Қазір ұлтты сақтау процесі жүріп жатыр
19.11.2019
5939
0

Философия ғылымдарының докторы, профессор Айнұр ҚҰРМАНАЛИЕВА еліміздегі жаһандану үдерісін, діни ахуал мен ұлттық мәдениеттің жаңа замандық сын-сынақтарға бейімделу барысын зерттеп жүрген ғалым. Ол өзінің зерттеу еңбектерінде ұлттық құндылықтар мен жаһандық құндылықтар арасындағы бірегейлік пен айырмашылық­тарды негізге ала отырып, қазақстандық мәдениеттің түп қайнары мен бүгінгі беталысы туралы өзіндік байламдар жасайды. Біздің сұхбат та осы тақырыптар айналасында өрбіді.

– Айнұр Дүрбелеңқызы, жаһанданудың қазаққа пайдасы мен зияны қандай?

Жаһандану – бүгінгі күн­нің шындығы. Жаһандануды экономика, саясат, мәдениет сала­сындағы интеграциялану мен біртектілену деп түсінеміз. Қазіргі жағдайда әлемнен тере­зеңді тұмшалап, жабық саясатты ұстанып даму мүмкін емес. Әлемдік деңгейдегі озық мемлекеттер қатарынан орын алғың келсе, жаһандық өркениет талап ететін шарттарды ұстану керек. Алыстай қоймаған тарихымызға зер салсақ, Кеңес үкіметі кезінде әлемнен оқшауланып өмір сүр­дік. Бірақ оның да өміршең емес еке­ніне көзіміз жетті. Дегенмен кеңестік кезеңде Одақтың құра­мына кірген 15 мемлекетті біріктірудің, жаһандандырудың талпынысы болғанына назар аударып кеткен жөн. Жаһандану ортақ стандарттарды, ортақ құндылықтарды, мәдени үлгі­лерді алға тартып, ұлттық ерек­ше­ліктердің көмескіленуіне әкел­генмен, жаһандану үрдісінен тыс қалу мүмкін емес. Бір әлем­де өмір сүргендіктен, басқа мәдениеттердің әсеріне түсу – заңдылық. «Жаһанданудың қазаққа пайдасы мен зияны қан­дай?» деген сұрағыңызға, жаһан­данудың үндеулері мен сол үндеу­лерге жауап берудің жолдарын көрсету арқылы жауап бергім келеді. Жаһанданудың басты үндеуі – алпауыт мемлекеттердің ығында қалып, өз бірегейлігіңді қолдан жіберіп алу. Бұл үрдісте ұлт ретінде өзімізді сақтай аламыз ба? Осы орайда белгілі математик Асқар Жұмаділдаевтың «Дүниеде елдің екі түрі болады. Жетекке жүретін ел және жетек­тейтін ел. Мысалға, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония сияқты елдердің басты мақсаты – керемет компьютерлерді шығару да, өзге елдердің мақсаты – солар шығарған компьютерлерді сатып алу. Қысқаша айтқанда, олар өндіруші ел де, қалғанының барлығы – солардың өнімін тұтынып, жетегінде жүретін елдер», – деген ойы әр қазаққа ой салса екен деймін Себебі, жа­һан­дық үрдістерге жауап беру үшін, өзгені мойындата алатын өзгешелік керек. Ұлттық өнім, ұлттық сапа, ұлтыңды танытатын озық дүние керек. Сонымен қатар ұлттық нақышқа толы брендттер, мәдени бірегейлік, дәстүр, ұлттық тарих – жаһандану үндеулеріне төтеп бере алатын асыл діңгек, мықты иммунитет. Бұл, ең алдымен, ел азаматтарының бойында отансүйгіштік қасиеттің болуын талап етеді. Елін сүйіп, елінің көркеюін тілеген адам ғана елінің мүддесі үшін қызмет жасап, артында өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды лайықты мұра ете алады.

 – Камилло Кавурдың «Біз Италия деген мемлекетті құрдық, енді италян ұлтын қалыптастыру керек», – деген пікірі бар. Айтыңызшы, қазақ ұлт ретінде қалыптасып болды ма?

 – Камилло Кавурдың Италия мемлекеті туының астына бірнеше князьдықтар мен герцогтықтарды, облыстарды біріктірудегі еңбегі зор. Мемлекет құрған соң, біріктірілген жерлердің азаматтарын итальян ұлты ретінде қалыптастыру міндетін қою азаматтық санамен байланысты екенін меңзеп тұрғаны. Қазақта «ел», «елдік сана» деген жақсы ұғым бар. Қазақ жерінде өмір сүріп, тағдырын осы қазақ елімен байланыстырып отырған өзге этностардың елдік санасы қандай деңгейде? Ол этностар өздерін ұлттық мүддемен сабақтастыра ала ма? Қазақтар ше? Осы жерде Қазақстандағы мәдениеттану саласының қалыптасуына ерекше үлес қосқан ғалым Садуақас Темірбековтың ойын келтірген орынды деп ойлаймын. Ғалымның ойынша, «толыққанды ұлт болу үшін әрбір халық этникалық бірлікті құрап қана қоймай, ұлт өз дамуына қала мәдениетінің, индустриалды мәдениеттің, тигізер ықпалын жүйелі түрде қабылдап нарықтық қатынастарды бастан кешіріп, пісіп-жетілуі керек. Сонда ғана оның нағыз ұлттық мемлекеті, ұлттық экономикасы, ұлттық мәдениеті қалыптасады. Толыққанды ұлт болу үшін оның тілі мемлекеттік тілге айналу керек, технологиялық менталитеті пайда болуы тиіс. Осы шарттар орындалғанда ғана бұл – «толыққанды ұлт» деген сөз. «Қазақ халқы бұл дәрежеге әлі жете қойған жоқ»,– деп түйіндейді. Сондықтан қазақ ұлт ретінде қалыптасу үшін әрбір азамат елдік мүдде жолында тынбай еңбек етуіміз керек.

– Шетелге барғанда өзіңізбен бірге елді танытатын қандай зат алып барасыз?

Қазақстанның бет-бейнесін танытатын, «Қазақстан» деген жазуы бар сувенирлік зат­тарды апаруға тырысамын. «Empire», «Әдемі-ай» бренд­терінің сувенирлерін және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығаратын универ­ситеттің логотипі көрсе­тілген заттарды аламын.

– Фейсбук желісінде айтысып-тартысып отырған Ислам дінін ұстанып жүрген қазақтарды жиі көреміз…

Белгілі бір дінді ұстанушы адам өзінің ұстанатын дінін ақиқат деп түсінеді және түсіндіреді. Басқа діндегі адамның ақиқатын мойындау, бағалау ол оның біліміне, мәдениетіне, жалпы интеллектуалды деңгейіне байланысты. Егер адамның интеллектісі жоғары болса, басқа дінді ұстанушы адамның өз діни ұстанымы барын түсінеді. Қазір көбіне діндар адамдар төзімділік, сабырлылық таныта алмайды, біржақты ғана «менікі дұрысқа» күш салады.

Әр адамның өз діни сенімі бар, оған ешкімнің қол сұғуға құқығы жоқ. Қазіргі кезде көп жағдайда белең алып жатқан құбылыс: адамның ішіндегі Құдайға деген сенімін, Құдаймен байланысын сыртқа көрсеткіміз келеді, сыртқы атрибутикаға мән беру басым. Жеке сенімге қатысты дүниелерді басқаларға да таңғымыз келеді. Құдайға, тылсым күшке сену – әрбір адамның жеке таңдауы, ішкі сезімі, Жаратқан мен жаратылыстың өзара байланысы. Бірақ соған қарамастан, дін саласында терең білімі болмаса да, жалған білім таратып дау-дамайға баратын жағдайлар да жоқ емес. Әлеуметтік желілердің шұғыл дамуының арқасында кез келген ақпарат лезде тарайды. Бұл да сөз басында қозғалған жаһанданудың әсері деп біле беріңіз. Мұндай құбылыстар бола да бермек. Ең бастысы, осындай пікірталастар туындаған кезде «не істеуіміз керек?» – деген сауал туындауы керек. Орын алған мәселеге бей-жай қара­май, бір тоқтамға келіп, арнаулы орындарға, ақыл-кеңеске жүгі­нуіміз қажет. Айталық, ислам дініне байланысты даурықпа әңгімелер, даулы мәселелер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнаулы бөлім­дерімен (Шариғат және пәтуа бөлімі, Насихат және қоғаммен байланыс бөлімі, Діни білім және кадр даярлау бөлімі секілді) байланысқан жөн. Бұл жерде, ең бастысы,білім көздерінің дұрыс таңдалуы маңызды. Бүгінде ішкі рухани сұраныс, ізденістен гөрі, сәнге айналып бара жатқан діндарлықтан сақтану керек. Соның ішінде жастардың теріс ағымдардың жолында кетуіне жол берілмеуі тиіс. Салдармен жұмыс істегеннен, себепті анықтау– тиімдірек және нәтижелі, себебі теріс ағымға кеткен адаммен жұмыс істеу қиын, оны райынан қайтару оңайға соқпайды. Теріс ағымның жетегіне кеткен діндар өзінің теріс ағыммен кетіп бара жатқанын түсінбейді, ой қорыта алмайды. Бұл жағдайда дінтанушыларға, психолог, тео­лог­тарға көп күш жұмсауға тура келеді. Сондықтан бұл – қоғам­ның дұрыс дамуына мүдделі әрбір азаматтың санасында болуы тиіс өлшем.

 – Ішкі мәдениеті жоғары, бірақ дін жолын ұстанбайтын адамдар бар. Керісінше, дінді ұстанып, бірақ жағымсыз нәрселер жасайтын адамдар да жоқ емес…

Белгілі мәдениеттанушы ғалым, өзім аса құрметтейтін профессорымыз Тұрсын Ғабитов «мәдениет мораль мен құқыққа негізделе отырып, адамдардың мінез-құлқына ықпал етеді», «мәдениет – адам әрекетінің, саналы қызметінің көрінісі», – дей келе, «адам баласы өмірінің басты мақсаты – мәдениет ұстындарына сүйене отырып, өзінің бойындағы қасиетті дәйекті де тұғырлы етіп тәрбиелей отырып, жүзеге асыру», – деп жазады. Осындай құндылықтарды бойына сіңірген адамның адамгершілік қасиеттері дінді ұстану, ұстанбауына байланысты емес. Мәдениеті жоғары адам ешкімді діни ұстанымына байланысты бөлмейді. Яғни, кез келген адам өзі секілді қо­ғам мүшесінің өміріне зиян келтіруге болмайтынын, ұрлық істеу, өтірік айтудың және т.б. жаман әрекеттердің күнә екенін біледі. Егер дін ұстанған адам­ның мәдениеті төмен болса, ол қайшылықтарға әкеледі. Діндар бола тұрып, кереғар әрекеттерге баратын адамның діндарлығының өзіне күмән келтіру керек. Дін – ішкі рухани дайындықты талап етеді. Дінді ұстанудың жауапкершілігі мол. Шынайы дін жолына түсу үлкен мәдениеттілікті, әрдайым жетіле түсуді, шыңдалуды қажет етеді.

 – Мәдениеттанушы ғалымдар әрбір әлеуметтік топтың өзіндік мәдениеті бар екенін айтады. Бүгінгі қазақ жастарының мәдени әлеміне бірыңғай ортақ сипаттама беруге бола ма?

Әрине, әрбір әлеуметтік топтың өзіндік мәдени ерекшелігі бар. Бұл ерекшелік әлеуметтік топтың саясатта, экономикада, қоғамның салаларында алатын орнымен байланысты. Соған байланысты қоғамның әлеуметтік топтарға қоятын өз талаптары бар. Жұмысшы, шаруа, интеллигенция мәдениеті, кәсіби тұрғыдан жіктелген топтардың, яғни дәрігерлер, болмаса, ұстаздардың мәдениеті, әлеуметтік-демографиялық тұрғыдан жүйеленген, яғни жастар мен зейнеткерлердің, сонымен қатар ұлттық, этникалық, конфессионалдық тұрғыдан классификацияланған топтардың мәдениеті әрине біркелкі емес. Жас мөлшеріне байланысты жіктеп қарастыратын топтың ішінде жастар мәдениеті өте ерекше құбылыс деуге болады. Жастар – өз алдына жеке қажеттіліктері бар және сол қажеттіліктерін қанағаттандыруда ерекшелік танытатын әлеуметтік-демографиялық топ ретінде мәдени бірегейлікке ие. Жас ерекшелігіне байланысты бір әлеуметтік топ болғанмен, қай ортаға жататындығына байланысты мәдени талғамдары ерекшеленеді. Ауыл мен қала жастары, студент жастар, болмаса жұмыс істейтін жастар мәдениетінің әртүрлі болуы заңдылық. Қазіргі жастардың талғамы бір-біріне ұқсамайды. Кейбірі батыстық мәдениетті, кейбірі шығыстық мәдениетті жақсы көреді. Мәдени талғамдары бөлек болғанмен, өзара түйісетін жерлері де бар деуге болады. Қазіргі жастар білімнің практикалық жағына мән береді, алып жатқан мамандығының болашақта қажетіне жарай алатынына назар аударады. Жастар – ізденімпаз, білімге құштар, рухани жетілуге бейім. Өмірдегі жетістіктің оңай келмейтінін және бәрі де жеке басының шыңдалуына байланысты екенін біледі. Олар ағылшын тілін, ақпараттық технологияларды жақсы меңгерсе, қабілетті болса, өмірде өз орнын табатынына сенімді. Жастардың барлығы деп айтпасақ та, өздерін жетілдіріп, шетелде білім алып, дамыған елдерден үйренгенін елге әкелуге тырысып жатқандары бар. Сондықтан мұндай жастарды қолдап, елімізде көзінде жарқыны бар соларға мүмкіндіктер берілу керек.

 – Ислам – біздің дініміз ғана емес, мәдениетіміз. Біз қан­шалықты мәдениетті ұлтпыз?

Қазақ мәдениетінің ерекшелігі – дәстүр мен дін сабақтастығында. Ислам біздің мәдениетімізге күштеу жолымен емес, жергілікті халықтың салт-дәстүрімен тұтастану, кірігу жолымен енді. Бұл жағдайды біз ұстанатын мәзһабқа байланысты түсіндіруге болады. Ислам дініндегі төрт мәзһабтың бірі –Имам Ағзам Әбу Ханифа Орталық Азияда кең тарады. Бұл мәзһабтың кең таралуы жергілікті халықтың салт-дәстүрін жоққа шығармай, етене жақын дамуын күшейтіп, мәдени біртұтастықты құрауына ықпал етті. Адамның туғаннан, яғни тал бесіктен жер-бесікке дейінгі өмірі белгілі бір салт-дәстүр, ғұрыптармен байланысты өтеді. Балаға азан шақырып, есім беруінен бастап, бақилық болғанда жаназасын оқып, марқұмды соңғы сапарға шығарып салудың өз жөні мен ислам қағидаларына байланысты орындалу шарттары бар. Соңғы жылдары атадан келе жатқан кейбір дәстүрлерімізге күмән келтіріп, дау-дамайға айналдырып жатқан жайттарды көргенде, дәстүр мен діннің сабақтастығын әрдайым есте ұстау керектігін алға тартқым келеді. Бұны қазақтың арасына іріткі салғысы келетін сыртқы күштердің әсері деп түсіну керек. Ең бастысы, қазақтың тұтастығын, елдік – ұлттық сана­сы­ның беріктігін сақтап қалу!

 – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Аягүл МАНТАЙ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір