Шайырлардың жүрегіне бола көрші, Тәңір, ие…
13.11.2019
1848
0

Әмірхан Балқыбек пен Мұрат Шаймаран

Күзгі Елес

Бар ма, жоқ па білмеймін ғұмыр да өзі?

Шүңетіне тартады жылым көзі.

Көлбіретіп ескілеу көк көйлегін

Келеді ылғи бір сұлу іңір кезі.

 

Көбігіне шашалып боза-бұлттың,

Нені айтқысы келеді сөз алып Түн?!

Аспан айсыз,

Ай оның маңдайында,

Себебі – гүлдей ерні бозарып тұр…

 

Шарасыз жымиыс бар миығымда,

Бірақ ол тұншығады жиі мұңға.

Сүймекке мойныма кеп асылады,

Көлбеңдеп қос қанаты иығында.

 

Күз желі жер бауырлап көтерілген,

Уа, Ақшам, саған дұға етемін мен.

Құлағыма сыбырлап «кеттік!» – дейді,

Тартады кеп «жүр-жүрлеп!» етегімнен…

 

Солып біткен анары кеудесінде,

Қандай сойқан бұл қыздың келді есіне?

Ұшпақ болам ілесіп мен де аспанға,

Жібермейді бір қайғым жерге сіңген…

 

Тұрды сосын, сүлкінсіз – сезімі өлген,

(куәмін оның балғын кезіне мен)

Қарайды менің бордай самайыма,

Жоңғардың бозаң айлы көзіменен.

 

Бар екен ол!

Отырды қасыма кеп,

Сипайды кеп басымнан «жасыма!» – деп.

Құстар қайтып барады алыс жаққа,

Көзім жасы сел болып тасып әлек…

 

Алматы. Түн. Сұраған

…Мұңды көрдім көзінен мен,

бермейтұғын жанға тыным.

Оты сөнген, сезімі өлген,

Түн еді бұл Алматының.

 

Отырды ол оқшау ойда,

Тас мүсіндей мүлде суып.

«Құстай қанат қақсам ба айға,

кетсем бе әлде түнге сіңіп..?»

 

Кіл пенделер ортасында,

Жүрегі – ақын, сұлбасы – адам;

Асқар Алтай жартасынан

Бұл мүсінді Кім қашаған?!

 

Кектене ме кір өмірге,

Аңсай ма әлде жаны кие?!

Шайырлардың жүрегіне,

Бола көрші,Тәңір, ие!

 

Жыр оқыңыз, Көке! – дер ем,

Онысыз да сарсаң жаным;

Қалай ғана көтерем мен

Сырлы өлеңнің бар салмағын.

 

Кенет аспан жаңбырлатты,

Көңіл көксеп, денем ысып…

Басып түсіп бар ырғақты,

Шықты атылып Өлең ұшып.

 

Жаңбырлатты Аспан-Ана,

Жанардан жас барады ағып…

Өлең ұшты,

Сап-сарала,

Қанаттарын сабаланып.

 

Жетегінде – байтақ әні,

(Аға, сенің қайғың ба ұлы?!)

…Шарабында шайқалады,

Күңгірт тартқан айдың нұры…

Күйреу

 Солай болды…

Сені көрмеу тым ауыр,

Бірақ оны түсінбейді бұл Ауыл.

…Біздікі тек түнгі кабакxанада

Шарап ішу… Жылау… қайта уану.

 

Қанатының бірі – сынық, бірі – су,

Шырағданға талпынады кім үшін

Сол Көбелек?

Біздікі не?!

Біздікі –

Көздің жасын көрсетпеуге тырысу.

 

Жұлдыз жерге түскендей ме бір ыршып,

Даяшы қыз шарап құяр қылымсып…

Бұл ғаламның барлық қара бояуын,

Ойлай-ойлай қалғиды түн тымырсық.

 

Көзім жұмсам – аппақ-аппақ Құс – өлім

Пыр-пыр ұшар…

Мен сол үшін ішемін.

Мас гитарист (ол да мендей мұңдық-ау)

Сыңсытады қылдай нәзік ішегін.

 

Ал аспан ба?!

Айдың көзі сұп-суық,

Әлденені қалатындай ұқтырып.

…Бұлаң қаққан буынымды бекітіп,

Айғайлағым келеді бір тік тұрып!

 

Шырақ біткен сарғалдақ боп гүлдейді…

Жанарымнан кілкіп ағар нілдей мұң.

Білетінім – айғайлағым келеді,

Кімге..?

Неге..?

Не айтпақпын?!

Білмеймін.

 

Бауырында сылаң қаққан сұр тұман,

Алатауым күледі тек мұртынан.

…Бір мүйісте жатам ұйықтап,

Таң алды

Күздің желі оятады жұлқылап…


Адам

 Ол алғаш дүние есігін ашқанда,

Терезе сыртында сығалап күн тұрды.

Анасы еміреніп бауырына басқанда,

Ырысты төсіне ұмтылды.

 

Тұп-тұнық бір сәуле жанарда дірілдеп,

Тәңірден тап-таза мейірім сұрайды.

«Періштем…» – дейді Ана ішінен күбірлеп,

«Періште!» – дейді жұрт былайғы.

 

Шақырды ұйқыға омырау жұпары,

Езуден барады ең ұлы сүт ағып.

Шалықтап күледі… қабағын шытады –

Басталды өмірдің кітабы!

 

Ержетті…

Қызылды-жасылды ғасырдың

Күйлеген… билеген дүрмегін мият қып.

Бүрледі… толысты… төгілді… шашылды,

Ғажайып маусымдар сияқты.

 

Шықтық Біз оны ертіп, сан соқпақ сапарға,

Арбадық… алдадық… алдандық… аһ ұрдық;

Кінәсіз ақ-адал қолдарын (о, тоба!)

Көл-көсір күнәға батырдық.

 

Ындыны оянды, қарады шалқайып,

Қалпына ғаламның кеткендей кектеніп.

«Мықты адам болды!» – деп, шаттандық марқайып,

(білмедік, Сәбилік кетті өліп…).

Қартайды…

Аптыққан араны аш өмірді,

Уақыттың азуы ақжем ғып шайнаған.

Жетті ажал бір күні сұп-суық ерінді,

Қап-қара шарқатын байлаған.

 

Табытта жатты тән жалауы жығылған,

(«Жақсы адам болған…» – деп, тереңге көмеміз)

Періште-Ібіліс – осынау ғұмырға

Кінәлі Адам ба?

…және Біз?!

 

Тағы да Хафизге

 Мен де сендей аңғал-саңғал өтермін,

Көкірегімде көктеп жатқан көк орман –

Әр бұтағын құсқа мекен етермін.

 

Мен де сендей үмітсізбін, нараумын,

Патша тәжі, xанның алтын тағынан

Майxананы мәртебелі санармын.

 

Мен де сендей шайырға ұқсап ежелгі –

Тәңір – Күнге ұлы мадақ айтамын,

Ай нұрында мөлтілдетіп көземді.

 

Жаным менің жамау-жамау, сан құрау,

Мен де сендей асқақ болғым келген-ді,

Ал сен менен бақыттырақ болдың-ау –

 

Иран бағы – желкілдеген желегі,

Әр мүйісі жатқа оқитын жырыңды

Сенің туған Ширазың бар – себебі!

 

Мен де сендей…

Алматым бар, ол рас,

Көкке қарап көтереді тұмсығын,

Делдал тірлік шуылына жаны мас.

 

Тағы… тағы Алатауым бар менің,

Қардай аппақ болғанымен сақалы,

«Ұлым!» – деуге жетпей қалған дәрмені…

 

Сағым жортқан сахарамды сағынам,

Мен де сендей шайыр болар едім-ау,

Тіптен Ақсақ Темірім жоқ, не қылам…

Иесіз

 Алматы баяғы қалпында…

Әйнекті қағады тамшылар бір-бірлеп,

Таңданам таң алды «япырай, бұл кім ?!»  – деп,

Сүлдерін сүйретіп келеді бір адам,

Жол бойы қара ағаш тұр бүрлеп.

 

О, қала, ұйқысыз – сәтке де қалғымас,

Сұп-суық қойныңды жып-жылы жаңбырға аш!

Тас еден көшенің кеудесін таспалап,

Бауырлап ұшады қарлығаш.

 

Есерлеу жел тұрды – жеңілтек қылығы,

Тарқата бастады бұлттардың бұрымын.

…Отырды орындыққа, дірілдеп саусағы

Әзерге тұтатты шылымын.

 

 Көз алды – тәкаппар сарайлар кіл абат,

Асқақтай қарайды кес-кестеп тұра қап.

Мап-майда жаңбырдың мөп-мөлдір моншағы

Ағады әжімін қуалап.

 

Аспанның шырағын бұлт көмді,  көк те өлді,

Ғаламның жүзінде қаралы көп белгі.

Қисапсыз ақ қарлы ақпанның түнінде ол

Аңсаған осынау көктемді.

 

Барады жұрт шұбап тірлігін түгендеп,

Ал оның дерті ауыр, береді кім емдеп?!

Жанарда бүлк ете түседі бір елең,

Ертіп ап кетердей біреу кеп.

 

Мен оны танимын,

Мен оны білемін –

Сәуірді сүйеді жұпар төс, гүл ерін.

Сонау-у бір терезе ішінде мен бармын –

Бар оның жылаған жүрегі…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір