Бала кезден болдым да ақынжанды…
13.11.2019
2504
0

Иә, Бақтықожа Ізмұхамбетов – ақынжанды азамат! Мен бұл сөзді, әйтеуір айту үшін айтып отырғам жоқ. Ол өзі бір өлеңінде «Бала кезден болдым да ақынжанды, Жаным жақсы көреді ақындарды» депті. Шынында да, ол өзінің бүкіл ғұмырында ақынжанды екенін дәлелдеумен келеді. Сондықтан болса керек, мен оның өлең жазатынын білгенде, тіпті де таңғалып, тосырқағам жоқ…

Бақтықожа Ізмұхамбетов

Бақтықожа Ізмұхамбетов мемлекеттік қызметтің талай-талай баспалдақтарынан өтіп, Энергетика және минералдық ресурстар министрі, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының әкімі болған, елге кеңінен белгілі, абыройлы азамат. Әр күні мойын бұрғызбайтын қат-қабат шаруалардың қалың ортасында жүрсе де, өзін ешуақытта да қазақтың рухани әлемінен сырт ұстаған емес. Қайта оған, мүмкін болғанынша, қалтқысыз қызмет етті. Ол бір кезде Иманғали Тасмағамбетовтің Бейбарыс, Құрманғазы, Диналарға ескерткіштер орнатқан азаматтық ісін тікелей жалғастырып, поэзия мақтаныштары Жұмекен Нәжімеденов, Фариза Оңғарсыновалардың қоладан құйылған асқақ тұлғаларын биік тұғырларға қондырды. Бұл игілікті шаруаны бүгінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жалғастырып жатқанын айта кету ләзім…

Сонымен бірге Бақтықожа Ізмұхамбетов бұдан бес жыл бұрын он томдық «Жыр маржаны» атты қазақ поэзиясының антологиясының жарық көруіне тікелей демеушілік көрсеткенін, қаншама ақын-жазушылармен айтулы кездесулер өткізгенін көпшілік қауым жақсы біледі.

Бақтықожа өлеңдері – өн бойына жан жылуын сіңірген сыршыл да сезімтал. Адамгершілік пен имандылықты, кісілік пен кішілікті, пайымды парасат пен ел мен жеріне деген шексіз сүйіспеншілікті асқақтатады…

Бақтықожа Ізмұхамбетовтың сөзіне жазылған «Сол бір ән» (әні: Ілия Жақанов), «Достарға» «әні: Елена Әбдіхалықова), «Это судьба» (әні: Борис Топчевский), «Көңіл толқуы», «Жан досыма» (әні: Заттыбек Көпболсынұлы) әндері эфирден таралып, айтылып жүр.

Өзіңді поэзия рухы желеп-жебей берсін, Ақын Жанды Азамат!

Темірхан Медетбек

Түсіп ерте бойына соқпақтардың,

Жүріп ұзақ ішіме сақтап бәрін,

Ауласының сыртынан ақындардың,

Әттең, шіркін, есігін кеш қаққанмын…

 

* * *

Жұмекен, Мұқағали, Төлегенді,

Біреу сыйлап, біреулер елемейді.

Жарқ етіп, ағып түскен жұлдыздардай,

Өмірге ұлы ақындар келер ме енді?

 

Бала кезден болдым да ақынжанды,

Жаным жақын көреді ақындарды.

Әлди жазып сәбидің бесігі үшін,

Ұрандатып қолдаған батырларды.

 

Елегізіп кей сәттер еліктеймін,

Абай бабам айтқандай ерікпеймін.

Түсіме де енеді жыр жолдары,

Сондықтан қаламыма ерік бердім.

 

Біреу жүрер тыңдамай, біреу тыңдап,

Мақсатым жоқ сөзімді ұғындырмақ.

Біреу қалар түсінбей айтқанымды,

Біреу, бәлкім, қол соғар мені қолдап…

 

* * *

Қыс болса жерді қар басып,

Бір шуақ күтіп жүреміз.

Көктем де жазға жалғасып,

Келеді тағы күрең күз.

 

Өмір ғой соның барлығы,

Жылаймыз кейде, күлеміз.

Тірліктің тулап әр күні,

Қуаныш, қайғы жүр егіз.

 

Достар-ау, достар күй-көмей,

Күндер де зулар күймедей.

Үзіліп түспей түймедей,

Жүрсеңдер екен сиремей.

 

Қыс кезі, мейлі, күз кезі,

Жақсылық күтіп әр таңда.

Үзілмей күннің тізбегі,

Жүрейін, достар, ортаңда.

 

Достар-ау, достар күй-көмей,

Күндер де зулар күймедей,

Үзіліп түспей түймедей,

Жүрсеңдер екен сиремей.

 

* * *

Тұлпардай ем тыпырлап тыншымаған,

Сұңқардай ем сонарда тұмшаланған.

Жылдар жеңіп, бүгінде баяуладым,

Айналамда көбейді сыншыл адам.

 

Жүгірмеймін асығып бұрынғыдай,

Күндерім де кейде олай, кейде бұлай.

Уақыт қуып артымнан келе жатыр,

Алға итеріп, кейінге бұрылғызбай.

 

Қалғаным жоқ өмірден құр алақан,

Дәрежем жоқ біреуден сұрап алған.

Кешіргейсің, ағайын, дос, жолдастар

Кезім болса, көңілден шыға алмаған.

 

Өткен жылдар – байлығым

                жиып-терген,

Орын да алдым бірталай биіктерден.

Ризамын тағдырға маған деген,

Үйіп-төгіп барлығын сыйға берген.

* * *

Жыланның құйрығы мен басы бірде,

Келісе алмай қалыпты әбігерге.

Құйрығы қызғаныпты бастың орнын,

«Жүр», – депті енді менің артыма ер де.

 

Құйрық бастап жөнелді әпелімде,

Көрмей, сезбей боларын қатердің де,

Жанған оттың шоғына кетті кіріп,

Ажалға өзі бастап әкелді де.

 

* * *

Қызығып тұрып қызғанатындардан,

Шыдамы таусылып

                қызбала­натын­дардан,

Жолдастықты бақталастықтан,

Ағайынды қас-қабақтықтан,

Азаматтарды ағат басқандықтан,

Сөзге келіп жамандасқандықтан,

Айналасын тыңдамағандардан,

 

Айтқан сөзінде тұра алмағандардан,

Өз пайдасы үшін бұралаңдағандардан,

Дос қайғысына жыламағандардан,

Сақтаса екен.

* * *

Жоғары емен өзгеден, төмен де емен,

Жарысқам жоқ озам деп көрінгенмен.

Өзге емес, өзім тауып тағдырымды,

Маңдайға жазғанымен жөргегімнен

Келемін мен.

ТҮНГІ АСПАН

Сәулесінен айдың түнгі жасырынып,

Сыр шертеді екі ғашық ашылып.

Дүрсілдейді жүректері аһ ұрып,

Аймалайды жігіт қызды асығып.

 

Айлы кеште тыным тауып жайлана,

Ұйқыға енді тынышталып айнала.

Түнгі аспанда нұрын төгіп тұр ояу,

Жарқыраған жұлдыздар мен ай ғана.

 

Жымың қағып жұлдыздар тұр көктегі,

Баяу есіп салқын желі көктемгі.

Күйдіреді қызуымен екеуін,

Орап алып махаббаттың от лебі.

 

Айлы кеште тыным тауып жайлана,

Ұйқыға енді тынышталып айнала.

Түнгі аспанда нұрын төгіп тұр ояу,

Жарқыраған жұлдыздар мен ай ғана.

 

Оңашада таң атқанша сырласқан,

Куәсі боп ғашықтардың түнгі аспан.

Ұзағырақ тұрсаң кейде қайтеді,

Кете бермей күнге айналып қимастан.

 

Айлы кеште тыным тауып жайлана,

Ұйқыға енді тынышталып айнала.

Түнгі аспанда нұрын төгіп тұр ояу,

Жарқыраған жұлдыздар мен ай ғана.

 

* * *

Ақылды жүрер, сөйлер асқақтамай,

Жолы боп бақ қонса да басқа талай.

Кішіпейіл, кішік мінез өзгермейтін,

Көтерер, жүргендерді аспандамай.

 

Сыйлай білу оларды – ол да бір сын,

Жүргендерге ойлаумен қара басын.

Түсінбес, кейде тіпті қызғанар да,

Өзінде сол қасиет болмағасын.

Біреулер орнын білмей төрге ұмтылар,

Біреулер мағынасыз сөзге құмар.

Қомпиып, қопаңдаудан қандай пайда,

Ақылы болмаса егер өзгені ұғар.

 

Рухы өсіп, биіктер қайдан адам,

Тәрбие ала алмаса айналадан.

Өтерміз бұл өмірден үйренумен,

Жандардан жаны таза кір шалмаған.

ЖАН ДОСЫМА

Балдәурен бала шақта танысқанбыз,

Құлын-тайдай шұрқырап жарысқанбыз.

Жылдар өтіп, жырақта жүрміз бүгін,

Кездесеміз іздеп кеп алыстан біз.

 

Күлгеніңде, өзіңмен күлем бірге,

Мұңаям кейде жүзің түнергенде.

Жарқылдаған жан досым, сен аман жүр,

Қашанда тілекшіңмін бұл өмірде.

 

Бірге өстік күліп-ойнап, дегенмен де,

Бастан өтті қиын бір кезеңдер де.

Тағдырдың талай жүгін сен көтерсең,

Ұмыта алмай кей күнді келем мен де.

 

Күлгеніңде, өзіңмен күлем бірге,

Мұңаям кейде жүзің түнергенде.

Жарқылдаған жан досым, сен аман жүр,

Қашанда тілекшіңмін бұл өмірде.

 

Келеміз бір сызаты байқалмаған,

Қайығында достықтың шайқалмаған.

Жағалау біз жететін болғай алыс,

Әлі де әніміз көп айта алмаған.

 

Күлгеніңде, өзіңмен күлем бірге,

Мұңаям кейде жүзің түнергенде.

Жарқылдаған жан досым, сен аман жүр,

Қашанда тілекшіңмін бұл өмірде.

 

* * *

Жақсы көрем жандарды өзгермейтін,

Жаны таза, кішіпейіл, сөзге ермейтін.

Жандардан аулағырақ жүрсем деймін,

Тәкаппар, басқаларды көзге ілмейтін.

 

Жақсы көрем жандарды қайырымды,

Пейілі кең, қолы ашық, жаны игі.

Сақтағай адамдардан бұрылмайтын,

Қысылып-қымтырылып, қайғыр мейлі.

 

Жақсы көрем жандарды жарқылдаған,

Көрінетін өзгеден артық адам.

Түнергендер ұқсайды бақытсызға,

Өмірдің бар қызығын таусып алған.

* * *

Мен сыйлаймын жандарды қатар жүріп,

Тұратын ақ ниетпен адал күліп.

Жандарында солардың болсам деймін,

Адам болған, адам боп жаратылып.

 

Қарайтын көз тоқтатпай тайғанақтап,

Қысылғанда кететін ардан аттап,

Жалған күліп, мысқылы іште тынып,

Тұрғандардан қалса екен Құдай сақтап.

КҮНТІЗБЕК

Жылдар, айлар, күндер өтіп жарысып,

Достарменен айырылысып, табысып,

Қайда асығып бара жатсың зымырай,

Қызығыңа тоя алмаған ғұмыр-ай.

 

Бар қызық бастан өтеді бір күн

Дүние жалған екен ғой, шіркін…

Екен ғой, шіркін!

 

Жалғасумен айлы кештер ақ таңға,

Күнтізбектер жылжып өтіп жатқанда,

Байқамаймыз өтіп кеткен әр күннің,

Сыйы екенін бізге тартқан тағдырдың.

 

Бар қызық бастан өтеді бір күн

Дүние жалған екен ғой, шіркін…

Екен ғой, шіркін!

 

Құмға сіңген судай болып өткен күн,

Байқамаймыз оралмасқа кеткенін.

Күнтізбектер екен уақыт бөлшегі,

Күнтізбектер екен өмір өлшемі.

 

Бар қызық бастан өтеді бір күн

Дүние жалған екен ғой шіркін…

Екен ғой, шіркін!

 

* * *

Менің де өзге жұрттан ештеңем жоқ,

Ұялам өз өзімнен кей сәттерде.

Жүремін жұрт көзінше білмеген боп,

Кезіккенше тура адам айтар бетке.

 

Сынасаңыз сыртымнан қарап маған,

Күтпеймін жалған баға мадақтаған.

Жек көріп кетпеңізші, пендемін ғой,

Тапсаңыз талай қылық ұнатпаған.

 

Жүрмедім айналама қарайламай,

Тура бетке қалғам жоқ қарай алмай.

Кешірім сұрағым кеп тұрам әр кез,

Жандардан ренжіткен абайламай.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір