Мемлекеттік тілді дамытудағы түйткілді мәселелер
13.11.2019
2194
0

Дербес ел болғанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді.Кешегі Кеңес одағы тұсында қазақ тілінің сол жүйенің «интернационалистік» тәрбиесі арқылы жер бетінен жойылған 92 ұлт пен ұлыс тілінің кебін кие бастағаны бүкпесіз шындық. Арайлап атқан азаттық таңының арқасында ұлт тағдырына тікелей қауіп тудырған сындарлы үдерістің тегеурінін бәсеңдетуге мүмкіндік туып, ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін биіктету ісі қолға алынды. Бес адамның тек екеуі қазақ болған сол кездегі қоғамда көзделген шаралардың дереу нәтиже бере қоймайтыны түсінікті еді. Сол себептен қандастарымыздың саны көбейген сайын мемлекеттік тіл Ата Заңда бекем шегенделген бірегей деңгейіне өзінен-өзі көтеріледі дегенге имандай иландық. Бірақ мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюі мен халық саны өсуінің өзара тығыз байланыстылығына сүйеніп жасалған болжам күткен үдеден шықпады. Ойымызды нақтылай түсейік. Отыз жылдың ішінде қазақтардың үлес салмағы отыз пайызға, ал жалпы саны екі есеге жуық артты. Қазір еліміздегі үш адамның екеуі қазақ. Ал мемлекеттік тілді дамыту барысында тап осындай сандық өсімге сәйкес сапалық секіріс орын алмады. Тек бетбұрыс қана бар.

Ұлттық тілді ұлықтау – басты міндет

Ал әлемдік тәжірибе не дейді? Соған қысқаша зер салайық. Орта ғасырларда Еуропада ұлттық тілге негізделген ұлттық мемлекеттер бой көтере бастағаны белгілі. Ұлттық тілді жаңа мемлекеттердің бірден-бір рухани-саяси іргетасына айналдыру үдерісіне ұлттық элиталар басшылық етті.Сындарлы кезеңдерде ежелден үстемдік құрған латын және грек тілдерін ығыстыруға ұлттық тілді баса оқытатын мектептер мен ұлттық әдебиеттің өлшеусіз үлес қосқаны – тағы да тарлан тарих шындығы. Еуропалық үлгіден тамыр тартқан – ұлттық тілі бар ұлттық мемлекет моделі қазіргі таңда дүниежүзінде айқын басымдыққа ие болып отыр. Демек, тіл – ұлт деген ұғымды құрайтын негізгі ұстынның бірі десек, елімізде кеңестік кезеңде үстемдік құрған орыс тілінің бәсі әлі жоғары. Басқару элитасының елеулі бөлігінің рухани құндылықтары ресми тілмен біте қайнасқаны да жасырын сыр емес. Мемлекеттік құрылымдарда қазақ тілін қолдану ісі мандытып алға баса қоймағаны осыдан болса керек. Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында 2019 жылға қарай мемлекеттік тілді орта және жоғары деңгейлерде меңгерген мемлекеттік қызметшілердің жиынтық үлесі 45 пайызға жетеді деп көрсетілуі сөзіміздің жарқын дәлелі. Ел болашағы үшін аса маңызды мемлекеттік бағдарламаны орындауда олардың үлесі қомақтырақ болғаны дұрыс еді, әрине.

Бізді қызықтыратын нысаналы индикаторлар қатарына 2019 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген ел тұрғындарының үлесін 90 пайызға, ал мектеп түлектерінің үлесін 100 пайызға жеткізу жатады. Алайда бұған күмәніміз зор екенін несін жасырамыз. Белгіленген көрсеткіштерге қағаз жүзінде қол жеткізілуі мүмкін, бірақ онымен тіліміздің тағдырына қатысты маңызды сұрақтар күн тәртібінен түсе қоймасы айқын. Жуырда Интернет ресурстардың бірінде Ф.Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігі жүргізген «Ценности казахстанского общества в социологическом измерении» тақырыбындағы зерттеулерінің нәтижесі жарияланды (Иванов Р. «Как меняется статус казахского языка в обществе-исследование»). Сұрауға қатысқандардың 39 пайызы мемлекеттік тілде сөйлесе, оны үйренуді 67 пайызы қолдайды. Ұсынылған мәліметтерге сүйенсек, қазақтардың 19 пайызы өз ана тілін үйренуге қарсы екен. Қасиетті қағы – ана тілінен жеріген көзкәмәндар қатпары бірнеше ұрпақ бұрын қалыптасты. Олардың қоғамымызды обыр сияқты дендеп бара жатқан дүниетанымы өскелең ұрпақтың жасампаздығы мен мемлекеттік тіліміздің дамуына кедергі болмаса игі. Сондай-ақ арамызда ана тілін сұранысқа ие емес деп кемсітіп жүрген қандастарымыздың кездесетіні де рас. Ондайларға айтпағымыз: қазақ тілі – Ұлық Анамыздың Тілі. Ана тілінің қасиет-құдіретін «сұранысқа ие, ие емес» сынды нарықтық қатынас қалыбымен өлшеу-надандықтың белгісі. Өзгенің қаңсығын таңсыққа балап, адасқандарды төл үйіріне қайыра қосу – аса күрделі де жауапты әрі баршамызға сауабы ортақ іс.

Таптаурын қағидалардан арылу керек

 Аристотельдің: «Платон – менің досым, бірақ ақиқат одан қымбат» деген сөзін басшылыққа алып, кейбір қынжылтпай қоймайтын дүниелер туралы ойымды ортаға салмақпын. Турасын айтсақ, мемлекеттік тілдің негізінен тұрмыстық деңгейде қолданылуының қыр-сырын түсіндірудегі гөй-гөйден әбден жауыр болған сылтаулар бүгінгі нақтылық биігінен тыңдала қоймайды. Сөзіміз жалаң болмас үшін, ширек ғасыр бойы жалықтырған сылтаулар топтамасына ойыссақ. Біріншісі – жүрегі «отаным – ар-намысым» деп соққан әрбір қандасымыз үшін ең қастерлі тарихи тұғыр-тірек, ең асыл рухани құндылық, жандүниеміздің ең мөлдір айнасы – өркениетпен бірге өркендеп келе жатқан ана тіліміздің түп-негізі мен табиғатынан кінәрат іздеуге саяды. Ұлттық намыстан ада сорақылардың ешбір сын көтермейтін жосықсыз тұжырымдары (аграрлық қоғам өнімі, көшпелілер тілі, архаикалық тіл, т.с.с.) мен «жаптым жала, жақтым күйе» ұстанымдарының түпкі мақсатын сауатты бағамдай білсек, қанеки. Екіншісі – «мемлекеттік тілді үйренуге арналған әдістемелік құралдардың сапасы төмен», «термин қоры қалыптаспаған», т.с.с. сылтауларды қамтиды. Бұларды қазақ тілінің басына алабөтен туғандай етіп, қаузай беру – нашар бишіге не болса сол кедергінің кері. Ұлттық тілін ұлықтау – әлем елдерінің басым көпшілігіне ортақ құбылысқа жататынына жоғарыда тоқталдық. Десе де, ана тілдерін баламасыз дамытудағы Орталық Азия, Кавказ бен Балтық бойы елдерінің, ұлттық тілдерін мойындатудағы Ресей, Қытай, Германия, Франция, Израиль, т.б. мемлекеттердің үлгі боларлықтай тәжірибесін білу де, одан тағылым алу да маңызды.

Үшіншісі – «кәсіби білікті мамандардың мемлекеттік тілді осы кезге дейін білмеуіне олардың өздері кінәлі болып табылмайды», «қазір балалардың көпшілігі қазақ мектептерінде оқиды – солар мемлекеттік тілдің жарқын болашағының кепілі» деген сияқты уәждер. Тәуелсіздік жылдарындағы қарқынды демографиялық өсімнің арқасында халқымыздың жартысын жастар құрап отыр. 1991 жылы бірінші сыныпқа барған баланың жасы қазір орда бұзар отыздың ортасына келді. Яғни, еліміздің мектептерін, одан кейін жоғары оқу орындарын қазақша оқып, бітірген білікті бағландарымыз миллиондап саналады, олардың қатарында инженерлер, технологтар, экономистер, т.б. кәсіби деңгейі жоғары ұландарымыз қаншама. Десе де, түрлі деңгейдегі ұйымдарда қызмет істейтіндердің арасында мемлекеттік тілде сұрасаң, ресми тілде жауап беретіндер әлі күнге басым. Көріп отырғанымыздай, мәселе мамандар жетіспеушілігінен емес, керісінше, жеке қамын мемлекеттік тіл мүддесінен жоғары қоятындарды мейлінше әлпештеуден туындағандай. Жалпы алғанда, мемлекет тілін білетін мамандарға сұраныстың жоқтығы – кешенді зерттеулермен көмкерілуге лайықты бөлек әңгіме.

 Әлқисса, еліміздегі балалардың көпшілігі қазақ мектептерінде оқитыны жөніндегі ақпаратты естіп келе жатқанымызға жиырма жылдан асты. Баршамызға жақсы таныс деректі тосын жаңалықтай қайталай беруден енді ұтатынымыз шамалы. Одан да орыс мектептерін таңдаған қазақ балаларының жылдан-жылға көбеюінің (1 млн-дай бала) түбірін зерделеп, салдарын бағамдағанымыз абзал. Осы орайда, есімдері «елжанды, парасатты тұлға» есебінде әйгілі талай азаматтардың өз ұрпақтарын балабақшада орысша тәрбиелеп, мектепте орысша оқытып жүргенін еске сала кетудің артықтығы болмас. Біз биікке қарап бой түзеген қазақпыз.

Төртіншісі – ресми тілдің ағымдағы үстемдігін: «ол 70 жыл бойы батпандап кірді, шығуы үшін тап сондай уақыт қажет» деп, ағымдағы проблеманы шешуді келешек ұрпақтың еншісіне қалдыруды қолдайтын ұстанымдар. Төртінші өнеркәсіптік революция адамзаттың дамуына жойқын шапшаңдық әкелуде. Бұрын ондаған жылға созылған технологиялық өзгерістер бүгін бірнеше айдың еншісі. Заманның жылдам көшіне ілесу үшін ұлттық тілімізге қатысты бастамаларымыз мимырт жүріс, таптаурын қағидалардан арылуы керек. Осыған байланысты, ұлттық элитаға артылатын сенім мен жауапкершіліктің жүгі ауыр.

Жоғарыда келтірілген деректер мен дәйектер мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруді сөзбұйдаға салуға болмайтынын айғақтайды. Сонымен қатар, есіктен кіріп, төрге озуын бастаған жаһандану дәуірінде дүниетанымымызға берік орныққан – ұлт, тіл, неке, отбасы, патриотизм, маргинал сынды ұғымдар мүлдем басқа реңк алып келе жатыр. Жығылғанға – жұдырық іспетті ұлт үстілік құрылымдар, ортақ валюта, ортақ тіл, т.б. интеграциялық терминдер санамызға сыналап сіңірілуде. Өмірдің өзіндей ақиқат сын-қатерлердің, басқа ұлттық құндылықтарымызды айтпағанда, тілімізге ықпалы мен қаупін жақсы түсінген зиялылар қауымы: мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдау, мемлекеттік тілдің қолданылуын қадағалайтын арнайы уәкілетті орган құру, мемлекеттік тілді дамытудағы институционалдық кедергілерді алып тастау, тілімізді менсінбеушілер мен кемсітушілерге жауапкершілікті күшейту туралы айтып та, жазып та жүр.

Мемлекеттік тілді білу – негізгі талапқа айналуы тиіс

Мемлекеттік тілімізді кемелдендіруге бағытталған ұсыныстарымыз бен ой-пікірлерімізге көшейік. Бірінші – патриотизмнің ең шынайы көрінісі ретінде ана тілді білу қағидатын алға шығару. Қандастарымыз үшін патриотизм қашанда ұлттық қасиеттің ең биік дәрежесі. Мемлекеттік тілді қоғам өмірінің қайнар көзіне (ұлттық идеологияға) айналдыру мақсатында еліміздің қалаларындағы көшелерде мәтіні орыс тілінде жазылған ілінбелі үгіт-насихат құралдарын пайдаланудың тиімділігі зор. Патриоттық сезімді оятуға бағытталған байыпты ұрандар, сол мазмұндағы көрнекіліктер және әлеуметтік жарнамалардың қоғам мүшелерінің моральдық құндылықтары мен азаматтық ой-санасының қалыптасуына қапысыз әсер етеді.

Екінші – еліміздің халықаралық деңгейдегі және мемлекеттік билік тармақтарына қатысты тек мемлекеттік тілде жүргізілуі шарт ресми шараларының (келісім-шарттар мен актілерді ресімдеу, келіссөздер, қабылдаулар, мәжілістер, жиындар, форумдарды, т.б. мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар шараларды өткізу) тізбесі бекітілсе. Және мемлекеттік тілді жақсы деңгейде білу – шенеуніктерге қойылатын ең басты талап қатарында белгіленсе, құба- құп болар еді.

 Үшінші – зиялыларымыз айтып жүрген аралас мектептерден арылу идеясын күн тәртібіне қою. Жалпы білім беретін мектептердің 30 пайызға жуығын құрайтын аралас мектептердің мемлекеттік тілдің көсегесін көгерту ісіне өз деңгейінде олжа салып жатпағандығы – өмір шындығы. Ең алғаш патшалық Ресей пәрменімен қазақ балаларын орыстандыру үшін ашылған мұндай мектептер Кеңестік кезеңде де барынша тиімділігін көрсетті. Аралас мектептердің қызметі сол түпнегіз мақсатпен сабақтастып жатқандай.

 Төртінші – орыс орта мектептерінде оқитын каракөз балғындарымызға қазақ әдебиеті пәнін қазақ мектептерімен бірдей деңгейде меңгерту жолдарын қарастыру. Орыстілді қазақ балаларын ұлттық рухани құндылықтарымызбен нәрлендіру – өзекті мәселенің бірі.

Бесінші – еліміздің тіл саясатын насихаттауда ресми тілдегі бұқаралық ақпараттық құралдарына және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде интернет-сайттарға қойылатын талаптарды күшейту. Осылар сияқты түрлі деңгейдегі бюджеттерден қаржыландырылатын қоғамдық ұйымдар мен консультативтік- кеңесші органдардың мемлекеттік тіліміздің абыройын көтерудегі қызметтерінің белсенді болуы шарт.

Алтыншы – еліміздің жасампазды­ғының, ұлылығының символы әрі қазақи орта ретінде ел орталығы Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік тілдің туын көтеруде өңірлерге шынайы үлгі-өнеге көрсетсе дейміз. Ұлттық рухымызды айқындайтын бірегей биікті Елордамыздың қысқа уақытта бағындыратыны – күмәнсіз.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен, қиын-қыстау кезеңдері, ел астанасы Сарыарқа төріне көшіріліп, тарихи қысқа мерзімде экономиканың, саяси өмірдің, руханияттың, сәулет пен өнердің орталығы ретінде әлемге танылды. Ұлы Даланың төсінде алтын алқадай жарқырап, айналасына ізгілігінің сәулесі мен шапағатының нұрын шашқан бас қаламыздың сан-салалы даму көрсеткіштері, игілікті істері өңірлерімізге әрқашанда үлгі.

Жетінші – Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, 2021 жылы Мемлекеттік тіл жылын жариялау орынды болар еді. «Мемлекеттік тіл жылы» іргелі бағыттары жан-жақты сараланып, жүзеге асырылатын іс-шаралар мемлекеттік тілді заңды тұғырына біржола қондырып, беделін халық күткен асқар белеске көтеріп тастары хақ.

Расында, ана тілінсіз ұлт жоқ. Әлемде бұрынғы ғасырларда 18 мыңдай тіл болса, бүгінгі саны 7 мыңға да жетпейді. Олардың жартысы жаһандану әсерінен үстіміздегі ғасырдың ортасына қарай қолданыстан шығып қалмақ. Осынау ұлы дүрмектен тыс қалудың бір және жалғыз жолы – мемлекеттік тілімізді сақтап қалып, аясын кеңейту. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – сөз бен істің бұлжымас бірлігі әрқайсымызға аманат. Хакім Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» демеуші ме еді…

Қали ОМАРОВ,

публицист-жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір