Ақын жүрегіндегі жұмбақ
19.11.2019
306
0

Ілиястің ақындығын бағалаған жұрт оны «Абайдан кейінгі сөз сұлуының шебері» деп жүрді. Біреу «Жетісу суреттерін», енді бірқатар әдебиетшілер «Күй», «Күйші» поэмаларын ең шоқтығы биік туындысы ретінде бағалады. Ал мен үшін дастандарынан «Құлагердің» алдына түсетін қиссасы жоқ.

Құлагерге келу себебі, өзінің де жыл­қыға жақындығынан ғана емес, жылқы бейнесінің ұлттық ұғымда алатын айрықша орнынан болса керек. Оны ақын көңілі мен пайымы:

«Сүйген жар, сенген достан жақын жылқы,

Білген жан бекер демес аттың жайын» , – деп жырлайды.

Ақандай ақынға қияметтік серік болған өрен жүйріктің ұлы жіңгір астың үстінде, дүйім халықтың алдында жасалған жауыздықтан болған өлімі – Ілиястің өзегіне шоқ тастамай қоймаған. Ең бірінші ықыласы мен құлқын алғаны серінің бостан болмысы мен азаматтық айбыны. Сондай-ақ, оның өлең-жыры ғана емес, елдің сөзін сөйлеген мінезі көкейіне қонды.

«Тұсында сері болсын, пері болсын,

Ұнайды өмірімен Ақан маған.

Қайткенмен бір жұмбақ сыр бар Ақанда».

Немесе

«Жер мұңын, елдің шерін өлең қылып,

Ақан да жанның бірі жаны ауырған», – деуі – осының айғағы.

Адуынды ақын мен қанатты тұлпардың өмір жолы бір тағдырдың бойында тоғысуы, екеуінің қимас серікке айналуы, ақырындағы аянышты халдері алабұртқан көңілін одан бетер астаң-кестең етті. Тегі, қас таланттың тағдыры қашанда қыл үстінде тұратынына көзі әбден жетіп иланған Ілияс, өкінішпен қаламын сияға батырды.

Әсіресе, Құлагердің ажалын аза тұтқан Ақанның «Бай-бай, Бөрібай-ай» деп, қабырғасы қайыса жылауы – Жетісудың жүйрігін Көкшенің күлігіне қарай еріксіз назар аудартқан. Өйткені қазақта Бөрібай біреу-ақ. Ол – Қабанбайдың өзі жасы мен батырлығын сыйлап, алдынан кесе өтпеген қаптағайдың Бөрібай батыры. Сөйте тұра Бөрібайдың есімі жаны әбден қыстыққан арғын, атығай-қарауылдың ақыны, Көкшенің көкшулан киесі Ақанның аузынан неге шықты? Міне, Ілиясты тұлпардың трагедиясына тереңірек үңіле түсуге осы жайт жетелесе керек.

Бөрібай жоңғар жаугершілігінде халықты Жетісудан Сыр, Арқаға көшірген. Торғай даласының оңтүстік шығысындағы Бұланты өзенінің бойында «Қалмақ қырған» деп аталып кеткен шешуші ұрыста асқан ерлік көрсетті. Одан кейін Сарысудың бойында «Телікөл» деген жерде қырық мыңдық сарбаз бен елу мыңдық қалмақ әскеріне алғашқы соққы берді. Бұл тұста Бөрібайдың жасы жетпістен асқан. Ол сондай-ақ соғыс тәсілін жете меңгерген қолбасы. Қалмақтар ұрыс айла-амалының білгірі Бөрібайды алдымен құртуды ойластырды. Осындай қулықпен, өмірі шегінуді білмейтін ардагерге қарсы еш жеңіліп көрмеген қалмақтың ең бір қанды қол білеуіті – Қапалды жекпе-жекке шығарады. Отыздың ішіндегі Қапал қайткенде жетпістен асқан Бөрібай шалды омақа асырар деп есептесе керек. Бірақ бәрі керісінше болып, ақ сақалы омырауын жапқан қарт желді күнгі қырандай жау үстінде ойнайды. Тіктеп салған найзасы қалмақ баһадүрінің жауырынынан бірақ шығады. Абылай хан Бөрібай батырдың сол ерлік жеңісін жоғары бағалап, хандық жарлығымен бұйыра: «Есімің Матай елінің ұраны болсын!» – депті. Содан бастап Бөрібай – Матайдың ұранына айналып, ер-азаматтар жаугершіліктерде, аламан бәйгелерде «Бөрібайлап» шабады.

Алайда «Бөрібай» бертінде шыққан ұран емес. Есте жоқ ескі заманда қол бастаған бабаларымыз бөрінің басын ту етіп ұстаған. Жаужүрек жауынгерлері жауларына бөрідей тиіп, оларды қойдай қырған. Сондықтан сарбаздарды «бөрілер» деп, қолбасының өзін – «басбөрі», «бөрібай» атаған. Ежелгі қазақ жауынгерлерінің жауға шапқандарында «Бөрібайлап» ұран шақыратыны – содан қалған үрдіс. Ақан серінің де Құлагердің азасында «бай, бай, Бөрібай!» деп жылауы – осы бір көне жадының көмескіленбеген көрінісі болса керек.

Бір өкініштісі, осы күні ұрандайтын да ұл қалмағандай… ұранға айналған есімдер де ұмытылып барады. Оның орнына «Алға, Қазақстан!» деген партактивтердің шығарған саясилау сөзі рухқа рең бере алмайтындай тым жалпақшешейлік идеологияны бүркеніп жатыр.

Осы тұста бір айта кететін жайт, қалмақ­тың батыры – Қапалдың есімінің Қапал өңіріне еш қатысы жоқ.

Құлагер трагедиясын қисса еткенге дейін Ілияс «Жетісу суреттерін» жазып жүр еді. Оны көрген Сәкен құрдасы сүйегі Ақадырдан бола тұра «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деп, «Сексенкөлдің» маңын жырлай бастады. Ендігі кезекте Ілияс Көкшенің көгілдір бейнесіне үңілмей, тек Арқа мен Көкшенің ғана емес, күллі қазақтың драмасына айналған Құлагер жайын жырына қосты. Онда да Ақанның тағдырына байланып қалмай:

«Тартқан ол тауқыметті болыс, биден.

Соқпадым онысына осы арада,

Бар ма деп жолдастарым жазып жүрген», – деп, одан бойын аулағырақ ұстады.

«Ақанның ең аяулы әңгімесі –

Тек бүгін тарқасалық «Құлагермен», – дейді Ақсудың ақиығы.

Қазақтың көрнекті ақыны Сәкен Иманасов ағамыз «Ұлы дала төсінде Құлагерден де өткен өрен жүйрік жылқылар болған. Бірақ Құлагердің дақпырты мен даңқы мүлде өзгеше. Оны жырымен аспандағы жұлдызды ұйытқан қазақтың қос бірдей ақыны Ақан мен Ілияс өлеңіне арқау етті. Сондықтан құланың өзге күліктерден киесі артып, айбыны асқақтап, халықтың жадында символдық нышанға айнала берді», – деген еді.

Көкше мен Бурабайға қарағанда Жетісудың даласында Құлагерді ел жиі есіне алады. Өйтетіні, аламан шабыстың бәрі түстікке қарай ойысқалы қашан. Аттың азасында «бай-бай, Бөрібайлап» аңыраған ақын, түбі пырақты жоқтаса, жылқы мінезді жігіттер жоқтар деп емеурін танытып кеткендей. Әрі, онысы жылқыны жанынан артық көретін қазақтың баласы үшін аманатқа айналған.

Көкшенің жігіттері Құлагерді ұмытқалы қашан. Тек Астана Ақмолаға ауысқаннан кейін ұлттық спортты ұлықтаушы Сәдібек Түгел келіп, Құлагерге ескерткіш қойдырды. Бірақ Құлагердің өліміне қатысты керей мен қарауыл жігіттері ара-тұра қырғиқабақ болып қалады екен.

Алтай-қарпықтың ішіндегі мұраттан өрбитін Батыраштың үрім-бұтағы бүгінде Ерейментаудың маңында әлі отыр. Бес мың жылқы айдаған – бай. Бірақ әттеңі сол – халықтың қарғысы мен ақынның азасы өткендіктен бе, бірде-бір жүйрік босағаларына бітпеген. Тек «ысқырса – желдің, айдаса – жаудың малы» дегендей ғана, күнкөрушіліктің көзіне айналған.

Ант аумай, ат жүгірмейді. Ілиястің туған жері Ойтоғаннан 20-30 шақырым жердегі Қызылтудан шыққан Түймебас торы, жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдары аламанда қара суды теріс ағызған. 1962 жылы Алматыда өткен Орта Азия чемпионатында алдына қара салмай, көмбені жалғыз қиыпты. Жануарға сол жолы паспорт бері­ліп, зейнетақы тағайындалыпты. Кейін, 1989 жылы Қызылағаштың Қараторғайы республикалық спартакияда да оқ бойы ұзап, алты алашты аузына қаратты. Өйткені Ілияс «Құлагер» поэмасымен дүлдүлдердің дүбірін Ақсу-Қапал жеріне әкелген еді.

Ілияс ақын осы «Құлагер» дастанында елеусіз ғана Біржан салды еске салып өтеді. Себебі, ол да асқа қатысып, қызық көріп, құрметке бөленіп отырған айманбоздың бірі еді.

«Асырған айғай әнін алты қырдан,

Әкесі асқақ әннің – әнші Біржан.

Ақандай майда көмей, нәзік емес,

Құлақты Біржан ащы әнмен қырған.

«Үш тоты», «Көкшетауым», «Ахау, арман»,

«Жайдарман», «Жайма қоңыр»,

 «Кер Қашаған»,

«Ой, ерке», «Мейлің-мейлің» дегендердің

Бәрі де – Ақан баптап салатын ән.

Бақырмай, домбыраны көкке бұлғап,

Аққудай әсем дауыс – үн сыңғырлап…» – деп кете барады.

Сағынай – Біржанның нағашысы. Көмейі мен көңілін жел буған жиенге оңаша үй тігіліп, Шымқаладан алдырған өзбекті күтуші етіп қасына қосты. Әншінің келуі Батыраштың күпті көңіліне болмашы ақ сәулесін себезгілетті. Сол заматта Нұрмағамбет әншіге сөз салды. Паң түс әлетінде жиеніне оңаша жолығып, Батыраштың қолының ашықтығын, кезінде жұтқа ұшыраған Қожағұлға да бес үйір жылқы айдатқанын айтып кеткен. Ақыры қос шонжар Біржан мен Ақанның араларын екшей келіп, салды серіге дәнекерлікке жұмсауға ұйғарды. Бұған дейін Батыраш Ақанға старшын мен інісін жұмсап, құланы бәйгеге қоспау жөнінде мәміле таппаған.

Жиырма бір атқа бәйге тігілген екен. Бас бәйге – үш тоқсан: тоқсан – қара ала, тоқсан – ақбоз, тоқсан – торы ала түсті жылқы. Екінші бәйге: бір тоқсан – көк, бір жетпіс – қан жирен.

Нағашысы «біздің сөзіміз бәтуә тапса, бас бәйге – үш тоқсан, Ақанның алдына салынады» дегенді ашып айтты. Әзірге, шапанының жан қалтасына күміс тайтұяқты басып, сал ақшам жамыла Ақанның құланы бусандыруға оңаша кеткен жағына бет алды.

Түн жамылып келген салдың сұлбасын сері айнытпай таныды, әрі жолықпағандарына жылдар аралап кетсе де, бұрылмады. «Ассалау» демесең де, сарт мезіретімен қол бермеймісің?» – деді сал. Екеуі әңгімені тәжікеден бастады. Аңғарлы Ақан оның жұмсалғанын білді. Байлам іздеп, араға жүрген Біржан ғана ма еді. Бұдан бірнеше жылдар бұрын Батыраштың бақанын көтеріп, сойылын соғатын Барақбай сан мәрте қолқа салып келіп қайтқан. Ол Ілиястың суреттеуінде Жексенбай деп алынып, былай бейнеленеді:

«Шулатқан Арғын елін, Арқа халқын,

Естіген Батыраш та Құла даңқын.

Сатылап сұрап еді кісі салып,

Қолына түсіруге Ақан атын.

Жамбыға, жесір, малға шағып нарқын,

Болам, – деп, – құда, тамыр көңіл жақын.

Қызығып Құлагерге неше жылдай,

Жіберіп Жексенбайды қолқалайтын.

Жүрегі жаралған ер жүйрікпенен

Сері Ақан сұрауына илікпеген.

Сонан соң кегін сақтап кеткен Батыраш,

Үкілеп Көктұйғынын «жүйрік» деген».

Кешелі бері екі адамы ақынның алдына келіп қайтты.

– Сәлем ала келдім… – Әнші екпіндете бастап, кілт бөгелді. Ақын ләм-мим деп тіс жармады. Арада қолапайсыз үнсіздік орнады. Тастай қараңғы түн. – Оны ас иесі Нұрмағамбет те қостап отыр. Шаппай бәйгеңді бермек. Тек Көктұйғынның жолын кеспесең болды.

– Жүйрік қосағымен жүгіреді. Құлагер – құладыннан шыққан құмай. Көктұйғын аламанға соңғы жылдары түсіп жүр. Енді Құлагер шабар алапатқа түсіп адымын жазсын, жер танысын, құйрық тістескен серігіне айналсын. Атты – шабыс, арнаны – ағыс ашады. Ашылсын.

– Адаммен емес, ажалмен ұстасып отырсың, Ақан. Ақылыңды пісіріп, райыңнан қайтатын уақыт бар әлі.

Біржан қараңғылыққа сіңе берді. Отырған тастың үстіне ағараңдатып, тайтұяқты тастап кетіпті.

– Құлагердің тезегіне татымайтын мынауыңды ала кет! – деп Ақан соңынан лақтырып жіберді.

Дәл осы оқиғаны Ілияс жақсы білді. Бірақ, әуелде «бүгін Құлагер жайын ғана сөз етемін» деп бекінгендіктен, мұндай жанама нәрселерге бой ұрмады. Әрі, халықтың аяулы перзенттеріне айналған қазақтың белгілі мықтыларын бір-біріне текетірестіріп қойғысы да келмеген шығар. Текетірескенге Батыраш пен Қотыраштың теріс азу, тентек мінездері жетіп жатыр еді.

Тегінде тегін бе екен Ақан сері,

Бұл да бір емес пе екен елдің ері?

Өз ұлы, өз ерлерін ескермесе,

Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?

 

Мамырдың өзің туған шырқы қандай…

Құлагер, құлагер жыр, құлагерім!

Қашанда сөз сүлейі пырақ едің.

Қазаққа Абайдан соң жыр қалдырған,

Тұнжырап, үн-түнсіз боп тұр әлемің.

 

Арманда өткен елдің Арысысың,

Күліксің жаратылған жарыс үшін.

Бітірген қазақы үнге алтын қанат,

Ілияс, өлең сөздің ғарышысың.

 

Халқыңа қамқор болған түндігісің,

Жадында қалың жұрттың үлгілі ісің.

Аузымен құс тістеген жүйріктердің,

Ішінен саңлақ кеткен дүлдүлісің.

 

Ілек ең сендер бөлек Арманы ірі

Атылды… Ал асылды дарға бірі.

Елеусіз туған күнің өте берер,

Сөзіңнің кеткені ме хал, қадірі?

 

Көңілің осындайдан тапалады,

Қадірлі қанаттының жапалағы.

Әлдекім жүйрік иттей құны болған,

Жыл сайын дүрмекпенен аталады.

 

Еліңнің кешіре гөр бір білмесін,

Шығарып жіберген-ау сүргін есін.

Мамырдың өзің туған шырқы қандай,

Жаратқан күнде өткізер жырдың кешін.

 

Іс келер ізгі талай арлы қолдан,

Жомарт жан әр кезде де жарлы болған.

Ақынын рух етіп әуелетпей

Бұйығы Алматы мен Талдықорған…

 

Ілияс – құлагер жыр, Құлагерім,

Қашанғы үн-түнсіз боп тұрар елің?..

Дүлдүлін дүйім жұртқа дүркіретіп,

Қыздырар сен туған күн жыр әлемін.

 Астананың бір қиырында шойын жолмен, жылу трассасымен жарысқан ақын атында көше бар. Адам аяғы сирек барады, ел Ілиястің атында көше бар екенін де біле қоймайды.

… Таяуда ғана Жетісудың төрінде өткен Ілиястің 125 жылдығына орай «Құлагер» дастанының желісімен қойылған көрсетілім, көптің көңілінен шықты. Ұйымдастырушылар да «Күйшіге» бұрылмай, «Құлагерге» тоқтағандары жөн болды деп ойлаймын. Халық көз жасына ерік беріп, жылап отырды… Ілиястай Құлагер ақынның болмысы Ақанның азасы мен күліктің киесіне айналғандай әсер қалдырды.

Тұлпардың кісінегені құлаққа талып естілді… Тұмақ киген ақынның бейнесі қазбауыр бұлттардың арасынан алыстан көрінеді… Ақын жүрегіндегі жұмбақтың жауабы таяу жылдарда шешілер емес…

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір