«Жеті атасын білген ер…»
Осы аптада М.Әуезов мұражай-үйінің мәжіліс залында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолдауымен«Жеті ата – тектіліктің кепілі» тақырыбында дәріс оқылды. Р.Бердібаев атындағы Халық университетінің кезекті дәріс оқу сағатын ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Тұран» университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Болат БОЛСАНБЕК жүргізді. Іс-шараға әдебиеттанушы ғалымдар мен жоғары оқу орындарының студенттері, жалпы жұртшылық қатысты.
Басқосуда Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы К.І.Матыжанов модератор болды.
ГЕНЕТИКАЛЫҚ КОДТЫ ҚАЛАЙ АНЫҚТАЙМЫЗ?
Кенжехан Ісләмжанұлы: Құрметті әріптестер! Р.Бердібаев атындағы Халық универститетінің бүгінгі сабағының жөні бөлектеу болып отыр. Әдетте, көптеген дәрістеріміз өнер мен мәдениет, ғылым және әдебиет төңірегінде болушы еді. Ал бүгінгі сабақ «Жеті ата – тектіліктің кепілі» деген тақырыпта болғандықтан, генетикалық кодтың жалпы маңызына ерекше назар аударуды мақсат еттік. «Жеті ата» туралы былайғы уақытта әртүрлі пікірлер айтылады, бірақ жүйе жоқ. Сондықтан, ұлттық құндылықтардың негізгі тірек тұтқасы – тектік жүйені саралап алуымыз керек. Бұның тарихи және заманауи үдерісі қандай, қазіргі кезде осы ұлы дәстүр біздің қазақтың арасында сақталып отыр ма, бұның ел болашағы үшін қандай маңызы бар деген сұрақтардың төңірегінде көп ойлана бермейміз. Қазіргі уақытта ғылыми-техикалық бағыттағы даму осы генетикалық кодты анықтап жатыр. Әлемдік деңгейде генетикаға байланыста бағдарламар бар. Адамзаттың пайда болуы туралы қалыптасқан кейбір тұжырымдарды қайта қарастыруға дамыған технология мәжбүрлер отыр. Адамның арғы тегі жайындағы зерттеулер жаңаша көзқарастарды ашуда. Алты тектің біреуі ғана жер бетіне таралыпты деген ойлар да айтылуда. Ал біздің түркі тегі – осы тұжырымдарға байланысты қарастырғанда, қайдан келді немесе қайдан шықты? Азиялық елдердің арасында жапон, корей, тіпті, мына қытай арғы тегіміз Алтайдан шықты деп санайтындары жайдан-жай айтыла салған сөз емес. Бұның тарихи шындығына назар аударуымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде, неге «жеті ата», «он екі ата» дейміз? Бұл қалайша қазақ арасында сақталған? Жеті атаға толмай қыз алып, қыз беріспеу дәстүрінің қазақ арасында қатаң сақталуының сыры неде? Жеті ата мен қазақтың өмір сүру салтының арасындағы өміршең байланысты білеміз бе? Жеті атаны ұлттық кодқа айналдырудың маңызы қандай? Тектілік феноменін қалыптастырудың алғышарттарын анықтау үшін нені ескеруіміз керек, т.б.
Міне, бұл сұрақтарға жауап іздеген Болат Болсанбек ағамыз тақырыпты көп жыл зерттеп, тоқталған, тапқан қортындыларын ортаға салуға келіп отыр.

Болат Болсанбек
ЖЕТІ АТА ОН ТӨРТ БУЫНДЫ ҚАМТИДЫ
– 1997 жылдың шілде айында туажат бауырым Төкен Құрманғалиұлы қолыма бір дәптерді ұстатты. Онда он туысымның аты-жөні жазылыпты. Ағам: «қазақ болған соң, мұны білу – сенің асыл парызың», – деді. Ол кісі сол жылы қыркүйек айында дүние салды.
Тақырыпты зерттеуге кіріскен кезімде материалдар аз, ақпараттар жеткіліксіз болды. Сөйтіп жүргенде Елбасының «Тарих толқынында» атты кітабы жарыққа шықты. Онда жеті ата ұғымын бағалау, оны біздің халықтың рухани жетістігі ретінде қарастыру керектігі айтылған. Сол пайымнан қанаттанып, таңдаған тақырыбымды зерттеуге шын көңілім ауған еді. Осы тұста мені мазалаған, жауабын табуда біраз қиналған бір сұрағым болды. Мен жеті атамның есімдерін жақсы білемін, тіпті, шамам келгенше одан арғыларын да атап бере аламын. Бірақ жеті атаның атауларын маған ешкім айта алмады. Кейін Сейіт Кенжеахметовтың кітабы шыққаннан кейін ғана кімді қалай атау керектігін білдім. Осыдан соң өзімнің сызбамды (схема) жасадым. Біздің айтып жүрген жеті атамыз, шынтуайтында, жеті ата – жеті ұрпақ екен. Олай болса, он төрт (14) буынды қамтитын ұғымды жеті ата деп атайды. Бұны біліп таңғалдым, себебі мен «жеті атамның есімдерін білсем болды» деп ойлайтынмын. Бұдан соң түйсінгенім – жеті ата құрылымы сенің өзіңнен басталады екен. Олар: сен, әкең, атаң, арғы атаң, баба атаң, түп атаң, тек атаң. Өзің әке болғанда, сенен басталған ұрпақ келесі бір жеті ата түзілімін құрайды. Кез келген жетінші буында туған баланың тек атасы бар (біз бәріміз жетінші буында туғанбыз). Мен осылайша қазақтың осы заңының алгоритімін тауып алдым.
Қазақтардың жеті аталық қағидасыз өмір сүре алмайтынын экономист ғалым ретінде зерттеп көрдім. Қазақтың көшпелі салты миыма толыққанды сіңген кезде мынаны түсіндім – бұл, шын мәнінде, көшпенді халықтар арасында қажеттіліктен туған ұғым, бұлжымас қағида екен. Менің есебімше, әр көшпендінің шаңырағында кемінде екі ұл болуы шарт. Көп әйел алудың себебі де – осы. Олар дүниеге келген соң, өз жұртың пайда болып, олардың (екі баланың) ұрпағы жетінші буынға дейін қыз алыспайды. Уақыт өте келе бұл екеуі төртке, үшіншіде – сегізге, әрі қарай он алтыға, отыз екіге, алпыс төртке, жүз жиырма сегізге дейін барады. Сонда мен – жетінші буын – өзімнің жетінші атамды есіме алып тұрғанда, қасымда немене – алпыс төртінші болып, ар жағында отыз екі – әкелес және тағы басқа да туыстар қосылып, жеті ұрпақ бойы бірлікте өмір сүреміз. Әгерәки, әр ұрпақ отыз жыл өмір сүреді десек, 210 жыл бірге тұрады екенбіз. Бұрынғы қазақтар солай өмір сүрген. Мұның түп төркіні сыйластықта жатыр. Тектілік дегеніміз де – осы. Ал Абай атамыз: «Кім танымас тектіні, сыйластығы жарасқан», – депті.
Жеті атаны білу тек аталарымыз бен ұрпағымызды білумен ғана шектелмейді. Жеті ата бойына өзара туысқандықты да білу парыз. Бәріміз білеміз, біздің өз жұртымыз, нағашы жұртымыз, жиен жұртымыз (қайын жұрт) бар. Осы үшеуі бір-бірімен қыз алыспауы керек. Себебі, кез келген ата-ана баласына 46 хромосома береді: 23-і анадан (X), 23-і әкеден (XY). Екеуі бір-бірімен араласқанда, қайсысы басым түссе, сол арқылы баланың жынысы анықталады. Ақылға салып қарасақ, менімен бірге туған он бес ұл, он бес қызда сол 46 хромосома бар; егер олар бір-бірімен араласса, шатасу мен араласудың көкесі сол болмай ма?! Сол үшін жеті атаға дейін қыз алыспаймыз.
420 ЖЫЛДАН СОҢ ЖЕТІ АТА ҚАЛПЫНА КЕЛМЕК
Бір бала туғанда жеті атаны аяқтайды. Бір ер-азамат әке атанғанда жеті ұрпақты бастайды. Сондықтан кез келгеніміз –жеті ұрпақты аяқтаушымыз, жеті ұрпақты бастаушымыз. Мен бұдан мынадай қорытындыға келдім: егер дәл осы уақытта, қай-қайсымыз да үйленгенде жеті ұрпақты бастасақ, 420 жылдан соң жеті ата қалпына келмек. Ал бұған IT-технологияны пайдалансақ, нұр үстіне нұр болмақ. Оңай іс болғалы тұр. Осыған сәйкес кесте жасап, кіммен кімнің қыз алыспауы керегін айту үшін Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қажет болды. Сол сәттен бастап көкірегіме екі сөз қонды – ұлттық код және ұлттық дің. Біріншісін орысшаға аударуға болмады, екіншісін аудару қиын. Себебі, қазақтардың өзі бұл ұғымдарды толық түйсіне қоймады. Дің – есілген арқанның белортасы. Есетін жіп көп болған сайын арқан қатайып, мықты бола түседі. Жеті ата, жеті ұрпақ дегеніміз де осы дің емес пе?! Үш жұртыңдағы жеті ата, жеті ұрпақ есілген жіптей бір-бірімен қабысып жатады. Бұл үшеуі бір-бірімен қыз алыспайды, содан қан тазалығы сақталады.
Бізде ру мен жеті атаны шатастыратын кездер болды. Көп әдебиеттерде «жеті ата деген – ру» деп айтылады. Бұл – қате ұғым. Өйткені жеті ата, жеті ұрпақ – 14 буын. Жоғарыда атап көрсеткен он төрт буыннан кейін жекжат, жұрағат, жүрежат деген үш буын бар. Сонда барлығы он жеті буын болады. Он жеті буын ұрпақ толыққанда, ру болып бірігеді. Оның өз заңдылықтары бар. Яғни, ру дегеніміз – жеті атаның дамуы, үлкеюі десек, қате айтқанымыз емес. Ру үлкейіп, өскен соң, елуінші буынға жеткенде тайпа қалыптасады. Тайпа ұлғая келіп, жүзінші буынға жеткенде жүзге біріккен.
Егер осы айтқанымның барлығын мен ұсынған кестемен компьютерге енгізсек, шатасулар мен туыстар арасындағы неке болмас еді. 420 жылдан соң жерімізде таза қанды, асыл текті адамдар қалыптастыра алар едік. Бүгінде қан араласуы салдарынан пайда болатын ауру түрлері мыңнан асты. Осынау жақсылықты ұлтымызға сіңіре алсақ, әртүрлі кесірлі залалдан ада болсақ, кейін бұл тәжірибені басқа да халықтар бізден үлгі етіп аларына бек сенімдімін.
Дайындаған Думан ТЕРЛІКБАЕВ