«Жүрегі жырдан жаралған»

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1-дәрежелі «Достық», «Парасат» ордендерінің иегері Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Жүрегі жырдан жаралған» атты әдеби музыкалық кеш өтті.
Талантты тұлғаның қаламынан шыққан өшпес мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттауды мақсат еткен бұл шара ақынның атын ұлықтай түсті. Мерекелік кеште кітапхана қорынан «Тұманбай жыры өшпес мұра» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақынның поэзиялық кітаптары, фотосуреттері, естеліктер мен әндер жинағы ұсынылды. Айтулы кеште қазақ эстрадасының көрнекті өкілдерінің орындауында Т.Молдағалиевтің сөзіне жазылған әндер шырқалып, арнау өлеңдер оқылды. Кешке Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшылығы, ақынның отбасы, өнер қайраткерлері мен ақын-жазушылар, ҚР Ұлттық ұланының Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.