Д. Мамырбаева. Көркем туындының алғышарты – шеберлік
14.11.2019
1816
0

Ділдар Мамыбаева

– Апай, «Әке мен бала» әңгімеңізге бүгінгі заманның кескіні мен қазіргі уақыт тынысын арқау еткен екенсіз. Шығарма идеясы қалай туды?

– Бүгінгі заманның кескіні мен қазіргі уақыт тынысы дейсің бе? Қайғы мұң, ауру-сырқауды білмейтін, жаппай теңдік үстемдік құрған жырғалаң кезеңде де, әділеттік бірте-бірте азайып, адамзаттың азу процесі басталған шақта да проблемалар болмай қоймайды ғой.

Дүниеде зұлымдық пен азғындық етек алғанда, имандылық азайғанда, қылмыс өршігенде, адамдар арасындағы қарым-қатынаста сенімділік азайып, жалғандық орын алғанда заманның кескіні де өзгереді.

Бүгінгі қазақ отбасы – бұрынғы қазақ отбасы емес. Өзгерген, басқаша. Ұрпақтың бірі келіп, бірі кетіп, қауым ауысқан. Жаңарған. Жаңарған жұрттың үй-іші тіршілігі де, қазақы іргесі де, мұрат-мүддесі де өзгеше жаңарып, жаңғырумен бірге мәңгүрттенудің де белең алып бара жатқаны шындық. Адамгершілік құлық – сүлесоқ, сүлесапа. Қазақ отбасы үшін тіршіліктің, өмірдің жетекші дөңгелегі – еркек. Сол еркектер өзгерген. Отбасы, шаңырақ, үлкен үй дегенің Отаның екенін естен шығарып алған (бәрі емес, әрине). Шығарма идеясы айналаңдағы осындай оқиғалардан туындайды да…

(Оқи отырыңыз!)

Ділдәр Мамырбаева. Әке мен бала

– Бала психологиясына терең үңіліп, оның ішкі арпалысы мен күйін, сезімін дәл сипаттағансыз. Адам психологиясын жан-жақты зерделеп, кішкентайлардың көңіл-күйін нақты детальдар арқылы жеткізудің қандай күрделі тұстары бар?

– Қанын ішіне тартқан психологиялық мінез ашылды ма, ашылмады ма, оны оқырман түйіндер. Жазғаным – өзім көрген, куә болған оқиғалар. Елеп, екшеген тұстарым болған шығар. Бірақ кесіп, пішілген схема сызбадым. Адамның ішкі дүниесі тылсым ғой, әркімнің өзіне ғана тән дірілі болады. Жанын жеп, іштей өзімен-өзі арпалысып жүретін кейіпкерім, былайғы өмірде білімді, мәдениетті жігіт. Ойыңды емеуріннен түсінеді.

– Осыншалықты күйзеліске бой алдыру, әртүрлі сезім ауандарын бастан өткеру мектеп жасындағы бала үшін тым ауыр емес пе екен, қалай ойлайсыз?

         – Қалай десең де өмір шындығы – дәл осындай. Бұл жерде идеал кейіпкер жоқ. Ақиқаты – осы. Бала кездегі кедір-бұдыр қылықтары асқынған. Оны бүркемелеп, жақсылыққа ұмтылдырайын десем, шешесін тыңдамайды, «әкесінің жақсылығы – жездедей-ақ» болып тұр.

– Әке образындағы кейіпкер жұмбақтау кейіпте бейнеленген сыңайлы. Оқырман әңгіме желісінде танытатын мінезіне орай, анасы «әкең келді» деп таныстырған кісіні балаға бөтен адам секілді қабылдайды. Әрі шығарма соңы да жұмбақ күйде тәмамдалғандай. Бұл сіздің шығарма жазуда қолданған тәсіліңіз бе, немесе оқырман дұрыс қабылдамады ма екен? Әке образын неліктен мұндай характер арқылы бердіңіз?

– Осы сұрағың әке образын «бар» мен «жоқтың» арасында берейін деген ойымның орындалғанын тұспалдап тұр. Күнде көріп жүрген шындығымыз осы емес пе? Балаға әке мен шеше ғана бере алатын дәрумен дәріханада сатылмайды. Біреуі жоқ жерде оның орны үңірейіп тұрады. «Әке – бәйтерек, бала – жапырақ» дейміз. Қазір сол бәйтеректердің өзегіне құрт түсіп жатқан жоқ па?

Әкенің отбасынан кетіп қалуы – трагедия. Қай кезеңде де. Құнанбайдың заманында да. «Абай жолында»: «Ұлжанның өз басы бай қызғанайын деген ой да болмайтын. Ержеткен төрт ұлы бар. Немере сүйе бастаған тоқтамды ана. Құнанбайды бұл күнде бай деп те санамайтын. Ол балаларының әкесі. Көп өмірі, көп азабы, көп машық мұңы табыстырған жай ғана туысы сияқты. Содан басқа сезімдер суынғандай еді.

Бірақ сонда да ол Құнанбайдың қатын алғанына қарсы болды. Жорға Жұмабайды шақырып ап: «Біздің тілді өмірде бір ескеретін болса – алмасын, реніш туады. Балаларынан ұялсын, олар ренжиді», – деген. Ұлжан өзі естіген хабарды Абайға айтқан еді. Сонда Абай біртүрлі қатты түршігіп, жиреніп кеткен еді. «Әке деп сый көруден қалсын. Біржолата жат болсын деген мінез ғой, осыншалық қыруар жанды адам құрлы санамаған ғой. Шешеммен неге ақылдаспайды? Өмір бойғы жолдасы сендермен неге санаспайды? Бізден кіші қыз алып отырып, солар ұялар-ау деп бізді неге ойламайды? Құптамаймын! Қайта кінәлаймын! Сен де мақұлдама! Әйтеуір бізді адам санамаған жан ғой. Отқа түссе де, жалғыз өзі барып түссін. Ренжіп кеткенін біліп кетсін!» – деп күйзеліпті.

Отбасының қорған, тірегі – Әке! Оқырман жазғанымды осылай қабылдаса, қуанамын!

– Журналист ретінде де оралымды ойлар айтып, сүбелі сөз қозғап келесіз. Публицистикалық жанр мен көркем шығарманы бір-бірімен алмастырып алмай, көркемдік тұрғыда биік туындылар жазу үшін жазушы өзін қалай жетілдіргені жөн?

         – Қазір журналистер әдебиетті сүреңсіз етіп жіберді деген әңгімелер бар. Көркем туындының да, публицистиканың да алғы шарты – шеберлік. Шеберлік дегеніміз – ой, тіл, сезім ғой. Өзімнің соңғы кезде оқыған Эрик Мария Ремарктің «Три товарищасы», Энтони Берджестің «Заводной апельсині», Дэниел Киздің «Цветы для Элджернонасы», Мария Пюзьоның «Крестный отец» деген шығармаларында публицистикалық сарын басым. Соған қарап оларды әдебиеттегі орындарынан шеткері шығара алмайсың.

Ал енді сенің сұрағыңдағы тамаша туындылар жазу үшін өзін қалай жетілдірген жөн дегеніңе, сөз құдыреті қаныңа сіңіп, жаныңа жайылуы керек, жүрегіңе қонуы керек. Басқаша болғанда – бәрі де бос кеңістік болып шығады деп жауап бергім келеді.

– Әңгімеңізге көп рақмет.

Әңгімелескен
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір