Айтматов адамзатқа не айтты?
21.11.2019
2729
3

(Қайткенде адам қалады адам болып?..)

«Егемен Қазақстанның» 17 қаңтар күнгі санынан Шыңғыс Айтматовтың жазушы Мархабат Байғұтовтың аудармасындағы «Эйфельдейін мұнараның маңында…» деген эссесін оқудың сәті түсіп, толқынды толқын қуалағандай аласапыранға тап болдым. Мақала көтерген басты тақырыпқа ерекше елти берілуімнің бір себебі – бірнеше күннен бері өткен ғасырдың 70-90 жылдары жазған күнделіктерімді қайта парақтап жүріп, 1989 жылдың 1 қыркүйегінде және 1990 жылдың 19 тамызында жазылған «Жан пида» жөніндегі ой-толғаныстарымды тауып оқып, соны бір газет не журналға берсем деген ой бар еді.

Сөйтіп жүргенде Ш.Айтматовтың мына аудармасы кезігіп, одан әрі желпіне түстім. Ендігі жоспарым –  осы мақаланы басшылыққа ала отырып, «Жан пида» жөніндегі 1989 жылғы талдауларымда атап көрсетілген тарихи, саяси, діни, адами толғаныстарымды аша түсуге тәуекел етіп отырмын.

 «Жан пидадағы» жаңа дін жөніндегі жазушы концепциясының не екенін, қандай қажеттіліктен туындағанын өзара салыстырып, бүгінгі болмысымыздағы шым-шытырық қайшылықтардың жаһандық тек-тамырын қуалау арқылы жазушының шын мәнінде «Адамзаттың Айтматовы» екенін өзімше дәлелдегім келді.

 Әрине, ХХІ ғасырдың 19 жылында көп нәрсе ашық айтылып, зұлымдық атаулыға қарғыс таңбасы бадырайта басылған өткенді айтып көсемсігендей болып көрінермін де. Бірақ 1986 жылғы қанды қырғыннан еңсесі түсіп, қызыл террор салтанат құрып тұрған бір уақытта «Жан пиданың» жанын түсініп, жоғары бағалаған қанша қазақ болды екен? Ұлы шығарманың ұлылығын жұрттан бұрын танып, қазақ тіліне тамылжыта аударуға батыл кіріскен Шерхан ағамызға алғыс айтып, о дүниенің рахаты мен имани ғұмырының камал болуын тілер едім.

 «Жан пида» жөніндегі күнделіктерімді осы «Эйфельдейін мұнараның маңайынан» шыққаннан кейін қаз-қалпында бермекпін.

 Ш.Айтматовтың бұл эссесін оқып отырып, осынау қарапайым қырғыз перзентін әлемдік даңққа бөлеген шығармашылық жолына ойша шолу жасағанымда («Ақ кеме», «Қош бол, Гүлсары», «Ана-Жер ана», «Боранды бекет» т.б.) «Жан пидаға» барар тар жол, тайғақ кешулі қатерлі сапар сорабын көргендей боламын. Эйфель мұнарасының ұшар басына шығып алып, ой толғаған қаламгер өзіне жиі қойылатын бір сұраққа былай жауап беріпті: «…Менің өмірге неге сонша түңіле қарайтынымды білгісі келеді, құбылыс атаулыға қасіретті көзқарасымның басымырақ екендігін ескертіп жатады. Таласым жоқ, тумысымнан солай жаратылған шығармын». Мұндағы «тумысымнан солай жаратылған шығармын» дегенді, кең ауқымда алып, ой тезіне салып көрсек, оның негізгі өзегі гендік мәннен гөрі орыс отаршылдығында тұншығып азаптанған, әке-баладан, туыс-туғаннан тірідей айырылып, жетімдік кіріптарлықта өскен ұрпақтар тағдырын меңзеген шерлі өмір шындығы десе болар.

Айтматов бәрімізге қарата былай деп сұрау тастайды: «Біз кім едік, енді кім болдық, жоғалтқанымыз бен тапқанымыздың ара салмағы, айырым белгісі қандай, алда нендей кеп күтіп тұр, қайда бара жатырмыз?»

 Өткен ХХ ғасырдың сексенінші жылдары осындай жаһандық сұрақ қойған автордың өзіне және баршамызға қайтарар жауабын «Жан пидадан» тапқандай боламыз. Егер ауқымдап қарастырар болсақ, Ш.Айтматовтың қаламынан туған барлық шығармаларынан да ол сұраққа толымды жауап таба алады екенбіз. Осы арада ұлы жазушымен замандас әрі тағдырлас Мұқағали Мақатаевтың «…Сонымен достар, бүкіл менің жазғаным – бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма» деген әйгілі мәлімдеме мәндес тамаша туындысы мен Айтматовтың бүкіл жазғандарының айтары «Қайткенде адам қалады, адам болып» деген жандауысымен үндесіп-үйлесіп, Эйфель мұнарасынан адамзат баласына ұранды сұрақ тастап тұрғандай әсерде қалдым.

 Кеше ғана «кемелденген социализм» жырын айтып елеуреп жүргеніміз есімізден шыға қоймаған шығар. Ендеше, сол бұлжымастай көрінген шіркінің уақыттың қас-қағым сәтінде қайда ұшып кетті? Сонау ХІХ ғасырда өмір сүрген орыстың ұлы ойшылы ол туралы мынадай сәуегейлік айтып кетіпті: «…Социализм жеңе қалған күнде дұрыстығымен жеңбейді, қарсыластарының бұрыстығымен жеңеді».

 Тарих өз жүрісінен жаңыла бермейтінін ХХ ғасыр куәгерлері – сіздер мен біздер көріп, білдік. Ал ол ақиқатты бәрімізден бұрын танып-білген Шыңғыс Айтматов «Жан пидаға» апарар қатерлі соқпаққа түсудің қажеттілігін былай толғайды: «…Сайып келгенде, дін ретіндегі діннің де, мәдениет ретіндегі мәдениеттің де маңдайларына рухани «локомотив» болу парызы о бастан жазылып қойылған. Адамдық жаратылыстың табиғатына – сүріну, құлау, құлдырау, шарықтау арқылы, дәуірлеудің қайта өрлеуі, күнәлар мен өкініш-опыныстар арқылы кемелдіктің биіктеріне талпыныс тән… Бұл орамдағы адамдық рух өлшемі – ғарыш». Біз сөз етіп отырған «Жан пида» – дәл осы құлау, құлдырау дәуірінің ғарыштық рух өлшемі туралы толғаныс екен.

 Жазушының «…Мейлі, дұрыс жағынан, мейлі, бұрыс жағынан болсын жаңара, жаңғыра аламыз ба? Рухымызбен сілкіне аламыз ба, биіктей білеміз бе? Жаратқанға жақындай түсеміз бе, тазарып, адамның кемелдене бермегі шексіз екенін ұғынамыз ба, әлде Албастының арбауына түсіп, құтырған дискотекалардың жын-ойнағына елігіп, елітіп, тасыраңдап-талқандап, зорлап-зомбылап нешеме ғасырлар мен дәуірлерді жалғастырып жатқан дәстүрлердің жібек жіптерін пытырлата үземіз бе? Япырай, дүние неге бұлай жаратылған. Албастысыз Құдай күнін көре алмай ма? Құдайға соның не керегі бар, Албастыны аластап тастаса, бізге де рахат болар еді, ол антұрғанның алысқа кетер түрі көрінбейді. Мынау олай, мынау былай деп дұрыс жол нұсқайтын төбе би қайда?»

 Өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі «тоқырау» тоспасына тірелген жазушы үшін ол заманның ащы ақиқатын әшкерелеп, төбе биге жүгінуі қаншалық қатерлі екенін де ұмыта қойғанымыз жоқ. Кемеңгер жазушымыз сондықтан да «Жан пида» және «Боранды бекеттен» басталған барлық ұлы шығармаларында ХХ ғасырдың дабыралы жетістігі қатарында мойындалып үлгерген «Модернизмнің» «тәртіп пен миф» деп аталған жаңа тәсіліне жүгініп, кеңестік цензураның қырағы мұнарасын айналып өтіп кеткенін соңғы кезде ғана байқап, бағалай бастағандаймыз.

Өткен ғасырдың 60-жылдарында жарық көрген Олжас Сүлейменнің өлең-дастандарында, Әнуар Әлімжановтың роман-повестерінде модернистік сарын алғаш байқала бастады. Ал 70-жылдардан былай қарай Ш.Айтматов шығармаларының ықпал-әсерінен қазақ қаламгерлері де жаңа ізденістерге батыл қадам басқаны анық. Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», «Ханша Дария хикаясы» қатарлы шығармаларына ілесе Төлен Әбдіктің «Оң қолы» мен Марал Ысқақбаевтың «Ұят туралы аңызы» т.б. повестер жарық көре бастапты. Оралхан Бөкейдің Алтайдан Алматыға келуі эпостық сарын мен мифтік аңыз-әңгімелердің де қазақ прозасына дендеп ене бастағанының негізі ретінде зерттелуге лайық.

 ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың өзіміз куәсі болып отырған қазақ әдебиетіндегі модернистік ағымның өнімдері ретінде бір мезгіл дәріптелген орыс тілді қаламгерлердің жазғандары, негізінен, жалаң еліктеу, форма қуалаудан ары бара алған жоқ. Оның басты себебі ретінде екі мәселені атап көрсетуге болады. Біріншісі – әуесқой модернистер әлемдік әдебиетте даңққа бөленген қаламгерлердің өз халқының тарихын, этнопсихологиясын, дәстүрін, ойлау-қиялдау шарқын қалыптастырған бай эпосы мен мифтік аңыздарын жете меңгеру арқылы дәстүрлі классикалық баяндау, суреттеу дағдысын жаңғырту жолымен шыт жаңа әдебиет жасай алғанын олар жан жүрегімен сезіне алмағандығында. Екіншісі – адам баласымен бірге жасасып келе жатқан дәстүрлі діндер мен мәдениеттердің адамзат тарихындағы рөлі мен философиялық терең қатпарларына мүлде жақындай алмаған ұр да-жық атеистік ұғым-түсініктер арбауынан шыға алмағандығы десе болар.

 Соңғы жылдары баспа бетін көрген нағыз модернистік прозаның үлгісі ретінде Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды» және Асқар Алтайдың «Сират» қатарлы шығармаларын атауға болар еді. Үстірт шола қарағанда, қазақ қаламгерлері арасында «модернизм» дегенді жатырқау, кейде тіпті ол бағытқа мұрын шүйіре қарау да байқалады. Басқа халықтарды айтпағанда, Ш.Айтматовтың әлемдік шеңберге шығып, даңққа бөленуінің сыры – ғаламдық проблемаларды азғантай ғана қырғыз халқының аңыз-әңгімелерімен мифтік әфсаналарымен сабақтастыра білуінде, нағыз жанашырлықтың қандай боларын дәлелдеп беруінде болатын.

 «Жан пида» туралы айтқанда, кемеңгер жазушының жеткен жетістігін ағылшын, американың модернистік әдебиетінің негізін қалаған Джеймс Джоистың (1882-1941 ж) «Улисс» романы жөнінде сыншы Т.Е.Элиоттың «Меніңше, бұл роман, мен қателесіп кетпесем, былыққан, тегінен тайған, астан-кестең болған жандүниені біз білетін шындықтан басқаша тәсілмен жеткізген» деген анықтамасымен шендестірер едік.

 «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Эйфельдейін мұнара маңында» атты эссесінде Айтматов ол туралы ашына жазып, баршамыздың жағамыздан алып сілкінгендей болыпты. «Мәдениет деп майысамыз-ау мына тіршілігіміздің көгілдір көкжиектерін сыбайлас билеушілер жемқорлығының мафиялық жырынды жықпылдарының тонаушылық, зорлық-зомбылық пен заңдарды белден басушылықтың дүлей өрттері жалмап бара жатқан жоқ па?! Осыдан барып, қорғансыз, қансыраған қайран демократия жығылып, сүрініп, қоғамы қуатсыз, адамы ұятсыз, алмағайып кезеңде болмай қоймайтын балалық ауруды бастан өткеріп жатты».

 Жазушыны сондай жан азабына салған өмір шындығын тоталитарлық режим дәурендеген кешегі кеңестік қоғамда аяусыз әшкереленген «Жан пиданы» оқыған және менің ол роман туралы сонау 1989 жылғы жазбаларыммен танысқан оқырман ғана сезінеді. Ал «Өтпелі кезең» деп аталған, қашан өтіп болары әлі белгісіз соңғы ширек ғасыр шындығын, әлемдік алаңда болып жатқан сойқанды оқиғалардың ылаңын көз алдыңа келтірсең, жаның түршігеді. Осылардың бәрін өткен ғасырдың соңғы жарымында анық танып, айтудың жалғыз амалы «қан сасыған социалистік тоталитарлық қоғамды өзгертудің ділгір қажеттілігі әрі бағдарламасы ретінде жаңа дін ойлап табу арқылы жаңа қоғамдық тәртіп орнату» дейтін утопиялық сандырақпен перделеніп, тұспалдап, мифтік аңыз-діндік қисынсымақтарды шебер қиюластырып отырады. Осылай дегенімізбен, Айтматов дін тақырыбына ойысқанда «Жан пидадағы» ұстанымдарын уақыт сынынан өткізе байытып, кемелдендіріп отырғанына да куәміз. «Ендігі жерде дін біздің күнәһар болмысымыздың деңгейінен биікке көтеріле алмай саясатқа араласты ма, бітті, иә, бейкүнә саяси идеология болмақ емес, ондай альяныстан аярлық күте бергін. Дін әлдебіреумен, әлденемен тікелей күреске шақырылмауға тиіс. …Дін халықтардың бір бөлігін екінші бөлігіне айдап салатын қаруға ешқашан айналмауы қажет» деген ұранды бар дауыспен айтуға шақырады.

Біз осы арада Шыңғыстың мына бір толғанысы да назарымызда болса дейміз: «Небір ұлы діндер ұғындыратындай, егер Алла Тағаламыздың адамды өз үлгісімен жаратқаны рас болса, оған да қызығу қиын-ау. Шіркін-ай, біз пақырды бұдан жөндемділеу, жөндемдеу етіп жасамағаны қандай өкінішті дейсің… Бірақ баршаға – береке, қолдағыға – қанағат» деп Жаратушыға да базына айтады, адамзатқа да өкпе-назын әдемілеп жеткізеді.

 Данышпан Виктор Гюгоның «Дүниеде майда халықтар жоқ… Адамның ұлылығы оның жасымен өлшенбейтіндей, халықтың да ұлылығы оның санымен өлшенбейді», – дейтін сөзін Шыңғыс Айтматов арқылы бауырлас қырғыз халқына қарата айтуға әбден болады екен.

 Ендігі тұста 1990 жылдың 19 тамызында «Жан пиданы» оқып шыққан кездегі көңіл ауаны мен сол тұстағы таным-түсінігімде жазылған күнделігімді қаз-қалпында бергім келді. «Эйфельдейін мұнара маңынан» тым шалғайда жатса да, ойға ой қоса оқыған арда көңіл оқырманға айтары бар сияқты.

 «Жан пида» жайлы күнделіктен үзінді

 Бүгін басталғалы біраз уақыт болса да, оқып тастауға уақыт таппай жүрген «Жан пиданы» жанпидалықпен оқып шықтым. Кітапты оқып бола сала соңына былай деп жазыппын…

«Ой, сұмдық-ай, осындай сұмдықтың боларын жүрегім сезіне бастағалы бұл кітапты қалай оқып тауысардың бабын таппай, қаным басыма шауып, тұла бойым бір ысып, бір суып отырды. Көкірегім шерге толып (жеті-сегіз жылдан бері жүйелеп кітап оқудың рахаты мен машақатын тартпай топастанған көкірегім) бастан кешпеген зіл-зала күйге түсіп едім.

 «…Сөйтіп, сол бір күн де келіп жетті…» Осы сөйлем қайталанған сайын тынысым тарылып, дар тұзағы мойныма түсердей қысылдым. Бір ғажабы әрі сол күнді тағатсыздана күттім де. Яғни, көркөкірек Базарбай мен Қошқарбайдың Бостан қолынан әділ жазалануын асыға күттім. Бірақ ол асығудың артында үрей де бар еді. Ол үрей қаншық қасқыр әкелер зауал – кінәсіз сәби қазасы – темір логика құрсауымен құрсауланып алқымды қысып келе жатыр еді. Дегенмен ондай сезімді сергек оқырман ғана, әдеби шығарманың ішкі ағысын қалт жібермей бақылап отырған оқырман ғана сезіне алады. Шығарма өзегінде сондай тылсым ағыс бар.Тек Шыңғыс сияқты ұлы дарындардың өресі жететін тылсым деуге болар.

 Роман тас-түнек, тас-құрсау комму­нистік идеологияның қараңғы, тымырсық ауасы, тынысты тарылтып, еңсені басып тұрған бір заманда жазылып бітіпті. Оның жарық дүниеге келер шағы ұлы дүрбелеңнің қарсаңы – таңғы қараңғылық шағы еді. Жариялылықтың шалғын майсасы өсіп шығар құнарлы топырақ сияқты болды-ау бұл роман. Қайбір ұлы шығарма болмасын, дүниеге осылай келуші еді ғой. Айтуға, жазуға болатын дүниені жазып, қай жазушы, қай ақын әлемдік тұғырға орныға алып еді. Толқынға, ағысқа қарсы қасқая жүзе алған қайсар таланттар ғана өз дәуірінің өзекжарды сөзін батыл да әділ көтере алған ғой.

 Шыңғыс Айтматов «Жан пидасында»: «Егер әлем өзінің ең ақ ниетті, адал жүректі идеал ұлдарын бәрінен де қаталырақ жазалайтын заңдылық бар болса ше? Егер осы заңдылық өмір сүрудің, тіршіліктің тірегі болса не болмақ? Егер әлгі идеялардың салтанат құру тәсілі осылай болса ше? Әлгі салтанаттың құны осылай өлшенсе не болмақ?» деп бекер ширықпаған екен.

 «Жан пида» – аты қандай тамаша, қандай салтанатты еді. «Өмірге бір-ақ рет берілер қасиетті жан – тіршілік арқауын шорт үзіп пида ететіндей қандай мәжбүрлік, қандай  мұқтаждық немесе қандай шарасыздық болды екен?» деп шұқшия үңілмеске шараң бар ма?

 «Жан пида» – кім үшін, не үшін кім жанын пида ету керек? Кітап бастан аяқ осы сұраққа жауап іздейді әрі оқырмандарды қосарына алып бірге іздейді. Сондай оқырмандардың бірі ретінде мен де талай шытырман сұрақтарға өзімше жауап іздеп, кейбіріне жауап тапқандай болдым. Соның бірі – «мұсылман Шыңғысқа Мұхаммед пайғамбардың хақ дінінен, оның қайсар да тапқыр әулиелерінен, 33 мың сақабасынан үлгі алар бір Әбди немесе ондағы Иссус текті адам табылмағаны ма?» деген сұрақ болатын. Ойлана келе, мұнда өзге сарын­ды шығармашылық жасампаздық жасыры­нып жатқанын байқадым. Олардың ең басты­лары­ның ішінен мыналарды атап өткім келеді:

Христиан дінін сөз еткендей болу арқылы автор өкімет пен идеология тұтқасын шеңгелдеп отырған орыс, словян тектес халықтарды алдарқатып тыныштандыру үшін;

Шын мәнінде Иссустың Құдай жолына, өзі ұстанған идеялар жолына басын тігіп, креске керілу фактісі мен Рим тергеушісі әрі Рим отаршыл өкіметінің өкілі Фанти Филатпен Иссус арасындағы кінәласу процесін көрсету арқылы бүгінгі күн Иссус-Әбдиінің креске керілуі арасындағы тарихи әм реал шындықты ашып көрсету үшін;

Сталиндік, социалистік-коммунистік идеясымақтардың шын сиқын ашып әшкерелеу үшін дін тақырыбын өзек етіп алу керек болды деп батыл айтуға болатын сияқты.

Сол жылдарда (80-жылдарда) «Жан пида» көтерген идеяны басқаша оқиға, басқаша сюжет желісімен айтып, басқаша құрылыммен жазу мүмкін бе еді? Жоқ. Олай болса, жазушының бұл тәуекелі оның ұлылығының нышанасы екеніне күмән қалмас.

 Әбди Каллистратов кім? Жаңа құдай, жаңа дін іздеуші. «Мына кірленген, күнәһар болған, қылмыс пен жәдігөйлік жайлаған жершарын, оның жалғыз саналы қожасы – адамзатты құтқару үшін тек жаңа дін арқылы ғана жол табуға болады» деп арпалысып жүріп осы жолда креске керілген Әбди – Иссус қой ол.

 Жазушы Әбдиге арнайы бір сапар, қосымша бір сапар жасатты. Алғашқысы ғайыптың күшімен сәтті аяқталды. Ол ғайып күшке оқырман ешбір күмәнсіз, ешбір селкеусіз сеніп иланды. Былайша айтқанда, жазушы өзінің талант құдіретімен арбап иландырғандай болды. Оқиға ретінде таңдап алған деталі – қарапайым, қара сора сорлатқан нашақорлар, азғын ұрпақ тағдыры. Ал Әбдиді сорлатқан, түбіне жеткен екінші сапар – тіпті де елеусіз, өмірде толып жатқан қосылулар мен айрылысулардың бірі сияқты Инга келіншекке байланысты белгілі махаббат шырғалаңынан туындаған Мойынқұмдағы қан қасап жортуылға ұласып барып (Гришан жауыздан аман құтылған Әбди) Обер- Кандаловтың рақымсыз үкімімен креске керілумен аяқталды. Қара сораға жорықта – Атаман Гришан, Петруха, Ленка, Мамаш, Коля т.б. кейіпкерлер бой көрсетеді. Әбдидің серіктестері – кілең жастар. Ал ақбөкен жорығында орта жас және одан жоғарғы атаман Обер –Кандалов, Мишаш, Кепа, Гамлет-Галкин және Обериган Үзікбай қатарлы бес азғын Әбдидің өлімтік сүйегін сексеуіл тұғырға кірестеп кетті.

 Қос жұп – тасшайнар мен аққұртқа бүкіл романның алтын арқауы, мәйегі десе болар. Ақырында, өзімен қоса пәленбай адамның қанды қазасына себеп болған бұл жыртқыштарсыз «Жан пида» толыққанды дүние бола алмас еді. Бостан, Кенжеш, Базарбай (әттең, парторг Қошқарбайдың ілікпей қалғаны өкінішті) трагедиясы қандай нанымды, қандай дәлелді суреттелген. Қайран Ерназар, бақытсыз Гүлімхан, көк долы Көк Тұрсын, әрі-сәрі директор – бұлар да елеусіз, ескерусіз басы артық адамдар емес еді. Басқаша айтқанда, бұлардың бәрі де – аталмыш «кемелденген социализмнің» кері кеткен, кесірлі тобырлары болатын.

 Романның тұтас өн-бойында, жекелеген детальдар мен кейіпкерлер тағдырында, әсіресе ұнамды делінетін ізгі жандар тағдырында қан сасыған сойқанды сорақылықтар шарпысуларында майдандасу арқылы ылғи да ізгіліктің көбірек жеңілуі айқын әйгіленіп, қоғамдық өмірдің нағыз болмысы таразыға тартылады. Былайша айтқанда, күні бүгінге дейінгі адамзат тағдыры, тарихы, тәлейі тек жан пидалықтың сөзсіздігін дәлелдеу мақсатына қызмет етеді. Олай болса, біздің Әбди де, Бостан түгілі Ерназар, аққұртқа да жан пидалыққа жаралған құрбандық екенінде қандай шүбә болмақ?!

 Менің романды оқуды аяқтауға жақындаған сайын шошынып, жан дүниемдегі сұрапыл зілзаладан үрейленуім әне сондай сөзсіз болмай қоймайтын жан пидалықтың ақырын алдын-ала сезінуімнің нәтижесі еді. Демек, біздің мынау іріп-шіріген, бар мүмкіндігін тауысқан, алдамшы ұрандары жұртты мезі еткен «кемелденген социализмнің» сөзсіз күйрейтіндігін Шыңғыс Айтматов көрегендікпен болжап бергендей әсермен кітапты аяқтадым.

 * * *

 Біз осыған дейінгі айтқандарымызды түйіндеу үшін сөзді көбейтпей Айтматовтың мына уәжіне тоқтауды жөн көрдік: «Біз әлеуметтік пе, мұраттық па, саяси ма, тағы басқа қайсыбірін айтсаң да… біз келер ұрпаққа, иә, иә, солай, оларға тағы да өзіміз – өзегіміз, өз тағдырымыз арқылы жол аштық. Тауарихта осындай жағдай, иәки, түпкілікті төңкеріс және бүкіл бір ұрпақтың өзін-өзі жоққа шығаруы арқылы бүкіл дәуірді жаңғыртып, жаңартуы, қайталап айтамын, қанды құрбандықтарсыз түбегейлі өзгертуі, әй, құдайым-ау, кездесе қоймаған шығар-ау!

 Қалай ойласаң да еркің білгей. Былайша айтсақ, бостандықты ешкім де су тегін сыйлай салмас, сен оны қалай аңсадың десейші бір кездері. Ақыры алдың ғой. Кешіргін, шырақ, оның құны  – мына біздің ұрпақ. Бұдан әрі қалай болады, енді оны өздерің ойлаңдар, жаманды-жақсылы біз өз парызымызды өтедік…»

 ХХІ ғасыр перзенттері ұлы адамның осы ұлағатты өсиетін ұмыта көрмеңіздер. Адам баласының ең осал мінезі оның ұмытшақтығында.

 Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,
жазушы, тарихшы

ПІКІРЛЕР3
Аноним 27.11.2019 | 19:35

Қайдағы бір провинцияналдар аударған әлемдік деңгейдегі шығармаларды оқуға жүрек беттемейді. Байғұ(с)ттың Айтматовта несі бар, ауылындағы Пратовты қалағанынша аударып жүре бермей ма? Айтматов эссесі «Эйфель мұнарасының түбіндегі ойлар» деп аталатынын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Мақала авторы Айтматов қазақтарға әсер етті деп, бірнеше фамилияны атаған. Солардың ішінде Әбіш Кекілбаев туралы айтқаны көпе-көрінеу жала, өйткені, Мәңгүрт жайлы аңызды алғаш Кекілбаев жазып, Айтматов одан ұрлағаны әдебиетші қауымға белгілі.

Аноним 04.12.2019 | 22:34

Ия! Кекилбаев алгаш рет жазган мангурттик маселесин

Аноним 17.12.2019 | 10:32

Айтматов шыгармасы Советтик цензура заманында керемет болып коринетин еди. Казир окып көрсек тук те емес. Өйткені, онда шынайы омирден кори Советтик жазушылардың кур киялы, өз көзқарасы басым. Және Айтматов Хак динди кабылдамаган атеист адам болғандыктан ,,Жанпидадагы,, жаңа дин идеасы типти кулкили. Кайта, Тениз жагалай жугирген таргыл тобет, Акеме аркылы әдебиетте аты калуы мумкин.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір