Жұлдыз ақса әжем бетін сипайтын…
20.11.2019
2036
8

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

ЖҰЛДЫЗЫМ БАР МЕНІҢ ДЕ

Сан мың жұлдыз көк аспанның төрінде,

Байланғандай бәрі бір-бір өмірге.

Әр жұлдызды бір тағдыр деп ойласақ,

Сол аспанда жұлдызым бар менің де.

Жымың емес, діріл қағып тұрғандай,

Біз секілді тоңады-ау ол, тегінде…

 

Әр жұлдыздың құпиясын сыр көмбе,

Жасыратын секілді ме түн-перде?

Жұлдыз ақса әжем бетін сипайтын,

«Бұл өмірден өтіпті, – деп, – бір пенде».

Баламын ғой, сенетін ем шынымен,

(Ертекке ұқсас екендігін білсем де)

Қайсысы деп ойлайтынмын жұлдызым,

Таразы ма?

Әлде анау Үркер ме?

 

Тудық па екен жұлдызбенен жаралып?

Жұлдыз ақса –  кетерміз-ау жоғалып…

Жұлдыздардың мекені – тек қара түн,

Көрінбейді таң атқан соң ағарып.

Мекендеген көк аспанның бір шетін,

Әйтеуір бір жұлдызымның бары анық…

 

Сезем оны,

Жұлдызым бар менің де,

Асықпасын…

Тек ертерек сөнуге!

УАҚЫТҚА НАЗ

Бала болдым, өсіп-өндім, көктедім,

Қол бұлғаған арманыма беттедім.

Қарсы алдымда – асықпайтын болашақ,

Артта қалды оралмайтын өткенім.

 

Сан құбылған сыйлығы мол толағай,

Күндер өтті ештеңеге қарамай.

Өткен шағым ғайып болды көзімнен,

Жұтты-дағы уақыт деген қомағай.

 

Асау уақыт, тізгін бермей зырладың,

Небір алтын сәттерімді ұрладың.

Өткен күннің бәрі сағым,

әйтпесе,

Қайда сол бір жалын атқан жылдарым?

 

Қайғы-мұңнан шаттандырар ән артық,

Батар күннен арайланған таң артық.

Көктемімнің куәсіндей шақтарды

Қайда,

Қашан

алдым екен жоғалтып?

 

Тыным көрмес, аялдайтын күні жоқ,

Уақыт – арсыз, табанының бүрі жоқ.

Сағынсам да, аңсасам да – бәрібір,

Өткенімді қайтаратын түрі жоқ!

 

Алыстады жастығымның жайлауы,

Уақыт – арсыз, жоқ қой оның байлауы.

Жұтып жатыр, жұтып жатыр барлығын,

Толмайды екен жарықтықты қойнауы…

 

Зулайсың да, зырлайсың да, тынбайсың,

Міз бақпайсың, сынбайсың да,  қыңбайсың.

Жылдар жатыр зынданында уақыттың,

Қайран уақыт, тағы немді ұрлайсың?

 

Тұрақ тауып қайда барып тоқтайсың?

Ештеңем де қалмады ғой жоқтайтын.

Тонаса да, жалмаса да түк қоймай,

Құдірет жоқ уақытты соттайтын.

 

Кім біледі, көндіккен де жөн шығар?..

Көретұғын қызығым да мол шығар.

Мына сәт те айналады өткенге,

…Дүниенің жалғандығы сол шығар…

АДАСҚАН ӘУЕН

Тағдырым!

Жомарт болсаң – жүз  қуандыр,

Кеудемде шырқала алмай мызғып

                               ән жүр.

Адасқан тағдыр шығар бұл да, бәлкім,

Шілдеде жаумайды ғой күзгі жаңбыр.

 

Шілдеде жаумайды ғой күзгі жаңбыр,

Өмір осы, –

Керуені ызғыған бір.

Бұралаңда кездестім,

Кім біледі,

Сынайын деді ме екен бізді тағдыр?..

 

Қиялымда таусылмас тәтті түс бар,

Жүрегімде қаңтардай қатты қыс бар.

Адасқан сезім шығар, кім біледі,

Шілдеде жаумайды ғой ақ күміс қар.

 

Кібіртіктеп қайтпайтын тәуекелім,

Сан лапылдап…

Артынша сан өшемін.

Қалайша білмегенмін бұған дейін,

Бұл жалғанның мұндайы бар екенін.

 

Тағдыр шығар іздері шиырлайтын,

Жұлдызы мазақ етіп жымыңдайтын.

Жақұт та бар ерекше баға жетпес,

Бақыт та бар ешқашан бұйырмайтын.

 

Жан-сарайым серпіліп, жеңілдейтін,

Жыр болар, бұл да сәтті өрілмейтін.

Қол созған арманыма жеткізбейтін,

Мың өткел бар көзіме көрінбейтін.

 

КӨБЕЛЕК-ҒҰМЫР

Түнгі ойларды тізгіндеуге шамам жоқ,

Сағатыма қарап қоям ұрланып.

Бір көбелек мұң шаққандай маған кеп,

Маңайымнан кетер емес зыр қағып.

 

Жарық көрсе көлбеңдейтін әдетпен,

Бөлме ішінен жылдам табар ол сені.

Өмірлері өлшенетін сағатпен,

Бір-ақ күндік ғұмыры бар деуші еді.

 

– Біздің ғұмыр аспайды бір тәуліктен,

Асығады жылдамдатып көш-кеме.

Мәресіне тез жетеді жол біткен,

Сезініп те үлгермейміз ештеңе… –

 

Деп тұрғандай тілсіз, ессіз көбелек,

Өздерінің өкінішін ұқтырып.

Нұрсыз ойды санама әкеп себелеп,

Мен отырмын жүрегіме жүк қылып.

 

Шаршатса да тарпаң өмір жүз қажап,

Ол да, сірә, мәңгілікті қалай ма?..

Адамдар ше?

Ғұмыр берген бізге ұзақ.

Азсынады соны пенде, алайда.

 

Ертелі-кеш түгесілер жолымыз,

Болсақ-тағы ақылды да айлалы.

Түгенделмей өтер мүлде жоғымыз,

Көбелекке түсіндіру қайда оны.

 

Бір күн өтті…

Қос қанатын төбелеп,

Жауынгердей дұшпанына аттанған.

Кешегі ғой…

Жоқ… бұл – басқа көбелек,

Кешегінің ғұмыры енді сарп болған…

 

ХАТ

Түнгі ғалам, түнекке оранғанда,

Қалың ойлар жетелер сан арманға.

Мына жалған өмірде пенде біткен,

Арман қуып өтуге жаралған ба?

 

Санамалап осылай сан жұлдызды,

Жүрегіме әрбір түн қалдырды ізді,

Түн қуалап ойларым ұстатпайды,

Әңгімеге тартамын сол бір қызды.

Cен алыссың, Күз жетті ол жаққа да,

Салқын сазды құбылтар сарнап дала.

Өлеңменен сырласып өзіңменен,

Күзгі хатты отырмын жолдап қана.

 

Күз де жетті, мұңымды еселеді,

Мұңға батқан досыңның осы – өлеңі.

Күз әніне құлақ сап жатқан шығар,

Қырау басқан сен жақтың көшелері.

 

Үйрене алмай халіме мұндай бөтен,

Кейде мынау ғаламға сыймай кетем.

Саған барып, сырымды ақтарар ем,

Сырдария сен жаққа құймайды екен…

 

Салқын, сарғылт даламен мен астасам,

Әр қадамды асықпай, санап басам.

Ал, сен досым, биіксің бәрінен де,

Мұңаймауға тиіссің, сен ешқашан.

 

Адастырсын бүгінгі іздер мейлі,

Уақыт көші әрдайым бізді емдейді.

Күзгі ғалам еңсеңді түсірмесін,

Жүрегіңе ешқашан күз келмейді!

 

Ауыр алма ақынның әңгімесін,

Алыс кетіп өзіңнен қалды көшім.

Күзге айналған шығармын,

Сен – әрдайым,

Көктем болып қаласың мәңгі, досым!

 

Сан құпия қатталып тұр ішімде,

Теріс шығар, кім білер, бұл ісім де.

Өлең жазғым келді де осылай бір,

Хат жолдадым рұқсатсыз… Түн ішінде…

АЙ ТҰТЫЛҒАН ТҮНДЕ

Жасырды да аппақ, әсем келбетін,

Ай тұтылды, түнек басты жер бетін.

Қалқалады екен оны қандай күш?

Өкпелетіп қойған шығар әлдекім…

 

Әлем солай тарс жұмып ап жанарын,

Көрсетпей тұр Айдың ару жамалын.

Бізге солай ұқтырғысы келді ме?

Айсыз қалған ғалам қандай боларын…

 

Айдың әппақ сәулесімен нұрланбай,

Қалдым бір сәт… «Заман болды бұл қандай?»

Түнгі ғалам естілмейтін дауыспен,

«Барар жерің қараңғы» деп тұрғандай…

 

Ешбір белгі білінбейді ақ түннен,

Жұлдыздарда көңіл-күй жоқ шат күлген.

Айды бір сәт алдым-дағы жоғалтып,

Таусылмайтын қалың ойға баттым мен.

 

Тағдырымды тәңіріме тапсырып,

Мен отырмын айсыз түнді жатсынып.

Жұлдыз сөнсе ырымдайтын қазақпын,

Ай тұтылса күтемін бір жақсылық…

 

…Түн сейілді, әлем шеті ағарды,

Ай сәулесі қайта жерге таралды.

Түрілді де қалқалаған әлдене,

Ай тағы да аспаныма оралды.

 

Қарт ғаламның жұмсарғандай иі де,

Түстім мен де баяғы шат күйіме.

Бұрынғыша өтіп жатыр барлығы,

Ешқандай да өзгермеді дүние…

ҚАРАШАДАҒЫ ӨЛЕҢ

Бақтар жүдеу, қалмапты ғой ұсқын да,

Кезек күтіп тықыршиды қыс қырда.

Қабақ шытқан қарашаны қимаймын,

Жылылығы болады екен сұстың да.

Сезіміме сала алмады құрығын,

Қара күздің ызғарымен жылыдым.

Қарашаны бітпесе екен деп жүрмін,

Күзбен бірге таусылардай ғұмырым.

Жоғалтпайтын ізгі таза ниетті еш,

Жақсылыққа, жақсы үмітке тілектес,

Мейіріммен жылынатын пендеге,

Мына күздің суығы да түк етпес.

Жаз аңсаған құлазу да жоқ аса,

Көңілім де пәс тартпайды аласа.

Жалықпайтын сияқтымын бұл шақтан,

Жыл он екі ай боп тұрса да қараша.

Күн жылжиды, оған сірә, бар ма дау?..

Желтоқсанға жеткізетін жолға анау,

Түскім келмей, қара күзді қимаймын,

Қарашаға ғашық болып қалғам-ау!..

 

ПЕРІШТЕМ БАР…

Бір сырым бар, –

Айтпаймын оны ешкімге.

Періштем бар жүретін жебеп күнде.

Ешкімге де мен оны ұқсатпаймын,

Оның жөні басқадан бөлек мүлде.

 

Қырсық мінез жалғанда мұңы басым,

Жылынасың, бір мезет суынасың.

Періштем бар қайраннан құтқаратын,

Аямайтын сәулелі шұғыласын.

 

Қалықтап аппақ сезім Айға да ұшты,

Қиялымда сан-тарау ой жарысты.

Алып-ұшып көңілім шаттық тапса,

Бәрі де періштеме байланысты.

 

Жанға – жылу, шуақты арай көңіл,

Сыйла маған, нұрлансын солайша өмір!

Періштем бар ешкімге ұқсамайтын,

Айналмасын періге тек, әйтеуір.

 

ӨМІРДІҢ СОҢЫ – ҚОШТАСУ

Мезгіл жетсе таусылады-ау айтар ән…

Жалғандық көп, шатасатын ой-санаң.

Кездессек те, табыссақ та қуанып,

Қоштасамыз,

Қоштасамыз қайтадан.

 

Бәрін, бәрін өткен шаққа қалдырып,

Бір күн ғайып боларымыз – заңдылық.

Амал қанша…

Өмір соңы – өкініш,

Бұл жалғанда ештеңе жоқ мәңгілік.

 

Бұл жалғанға көзбен қара қырағы,

Мәңгі жанбас тағдырлардың шырағы.

Сөйлем болмас, жырлар болмас нүктесіз,

Өмір деген қоштасудан тұрады.

ПІКІРЛЕР8
Аноним 17.01.2020 | 22:28

Өте керемет! Жазарыңыз бітпесін!

Аноним 18.01.2020 | 00:07

Керемет , қаламыңыз қарымды болсын!
Періштеңіз періге айналмай, әрдайым қасыңыздан табылып , қолдаушыңызда қорғаушыңыз болуды Алла нәсіп етсін !!!

Аноним 18.01.2020 | 00:40

Маке заправкадағы күндерге бір Ан шығармадыңба қаиран жастық

Аноним 18.01.2020 | 11:21

Жүрегіңді тебірентетін өте күшті сөздер. Талабың таса берсін Мықтыбек, айдының аса берсін!!!

Аноним 18.01.2020 | 11:24

Пікір қосып отырған жездең Айтжанов Жанәділ, мына қонағыңа түсінбей атымды жазып отырмын

Аноним 18.01.2020 | 13:49

Мықтыбек мырза сіздің өлең жазу мәнеріңізге бұрыннан тәнтімін. Күшті. Қаламыңыз қарымды болсын!

Аноним 19.01.2020 | 03:30

Шабытың шарықтап, қаламың мұқалмасын!

Аноним 19.01.2020 | 20:46

Керемет өлеңдер!
Қаламыңыз ұштала берсін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір