Өз газетімізге адал болып қаламыз
19.11.2019
1120
0

Мен газетке тоқсаныншы жылдар орталанып қалған кезде келдім. Тәуелсіз мемлекеттің негізі қаланып, қоғам өмірінде қым-қиғаш күрделі үдерістер жүріп жатты. Жаңа құрылымға өту, нарық қатынасы қапелімде халықты қатты дағдарысқа ұшыратты. Жаппай тапшылық. Жол таба алмай торығу… Содан да «көбіне бүгінгі қиындықтарды қалай еңсереміз, елдің ертеңі қандай болуы керек?» деген сауал төңірегінде ой қозғаймыз.

Көлемге шектеу жоқ, кемі газеттің бір бетін толтыра толғанамыз. Қарап отырсам, өңкей сен тұр, мен атайын дейтіндей қаламгерлер: байырғы қызметкерлер – бас редактор Ахат Жақсыбай, орынбасары Жүсіпбек Қорғасбек, марқұм Тұтқабай Иманбек, Иранғайып, Исраил Сапарбай, Еркін Жаппасұлы, Әлия Бөпежанова, кейін қосылған Жұмабай Шаштайұлы, Әбубәкір Қайран, Мейірхан Ақдәулет, Қуаныш Жиенбай, Адам Мекебай, Әмірхан Меңдеке, Думан Рамазан, Болатбек Төлепберген, Қуанбек Боқай. Үлкен, қуатты ұжым болған екенбіз. Қатардағы тілші деген болмайды, бәріміз – бөлім меңгерушілеріміз.

Демократия ұраны бар, ой еркін айтылатын. Артық-ауыс пікірді аса сақ Ахаң да жібере қоймайды. Лездеме үстінде балаша бұртыңдап: «Мынау бірден Президент пен Қажыгелдиннің жағасынан алады!» – деп маған ренжігені есімде. Ұлтшылмыз. Үш ғасыр бойы есеміз кеткен Ресейге қарсы қатты-қатты айтып тастағымыз келеді. Тағы да мәмілегер Ахаң сабырға шақырып: «Мен солтүстік өңірде орыс балалармен бала кезден бірге ойнап өскен, достасып, аралас-құралас болған адаммын. Олардың жақсы жағын да көп білемін. Ал сендер мүлдем түсінуге тырыспайсыңдар, тек жаулық ойлайсыңдар», – деп келіп, сөзінің соңын өзінің жеңіл әзілімен түйіндейтін.

Ұжымның әр мүшесі ортақ іске сүбелі үлес қосты деп ойлаймын. Ойдың, оны әдемі, әсерлі жеткізудің өзара бәсекесі жүріп жататындай еді. Қазірге дейін маңызын жоймаған небір құнды ой-пікірлер айтылды-ау!.. Архивті ақтарып көрсе.

Әуел бастан қалыптасқан дәстүрмен жұмысқа кешірек келіп, көп уақытымызды темекі түтінін будақтата тұрып әңгімелесумен өткіземіз. Бұл – сырт көрініс. Ал сол әңгімелер үстінде қозғалмайтын тақырып қалмайды. Ойды ой қозғап, әркім іштей тұжырым жасайды, келесі бір мақаласының сұлбасын бажайлап, жобасын түзеді. Күн сайын өтетін сол әңгімелер таным-білігімізді арттыруға көп әсер еткені шындық.

Ой арқалап үйге қайтамыз. Өлең-жыр, әңгіме-хикаяттар секілді көлемді мақалалар да түндерде қаламмен ақ қағазға жазылатын, компьютер кейін келді ғой.

«Қазақ әдебиетінде» өткен үш жылым – мен үшін өрлеу мектебі. Тұтас бір бетке өлеңдерім жарияланып, қуанғаным, Иранбек ағамның: «Кейде ішкеніңді жақтырмай жүруші едім, саған болады екен ғой!» – дегенін батадай қабылдағаным… күні кеше сияқты еді. Ең кішіміз Думан, Болатбек үшеуміз жақсы ағалардан көп тағылым, өнеге алыппыз.

Сол бір дәуренді қимастықпен еске аламын. «Қазақ әдебиеті» газетіне қашанда шын тілеулеспін. Бізден кейін де неше толқын жастар келіп-кетті. Заманның, ұлттың сөзін айтты. Жаңа ізденістер көрінді. Қазіргі ұжымның да әлеуеті қуантады.

Соңғы кезде танымал болып жүрген бір әннің сөзінде «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деуші еді. Біз кеткенмен, «Қазақ әдебиеті» бізден кеткен жоқ. Көңілімізде. Біз өз газетімізге адал болып қаламыз. Өссін, өрлесін! Жасап, жаңғыра берсін!

Болат Жетекбай,

ақын

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір