«СИДДХАРТХАНЫ» ОҚЫП ШЫҚҚАННАН КЕЙІН ӨМІР СҮРГІҢ КЕЛІП КЕТЕДІ
Бүгінде көбіміз әдеби шығармалар жайлы тұшымды талдауларға сусап жүргеніміз өтірік емес. Газетіміздің «Талғам-таразы» айдарын ашқандағы да мақсатымыз – осы бір маңызды мәселеге өз үлесімізді қосу болатын. Соған орай ақын-жазушыларды, филолог ғалымдарды «оқырман» ретінде сөйлетіп те келеміз. Кейде іздегеніміз әлеуметтік желілерден де табылып жатады. Сондай «қазынамыздың бірі» – белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлының соңғы оқыған кітаптары туралы жазбасы.

Герман Гессе
Герман Гессе сияқты бір ұлттың ғана емес, әлем әдебиетінің дамуына зор ықпалын тигізген қаламгерлер туралы әңгіме айту әрі жеңіл, әрі қиын. Жеңіл болатын себебі, олардың мағынасы терең, мазмұны бай рухани мұрасы жөнінде көп сөз айтылды. Бізге дейін де талай сыншылар олардың шығармаларын бүге-шігесіне дейін талдап, лайықты бағасын беріп, көптеген мақалалар жарық көргендіктен дерек іздеп қиналмайсың. Қиын болатын себебі, адамзаттық ақыл-ойдың алыбына айналған суреткердің әлем әдебиетіндегі алатын орнын бір әңгіменің барысында түсіндіріп беру оңай емес.
Әлем әдебиетінің жаңаша түрленуіне жол салған сан қырлы суреткердің әр шығармасына тоқталып, бір үлкен мақала жазсақ та, біз ондағы тереңдіктің түбіне жете алмаймыз. Шындығында да, «Демиан», «Сиддхартха», «Даланың қасқыры», «Мөлдір моншақтар ойыны» т.с.с. туындылар – адамзат баласының мәңгі сарқылмайтын алтын қазынасы.
Оларды қайталап оқыған сайын бұрын-соңды байқамай келген дүниелерге басқаша көзбен үңіліп, ойдың кенішін табасың. Міне, осы тұрғыдан алғанда Гессенің шығармашылық әлемдегі бағындырған биігін ХХ ғасырдағы немістің ең ұлы қаламгері Томас Маннмен бір қатарға қойсақ, еш қателеспейміз.
Жазушының қысқаша өмірбаянын оқып шыққан адамның көзіне Герман Гессе аса үлкен қиындықты басынан кешпеген адам болып көрінуі де ықтимал. Ол 1877 жылы Кальве қаласында протестант миссионерлердің отбасында дүниеге келді. Әдебиеттегі табысқа ерте қол жеткізіп, өмірін жаһандық текетірестерден іргесін аулақ салған Швейцарияда өткізді. 1946 жылы «Мөлдір моншақтар ойыны» романы үшін әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленіп, 1962 жылы Еуропадағы бай меценаттардың бірі сыйлаған зәулім үйінде қайтыс болды. Өмірінің соңғы жылдарында жазушы үйінің маңдайшасында «Мазамды алмауларыңызды сұраймын» деген тақтайша ілініп тұрған екен. Сырт көзге сыршыл суреткердің өмір жолы тақтайдай тегіс сияқты көрінгенімен, оның ғұмырының жұрттың көбі біле бермейтін, жазушының өз сөзімен айтқанда, «тозақпен пара-пар» ащы шындығы толып жатыр. Жас кезінен рухани дағдарысты басынан өткерген Гессенің жаны өмір бойы тыныштық таппады. Қатты күйзеліске ұшырап, өзіне-өзі қол сала жаздап, жындыханаға да жатып шықты. Сол кездегі жазған хаттарының бірінде ол «Егер де сіз менің ішіме үңіліп, түнектегі тозақты көрсеңіз, маған өлім тілер едіңіз» деген сөздерді айтуға дейін барды.
Өткен аптада Герман Гессенің үш туындысын – «Сиддхартха», «Даланың қасқыры» мен «Майда моншақтар ойыны» («Игра в бисер») оқып шығып, олардың әрқайсысы менің көңілімде түрлі әсерін қалдырды. Соңғы екеуінің баяндау мәнері де, жазылу стилі де, көтерген проблемалары да тым күрделі болса, «Сиддхартха» өте қарапайым және жеңіл стильмен жазылған хикая екен. Герман Гессенің шығармашылығымен танысқысы келгендерге ең әуелі «Сиддхартханы» оқуға ақыл-кеңес берер едім. Бірден айтайын. Мен бұл хикаяны оқып шығып, өзім үшін Америка аштым деп айта алмаймын. Шығармадағы баяндалған ойлардың бәрі маған да, сіздерге де өте таныс қарапайым шындықтар. Дегенмен, бәрімізге де мәлім сол шындықтарды кез-келген оқырманның жүрегін елжіретіп, көңілін толқытып, жан әлемін тебірентіп жіберетін суреткерлік шеберлікпен нағыз суреткер ғана жеткізе алатын болса керек. Жұртқа пайдалы дүниелерді халық есіне салып отырғанның зияны жоқ. «Сиддхартха» секілді шығармалардың басты құндылығы да осында.
Романның әлқиссасында суреттелетін бас кейіпкердің іс-әрекетінен мен өзімнің жас кезімді көргендей әсер алдым. Беделді тұлғалардың көбісін мойындамайтын, өз жолын іздеуден басқаға мойын бұруға шамасы жоқ кезбе философ өмірінің соңында ғана шындықты іздеп табады. Өз басым хикаяда баяндалатын мына бір эпизодты шығарма авторының айтқысы келген ойының түйіні ретінде қабылдадым.
«Мен саған не айта аламын, мәртебелім? Сенің ізденіс үстінде жүргеніңе көп уақыт болды, бірақ шектен тыс ізденіспен әуестеніп кеткендіктен сен ештеңе де таба алған жоқсың. – Оның себебі неде? – деп сұрады Гоминдан. – Егер де біреу бар ынтасымен бір нәрсені іздесе, – деді Сиддхартха, – оның көңіл көзі өз іздегенінен басқаны сезу қабілетін жоғалтып, ол ештеңені де қабылдай алмайды, себебі, оның бүкіл ойы ізденістен басқаға бос емес, өйткені, оның қуған мақсаты бар, ол сол мақсатына жетуді ғана көздейді. Ізденіс дегеніміз – мақсат қуу. Ал, шындықты табу үшін адам азат болуы, кез-келген таным үшін ашық болып, мақсат қумауы тиіс. Сен, мәртебелім, ізденушілердің қатарынан сияқтысың, өйткені, мақсатыңа жету жолында көз алдыңда болып жатқан көп шындықты байқамайсың».
Кітаптың басты құндылықтарының бірі ретінде шығарманың көркемдік стилін айтар едім. Шығарма орыс тіліне өте жақсы аударылған. Гессенің ойлары құдіретті музыкадай жүректен төгіледі. Бір деммен оқылатын шығарма сені жалықтырмай, танымыңды тереңдете түседі. Түсінуге өте күрделі будда ілімінің тәмсілдерін жазушы өте қарапайым тілмен шебер жеткізген.
Гессенің бұл шығармасын Пауло Коэльоның «Алхимигімен» салыстыруға болады. Екі шығарманың идеясы да, ондағы айтылатын ойлар да бір-біріне қатты ұқсайды. Бірақ «Сиддхартхада» айтылатын ойлар анағұрлым терең. Гессе өз шығармасында оқырманның ақыл-ойын құрметтей отырып, оған ешқандай да дайын рецепт ұсынбай, ешкімге де өз идеясын таңбай, бізді мәңгілік тақырыптар туралы толғануға шақырады. Бұл кітапты әр оқырман өз жүрегінің қалауы бойынша қабылдап қана қоймай, өз танымына сәйкес түсіндіре алады. Шығармамен танысқан адам өзінің оқушыдан қалай туындыгерге айналып кеткенін байқамай қалады. «Сиддхартханы» оқып шыққаннан кейін өмір сүргің келіп кетеді.
(А.Кеңшілікұлының фейсбуктегі жеке парақшасынан алынды)