз мұқият үңіліп тұрған ер адамға ұқсауы да мүмкін. Дегенмен бұл еңбектен ота үстеліндегі әйелдің ахуалына алаңдайтын, оның сауығып кетуіне жәрдемші болатын ойларды да табасыз деген пікірдеміз», – деп қайырады.

Демек, әдебиет теориясы – шығарманы қалай жазудың құпиясына баулитын теориялық толғамдар емес, оның ғасырлар бойғы тәжірибесін жинақтап, саралап, қорытынды байламдар жасап отыратын тәжірибелік негіздегі ғылым саласы. Оқулық авторлары да мәселеге осы тұрғыдан келген. Тіпті, олардың көркем әдебиетке деген көзқарасының өзі біздегі кеңестік кезеңде қалыптасқан ұғымнан әлдеқайда кең. «Әдебиет – ауызша баяндаудан бастап (кино, театр және телевизия да соның ішінде), бейнелеу һәм метафора сияқты көркемдік құралдармен түрлендіру тәсілдерін талап ететін барлық шығармашылық саланы қамтиды. Ол – адамның жеке қарым-қатынасынан саясатқа дейінгі адамзат өмірінің барлық өлшемдегі көрінісін қиял көгінде қайта түрлендіру дегенді де білдіреді. Әдебиет өміріміздің барлық арнасын құшағына сыйғызып, оны тұтастай пайымдауға мүмкіндік туғызады. Сондықтан бұл саланы қарапайым тілмен «өмір оқулығы» деп атасақ та жарасады», – деп пайымдайды олар. Авторлар – жиырма жылдан астам уақыт бойына коллеждерде қазіргі әдебиет теориясынан сабақ беріп келе жатқан ұстаздар. Осы уақыт ұзақ жылдар бойына жинақтаған тәжірибелерін қорытып, үнемі жетілдірумен болған. Оларды жүйелеу мен ғылыми тұрғыдағы негіздеу бағытында күрделі зерттеу жұмыстарын да жүргізген. Соның нәтижесінде бұрынғы оқу құралдарының ешқайсысына ұқсамайтын құрылымдық тұрғыдан мүлде жаңа сипатта жасалған оқулықтар кешенін жасап шыққан. «Бұл кітаптың тұсауы дәрісханада кесілгенімен, алдағы уақытта қолданылу өрісі өзінің кең шалқарын табатынына, біздің оқыту әдістеріміз мүлде бөлек курстар мен үлкен аудиториялардың да қажетіне жарайтынына шүбә келтірмейміз», – дегенді олар нық сеніммен айтады. Осыншама тыңғылықты ізденістер мен жинақталған материалдар негізінде жалпы көлемі 5 кітаптан тұратын оқулықтар кешенін құрастырған.

Олар әдебиет теориясының ауқымын тек Америка әдебиетінде кең өріс алған «Жаңа критицизмнен кейінгі» (After the New Criticism) кезеңді сипаттайтын толғамдармен ғана шектеп қоймай, әлемде қазіргі әдебиет теориясы деп қабылдап жүрген ұғым-түсініктердің барлығын түгелге жуық қамтыған. Соның нәтижесінде орыс формализмі, жаңа критицизм, структурализм, постструктурализм, постотарлық, психоанализ сияқты аса ауқымды мәселелер аталмыш антологияның мән-мазмұнын күшейтіп, әрқилы теориялық ұстанымдарды жан-жақты жинақтаған, түрлі әдеби курстарда еркін қолдануға болатын мазмұнды оқулық дәрежесіне көтерген. Аталған бес томдық оқулық әдебиет теориясына арналған кіріспеден және төрт томдық антологиядан тұрады.

«КІРІСПЕДЕГІ» КЕҢІСТІК

Кіріспе бүкіл әлемдік әдебиет теориясына қатысты пікірлерді кеңінен қамтыған аңдатпа мен жаттығулар кешенінен тұрады. Оны Майкл Райан жеке өзі жазған. Аталмыш кітап «Орыс формализмі. Жаңа критицизм. Поэтика» деп аталатын тараудан басталып, «Структурализм. Лингвистика. Нарратология», «Феноменология. Қабылдау. Этика», «Постcтруктурализм», «Психоанализ бен психология», «Марксизм және критицизм теориясы», «Тарихи таным», «Этностық таным», «Байырғы халықтық, постотарлық және трансұлттық таным», «Таным. Эмоция. Эволюция. Ғылым», «Жануарлар. Адамдар. Орындар. Заттар» атты тарауларға жүйеленіп баяндалады. Әрбір тараудың шағын теориялық аңдатпасы бар, одан әрі соған сәйкес таңдаулы классикалық шығармалар талданған жаттығулар беріледі. Бұл – оқулықтың осы уақытқа дейін біз қолданып келген оқу құралдарынан алабөтен айырмашылығын көрсетеді. Еңбекте, әсіресе, кіріспе кітапта жалаң идеологияға негізделген құрғақ теория жоқтың қасы, әрбір ой нақты мағлұматтармен дәйектеліп, тиісті көркем шығарма мысалында талданып отырады. Авторлар жаттығулар барысында да кесіп-пішкен қасаң теориялық қалыпты ұстанбайды, негізгі салмақты әдеби материалдарға, студенттердің өзінің пайым-таразысына салады. Көп жағдайда бұл төңіректе «Сіз не ойлайсыз?» деген сауал жиі қойылады. Былайша айтқанда, теория мен тәжірибе жымдаса өріліп, бірін-бірі толықтырып отыратын бірлікте берілген. Тиісті қорытынды шығару айналып келгенде оқырманның өз үлесіне қалады. Оқулықтың алғашқы бетінде «Бұл оқулық төмендегі әдеби шығармалар мысалында оқытылады: Елизабет Бишоп «Толық өлеңдер жинағы» (The Complete Poems); Елизабет Бишоп «Ауылда» (In the Village) әңгімесі; Джозеф Конрад «Түнекке түскен сәуле» (Heart of Darkness); Киран Десай «Тоналғандар мұрасы» (The Inheritance of Loss); Луиза Эрдрих «Дәрігерлікке құштарлық» (Love Medicine); Ф.Скотт Фицджеральд «Керемет Гэтсби» (The Great Gatsby); Тони Моррисон «Нағыз көккөздің өзі» (The Bluest Eye); Элис Манро «Таңдамалы әңгімелер» (Selected Stories); Элис Манро «Отбасы ахуалы: 1995–2014 жылдардың таңдамалы оқиғалары» (Family Furnishings: Selected Stories, 1995–2014); Мэри Шелли «Франкенштейн» (Frankenstein), Уилиям Шекспир «Король Лир» (King Lear). 1997 жылы Ұлттық театр сахнасында режиссер Ричард Эйр қойған, басты рөлді Ян Холм сомдаған «Король Лир» пьесасы студенттерді қызықтырады деп үміттенеміз. Оны DVD жазбасында (ағылшын тілінде) тамашалауға болады» – деген аңдатпа берілген.

Бұлар – оқулықты пайдалану кезінде міндетті түрде оқырманның оқуы тиіс шығармалар.

Осы тұста әлем классикасын қазақ тіліне жүйелі түрде ана тілімізге аударып шығарудың маңызы күн сайын артып отырғанын атап айтқан жөн.

Кітаптың құрылымы бір жағынан хронологиялық жүйемен берілсе, екінші жағынан еркін евристикалық сипат та танытады. Яғни, алдымен, әлем әдебиеттану ғылымының пайда болғанынан бергі даму тарихына қатысты ағымдар мен бағыттар рет-ретімен баяндалса, әдебиеттанудың бұл аяға сыймайтын «Феноменология. Қабылдау. Этика», «Таным. Эмоция. Эволюция. Ғылым», «Жануарлар. Адамдар. Орындар. Заттар» сияқты таза теориялық толғамдар жекелеген тарауларға топтастырылған. Демек, оқу құралы белгілі бір аймақтық немесе мемлекеттік бұлжымайтын идеологияға бағындырылмаған.

Авторлар ежелден қалыптасқан классикалық зерттеулер мен жаңа бағыттағы еңбектерді салыстыра саралаған. Соның нәтижесінде, бізге бұрыннан танымал теориялық ұстанымдар өрісін кеңейтіп, халықаралық деңгейде әлемдік әдеби процеспен тоғысып кеткен.

Мәселен, алғашқы тараудағы «орыс формализмі» сырттай қарағанда бізге таныс ұғым сияқты көрінеді. Шын мәніне келгенде, ағылшындар орыс әдебиетіне үлкен құрмет көрсете отырып, оны әлем әдебиеттану ғылымы тұрғысынан саралап, кезінде кеңестік әдебиеттану ғылымында жете мән беріле қоймаған басқа қырынан ашып, тың тұжырымдар жасайды.

Символистер әдебиеттің формасы оның мазмұны мен идеясында деп білсе, орыс формалист-теоретиктері мазмұнды әдебиеттің түрі анықтайды деп санады. Олар әдеби түрдегі (формадағы) өзгерістер эволюциясын барлай келіп, олардың орта ғасырдағы сюжет құру мәнерінен бастап, XVIII ғасырдың соңындағы еуропалық шытырман оқиғалы романдарға дейін әдебиеттің бір ғана форманың шеңберінде өрбігенін байқайды. Әрине, кейінгі ақын-жазушылар әдебиеттің мазмұнынан бөлек, үнемі жаңаша жазу стилін ойлап тауып отырғанында сөз жоқ. Орыс сыншылары көркем прозаға қатысты маңызды ерекшелікті, оқиға желісіне арқау болып жатқан оқиғалардың өздері «фабула» деп атаған түбірлі негізінен іздеді. Әңгіменің баяндалу мәнеріне баса ден қойған олар басты назарды кейіпкердің психологиялық ахуалына, метафора, эллипсис, троптар, сюжеттік желі, баяндау мәнері, көмкеру, лирикалық шегініс, жанама баяндау, т.с.с. көркемдік тәсілдерге көп көңіл аударды. Осы ұстанымға негізделген орыс формализмінің негізін қалағандардың ішінде Владимир Пропп пен Михаил Бахтиннің есімдері ерекше аталады.

ӘДЕБИ ТІЛДІҢ ҚАНДАЙ ЕРЕКШЕЛІГІ БАР?

Бұл оқулықтың тағы бір ерекше қыры ретінде ғалымдардың әдеби тілдің қызметі мен міндетіне арнайы тарау арнағанын айтуға болады. Жалпы, әдебиеттің жаны тіл екендігін, оның көркем кестесін естен шығара бастаған қазіргі заманда оқулықта мұндай тараудың болуы өте маңызды. Бұған ХХ ғасырдың басында тіл білімінің ғылыми сала ретінде жеке отау тігуі тиянақ болған. Бұл орайда да құрылымдық лингвистиканың негізін қалаған Ресей лингвистерінің еңбектеріне де ерекше мән берілген. Әсіресе, Фердинанд де Соссюрдің тегеурінді тың зерттеулерінен қанаттанған Мәскеу лингвистика үйірмесінің қос мүшесі – Роман Якобсон мен Николай Трубецкойдың еңбектері зор болды. Якобсонның айтуынша, тілдің әрбір ерекше сипаты олардағы қарама-қарсы жұптарды салыстыру арқылы айқындалады. Осыған байланысты, әдебиет теориясы мамандарына жәрдемі тиетін маңызды құрылымдық лингвистикалық идеялардың негізі салынды. Оған дейінгі тіл білімі сөздерді тек заттың, құбылыстың атауы деп қабылдады. Ал жаңа тілшілер сөздің жүйесінде өзіндік жасырын, астарлы, ауыспалы мағынасы бар деген тың ойды тұжырымдады. Оның әрбір қолданысы өзгеше бір нақты қызмет атқарады. Сөздің маңызы ол бейнелеген рөл арқылы ашылады. Мәселен, тура мағынасында тұр ма, әлде түрленген ауыспалы мағынасында ма? Демек, тіл арқылы заттық мағынаға байланып қалмай дерексіз ойлауға да болады. Тілдің бұл сипаты белгілі бір ойын ережесіне де ұқсайды. Бейнелі тіл сөздің астарлы, ауыспалы мағыналық мүмкіндігін барынша кеңейтіп, оған әртүрлі рең беріп құлпыртады. Бұл ой, әрине, тікелей әдеби тілге қатысты еді. Осы идеяның жетегінде жүрген Роман Якобсон 1920 жылы Ресейді тастап, Прагаға қоныс аударды. Ол Америкаға көшпей тұрып, Парижде біраз аялдап, құрылымдық лингвистика идеясын француз антропологі Клод Леви-Строссқа таныстырады.

Бұдан әрі, авторлар «лингвистика идеясының» француз психоанализ мектебі өкілдеріне әсер еткенін баян етеді. Оның Жак Лаканның еңбегінде молынан көрініс тапқанын айтады. Ол Зигмунд Фрейдтің сана мен бейсана арасына салған белдеуін семиотикалық ұғымдармен қайта көмкеріп шыққан. Ал Француздың ең ықпалды структуралист ғалымы Мишель Фуко бұл арнаны кеңітіп, құрылымдық талдауға «дискурс түзілімі» деген тұжырымды енгізген.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін ағылшын тілді елдер әдеби мәтіндерді тарихи тұғыры мен мазмұн-мәнінен бөлек алып қарастыруға кірісті. И.А.Ричардс деген теоретик «Әдеби сын қағидалары» (The Principles of Literary Criticism, 1924) кітабында поэзияның түп мәніне үңілмей, оларды тілдік құбылтудың жемісі ретінде зерделеуге шақырды. Ричардс осы еңбегі арқылы Америка әдебиетінде жаңа критицизм бағытына жол салды…

Оқулықта рет-ретімен баяндалған әдебиет теориясының дамуындағы түрлі кезеңдердің ішіндегі бізге ежелден етене таныс ағым – марксизм. Кеңестік дәуірдің ұранына айналған бұл ағымды америкалық ғалымдар әлемдік философия тарихындағы елеулі кезең ретінде қарастыра отырып, оны бүкіләлемдік процестің құрамдас бөлігі ретінде таниды (Ал біз болсақ оны санамыздан ысырып, ұмыта бастадық). Жалпы оқулық авторлары бірде-бір маңызды мәселені назардан тыс қалдырмайды және ештеңені жасанды түрде жоққа шығаруға тырыспайды.

Оқи отырыңыз

ЖАҺАНДЫҚ ӘДЕБИЕТ ТЕОРИЯСЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛДЫ

ӘДЕБИ ФЕМИНИЗМНІҢ ӨЗЕГІ…

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңынан 1960 жылдарға дейінгі кезеңде әлемде бірқатар төңкерістер орын алып, ғаламдық отарлық жүйе ыдырай бастады. Отар елдер өздерінің еуропалық қожайындарына қарсы бас көтерді. Әйелдер ерлердің үстемдігіне қарсы шығып феминизм идеясы дүниеге келді. Жастар өздерін жазықсыз жандардың өміріне қатер төндірген соғыстарға айдап салып, қанға тоғытқан консервативті әлеуметтік саясатпен күреске шықты. Кеңестер одағында демократ либералдар Сталин орнатқан авторитарлы жүйемен текетіреске түсті. Қаранәсілділер Американың құлдық бұғауын үзуге талпынды. Әдебиет теориясында, өнерде, кино мен әдебиетте де осындай төңкерістер әсерінің орын алуы таңғаларлық дүние емес. Қалай дегенде де, адамдар қанына сіңісті болған патриархалдық, капиталистік, отаршылдық және этностық басым идеология құрсауынан оңай босана қойған жоқ. Мәдениеттегі революция қоғамдағы әдепкі жағдай болып келген осындай нормаларға, сөз жоқ, қарсы келеді және оларды нәсілшілдік пен милитаризм сияқты іріп-шіріген, тозған құндылықтармен қатар қояды. Өнер мұндайлардың бетпердесін сыпырып, аяусыз келемеждеді. Ауыр қылмысын мораль шапанымен бүркемелеген билеуші күштерді сын тезіне салды. Әдебиет қоғам «шындығын» аяусыз әшкерелеу үшін енді «постмодернистік» сарындарға жүгінді. Кинематография, әсіресе, француз «жаңа толқыны» Голливудтің бұрынғы коммерциялық кино өнімдерінен бас тартты. Көне өнер түрлерімен ымырасыз қақтығыс қайтадан радикалды әрекетке ұласты. Сөз жоқ, осы үрдіске орай, әдебиет теориясы да айтарлықтай түрлене дамыды. Алғашқы өзгеріс оқырман қауымның талғамынан басталды. 1940 жылдан 1960 жылдарға дейінгі әдебиет зерттеулерінде үстем көрінген «жаңа критицизм», негізінен, Еуропа мен Америкадағы ақнәсілді ер қаламгерлерге басымдық беріп келген еді. Азаматтық құқық қозғалысы, феминистер қозғалысы және әлемдегі империализм мен отаршылдыққа қарсы күрестердің көбеюі іштей тынып жатқан мұндай жағдайды астан-кестең етті. Енді тек ақ нәсілді ер-азаматтарды жинап алып, әдебиет курсын оқытатын заман келмеске кетті, әсіресе, бұл құбылыс Америкада қалыптасқан ежелгі дәстүрді ыдыратуға жедел әсер етті. Өйткені мұнда аз ұлттардан шыққан жазушылар мен әйел қаламгерлер көбейіп келе жатқан. Отаршылдар жаулап алған жергілікті халық мәдениеті «ақ шаңқан кенттер» жайлы қаһармандық аңыздардың қолжаулығы болудан қалды. Осындай өзгерістер ұлт пен гендер сарындарын қамтитын жаңа теорияларды дүниеге әкелді. Бұл – әйелдер мен қаранәсілділердің және жергілікті халықтар мен феминстер әдебиетінің нақты сипатына айқын мінездеме беріп, теорияға айналдыруға жол ашты. Джерард Визенор, Эльвира Пулитано секілді ғалымдар, керісінше, жергілікті байырғы әдебиет дәстүрлі, текті мәдени ұстанымдар мен ой-сана көрінісінің көкжиегін кеңейтеді деп ой сабақтады.

ПОСТОТАРЛЫҚ КЕЗЕҢДЕГІ ӘДЕБИЕТ

Бүкіл әлемдегі отарлауға қарсы күрес және постотарлық мәдениеттің пайда болуы әдебиеттанушыларды империя билігі жағдайындағы әдебиетті жаңаша түсіндіру тәсілдерін іздеуге мәжбүрледі. Эдуард Саид сияқты мамандар империя билігін қолдаған және заңдастырған мәтіндерді зерттеді. Бұл уақытта Гаятри Чакраворти Спивак пен Хоми Бхабха сынды отарлық қамытынан босаған елдердің ғалымдары жас сарбаздардың билікпен күрес тәсілдеріне назар аударды. Ал Пол Гилрой Атлант мұхиты елдеріне тән ұлтаралық жаңа қаранәсілділер мәдениетін тақырыптық арқау етті. Ол – жаңа будан мәдени түрлердің жетілуіне жол ашты. Жазушылар арасында: «Отарлаушы елдердің әдеби түрлеріне бейімделуді жақтаушы ма? Әлде өзінің рухани мұқтаждығын өтейтін әдеби бейнелеу әдісін ұлттық мәдени мұралардан іздеуші ме?» деген сауалдар төтесінен қойылатын болды. Әдебиетте осы сауалдардың арасынан шыққан аралас түрлер біртіндеп бүр жара бастады. Мәселен, Жебрейл Диоп Мәмбети «Гиена» (Hyenas, 1992) атты шығармасында еуропалық пьесаны Африка тарихына бейімдеді. Пьесаны экономикалық отарлауға қарсы пайдаланды. Ал Арундати Рой «Ұсақ-түйектің тәңірі» (The God of Small Things, 1997) кітабында танымал үнді ертегісін қайта жаңғырта баяндап шықты. Бұл туындыдан Джеймс Джойстың «Улисс» (Ulysses) хикаясының әсері айқын сезіледі. Жаңа оқырмандар шоғыры мен олардың көкейкесті мәселесін көтеретін теориялар дамылсыз туындап жатты.

Осылайша, бүкіл әлемде «постотарлық әдебиет» деген атқа ие болған тың арна пайда болды. Және ол жедел дамып, кең өріске шықты. Дәл қазіргі уақытта бұл арнаның тәуелсіздіктен кейінгі қазақ әдебиетінің бағыт-бағдарын айқындауға зор маңызы бар. Әсіресе, бодандық сананың қасаң дағдыларын бұзып, ұлттық сананы әлемдік өркениет мұхитына апаратын жаңа шығармалар жазуға жол салады деп санаймыз.

ПОСТСТРУКТУРАЛИЗМ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Дерриданың 1967 жылы жарық көрген «Жазу және айырмашылық» (Writing and Difference), «Грамматология туралы» (Of Grammatology) және «Геометрияның төркіні» (The Origin of Geometry) кітаптары мен «Дифферанс» (Difference, 1966) эссесі постструктурализм деп аталатын ағымның іргесін қалады. Бұл ағым структурализмдегі заттардың құпия тәртібін іздеуден бас тартты. «Біздің әлемге тәртіп орнатуға арналған жүйеміз уақыт пен кеңістік қозғалысымен өрбіген өмір үдерісіне қалай негізделген?» деген сұраққа назар аударды. Осы қағиданы жұртқа түсіндіру үшін өте көп ұғымдарға жүгінуге тура келеді. Дерриданың ықпалымен Р.Барт «Автордың өлімі» (The Death of the Author) және «Шығармадан мәтінге» (From Work to Text) деген екі маңызды эссесінде структурализм ағымынан постструктурализм ағымына өтті. Дәл осылай, Юлия Кристева да радикал әдебиеттің кейбір түрлері ежелгі «талассыз» мәннің барлық ұғымын күйретті деп ұйғарды. Бұл ағымның қазақ әдебиетіндегі көрінісі де әлі күнге терең зерттелмей келе жатқан келелі мәселе. Постструктурализмнің әлем әдебиетіндегі қалыптасу жолы мен оның ірі өкілдері, басты шығармалары туралы антологияға топтастырылған жүзге жуық мақалалар оның бүкіл болмыс-бітімін ашып көрсетеді. Сондықтан бұл арнадағы зерттеулердің біздің жас әдебиеттанушыларымызға берері мол болатыны сөзсіз.

Америкада деконструкция деп аталатын талдау тәсілі пайда болды. Ол Деррида еңбектерінен бастау алды. Оны алғаш сыннан өткізгендер Поль де Ман, Барбара Джонсон және Дж. Хиллис Миллер болды. Мұндай талдау әдеби мәтіндердің айқын мәнін анықтау мүмкін емес деген тұжырымға сүйенді. Бұрынғы критицизмнің ықпалы әлсіреді, бірақ Дерриданың бірегей айқындаушы (идея мәнді түрде бір нәрсеге қатысты болса, соған тәуелді) деген идеясы маңызын жоғалтқан жоқ. Әсіресе бұл этика мен адами/бейадами сияқты қарама-қайшы жұптарды салыстырмалы зерттеумен айналысатын ғалымдар үшін маңызды.

Түйіндеп айтқанда, бұл аударма оқу құралының қазақ әдебиеттану ғылымына салар олжасы аса қомақты деп ойлаймыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір