Азғындаудың алғышарты…
25.04.2024
77
0

Маскүнемдік деп – адамның спиртті ішімдіктерге тәуелдігін айтамыз. Бұл – адамның денсаулығына, тұрмысына, еңбек қабілетіне және қоғам өміріне зиян келтіретін қауіпті дерт. Маскүнемдік те мінез-құлықты бұзумен қоса, қылмысқа да итермелейтін кездер кездеседі. Мас адамның тірек-буын мүшелері әлсіреп, жүре алмайды, соның салдарынан бақытсыз жағдайға ұшырауы, жұмыс қабілеттен айырылуы мүмкін. Ең бастысы, ішкілік болашақ ұрпаққа зиян келтіретінін ұмытпаған жөн. Оған дәлел маскүнемнің балалары көп жағдайда мүгедек, ақыл-есі кем болып туылады.


Қалыптасқан түсініктерге жүгінер болсақ, ешкім маскүнемдікке шалдығуды мұрат тұтпайды. Алайда аздап ұрттап жүріп те маскүнемге айналып кетуіңіз мүмкін. «Анда-санда дос-жарандармен ұрттайтыным бар…», – деп ақталсаңыз, ондай ұрттап-татудың да салдары болатынын есте сақтаған жөн.
Біздің ұлтымыз әу баста ішімдікке әуестенбеген. Көк суды көкесіндей көретін көршілеріміз оған да үйретпей қоймады. Әсіресе майданға барып келген азаматтардың: «Ұрысқа кірер алдында «комиссарский 100 грам» спиртті зорлап ішкізуші еді…», – деген әңгімелерін естіп өстік. Міне, содан бері аты жаман «сусын» жақын досымыз, әлде сырласымыз болып кеткендей. Не десек те, жанымыздан табылатыны өтірік емес. Оның зияны жайында жазылып та, айтылып та жүр. Бірақ нәтиже айтарлықтай емес!
Ішімдікке әуестенудің қандай психологиялық әсері бар дегенге келсек, бірінші кезекте ой-сана бәсеңдейді екен. Сонымен қатар көру және есту мүшелері нашарлайды. Көз алдына бейнелер, елестер пайда болады. Есте сақтау қабілеті төмендейді.
Енді ішімдікке салынған адамдарды бірнеше түрге және топқа бөліп, зерттеген ғалымдардың айтар уәжіне тоқталсақ:
Созылмалы маскүнемдік. Ол – дәстүрлі ауру, күнделікті үлкен көлемде не болмаса кіші көлемде міндетті түрде ішетін адамдар. Созылмалы маскүнемдікте адам ішімдіксіз өзін елестете алмайды және айналасындағы жақын туған- туыстары да бұл жайында біледі. Бұндай адам өзінің қатесін ешқашан мойындамайды, сонымен қатар әрқашанда ішуге сылтау табады.
Салынып ішетін маскүнемдік. Маскүнемдіктің бұл түрі – кеңінен таралған ауру. Бұндай аурумен көбінесе күйзеліске, уайымға, отбасылық мәселелерге, жұмыс барысында туындаған мәселелерге ұрынып шешімін таппай ішімдікке салынып кетеді. Бұдан шығу үшін медицинаның немесе жақындарының көмегін қажет етеді.
Жасырын маскүнемдік. Жасырын маскүнемдіктің негізі салынып ішетін маскүнемдік немесе созылмалы маскүнемдікте жатыр. Сырт көзге ішімдікті ішпейтін адамға ұқсайды. Бұндай ауру көбінесе әйелдер, мансаптағы және танымал адамдарда кеңінен кездеседі. Өзін өзгелерден өзгеше санайтындар маскүнемдігін жасырғысы келеді десе де болғандай.
Сыра маскүнемдігі. Күнделікті үш немесе төрт бөтелкеден ішетін адамдар сыра маскүнемдігіне душар болады. Бұл түрдегі адамдар өзін жоғарыдағы маскүнемдіктердің қатарына кірмеймін деп санайды. Бірақ солардың бірі екенін білмейді.
Маскүнемдіктің қай түрін алсақ та, адам денсаулығына және психологиясына әсер етпей қоймайды. Осы тұрғыда маскүнемдіктерді үш топқа бөліп қарастырады.
Альфа. Бұл топ – өзіне тән күнделікті ішімдіктің жеңіл түрін қабылдаушы адамдар. Бұндай адамдар – таңғы ас алдында, түскі ас алдында және кешкі аста бір бокал шараптан ішетіндер. Әрқашан көңіл күйлері көтеріңкі жүру үшін. Бұндай адамдарда ішкені және ішпегені білінбейді. Көбінесе Еуропада кеңінен тараған.
Бетта. Бұл маскүнемдіктің бұл түрінің де альфадан қатты айырмашылығы жоқ. Себебі альфада шараппен шектелсе мында спирттік құрамы кішкене жоғарлау. Мысалы, сыра маскүнемдігіне жатқызсақ болады. Сонымен қатар ликер, шарап және сидра шараптарын жатқызамыз.
Гамма. Гамма маскүнемдігінің спирттік мөлшері өте жоғарғы болып келеді. Бұл кезде адам өз тепе-теңдігін ұстай алмайтын дәрежеге жететін болады. Сонымен қатар айналасында не болып жатқанын сезбейді. Өз ісіне өзі жауап бере алмайды. Бұндай топтағы адамдар ішімдікке жақын келеді.
Ішімдікке салыну, тіпті аз мөлшерде ішкеннің өзінде де, созылмалы алкоголизмге әкеліп ішпесе тұра алмайтын дертке шалдықтыруы, ішкі органдарды кеселге ұшырату, адамның мінез-құлқын өзгертуге алып келеді. Ауру бірте-бірте өршиді. Маскүнемдікке салыну әуелі әуестіктен, соңынан әр нәрсені сылтау етіп әйтеуір ішуді жалғастырудан, соны үйреншікті әдетке айналдырудан келіп туады. Алкоголизмнің алғашқы сатысы шамамен 5-7 жылға созылады. Ішкілік дертіне шалдығудың екінші сатысы – бас жазу. Алкоголизм өршіген сайын ішімдіктің қолайсыз әсері күшейе түседі, қолы қалтырайды, терлейді, ұйқысы қашады, өз-өзінен үрейі ұшып, мазасы кетеді. Алкоголизмнің екінші сатысында ішкі органдар мен нерв жүйелері едәуір зақымданады, қатты және созылмалы алкоголь психоздары пайда болады, көзіне әр нәрсе елестейді. Алкоголизмнің екінші сатысы 10-15 жылға созылады. Мұндайда адам алкогольді көтере алмайды, спиртті ішімдіктің шағын дозасының өзі мас етеді. Еңбекке жарамайды, ақыл-есінен айырылады.
Ауру асқынбай тұрғанда созылмалы алкоголизмге дейін әркімнің ішімдіктен бас тартуына болады. Тек ерік-жігерін жинап, ішімдікке салынудың өз денсаулығына да, туыстары мен жора-жолдастарына да, қоғамға да зиянды екенін түсінсе болғаны. Емдеудің негізгі үш кезеңі бар олар – алкогольден улану зардабын жою және жалпы көңіл-күйін қалпына келтіру, ішімдікке әуестік әдетті жойып, аурудың қайталанбауына бағытталған емдік шараларды ұзақ уақыт қолдану. Дәрі-дәрмекті және психотерапияны қолданумен қоса, ауру адамды қамқорлыққа алудың, тұрмыс жағдайын түзейтін әлеуметтік шаралар жасаудың айрықша маңызы бар.
Сонымен ішімдікке салынатын адамдардың бірнеше топтар мен түрлерге бөлінетінін жіктеп шықтық. Ал енді, өзіңізді осындағы қай санатқа жатқызар едіңіз? Егер, осылардың біреуінен өз бейнеңізді танып қалсаңыз, арылу мен сауығудың да өз қолыңызда екенін ұмытпағаныңыз жөн!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір