ҚАЛАМГЕР ҮШІН ӨЗ ХАЛҚЫ – ӘДЕБИ КЕЙІПКЕР
06.11.2019
1357
0

«Пруст сауалнамасы» vs «Қазақ әдебиеті»

Сауалнама қонағы – ақын Жәркен БӨДЕШҰЛЫ

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

– Адамшылық.

– Ер-азаматтың басты қасиеті ше?

Өз ел-жұртын сүюі.

– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Кім нені жақсы көріп, со­ған қолы жетсе, сол – бақыт.

– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

 – Қаламгер үшін өз халқы – әдеби кейіпкер.

– Ең басты кемшілігіңіз не?

– Менде кемшілік өте көп, сол үшін қайсысын айтарымды білмей отырмын.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Бос уақыт бола бермейді. Егер бос уақыт бола қалса, табиғатты тамашалаймын, айналаға көз жүгіртемін.

– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Адам өмірге ешқашан екінші рет келген емес, сон­дық­тан ол туралы ойланған жоқпын.

– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

– Өз туған жерімде.

– Қандай ерекше қабі­лет­ке ие болғыңыз келеді?

– Адамда болуға тиісті барлық қасиет менде де болса екен деп ойлаймын.

– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

– Ешқашан осалдық танытқан сәттерім болған жоқ.

– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?

– Бұл сөздің мағына­сын түсіне алмадым.

– Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?

– Егер менен бұрын біреу ақылдылық танытпағанда, аттың тағасын ойлап табар ем.

– Не нәрседен жиіркенесіз?

Өтірік айтқаннан, біреуді біреу алдағаннан жиіркенем.

– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?

– Оны айта алмаймын.

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

Жігіттер мәтелге ай­нал­ды­рып, кең тарап кеткен бір сөзім бар, «… ар жағы мидай жазық» деген, сол сөзді көп айтамын-ау.

– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

– Әрине, анда-санда балалық шағымды ойлап жылап аламын. Мен де адаммын ғой, адам болған соң көзінде жас болуы керек қой. Жылай алмайтын адам – жібі түзу адам емес.

– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?

«Балалық өлді, білдің бе?
Жігіттікке келдің бе?
Жігіттік өтті,
көрдің бе?
Кәрілікке көндің бе?
Кім біледі, сен кәпір,
Баяндыдан сөндің бе?
Баянсызға төндің бе?
Әлде, айналып, кім білер.

Боталы түйе секілді,

Қарадан шықпай өлдің бе?»

– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?

– Адамдық қасиет азайып барады.

– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

– Өте қиын сұрақ екен.

– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылық пен кемшіліктерді көріп жүрсіз?

– Бұл – бір сауалдың жауабына сыймайтын дүние ғой, бұны үлкен мақала етіп жазу керек шығар. Пенде болған соң оның артықшылығы да, кемшілігі де болары даусыз. Оның қайсыбірін түгендейсің?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір