ЖАҺАНДЫҚ ӘДЕБИЕТ ТЕОРИЯСЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛДЫ
26.06.2019
1412
2

Қазіргі уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша шетелдік танымал авторлардың 48 оқулығы қазақ тіліне аударылып, жарық көргені белгілі.

Оқулықтар философия, әлеуметтану, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, дүниежүзі тарихы, әдебиет теориясы, халықаралық құқық және бизнес, қазіргі заманғы педагогика, өнер тарихы, интернет психологиясы, стратегиялық менеджмент, маркетинг негіздері, ұйымдық мінез-құлық, медиа және бизнес-коммуникация, адам ресурстарын басқару, дипломатия, ориентализм және семиосфера сынды бағыттарды қамтиды. Аталған жоба ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асырылуда.
Айтулы басылымдардың қатарында 5 томдық «Әдебиет теориясы» да бар. Әлемдік әдебиеттану ғылымының соңғы жаңалықтарын жетекші бағыттар бойынша саралаған сүбелі еңбектің отандық сөз өнері ғылымына берері мол. Жаһандану жағдайындағы гуманитарлық ғылымдардың интеграцияланып, қым-қуыт араласып, синтезделуі нәти­жесінде әрбір салада тың пайым­дар бой көтеріп, осы негіз­де жаңаша әдіснамалық тұжырымдар қалыптасып келеді. Бүгін классикалық әде­биет­тану ұғымына көзқарас та басқаша.
20 маусым күні М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдас­тыруы­мен «Әлемдік әдебиет теориясы қазақ тілінде» тақы­рыбында дөңге­лек үстел өтіп, 5 томдық «Әдебиет теориясы» антологиясы талқыланды. Танымал әдебиеттанушы ғалымдар, тәжірибелі аудармашылар мен редакторлар, жас ғалымдар дайындаған антологияны талқылауға жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің, ұлттық аударма бюросының, кітапханалардың мамандары қатысты. Дөңгелек үстел барысында ғалымдар Джули Ривкин, Майкл Райан­ның басшылығымен дайын­далған еңбектің қазақша нұсқа­сының мазмұндық аясы мен құрылымы, тәржімалану деңгейі, білім жүйесіне енгізілуі мәселелеріне тоқталды.
Әдебиеттанушылардың және жалпы әдебиетсүйер қауымның сөз өнері поэтикасына деген көзқарасының көкжиегін кеңейтер бірегей басылымның мазмұндық аясы өте кең. Отандық әдебиет­танудың толыққанды ғылым ретінде бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайған шағы кеңестік кезең болғаны анық. Осы дәуірдегі ғылыми зерденің қасаң идеологиялық талаптар шегінен шыға алмауы, шындап келгенде, бүтін бір мемлекеттің томаға-тұйық тіршілігін де кейіптейді. 5 томдық анто­ло­гиялық жинақ поэтика мәсе­лелерін әдебиеттану шең­бері­нен асып, философия, жаратылыстану, психология, әлеуметтану, мәдениеттану, тілтану, тарих контексінде зерделеуімен қызғылықты. Жаңа оқулықтар топтамасының теориялық, тәжірибелік мән-маңызы айрықша. Антологияны оқу үдерісіне енгізу арқылы жоғары оқу орындарының оқыту бағдарламалары тың теориялық материалмен толық­тырылмақ. Осылайша, білім алушы жастар жаһандық ғылымның жетістіктерімен танысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұл – білікті, бәсекеге қабілетті кадрлар толқынын қалыптастырудағы маңызды фактор. Сонымен қатар аталған басылым ғылыми ой-таным аясының кеңеюіне жол ашады. Демек, әдебиеттанудың басты когнитивтік зердесі қосымша опциялармен жарақталады; зерттеу әдіснамасы жаңғы­рады… Сайып келгенде сыншылдық көзқарастың өзгеруі әдеби үдерістің де соны сапаға бет бұруына әсер етпек.
Қайсыбір тақырыптардағы еңбектерді рухани ой елегінен өткізіп, қабылдауға әлі де уақыт керек. Дегенмен әлемдегі ғылыми танымның беталыс-бағдарын білгеніміз абзал.
Әлмира ҚАЛИ

ПІКІРЛЕР2
Қажы мұқамбет қаракедей 26.07.2019 | 10:48

Құдай екеш Құдай да
Керексінген қолайға
Бұны дерсің болысу
Өзі ақ жүрген сұрай да
Өзгергісі келмесе
Мойын бермес Адамза
Қазақ деген қауымың
Қала алады Солайша
Әдебиет дəптерді
Қолдауы тиіс əманда
Іштен шыққан жыланды
Сүйе алар анаң да

Аноним 03.11.2021 | 08:52

шибөрілердің тамағы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір