Ұлт руханиятына тағзым
Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің қолдауымен, Қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай, Алаш ұранды әдебиеттің белді өкілі, ұлт қайраткері, ақын, ағартушы Таңжарық Жолдыұлының өлеңдерін, өнегелі өмірін дәріптеп, жас ұрпақты қазақ әдебиеті мен тарихының ақтаңдақтарын ашу, зерделеу, шабыттандыру мақсатында Алматы қаласындағы ЖОО студенттері арасында «Халқым, сен, шын тіленіп табынарым» деген атпен Таңжарық оқулары өткізілді.
Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасы 2014-2015 оқу жылының жоспарына сәйкес әдеби және рухани құндылықтарды нығайту мақсатында бірқатар шаралар өткізді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Баймырзақызы Ержанова басшылық ететін кафедрада өткен іс-шараларға кафедра оқытушылары мен топ эдвайзерлері, студенттер мен магистранттар, докторанттар барынша атсалысады. Оқу мен тәрбие егіз ұғым екендігін ескерсек, білімгерлердің оқу үлгерімі, аралық бақылау, емтихан қорытындылары, оқу сапасы өте жақсы дәрежеде екендігін мақтанышпен айта аламыз.
Қыркүйек айының аяғында п.ғ.к., проф.м.а. Б.Жұмақаеваның ұйымдастыруымен Абай оқулары аясында «Білімдіден шыққан сөз» атты әдеби іс-шара өткізіліп, студенттер барынша белсенділік көрсетті.
Қазақ поэзиясына өзінің азаматтық үнімен, сырлы да сазды лирикалық өлең, дастандары арқылы сүбелі үлес қосқан қазақтың көрнекті ақыны Сағи Жиенбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор С.Ержанованың ұйымдастыруымен «Сағынышқа айналған Сағи ақын» атты әдеби кеш өтіп, кешке Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сыншы Бақыт Сарбалаев, Сағи ақынның жары Уәзипа Жиенбаева, тәжірибелі ұстаздар қатысты. Қонақтар ақын туралы өз естеліктерімен бөлісіп, Сағидың ақындық қарым-қабілеті, азаматтық бейнесі туралы терең сөз қозғап, естеліктер айтты.
«Назқоңыр», «Інжу-Маржан» үйірмелерінің студенттері де университет, факультет көлемінде болған іс-шаралардан бөлек Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында өткен ақын С.Жиенбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған еске алу кешінде, Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткен ақын, сазгер, сатирик Қ.Ілиясұлының 75 жылдық мерейтойына арналған еске алу кешінде ақын өлеңдерінен үздік композициялар орындады.
Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасы соңғы жылдары жастардың сүйікті ақыны Мұқағали Мақатаев рухына тағзым ретінде «Бүгін менің туған күнім…» атты Мұқағали оқуларын өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Соған орай, М.Мақатаевтың шығармаларын дәріптеуге арналған әдеби-сазды кеш М.Мақатаев көшесі мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы ақын ескерткіші жанында өтті. «Мұқағали» атындағы сыйлықтың иегері Оразақын Асқар, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, «Қаламгер-Меdiа» орталығының директоры Жанарбек Әшімжан, Өнер академиясының профессоры Шаяхмет Имашұлы, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева, Әлеуметтік мәселелер және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Зәуреш Сабырова, факультет декандары мен оқытушылар, Қыздар университетінің студенттері қатысты.
Қазақ әдебиеті кафедрасы көрнекті ғалым Б.Абылқасымовтың 65 жылдығына орай және академик З.Ахметовті еске алу құрметіне студенттер мен магистранттардың ЖОО аралық дәстүрлі «Зәки оқулары» өткізілді.
А.Көшекова,
ф.ғ. кандидаты,
ҚазМемҚызПУ.