«Драма.кz» фестивалінен кейінгі ой
21.11.2019
1144
0

27-29 қазан аралығында өткен фестивальге он пьеса таңдалып алынған. Фестивальдің финалына өткен шығармалардың оқылымы М.Ю.Лермонтов атындағы орыс драма театрының кіші сахнасы мен «Аrt и Шок» театрының үлкен сахнасында өтті. Аталмыш шараның ұйымдастырушыларының бірі әрі тұрақты жетекшісі – белгілі Ресей драматургы Олжас Жанайдаров.

Ол фестиваль аясында қазақстандық авторлар үшін шеберлік сыныптарын да ұйымдастырып тұрады. Жалпы байқауға келіп түскен пьесалардың саны 48-ге жеткен. Алдыңғы жылы да осымен шамалас болған. 2017 жылы өткен алғашқы фестиваль шеберлікті зерделеу формасында ұсынылған. Өздерінің прозалық шығармаларын алдын-ала жіберіп, соның ішінен драматургияға талабы бар бірнеше автор таңдап алынды. Олар, әрине, дайын пьесалар емес, фестивальге арнап жазылған дүниелер. Ал екінші фестивальдің формасы өзгеріп, қатысушылар өздерінің дайын пьесасын жолдады. «Драма.кz» фестиваліне қатысып, жүлде алған шығармалардың бірнешеуі Ресейдегі өнер бәйгелеріне қатысқанын айтып өткіміз келеді.

Қазақ театр өнерінің, оның ішінде драматургияның кәсіби жолы өткен ғасырда басталған. Драматургия мәселесін сол кездегі жазуға икемі бар жастар өздерінің шығармашылық шама-шарқына орай шешіп, сахнаға шығарғанын тарихтан білеміз. Қазақ топырағындағы алғашқы драматургтер дегенде, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин есімдері аталады. Олардың кейбірі қазақтың жыр-дастандарын сахнаға лайықтап, пьесаға айналдырса, келесілері заманауи тақырыптар төңірегінде ой қозғады. Драмалық тартыс пен әрекеттің көрермен сұранысына сай болуы, біздің ойымызша, сол уақыттың өзінде-ақ басты талап болғаны анық. Жоғарыда аталған авторлардың пьесалары төл өнеріміздің жауһарларына айналғаны сөзсіз. Сол кезде жазылған М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек», «Қарагөз», «Айман – Шолпан», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты» пьесаларын бүгінде режиссерлер сан түрлі интерпретацияда көрермен назарына ұсынып келеді. Бірі – дәстүрлі сахналық тәсілдермен қойса, екіншісі жаңаша формадағы шешімдер тауып жатыр. Демек, «режиссерлік ізденістер заман талабынан туындайды» деп айтуға негіз бар. Негізінен, қазақ драматургиясы әртүрлі даму сатыларынан өтті. Азамат және Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі халықтың ахуалын, жауынгерлер ерлігін айшықтайтын,патриоттық рухты асқақтататын тақырыптағы пьесалар сахна төріне шықты. Одан кейін авторлар «Кеңес өкіметі жүйесіндегі өмірдің жарқын тұстарын көрсету керек» деген талапты орындауға тырысты. Бұл тұста жазылған драмаларда тартыс болмай, аталмыш саланың дамуына біраз нұқсан келгеніне қазақ театрының тарихы куә. Демек, ұлттық драматургия өзінің бастапқы кезеңінен-ақ күрмеулі мәселелерден кенде емес.

Ал  90-жылдары қазақ сахнасына тарихи пьесалар мен еліміздің егемендігін жырлайтын шығармалар көптеп шыға бастады. Еркіндікке қол жеткізген елді өткенімен қайта таныстырып, ұлы тұлғаларын халқымен қауыштырған шығармалар да осы кезеңде туды. Әкем театрдың сахнасына Абылай, Кенесары, Шыңғыс сияқты хандарымыз шығып, халық қызыға көретін спектакльдерге айналғанына Ә.Кекілбайдың «Абылай хан», М.Байсеркеұлының «Абылай ханның ақырғы күндері», Иран-Ғайыптың «Шыңғыс хан», Ш.Құсайыновтың «Қазақтар», «Томирис» пьесалары биік тұғырға көтеріліп, театрдың кезеңдік спектакльдеріне айналғаны дәлел.

Осындай үрдістің жалғасы ретінде соңғы жылдары театр мамандары заманауи тақырыпта жазылған пьесалардың қажеттілігін баса айтып жүр. Көптеген өнер ошақтары өз шама-шарқы келгенше бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысып-ақ келеді. Облыстық театрлар жергілікті авторларға ұсыныс жасаса, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы ұжымдар әртүрлі байқаулар ұйымдастырып, мәселені шешудің жолдарын қарастырып отыр. Тіпті, республика көлемінде тәуелсіздікті жырлайтын пьесаларға байқау жарияланып, жеңіп шыққан пьеса М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасында қойылды. Алайда шығармалардың драматургияның өзіндік теориясымен салыстыра қарағанда әлсіз екендігі де театр сыншыларының назарынан тыс қалып жатқан жоқ.

Әдебиеттің өте нәзік жанры саналатын драматургиядағы заманауи бағыттарды, жаңа қолтаңбаларды анықтау мақсатында қолға алынған «Драма.кz» фестивалі қазіргі уақытта қанатын кең жайып келеді. Мұнда жаңа драманың құрылымына, ондағы тартыстардың, мінездердің бүгінгі күннің қоғамдық-әлеуметтік мәселесін ашуға негізделгендігіне баса назар аударылады.

Пьеса жазуға қызығушылығы басым, шығармашылық өрлеуді қалайтын, өз жұмыстарын түрлі байқауларға жолдап отыратын драматургтер ортасының қалыптаса бастағаны қуантады. Бұл дегеніміз, авторларға өздері­нің пьесаларының қаншалықты сұранысқа ие екенін көрсету және әрі қарай жазуға деген ынта-жігерін арттыру болып табылады.

Негізінен театр тарихына көз жүгіртсек, заманауи драматургия дамымай театр өнерінің алға қарай жылжуы мүмкін емес екенін көреміз. Жаңа заман талабына сай, бүгінгі күнмен үндес пьеса сахнаға қойылғанда театр атмосферасының өзгеретіні анық. Сондай-ақ, театр мамандарының арасында да қызу талқылаулар өтіп, шығармашылық дикуссиялар орын алады.

Соңғы кездері «Драма.кz» фестиваліне келіп түскен пьесаларға деген қызығушылық арта түскен. Бірінші лабораториялық фестивальде оқы­лымы болған орыс тіліндегі пьесалар­дың бірнешеуі қазақ тіліне аударылып, кішігірім театрлар сахнасына қойылды. Екінші фестивальден бастап қазақ пьесалары да сахналанып келеді. Бұл заманауи драматургияның ана тілімізде жазылуына, дамуына түрткі болды. Биылғы шорт-листке кірген пьесалардың жетеуі – орыс тілінде, үшеуі – қазақ тілінде сахналанды. Пьесалармен танысып шыққаннан кейінгі біздің байқағанымыз, тақырыптың, жанрдың, форманың көптүрлілігі болды. Олар: Х.Асановтың «Әулие ағаш», А.Маудановтың «Миллион» және Ы.Шалғынбайдың «Қамал» пьесалары. Бұл туындыларда автордың өз тақырыбын ашуда жан-жақты ізденгені анық көрініп тұрды.

Олардың тақырыптары мен формасы қызық. Мысалы: Х.Асановтың «Әулие ағаш» пьесасы қарапайым ауыл тұрғындарының өмірін көрсетеді. Бас-аяғы бес қатысушыдан тұратын оқиғалар тізбегі өзінің ықшамдылығымен және бірізділігімен оқырманды баурап алады. Автордың алғашқы пьесаларымен салыстыра қарастыратын болсақ, «Әулие ағаштың» көш ілгері дүние екенін көреміз. Х.Асанов өзгеше форма, абсурдтық тақырып іздемейді. Басты кейіпкер өтірігіне қалай оңай сендірсе, шындығына сендіруі де сондай қиын болды. Алғашында болмашы нәрседен туындаған мәселе күрделеніп, шиеленісіп, кейіпкерлерді тығырыққа тірейді. Басты кейіпкер – Ғайыпбай әйелі мен әпкесінің ортасында жүріп, соңында не істерін білмей, әрі-сәрі күйге түседі. Х.Асанов осы кейіпкері арқылы ауыл-аймақтарда күн кешіп жатқан көп қазақты бейнелеген. Бұл тақырып та, кейіпкерлер де қазақ театры мен көрермендеріне керек. Пьесаның соңында Ғайыпбай шығып кетеді, сахнада балта мен күрек қалады, яғни адам кеткеннен кейін оның орнын істері басады. Сол сияқты Ғайыпбайдың әулие ағаштың киесін асқақтатқаны емес, оның сол ағашты түбінен қопарып құлатқаны ғана негізгі мәнге ие болды. Біз автордың осы жұмысынан қарапайым ауыл адамдарының өмірін көрсетіп қана қоймай, олардың трагедиялық хал-күйін жеткізгісі келетінін айтқымыз келеді. Автордың айтуынша, бұл – ауылда замандас, сыныптас достарымен отырғанда айтылған әзілден туындаған пьеса екен. Жұмыссыз адамдар көп болғандықтан, бос жүрген адам жағымсыз дүниелерге үйір болатыны сөзсіз. Алып мегаполистен шалғайда жатқан елдімекендерде шешімін таппай, күн өткен сайын күрделеніп жатқан мәселелер шаш етектен. Х.Асановтың аталмыш шығармасы соны меңзеуде.

А.Маудановтың «Миллион» пьесасын­дағы гүл сатушы қыздың арманы мен мақсаты – тұрмысқа шығу. Бойжеткен жасы ұлғайған сайын үміткерлер азайып, таңдау жасау мүмкіндігінен айрылған. Кім болса да, «әйтеуір тұрмыс құрсам» деген үміттің жетегіндегі оған күтпеген жерден үміткерлер бірінен соң-бірі келіп, ұсыныс жасай бастайды. Бұл пьеса басқаларымен салыстырғанда сауатты жазылған. Дегенмен де жігіттердің келуі механикалық схема сияқты. Алғашқы екеуін қабылдағанымен, келесілерінің келуі болжамды түрде күтіледі. Сондай-ақ, пьесаның қалай аяқталатыны ортасында-ақ түсінікті болды. Автордың ұтымды тұстарының бірі – кейіпкерлерін айналысатын кәсібімен атауы. Осындай әдіс арқылы оқиға мен тақырыпты ортақтастыруға ұмтылған. Аталмыш шығармада бүгінде ұмыт болып бара жатқан романтика мәселесі де көтерілген екен. А.Маудановтың мұндай шығарма жазудағы басты мақсаты – тіршіліктің ағымына түсіп кеткен адам жанындағы жақынының көңіліне қарап, көңілін аулауды ұмыт қалдырғандығын көрсету. Әрине тірлігі басым, алдыңғы орынға тек ақша табу ғана шыққан қоғамда махаббаттың, сүйіспеншілік сезімінің жетіспеуі баяндалатын пьесаның ғұмыры ұзақ болатыны айқын.

Ал бір пердеден тұратын Ы.Шалғын­байдың «Қамал» пьесасының оқиғасы абсурд жанрына жақындатылған. Шекара қызметіндегі екі Кеңес жапан далада бір қамалға тап болған. Олар бір әңгімеден екіншісіне өтіп, қамалдан шығудың жолын қарастыра бастайды. Алғашында екі солдат деп ойлаған біздер оның бір адам екеніне көз жеткіземіз. Жоғарыда айтып өткендей, абсурд жанрында жазылғандықтан, бұл  образды Кеңес болмысының екіге жарылғаны деп те қабылдауға болады. Жалпы өмірдің қымқуыт тірлігіне түскен адамның күнделікті өмірі осы қамалда қалған сияқты. Яғни, бұл дегеніміз, бір ағысқа түсіп алып, сол бағытпен ағып бара жатқан адамдардың өмірі. Аталған пьесаның басты құндылығы  – формасының өзгешелігінде. Қытайдан келген қандасымыз Ы.Шалғынбай бұл шығарманың  өзінің атажұртқа алғаш келгендегі психологиялық хал-күйінен туған пьеса екенін айтқан болатын. Мұны сондай-ақ, тәуелсіз қазақ елінің алғашқы жылдардағы өмірінің көрінісімен салыстыруға болады.

«Драма.кz» фестивалінде осы жылғы жеңімпаз ретінде танылған қазақ тілін­дегі осы үш пьесаны талдай отырып, автор­лардың тақырып таңдаудағы еркіндігін аңғардық. Олар қазіргі таңдағы театр сахнасында айтылуы керек деген ойларды ескере отырып, драмалардың көрерменге берерінің мол болуын көздеген. Бұл жерде біз қарапайымдылықты ұстанған драма­тур­гияға бет бұрған жастардың бүгінгі қоғам­ның ең өзекті мәселелерін көтергенін байқадық.

Айжан АХМЕТ,
театртанушы

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір