ҚАР ҮСТІНДЕГІ ҚАН
13.05.2025
460
0

Майдангер-жазушы Кемел Тоқаевтың соғыс тақырыбына жазған сүбелі шығармасынан үзінді жариялап отырмыз. Ауыр күндердің сұрапыл шындығын жазған шығарма қаламгердің 2017 жылы «Ана тілі» баспасынан шыққан бестомдығынан үзінді ретінде берілді.

Редакциядан

Біз Проценконы асықтыра бастадық. Астыртын комитет­тің жоспары бойынша Проценко өз тобымен Переяслав қаласындағы полиция батальонын қарусыздандырып, орманға кетуге тиіс. Мұндағы мақсат полиция батальонын жою ғана емес, сонымен бірге неміске қызмет етіп жүрген адамдарға үрей туғызу, араларына іріткі салу, Отан алдында опасыздық жасаудың кешірілмейтінін сездіру еді. Астыртын комитет­тің арнаулы тапсырмасын алып, Дмитрий Никитич Яковец Переяславқа кеткен болатын.
Яковец соғыстың алдында Григорьевка селосындағы орта мектептің директоры болып істеген. Ал астыртын комитет сол Григорьевка селосына орналасқан еді. Яковецке «жұрт­тың көзіне көп түсе берме» деп насихат еткенбіз. Жарты жыл бойы жоқ боп кеткен кісінің қайта оралуын кімнің қалай ұғарын білу қиын ғой. Переяслав қаласынан қайтарда ол Григорьевкаға бармай, жол үстіндегі біздің Козино селосына соғып, ондағы жайды маған айтпақшы еді. Оның хабарын комитет мүшелеріне мен жеткізбекші болатынмын. Яковецтің келуін асыға күтіп отырғам.
Түс әлетінде есіктен екеу кірді. Біреуін танимын: көрші селода астыртын комитет мүшесінің үйіне тығылып жүрген Николай Михайлович Попов деген еврейге ұқсас жас жігіт болатын, сол екен. Екіншісі – шомбал қара біреу.
Именбей, алшаңдай басып, төргі бөлмеге келіп, менің қолымды алып:
– Танысып қояйық, атым Вася! Сіздің атыңыз кім? – деді.
– Алексей Васильевич, фамилиям Крячек, – дедім, өзімді таныстырып.
– Дәрігерсіз ғой?
– Иә.
– Жұмыс істегеніңізге көп болды ма?
– Неге тұрсыздар, отырыңыздар, — деп қонақтарды жайластырып, сұрақтарына жауап беріп жатырмын, – қалай де­йін, көп те, аз да емес, институт­ты бітіргеннен бері қызмет істеп келемін ғой, биыл үшінші жыл.
– Тәжірибе мол ма?
– Оны қайдан біле­йін, әйтеуір, өз бетімізше жұмыс істеп жатырмын ғой, – деймін. Ол өзінің сақтығына басып, басқа бөлмені көруге кеткенде, Поповтан:
– Николай Михайлович, тақақтап жан алып бара жатқан мына қаба сақал цыганың кім? – деп сұрадым.
– Тс-с-с-с, ақырын, – деп, Попов саусағын ерніне апарды, – бұл кісі – цыган емес, қазақ, үлкен жерден арнаулы тапсырмамен әдейі келген адам.
– Аты кім өзінің?
– Қасым Қайсенов деген кісің осы болады.
Вася деген бүркеншек атпен жүрген осы кісі ме еді, естуім бар, иә-иә, солай, жаңылмасам, Ломаконың аузынан есіт­тім ғой деймін. Немістің эшелонын қиратқан осылар ғой.
– Сол кісі осы болады! – деді Попов тағы да.
– Николай, неменеге сыбырлап тұрсыңдар, сөздеріңді немістер естіп қояды деп қорқасыңдар ма? – деп Қайсенов қарқылдап күліп, біздің қасымызға келді.
– Вася, отырыңыз! – деп, аты-жөнін білген соң жаным қалмай жүр. Құмыраның аузын ашып, қияр мен помидорды турап та жібердім. Дастарқан үстіндегі әңгіме қысқа болды. Ел арасында есімі аңызға айналған адаммен сөйлесу үлкен қуаныш, ләззат қой. Қайсенов асығыс екен.
– Киевтен көп дәрі-дәрмек әкелді деп естіген едім. Жаңылыс айтып отырған жоқпын ба, Алексей Васильевич?- деді.
– Жоқ, Вася, алып келгенім рас.
– Қаншасын жарат­тыңыз?
– Азын-аулағы жұмсалды, қазір аурулар, жаралылар көп қой, емдемесе болмайды, – дедім мен жайды түсіндіріп.
– Біздің партизандарға оқ-дәрі қандай қажет болса, дәрі-дәрмек те сондай керек. Үнемдеп жұмсаңыз, зәру боп қалып жүрмейік.
– Жақсы, – дедім мен басымды изеп.
Қайсеновтер кеткеннен ке­йін үйде елегізіп отыра алмадым. Далаға қайта-қайта шығып, қала жаққа көз тігемін. Яковец бүгін оралмақшы болатын. Бірақ ол бұл күні де, ертеңінде де келмеді. Өзі ұсталып қалды ма, әлде Проценконың тобы бір бәлеге ұшырады ма? Кешікті ғой, деген ой мазалайды мені. Әрі-сәрі күйде отырғанымда, үшінші күн дегенде, қас қарая өзіміздің байланысшы қыз Лена жетіп келді. Тұмшалап байлаған орамалын лақтырып тастап, бір ожау суық суды сіміріп алды да, отырмастан:
– Алексей Васильевич, — деді маған сүзіле қарап, – Яковец әлі келген жоқ па?
– Келсе, өзім-ақ хабарламаймын ба? – деп, өзімнің де күйзеліп отырғанымды сездіргендей болдым. Ленаның қабағы түсіп кет­ті, – ендеше, жағдай қиын болды. Біз Яковец құтылған екен деп ойлаған едік.
– Не боп қалды, айтсаңшы жұмбақтамай? – дедім мен бір жайсыз жайдың шетін байқап.
«Мені кім аңдып, ізіме түсіп жүр дейсің. Тығыла-тығыла жолдастардан да ұят болды. Сақтанғанмен жан қала ма? Мен секілді мұғалімдердің бірқатары бос жүр ғой, қайсыбірін ұстап жатыр. Мен де солардың бірі емеспін бе?» деп өзіне-өзі демеу берген Дмитрий Никитич Яковец тапсырманың асығыстығын ойлайды да, жолда маған соқпай Григорьевкаға тіке тартады. Ол магазиннің алдын кесіп өтеді. Оның іші-сырты толған адам. Солармен бірге Лена да болады. Яковец магазиннің тұсынан өте бергенде, полицей қол бұлғап тоқтатады.
– Әй, ақымақ, бері кел!
Яковец енді не істеймін дегендей Ленаға бір қарайды. Қалтасында наган мен жұртқа тараған листовканың тексті болмаса, сескенбес те еді. Не істеу керек? Полицейдің сөзі басқа біреуге айтылғандай, Яковец елемей өз бетімен аяңдап жүре береді.

– Әй, малғұн, мен саған айтып тұрмын. Саңыраумысың өзің? – деп полицей, соңынан жүгіріп, мылтықты үстінен асыра атады. Яковец енді бұлардан құтылмайтынын біледі. Наганын суырып алып, жалт бұрылады да, далақтап жүгіріп келе жатқан полицейді басып қалады. Полицей қалпақтай ұшады. Енді мұның соңына екі неміс солдаты және бірнеше полицей түседі. Яковец селоны орағыта батпақты көлге қарай бұрылады. Лена олардың қарасы үзілгенше қарап тұрады. Оның айтуынша, атылған оқтың дауысы көпке де­йін, ымырт жабылғанша басылмайды.
– Сөйтіп, жете алмапты ма? – дедім мен шыдамай.
– Ұстауын ұстай алмапты, — деді Лена, – бірақ қашқан кез­де пальтосын батпаққа тастап кетіпті деп естідік. Қалтасында қағаздары болмаса жарар еді. Иә, айт­қандай, бүгін машина толы жандармдар Харьковец селосына кетіпті деп есіт­тім.
– Ол селода кімдер бар еді?
– Астыртын ұйымнан ешкім жоқ. Дмитрий Никитичтің отбасы сонда ғой…
– Оның үй-ішіне күдік келтіру үшін бір себеп керек емес пе?
– Қайдан біле­йін, — Лена бір сәт үнсіз отырды. Пальтосынан бірдеңе тапты ма деп күдіктеніп отырғаным да сол ғой…
Лена екеуміз бірталай уақыт үнсіз отырдық. Екеуміз де аяқастынан дұшпанға кезігіп қалған жолдастың тағдырын ойлаймыз, оның басын торлаған бұлт­ты қалай сейілтсек екен дейміз.
– Мен өз тарапымнан жігіт­терге айтып көре­йін. Алдымен, Яковецтің қайда екенін анықтау керек. Ал өздеріңде жаңалық болса, хабарлап тұрасыңдар, — дедім мен Ленаға.
…Соңғы апта астыртын ұйымдағы адамдар үшін аса ауыр күйде өт­ті. Үсті батпақ пен суға малынған Яковец: «Бөгде кісі тез көзге түсе қалатын село емес, қанша айт­қанмен қала ғой», – деп Переяславқа қарай тартады. Бірақ қала ішіне енуге батылы бармай, бір үйдің есігін қағады. Орта жастағы әйел есік ашады. Яковецтің түрін көріп, шошынған әйел:
– Сізге кім керек? – деп, есікті қайта жаппақ болады.
– Бір сәт тоқтай тұрыңызшы, деп жалына отырып, Яковец ойдан шығарған оқиғасын баяндай жөнеледі.
– Жолдастармен бірге базар аралауға шығып едік. Самогон ішіп, мас болған кісі оңа ма? Жолда төбелесіппіз. Сонсоң тағы да отырып ішкенімізді білемін. Бір кез­де көзімді ашсам, шалшықта жығылып жатырмын. Жолдастарымның бірі жоқ, сірә, оларға тіл тигізіп алсам керек… Ең болмаса, үсті-басымды кептіріп, жылынып шығуға рұқсат етіңіз, мына күймен үйге бару да ыңғайсыз…
Әйел селқостау түрмен, үнсіз үйге кіргізеді. Түпкі жақтан еркектің өктем дауысы естіледі:
– Ей, қатын, кіммен сөйлесіп жатырсың? Қонақ па? Кіргіз-кіргіз. Сәлден соң қолын қалтасына салған үй иесінің өзі бөлмеден шығады. Әуелі Яковецке сұстана тұнжырай қараған ол, аздан соң жүзін жылытып, көзі күлімдей бастайды:
– Бауырым, қайдан жүрсің?
Яковец әйелге айт­қан сөздерін бұған да қайталайды. Үй иесі Яковецтің қисынсыз сөзіне сенгендей пішінмен:
– Арақ шіркіннің кейде кісіні құтыртып жіберетін ашуы бар, байқап ішпесе болмайды, оқасы жоқ, өткен іске өкінбе. Клава, – деп әйеліне дауыстайды, – тегенеге ыстық су құйып бер. Жуынып-шайынып алсын. Үйде осындайда жылына қоятын горилкаң да болмайды, қой, мен көршілерге барып қайтайын, – деп үй иесі самогон іздеп кетеді. Оның тез шығып кеткенінен сезіктенгенмен, Яковец не де болса ақырын күте­йін деген оймен сырт киімін ауыстырып, жуына бастайды. Көп кешікпей бір шөлмекті мойнынан қысып ұстап, үй иесі де оралады. Қажып келген Яковец самогон ішкеннен ке­йін қатып ұйықтап кетеді. Түн ортасында біреу жұлқылап оятады, көзін ашса, үйдің іші толған полицей. Дыбысын шығартпай, айдап әкетеді…
Мен бұл жайлардың бәрін қаладан келген Проценкодан есіт­тім. Лена кеткен соң оны Переяславтан әдейі шақыртқан едім.
– Яковецтің ол үйге келгенін полицейеар қайдан білген? Әлде біреу оларға жеткізген бе? – дедім мен Проценкоға.
– Қазір дәл айту қиын, Алексей Васильевич, сірә, итпен ізіне түскен бе деймін… – деді Проценко.
– Қайткенмен де анықтаған жөн. Егер үйдің иесі опасыздық жасаса, оны білейік, алдағы уақыт­та ол үйден жолдастарды сақтандырып жүрейік, — дедім де, – Яковецтен жауап алып па екен? – деп сұрадым.
– Жоқ, – деді Проценко, — тергеуді Григорьевкада жүргізеді деген дерек бар. Оның бұрын сонда істегенін білетін тәрізді.
– Сен аға полицейсің ғой, сол лауазымыңды осы жерде бір кәдеге жарат, Яковецті тергеуге де­йін босатып алу керек. Оны қалай жасауын өзің ойластыр. Бізге оны қашан әкететінін хабарла.
– Байқап көрелік, – деді Проценко кең тыныс ала орнынан түрегеліп, – негізгі жұмысқа кедергі келтіріп жүрмесе болғаны, маған бәрібір.
– Жолдастың тағдырына қалай болса солай қарауға болмайды, Гриша, – дедім мен, – тергеу басталып кетсе, арты неге соғарын кім біледі. Оны селода білетін адамдар көп. Бірі болмаса бірі бүлдіріп жүрер. Онда жағдайымыз мүлде қиындап кетуі мүмкін.
– Түсінем, Алексей Васильевич, – деді Проценко менімен қоштасып жатып.
Екінші күні түнде Григорьевкаға алып бара жаткан жолда Яковецті құтқарып алдық. Оны құтқарып алу онша қиынға түскен жоқ.
…Қару-жарақ асынған жандармдар мен полицейлер үйге сау етіп жетіп келгенде, Яковецтің әйелі Марияның түсі бұзылып, сұрланып кетеді. Ол өзін ұстауға осынша адам келеді деп ойламаған ғой. Қызын құшақтап, төргі үйдің бұрышына барып тығылады. Алдымен, күйеуіне бір нәрсе болды ма деп үрейленеді. Машинадан мылтықтарын кезеп жүгіре түскен жандармдар мен полицейлер жан-жаққа бытырап, сарайды, қамбаны тінтіп, әп-сәт­те қуыршақтай жинақы үйдің астан-кестенін шығарады. Ырық бермей бұлқынған Марияны сүйрелеп, жұлмалап, екі жасар Раисаны шырылдатып, неміс офицерінің алдына алып келеді.
– Күйеуіңіз қайда? Соңғы жолы оны қашан көрдіңіз? – деп офицер сұрақты тіке қояды. Марияның көңілі енді орнына түседі: Яковец немістердің қолына түссе, бұлай сұрақ қоймас еді. Күйеуінің амандығына көңілі ептеп жадыраған секілденеді. Бірақ бұлардың тықақтап сұрауына қарағанда, күйеуінің немен шұғылданып жүргенін немістер білгенге ұқсайды, не де болса үндемей құтылайын деп, Мария баласын бауырына басқан күйі сазарады да қалады.
– Неге үндемейсіз? Әлде мылқау немесе саңыраусыз ба? Мен сізді сөзуар адам деп естіген едім. Күйеуіңіздің қайда екенін айтсаңыз болды, сізге ештеңе істемейміз.
– Мен еш нәрсе білмеймін, офицер мырза! – деп Мария қалтырап жауап қатады.
– Өз күйеуіңіздің қайда екенін де білмейсіз? Ғажап- ғажап! Мейлі, солай-ақ болсын, онда сіз оның жақын жол- дастарын атаңыз?
– Қандай жолдастарын сұрайсыз?
– Айталық, өздеріңізбен жиі қатынасып тұратын адамдарды айтам.
– Қазір біздің үйге ешкім де келмейді, ал бұрынғылары есімде жоқ…
– Ұмытшағын қарай гөр мұның! – офицер орнынан атып тұрып, Марияны жағасынан ұстап өзіне тартып, бетіне салып-салып жібереді, – түсті ме есіңе! Күйеуің қайда, жолдастары кім? Тез айт, әйтпесе бұдан зорды да көресің, – деп тағы да бет­тен тартып жібереді.
Әлгінде тығыларға жер таппай үрейленіп тұрған Мария, денесіне таяқ тигенде бойын тез жинап, қатайып алады.
– Менен жауап күтпей-ақ қой, саған айтар дәнеңем де жоқ! – деп Мария қасарыса түседі. Осы тұста мен Алексей Васильевичтің әңгімесін бөлдім:
–Мария шынымен, – Яковецтің жолдастарын білмейтін бе еді?
– Неге білмесін! – деп Алексей Васильевич сөзін жалғастырды, Яковецке келіп жүрген комитет мүшелерінің, сондай-ақ ниет­тес адамдардың бәрін білетін… Сол күні Марияны қат­ты азаптапты. Бірақ ол сыр шашпапты…
Бұл кез­де Дмитрий Никитич біздің селода еді. Ол немістердің Марияға көрсеткен қорлығын білген жоқ- ты. Бұл оқиғаны одан жасырдық, қамкөңілін жасытпайық дедік. Бірақ Яковец маған ертемен келіп:
– Алексей Васильевич, түні бойы, неге екені белгісіз кірпік қақпадым. Мария мен Раиса көз алдымнан кетпей қойды. Соларға кесірім тиіп жүре ме деп қорқам. Сен қалай ойлайсың! – деді. Мен не айтарымды білмедім. Бірге жүрген жолдасты алдап, өтірік айтудың қисынын таппадым. Мария тұрған селодан әлгінде ғана хабар алған едік: немістер селоның астан-кестенін шығарып, тінтіп, күдіктенген адамдарды Яковецтің үйінің маңына жинап жатыр, селоға бас сұғуға болмайды деп естігенбіз.
Біздің астыртын топқа партизан отрядына сенімді адамдар тартумен бірге, неміс әскерлерінің бет алысын, қимылын бақылап, комитетке хабарлап отыру міндет­телген. Маған бүгін Розовик келуге тиіс еді. Ол бір неміс әйелмен танысып, сол арқылы Переяслав қаласының гебитскомиссарынан тиісті документ­тер алған болатын. Розовик еркін жүріп тұратын. Өйткені немістер фольксдойч атаулыны өздеріне тірек тұтатын.
– Дмитрий Никитич, қазір маған Кирилл Розовик келуге тиіс, күтейік. Қаладағылар көп нәрседен хабардар ғой, – дедім мен.
Яковец менің тіке жауаптан жалтарғанымды сезіп:
– Алексей Васильевич, жасырмай шыныңызды айтыңызшы, Мария тірі ме? – деді.
– Селода жандармдар толып жүрген көрінеді. Анығын біле алмадық. Бірақ немістердің Марияда не жұмысы бар, ақырын тосалық, – Яковец үндемей киіне бастады.
– Дмитрий Никитич, қайда жиналдыңыз?
– Алексей Васильевич, мен кет­тім, — деді Яковец түнеріп. Оған жұбаныш сөз айтып, тоқтату қиын еді. Жолдасты жалғыз жіберудің есебін таппадым, мен де ердім.
Біз Харьковец селосына келесі күні жет­тік. Немістер біздің алдымызда ғана кеткен екен. Село өртеніп жатыр. Яковец үйіне қарай жүгірді. Соңынан мен де далақтап жүгіріп келемін. Есік алдына жете кілт тоқтады. Үрпік қардың үсті қызыл ала қан.
– Мария, Ма-ария! – деп Яковец бар дауысымен айқай салды. Үй ішінің астан-кестені шыққан. Үй жанындағы өртенген сарай бықсып жатыр. Ешкім жауап қатпаған соң, Яковец сарайға қарай жүгірді. Одан шығып, қайта үйге кірді. Біздің қасымызға шырылдап жылаған жас баланы көтеріп кемпір келді. Яковецтің онымен жұмысы болған жоқ. Мариясын іздеп жүр… Бұл күнгі оқиға жайын әлгі кемпірден естідім. Немістер Марияны түні бойы сарайға қамап, азаптайды. Таң ертеңгісін ғана оны алып шығады. Жалаң қабат көйлегі өрім-өрім, үсті басының тамтығы жоқ. Өзінде әл қалмаған, аяғын әрең басады. Сонда да байғұс ана жас нәрестені бауырына тығып, анталаған немістерден оны қорғаштайды, жандармдар жанына жақындап келсе, сәбиін бауырына басып, әлсіз саусақтарын ербеңдетіп қарсылық жасайды. Машинаның қасында талтайып, бүйірін таянып тұрған неміс офицері Марияның жотасынан түйгіштеп:
– Шнел, шнел! – деп итермелейді. Мария бар күшін жинап, офицерге жақын келеді де, бетіне былш еткізіп түкіріп жібереді. Сөйткенше болмай, офицер Марияның қолындағы қызын жұлып алып, лақтырып жібереді. Сондағы Марияның ашынғанын көрсеңіз ет­ті! Жаралы жолбарыс секілді немістің кеңірдегінен ала түсіп, алып ұрады. Мылтық дауысы естілгенде ғана сүйір саусақтары дірілдеп, босана бастайды, сонда да есінен танбайды: «Жаным, жылама!» – деп қызына күбірлеп жатады.
Марияны іздеп таппаған Яковец:
– Шеше, Мария қайда, көрдіңіз бе? деп, ентіге жетіп келді.
– Немістер алып кет­ті ғой.
– Тірі ме өзі?
– Қайдан біле­йін, шырағым, – деп, кемпір қан жапқан қарға қарады. Яковец қызыл қарды жентектеп ұстап, кемпірдің қолындағы қызын бауырына қысып, өкіріп жылап жіберді. Оның мұнысын ешкім ерсі көрмеді, қой деп жұбатқан да адам болмады.
– Бұл соғыс талайды жылат­ты ғой,– деді Алексей Васильевич сәл тыныс алып.

* * *

– Қазір, – деді Алексей Васильевич біраздан соң әңгімесін жалғастырып, – Раиса бойжет­ті, азамат болды. Киевте медицина институтының төртінші курсында оқып жүр. Жазда каникулға келіп қайт­ты. Аман болса, келер жылы дәрігер болып шығады. Тірі адам тез жетіледі екен, көрдіңіз бе, кісі боп кет­ті!.. Небір қилы заман өт­ті ғой, қайсыбірін айта берерсің… 

 

 

Кемел ТОҚАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір