Делимитация термині Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болды
Берекет Кәрібаев,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Халықтың тарихы аңыздарда, әңгімелерде, шежірелерде, жырларда, дастандарда көрініс беріп отырады. Қазақ хандығы туралы түсінігімізге «зар заман» мен «Қаратаудың басынан көш келетін» тұстардың қасіреті кері әсерін тигізгені рас. Жаңа заман туған кезде бұрынғының қасіреті қалып, қуанышын шайып кетіп жататыны да бар. Әйтпегенде қазақтың жадында қазақ мемлекеттілігінің барлық кезеңі сайрап тұр. Қобыланды батыр мен Ақжол би туралы аңыз әңгіме 4-5 ғасыр уақыт өтсе де халықтың санасынан өшкен жоқ. Одан өзге қаншама жыр-дастандарды алып қараңыз, бәрінде ел үшін, жер үшін, Отан үшін, бүгінгі тілмен айтсақ, мемлекет үшін талай билеуші, батыр, би күресіп жүр. Иә, ауыз әдебиеті солай, шежіре атадан балаға берілген кезде негізгі суреттер қалады да, көптеген нақты мәліметтер сызылып қалып отыруы мүмкін. Сөйтіп, көп жағдайда аңыздар биліктің символы ретінде хан ұғымын ғана сақтап қалып, оның нақты кім екенін анықтамайды. Әйтеуір, «Ертеде бір бір хан болыпты» деумен оқиға басталады. Ол ханның қырық уәзірі болады. Баһадүр батыры болады, қазынашысы болады. Бұлардың бәрі айналып келгенде, мемлекеттік басқару жүйесінің өкілдері. Ол ханның ішкі-сыртқы жағдайын ойлайтын «министрлері» – кеңесшілері, уәзірлері бар.
Ал территориялық делимитация жасай алмады деген сөздер – өтірік. Делимитация термині Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болды. Оның үстіне біздің территорияға орналасқан халық Еуропадағыдай тығыз емес еді, мұндай жағдайда делимитация жасаудың қажеті де болмай қалды. Сіз айтып отырған делмитация – шекара белгілі бір тау, өзен, көл, ормандармен белгіленді. Орта ғасырларда Түркістан уәлаяты мен Дешті Қыпшақ арасындағы шекара белгілі бір төбе арқылы анықталды. Одан өзге, құм, теңіздер де шекара міндетін атқарып отырған. Ел билеушілерінің барлығы да бұл шекараларды бес саусағындай біліп отырған. Ол кездің мемлекеттік жүйесіне, басқару аппаратына, әкімшілік құрылымына бүгінгі күн тұрғысынан кінә арту дұрыс емес. Қазақ хандығы дәуірінде мемлекеттік аппарат, мемлекеттік жүйе халықтың мүддесіне сай қызмет етті. Халықтың ол кездегі мүддесі не еді? Ол – елдің тұрмыс-тіршілігі, мал бағатын қыстауы мен жайлауының қауіпсіздігі еді. Бұл қазақ халқының өмір сүруі мен шаруашылық жағдайының формасы болған. Ол заманда қазақ халқы бақытты өмір сүргісі келсе өзінің этникалық шаруашылық аумағын сақтап қалу керек еді. Сақтап қала алды да.