Ғалым Қалибек. «Күреңсе» естелік жазуды үйретеді
18.11.2019
2093
0

Пушкин дүниеден өтерінде «Қош болыңдар, менің достарым!» деп, адамдармен емес, сөреде тұрған кітаптарымен қоштасыпты. Осы бір өмірлік шағын мысалдан-ақ көп жағдайда қасыңда жүрген кей жандардан тілсіз дос – кітаптың артық екенін терең бағамдай түсінесің… «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» – жазушы Ғалым Қалибекұлы сүйікті жазушысы Қалихан Ысқақтың шығармалары туралы ой тербеді.

Адамның жақсы көретін бір жазушысы болады. Неге екенін білмеймін, әлде Бейімбетше жазғаны үшін бе, мен Василий Шукшиннің әңгімелерін көбірек ұнатамын. Онда да Алтайдың ауылдары суреттеледі, тура біздің ауылдағы қарапайым адамдар көз алдыңа келеді. Екі езуің жиылмай күліп отырасың, сәлден соң күрсінгеніңді, мұңға батып кеткеніңді байқамай да қаласың…

«Тілінің юморы жоқ жазушы жазушы емес» дейтін Қалихан ағам. Өзім өле-өлгенше «Қал-аға» атап кеткен Ысқақовтың атын «Қоңыр күз еді» повесін оқыған соң біліп едім, білген соң бір көруді армандап едім, дәмдес болдым, сырлас болдым, аға-іні дос болып, мына жалғаннан өткенінше қатар жүрдім.

Қал-ағамның шығармалары тұнып тұрған сурет. Тағдыр. Кейіпкерлері –Алтайдың тау мен тасы, даласындағы елі. Өзінің туған ауылы Топқайыңдағы тірі жүрген «Омырық» секілді біраз кейіпкерлерін көзбен көргем. Көзбен көргендерімді кітаптан да көргем. Батқан күннің, аққан судың, көшкен бұлттың… суретін қызыл тілмен қалай-қалай салатынына қайран қалғаның былай тұрсын, есік алдындағы боз топырақта жалғыз «жортып» бара жатқан құмырсқаның «тұяғының» даусын, тұмсығыңның алдынан ұшып өткен сары масаның қанатының сусылын естіртеді ғой Қал-ағам. Абайша айтқанда, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп» кеткен соң ба, Қал-ағамды жұрттың бәрі «Қоңыр күз едісінен» жақсы таниды. Анығында, ол кісі – Бунин секілді сан қатпарлы жазушы. Бунинді көп аударғанының да әсері ағама там-тұмдап тиген шығар деп ойлаймын іштей. Оның бәрі – бөлек әңгіме.

Көп жыл бұрын «Эсселер» деген атаумен шықты ғой деймін, кейін «Күреңсе» деген атпен Қал-ағамның эсселер жинағы жарық көрді. «Тектінің мінезі» деп, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Тәкен Әлімқұлов туралы жазады сонда. Тәкенді танымайтын, білмейтін адам сол эссені оқыса, жетіп жатыр. Қомақты романның жүгін арқалап тұрған шағын дүние – Тәкенге арнап соққан тұғырлы ескерткіш. Бүй дейтін тұстары бар: «… Тұман да емес, жаңбыр да емес, не аспаны жоқ, не Алатауы жоқ Алматының саңылаусыз, есте қалмайтын, білінбей жылжып бара жатқан ен-таңбасыз күні еді…». «Кезінде көркемдігі жігіттің төресіне дес бермеген ағамыз алпыстың тоғызына енді іліккенде аяқ астынан күрт сынды: шодырайған бет сүйекке қарауыл болып қоңқиған мұрын қалды…». Жанды сурет емей, не! Әдебиетіміздің абыздары Ғабит пен Ғабиден жайында, Тельман, Ахан туралы да жазғандарын оқығанда жүрегіңнен өшпестей орын алады. Бірде жеті қараңғы түнде зираттарды аралап, көрге түсіп жатып, таң ата суық өтіп, дірдек қағып келіп тұрған Аханның қылығын әңгімелеп бергені бар Қал-ағамның. Ажал, өлім туралы өзінше білуге құмартып, «Құланның ажалы» романын жазып жүрген кезі көрінеді Аханның. Құлан дегені – атақты Кейкі батыр. Басынан айырылған батырдың аянышты тағдыры жас жазушыға маза бермей жүрген тұс болса керек. Мақтаралға барып мақта терген сапарында өкпесіне суық тигізіп, тиген суықтан дерттеніп, қайтып оңала алмай, бір жылдан соң көз жұмады Ахан. Естелікте солай жазылған. Жаны сірі, жүрегі жұмсақ, тұйық та жұмбақ Аханды көз алдыңа елестетеді Ысқақов… Өкінішке қарай, Аханның ұлы шығармасы аяқталмай қалады. Қалихан Нұрмановтың қолтаңбасын зерделей отырып, «Құланның ажалын» орысшасынан тәржімәлап, қазақшасының аяғын Ақанша жалғап жүріп, ақырында жазып бітіреді. Бұны біреу білсе, біреу білмейді. Екеуінің достығы солай болған өмірде. Ал енді қос Ғабеңнің кісілік, адамгершілік, бекзаттық болмысын Қал-ағамнан асырып ешкім айта алған жоқ. Мұнан бөлек талай эссе кітапта жазулы тұр, оның бәрін түгендеп, оқырманның уақытын алмай-ақ қоялық.

Бұл күні естелік жазатындардың қарасы аз емес. Бірақ, біреу туралы жазғалы отырып, өзі туралы жазатын жазушыны көргенде жының қозады. Өзін жер-көкке сыйғызбай мақтайды-ай кеп, ақсақты тыңдай, өтірікті шындай етеді жазғыштар. Күнделік пен қойын дәптердегі цифр мен болған уақиғаның бәрі естелік-эссеге жүк болып артылмай, көркем шығарманың бір парасына айналғаны рауа. Қалихан ағаның аталған жанрды жазудың қас шебері екенін «Күреңсені» оқыған кісі білер еді. Тіл ұстарту, шеберлік – Қал-ағама ғана тән қасиет. Ұзын-сонар, көпірме сөзді шығарманы оқығанда, «жазғандары батпақ» дейтін ол кісі. Әдебиетте бетің-жүзің бар демей, үлкен жиынның мінберінде тұрып айтарын бетке айтатын ағамыздың қазақтың қара сөзінің алдында ары таза-тұғын. Қайтқанына қанша жыл өтсе де, Қал-ағам туралы күні бүгінге дейін бір естелік жаза алмай, ішқұса боп келемін. Өйткені естелік жазудың қиындығын Қалихан Ысқақтың «Күреңсесінен» кейін тереңірек сезінгем. Көп ақынның ішінде арнау өлең жазудың нағыз шебері Тұманбай ағамыз еді. Кішкентай ғана кілтең, нәзік тұстан мықтап ұстап, үлкен өлең тудыратын Тұм-ағам. Сол секілді естелік жазуды еріннің сөзі емес, жүректің сөзі деп шынайы түсінетін бір жазушы болса, ол – Қалихан Ысқақтың дәл өзі деп ойлаймын.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір