Поль Валери – «Қарғыс атқан ақын»
19.11.2019
1379
0

Француздың модернистік поэзиясында қадау-қадау тұлғалар аз емес. Солардың ішінде ақын Поль Валеридың (Ambroise Paul Toussaint Jules Valéry1871-1945) өз алатын орны бар. Ш.Бодлерден басталған модернистік өлеңнің поэтикасын С.Малларме жасаса, қайталанбас шығармасымен сол ұстанымның дұрыстығын дәлелдеп берген Поль Валери еді. Оның «Тағдыр ханшайымы», «Теңіз жағасындағы қабырыстандық», т.б. шығармалары тіл мен философияның үндестігін айқындайтын жаңа эстетикалық мүмкіндіктердің есігін ашты. Бұл өз кезегінде кейінгі француз поэзиясының ғана емес, жалпы әлемдік поэзияның дамуына ғаламат ықпалын тигізді. Поль Валеридың өмірі де, өлеңі де тылсымдыққа толы. Жиырма жыл өлең жазбай кетіп, соңында «жиырма жол өлең жазамын» деп, шабытының аузын ашып алған ақынның XX ғасырдағы әлемдік поэзияның төрінен бір-ақ шыққанының өзі ғажап емес пе?!

Төменде француздың тағы бір талантты ақыны Ив Бонфуаның «Атын атамай тұра алмайтын тұлғалар» (L’improbable et autres essais) кітабына кірген Поль Валери туралы мақаласын өнерсүйер қауымның назарына ұсынып отырмыз.

                             Аударушыдан.

Поль Валеридың шығармаларында бір күш бар, ол – аласұра бұлқынған дүлей күш. Поль Валери тілді сұрыптап қолдануда шегіне жету үшін өзінде бар мүмкіндік пен талаптың бәрін дерлік қолдана білді, бірақ өлеңді таза ақылдық деңгейге жеткізетін бұл талпыныс француз поэзиясына қажет емес еді. Ол тілдің табиғатындағы күрделілікпен ауырды, аласұрды, мән мен мағына тұрғысынан да, тереңдік тұрғысынан да ойдың әуелгі қайнарына жете алмай дал болды, ол үшін бұлтсыз ашық аспан астында көрініп жатқан арғы жаға қолсозым жерде тұрса да, аяқ баса алмайтын шексіз алыста еді. Ол өзгелер көре алмағанды көрді. Аласұрсын, аптықсын, кейде, тіпті, түсініксіз тылсымдыққа ұрынсын, оның өлеңдерінен бәрібір анық Жерорта теңізіне тән тазалық менмұндалап тұрады. Сол топырақтан тепсіп шыққан шабытты сезім, сондай таза, сондай қуатты өлең жандүниені тереңінен толғап, бәрін өз әміріне бойсұндырып, мәңгілік рухтың айдынында құдыретті күнге талпынған жылы ағыстай шабыттандырады. Онда күннің шуағындай өткірлік пен көлеңкесіз тазалық бар. Онда күн сәулесі білімге ұмтылады, сорғалаған сол түсінік тас пен түйіршік, жағажайда жайқалған пальма ағашы, бәрі-бәрі сенің арыдағы болмысыңнан өз орнын табады. Сен сонда ақылыңа бір кері ағыстың құйылғанын сезесің. Тастақтан басталған жол созыла келе сені елтіп ұғымдардың биік баспалдақтарымен жаңа түсініктерге алып шығады. Бұл – тілдегі дәлдік пен анықтық. Бірақ оның мәні бұл екі анықтамадан да арыда жатыр. Айталық, онда тағы бір қасиет бар, әлденемен бүркеліп жатқан, бірде көрінетін, бірде көрінбес, күңгірт, сәт сайын толқын атып, соңынан зым зия жоқ болып жататын бұлқыныс. Мен мұны ақын жанының бір көрінісі дер едім. Айталық, өлеңдегі сол бір пальма ағашы шынымен пальма ағашы, бірақ, енді бір тұрғыдан ол бүгінгі болмыс, тіршіліктің бүгінгі көрінісі, жанның белгісі. Қолыңа балта алып шауып тастасаң немесе өрт жайлап күйіп қалса, орнында әлдебірдеңе қаңырап қалатын күй. Бұл – Поль Валериге тән түйсік. Біреулер Аристотельдің теориясымен оны терістегісі келеді. «Ұғымнан шабытты қиял тумайды» деп жатса, біз, енді оған не дейміз? Біз «гүл немесе теңіз, пальма бұтағы және желпіген самал» дейікші, мәні тұрғысынан жалаң сөздер өз кезеңінде жұптасып, жұмырласып, мәңгілік бір күйдің сарынына бөленіп, П.Валеридің шумақтарындағы теңіз, жайқалған пальма және мұхиттың самалымен рухтасып кететінін ескермей тұра алмаймыз. Поэзияда мұндай өреге жету бақыт әрине, бірақ оған барар жолдағы кезігер бодау да сұрапыл. Бұл арадағы бодау ұзақ сонар бас тартулардан тұрады. Үздіксіз қайралу, қайталаудан тұратын, көріністе бір әрекетті қайталап жатқан, үлкен қимыл байқалмайтын бұл барыс сырт көзге С.Малларменің ұстанымына қайшы сияқтанады. П.Валери сөз бен ұғымды қатар алып жүреді, оларды бір жіптің екі ұшы деп біледі. С.Малларменің әлгі «гүл дестесінен табылмайтын» гүлі – ұғым өмір сүрмей тұрып ұғым деп аталмайтыны анық болғандығы себепті соңында «кітапқа», оқылу мен оқуға барып тірелгеніндей түсініктен тұратын зәулім сарай болып қабылданады. Бұл арадағы түсінік, пайымның астарында терең мағына, шексіз поэзиялық қиял жасырынған. Онда өзін өзі ақтай алатын, өзін өзі түлете алатын қабілет бар. Бұл болмыстың сырлы соқпағын бойлай отырып, кездескен түрлі түсініксіз арзан ұғымдардың анталаған шабуылынан қорғана отырып,  маретия, орын, уақыт сынын бастан кеше отырып С.Малларменің «кездейсоқтық» туралы пайымынан бір-ақ шығатын барыс. Сондықтан мұндағы тереңдік  – шынайы тереңдік. Сөз бен материяның арасында жатқан қашықтықты қалай меңгеруге болатынын бажайлайтын бұл барыстың өлшем-бірлігі ақыл-парасаттың поэзиядағы құдырет-күшімен, жалпы жұртқа түсінікті тілмен айтқанда, махаббаттың құдырет-күшімен, жалынымен өлшенеді.

Платоннан Плотиниге, одан христиандық дәстүрлі дін ұғымына дейінгі түсініктер негізінен сөздің осынау бай да құнарлы өлкесінен нәр алып, байып, өзінің өміршеңдігіне негіз қалап келгені белгілі.

Француз модернистік поэзиясының құдырет күшінің құпиясы да осында. Оны бастап берген Шарль Бодлер. Бұл поэзия нысанаға жетуден бұрын өзінде бардың бәрін жасырын түрде сұрыптап, қауызын тастап дәнін алатын ерекшелікке құрылған. Ол поэзияны да тәнде жасырынған махаббат сияқты деп түсінеді. Гегельдің айтқанындай, поэзия – уақыт пен кеңістікке байлаулы, бірақ енді бір жағынан ауыздықтауға көнбейтін құдыретімен тәртіптің қатаң шектемесін бұза отырып, қашанда өз әлеміне ұмтылмай тұрмайтын күй. Айталық, өмірдің қас-қағым сәттік шақтары ұстап тұруға көнбесе, оның не қадір-қасиеті қалады. Поэзия соны ұстап қалуға жұмыс істейді. Айталық, П.Валеридің «Жолдан өтіп бара жатқан әйел туралы жазба» сонеті соған дәлел. Шабытты шумақтардан кейін өлең ақырында өлім туралы түсінікті қазбалауға барып тірелетінін білеміз.

                    II

Қызық, П.Валери жұрттың өлім туралы әлдеқашан білетінін сезінбейтін сияқтанады. Ол кезінде Блез Паскаль мен Ш.Бодлерды батыл қолдаған көптеген сын мақалалар жазды. Ол шынайы мәнге ие дүниеге ұмтылды. Ол туу да, өлу де жоқ, мән-мағынасы ұзақ сақталатын, шынайы өмірде болмауы да мүмкін, бірақ бояуы қанық ұлы картинадай әлемге сенім артты. Төбеңнен түсіп тұрған күн шуағында маужырай бастайтының сияқты, ол әлемде ұйықтап кетуге болады –  П.Валеридің көптеген өлеңдерінде осы көрініс, осы көңіл күй бар. Ол бақыт пен байыз табуды көз алдыңа елестетеді. Бұларды өте нәзік, сыпайы, жағымды әлетте жеткізеді. Айталық, оның жануарлар туралы жазғанын, грек өнеріне қатысты шығармаларын есіңізге алыңызшы. Ол туындыларды оқи отырып сіз түс көру әлетінде жатқан ойдың байырқалау сәтіне кез болғандай әсер аласыз. Қалғып кеткен ой орнынан көтерілген көлеңке сияқты ашылмайтын алып есікті серпе ашуға ұмтылып жатқандай. П.Валери қиял мен дүниені араластырмауды ұнатады, әлемді өз қалпында көргенді қалайды. Оның түсінігінде материяның біз білетін жағы онсыз да қиялдан тұрады. Оның «бәрі ертеңмен жағаласады» деген сөзі бар. Ол жас кезінде осылай деп жазды және өмір бойы соны берік ұстанды. Бұл байырғы Грекияға тән таразыны тең ұстау мен ұзаққа шабудан тұратын, барлық мәнді бостандықтан іздеген, әрекеттің шынайылығынан шабыт шақыратын барыс. Нарцисстың (Грекия аңыздарында айтылатын судағы өз көлеңесіне ғашық болған өспірім жігіт) өте құдыретті, бірақ қиялда ғана өмір сүретін көрініске бой алдыруын есіңізге алыңызшы. Бұлақ бойында отырған бала жігіт тынымсыз ағып жатқан су бетіндегі өз көлеңкесіне – нақты емес, судағы көлеңкеге, басындағы әсем нақышты бөрікке ғашық дейік. Оны енді бір жағынан болмыста жоқ дүниеге құштар болу деп түюге де болады.

Бар мақсат, мүдде түсінікті әлемнен асып басқа бір дүниені бағындыруға барып саяғанда П.Валеридың таңдап алған тәсілі поэзияға парасат тұрғысынан қарау болған. Әлгі ұйқылы-ояу күйдегі маужырау негізінде түске тән ақылдың үздіксіз жүйелі қимылына ұқсайды. Тед мырзаның (Monsieur Teste, П.Валеридың 1896 жылы жазған өлеңінің кейіпкері) біздің мынау қиялдан тұратын әлемімізде Тәңірдің бір көрінісі сияқты елес беретіні бар. Қараңғы қапас үйде кенеттен түскен жарықтан ұлы құдыреттің белгісі аңғарылады. Болмыс мәнге ие болмаса, әрекет түсініктен арылып, басы да, аяғы да жоқ тыныштыққа дес беретіні анық. «Рухқа» тән әлемде әрекеттің өз болмысы бар. Соған ұқсас ой әлемінде де айтып жеткізе алмайтын тұс болады. Тілдің кейде айту үшін ғана өмір сүрмейтінін ұғынуға тиіспіз. Біздің тіліміз ғылым тілі мен болмыс тілінің ілініскен тұсында тұр. Заттық дүниенің заңдылығын игеруде тілдің болмыстан басқаша ерекшелігі басты назарда ұсталатынын ескерсек, тілдің екінші бетінің бедері тағы бары ойға келеді. П.Валери осы тұста қайшылықпен бетпе-бет келген. Оның кей тұста айналсоқтап тұрып қалатын әдеті де осындайда көрініс беріп қалады.

Поэзияның оңай көнбейтін асаулығын ақын үздіксіз іздену жолымен ғана иектеп келген. Ол реалды түйінін өлең поэтикасымен шешкісі, ғылымға тән шындықты сол жүйеде біріктіргісі бар. Нәзік те сырбаз ақын өзіне жүктеп алған міндеттен бас тартқан емес, бірақ өз қиялына қашанда күмәнмен қарамай тұра алмайтын туабітті қасиеті оны екіұдай күйден бұлтартпайды. Шындығына келгенде, оның түсінігінде поэзия тілі күн мен айдай түрліше нұр шашып тұрмаса, не болғаны?! Тілдің тасадағы табиғатына жасырынған ақиқат пен сұлулыққа жету үшін сөздің сыртқы келбетіне онша назар аудармастан, төтесінен мәнге ұмтылу көбінде жаңа қиындықтарды тудыратыны белгілі. Поэзияны Зевксистің жүзіміне ұқсайды десек, қателеспейтін шығармыз, онда жансыз дүниеге жан бітіретін, жоқтан бар жасайтын, жалған нәрседен шындыққа бергісіз ой өрбітетін түйсік бар. Сондықтан өлең жазу деген – үлкен құдыретке бой ұру десек, қателеспейміз. Талғампаз ақындар үшін идея мен күн шуағының қосындысынан жаңа, сиқырға бергісіз сұмдық дүниелер жасап шығу дегенің ештеңе емес. Ондай жаңа түйсікті біз баяғы аңыз-әпсанадағы қайнар-көзден келе жатқан жыланға теңесек те жарасады. Сол жылан, аздырушы, арбаушы, бәріне барушы, Жаратушының жорамалшысы, жиып келгенде, сөзбен ауырған жанның өзі десек, оның еш ерсілігі жоқ. Сол қасиетімен ол болмыстың қақ төрінен орын алып келеді. П.Валеридың шығармалары оқырманды селт еткізбейді, дейтіндер бар. Оны түсінуге де болады. Оның поэзиясында жылауық сарын жоқ. Оның поэзиясы –  сергелдең тағдыр кешкен рухтың ой өзегінен өту барысындағы кестеленуі.

Алайда П.Валеридың поэзияға ерекше сенім артатынын айтпай кетуге болмайды. Француздың дінмен тамырласып жатқан модернистік поэзиясында, тілінде Ш.Бодлерден бері жалғасқан белгісіз құдыретке деген құштарлық басым. Оны біз әлгі жолдан өтіп бара жатқан әйелдің бойынан, Ш.Бодлердің аққуынан, тастың бетін жапқан мүк туралы шумақтардан анық байқаймыз. П.Валери бұл үрдісті одан ары дамытты. Оның көлеңке мен жарықтан тұратын ойлау дағдысы рухты тануға жетелейді. 1944 жылы Француз ғылым академиясында жасаған баяндамасында ол ағынан ақтарылып тұрып тұнық та қарапайым, бірақ өте образды тілмен ойын жеткізгенін тағы бір рет еске салғым келеді. Менің түсінігімде біздің дәуірімізде П.Валериді ғана «қарғысқа ұшыраған ақындар» (poète maudit) санатына қосқан. Оның шығармалары жанның тасадағы қараңғы болмысына терең бойлай отырып, жабық бөлмеге жарық түсіргендей әсер сыйлайды. Ұлы рухқа тән үлкен махаббат пен сенімді қозғайды. Өте ауыр тақырып болғанына қарамастан, оның талаптан шыққаны анық. Ол сөздің сиқырын игерді, қарғысқа жақын ұғымды, сөзді ауыздықтай білді. П.Валери өлең жазғанда бір ғана қағидаға бойұсынады, ол тақырып пен оны игерудің арасында жүретін тайлатастың ымырасыз күресі, айталық шахмат тақтасындағы арбасулардың сәт сайын күрделеніп, шиленісіп, жандүниеңді астаң-кестең етіп соңғы нүктеге қарай бет алатын дауылды дүбірі сияқты.

 П.Валери бізге не қалдырды? Егер әдебиетті «өз заңдылығы бар тілдің әрекет болмысы» деп қарасақ, әлгі шахмат тақтасы тұрғысынан келгенде поэзия – рухтың қас-қағым сәтте қараңғыда жарқ етуін жеріне жете көрсету үшін әзірленген сұрыпталған рухани қор. Одан да маңыздысы, ақынның поэзиясында қарғысқа ұқсас сөз сиқыры бар. Мен мұны тағы да сол Жаратушыдан «қасіретті даңқ» алған жылан туралы әпсанамен байланыстырғым келеді. Тіл қолданудағы тазалық, қуаттылық, шынайылық, өз кезегінде нәзік иірімге барып екінші бір болмыста, қатігез, қатал күйге ауыса беретін икемділік сені еркіңнен тыс өзіне тартады. П.Валеридің ең бір тамаша шығармасы «Теңіз жағасындағы қабырыстандық» поэмасында осы ерекшелік бар. Сол теңіз жағасында, әлгі қапысыз түс әлетінде шықтай таза түйсік пен нәзік сезім ой шумағында түйісіп, әлдебір рух көрінісін берген. Қабырыстандықтан жылт етіп ұшқын шығады. Ақын соны қағып алған. Ол да жарықтың бір елесі. Ақын сөзімен айтқанда –  жүріп жатқан «құпия барыс», ойдың тағы бір қатпары. Немесе грек ақыны Пиндармен ұзақтан үндесіп жатыр. Шекті дүниедегі қасіреттің дәмін татып болып бойын кеңге салған  сәтте ақын тағы бір рет көз алдағы қарапайым көріністен қиялай өтіп өзінің тылсым әлеміне қарай беттейді. Бұл – бар мен жоқ арбасқан, масаң күйге ұқсаған, бойыңды толқынды сезім шымырлатқан… жиып келгенде, бас-аяғы бүтін рухани күйдің өнердегі өрнегі. Ұғымдар қабаттасып, материялар қақтығысқан бұл поэмада француз тілі өзінің бар мүмкіндігін толық ашып тұр – ой мен сезім біте қайнасып кеткен, би мен бишінің біте қайнасып кететіні сияқты, ұғым мен формада айырмашылық жоқ, сан қыры өз алдына нұр шашып тұрған жақұт сияқты. Біздер сондықтан да П.Валериді ұмыта алмаймыз.

Аударып, дайындаған –
Ардақ НҰРҒАЗЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір