Жас ғалымдар дүниежүзілік сайыста топ жардЫ
«Shell Eco-marathon» жарысы жыл сайын энергия тиімдігі жоғары көлік құралдарын әзірлеу және жасау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен үздік студенттік командаларды жинайды. Бұл байқау тұрақты көлік және инновациялық технологиялар саласындағы маңызды іс-шаралардың бірі болып есептеледі. «Shell Eco-marathon»-ға қатысу энергияны үнемдейтін технологияның маңызын арттырып қана қоймайды, сонымен қатар жас таланттарға құнды тәжірибе мен білім ала отырып, халықаралық аренада өзін көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық студенттер тобы бірнеше жылдан бері өз жобасымен белсенді жұмыс істеп келеді. Жұмыс барысында студенттер жоғары энергия тиімдігі бар көлікті жобалаумен айналысады. Дененің аэродинамикасынан бастап материалдарды таңдауға және электр станциясын оңтайландыруға дейін әр элементке назар аударылады. Жобалау аяқталғаннан кейін автокөлікті құрастыру басталады. Бұл кезеңнің маңызды бөлігі – ықтимал кемшіліктерді анықтау және жою үшін жүргізілетін сынақтар. Команда әр түрлі жағдайларда сынақтар жүргізу негізінде максималды тиімділікке қол жеткізуге тырысады. Сынақ нәтижелеріне сүйене отырып, автомобиль дизайнына қажетті өзгерістер мен жақсартулар енгізіледі, байқаудың негізгі мақсаты – ең аз отынмен немесе энергиямен мүмкін болатын қашықтықты еңсере алатын автомобиль жасау.
Осы байқауда Сәтбаев университетінің жас талапкерлерден құралған «Satbayev racing team» (SURT) командасы өз мүмкіндіктерін құр жібермеуге тырысып бағуда. Талантты да өршіл студенттерді біріктірген басты мұрат – энергияны үнемдейтін көлік құралдарын жасау үшін озық технологияларды әзірлеу және енгізу. Құрылған сәттен бастап команда айтарлықтай жетістіктерге жетті және инженерия мен инновация саласындағы дағдылары мен білімдерін дамытуды жалғастыруда.
«SURT» 2018 жылдан бері «Shell EcoМarathon Asia» байқауына Қазақстан атынан қатысып келе жатыр. «Shell EcoMarathon» жарысы – Азия-Тынық мұхиты аймағы мен Таяу Шығыстың студенттік командалары үшін маңызды іс-шара. Жарысқа Азияның түкпір-түкпірінен 100-ден астам команда қатысып, өздерінің инновациялық көліктерін ұсынады. Мұндай ауқымды жарысқа қатысу бізге үлкен тәжірибе мен шабыт береді. Біз бұл жарыста елімізді лайықты танытып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуді мақсат еттік.
Осы жолда командамыз алғаш рет 2018 жылы Сингапурда «ISU прототипі 1.3» автокөлігімен қатысып, ең әдемі және ең жарқын көлік атағын алған болатын. Ол 1 литр этанолмен 170 шақырым қашықтықта еркін жүре алады. Бұл автокөлік – команданың ең алғашқы жетістігі. Осы арқылы біз ары қарай тоқтамау керек екенін, алдағы уақытта одан да биік жетістіктер күтіп тұрғанын түсіндік. Командамыздың ең алғашқы болиды AISU-дың жарыстағы ең әдемі болид атағын алуына оның сыртқы көрінісі мен бояулы дизайны ерекше ықпал етті. AISU болидының сыртқы бөлігі шыны талшықтан жасалған, ал ішкі рамасы темірден құрастырылды.
Екінші болидымыз – «Taiburyl» 1 литр этанолмен 161 км. жүре алады. Бұл болидың сырты карбоннан, ал ішкі рамасы алюминиден жасалған. 2019 жылы біз «Spirit of the Event and Perseverance a reward» атағын жеңіп алдық. Аталмыш номинация жарыста ерекше көзге түскен командаға беріледі. Бұл жетістік біздің команданың ерекше қабілетін және жоғары деңгейдегі жұмыстарын дәлелдеді.
Үшінші машинамыз «Aldaspan» толықтай карбоннан жасалды, ал артқы рамасын алюминиден келтірдік. Карбон өте берік және мықты, қымбат материал болғандықтан көбіне машина жасауда қолданылады. «Aldaspan» болидымызды жинап-шашуға ыңғайлы етіп құрастырдық, соның нәтижесінде көлік үшке бөлініп, қайта жиналатын болып шықты. Бұл бізге болиды бокспен емес, багажбен тасымалдауға мүмкіндік береді, яғни тасымалдау шығындарын айтарлықтай азайтады.
Төртінші болидымыз – «TOQ» 2023 жылы жарысқа қатысқан болатын. Сол жылы «Spirit of the Shell Eco-marathon Award Winner» жүлдесін жеңіп алдық. Бұл болидымыз да «Aldaspan» сияқты карбоннан жасалған, артқы рамасы темірден болды. «TOQ» болиды электр қуатымен жұмыс істейді. Автокөлігімізді жасау кезінде біраз қиындықтарға тап болдық. Соған қарамастан 3 апта ішінде жасап бітірдік, себебі кейбір материалдар кеш келді. Жарыс мерзіміне де уақыт аз қалған. Ұшатын күні бәріміз біріге автокөлігімізді тестілеуден өткіздік.
Біз бұнымен тоқтаған жоқпыз. Командамыздың әр мүшесі жарыста өзінің тапқырлығы мен білімдерін сынап басқа командаларға көмек көрсетті. 2023 жылғы жарыс Индонезияның Ломбок аралындағы «Pertamandalika» атты атақты жарыс трегінде өтті. Бұл жарыста біз техникалық тексерістен өте алмай қалған командаларға қол ұшын создық. Болидың қауіпсіздігіне арналған техникалық тексеріс тежегіштерін және электросхемасын, сондай-ақ жүргізушінің тез шыға алу мүмкіндігін зерделейді. Біз бұл тексерістен сәтті өттік. Техникалық тексерістен өте алмай қалған командалар қатарында Қытай, Филиппин және Индонезия командалары бар. Олардың тежегіштері істен шыққан болатын. Біздің инженер механигіміз Диас Қытайдың ең мықты командасына тежегіш жүйесін қалпына келтіріп берді. Филиппин командасына техникалық тексерістің аяқталуына 1 сағат қалғанда көмектесіп, олардың болидын қалпына келтірдік. Индонезия командаларына қажетті құрал-жабдықтармен көмек көрсеттік.
Бұл жарыстар нәтижесінде көп тәжірибе жинау арқылы Индонезияда өтетін «Shell Eco-Marathon – 2024» байқауында да өз бағымызды сынап көрмек ойымыз бар. Қазіргі уақытта командамыз қызу дайындықта, әр команда мүшесі өзіне берілген тапсырманы атқара отырып, жетістікке ұмтылуда. Көлігімізге бұрын-соңды болмаған жылдамдықты қосқымыз келеді. Мақсатымыз – болидымызды 1 кв 700 км жүргізу. Бұл жолы да біз олжалы қайтуды көздеп отырмыз.
Осынау үлкен күшті талап ететін мақсат жолында бізге көмегі мен қолдауын көрсетіп жүрген, талантты жастарды қолдай білетін «Shell Kazakhstan» компаниясына үлкен алғыс білдіреміз. Олардың қолдауы біздің жетістіктерімізге және болашаққа деген сенімімізге зор ықпал етіп қана қоймай, шабыт сыйлайды. «Shell Eco-marathon – 2024» байқауына дайындық қазақстандық команданың инновациялар мен тұрақты дамуға деген талпынысын айшықтайды. Бұл жарысқа қатысу студенттердің инженерлік дағдыларын дамытумен бірге энергияны үнемдейтін және экологиялық таза көлік үшін жаһандық қозғалысқа үлес қосады.
Ибраим ӘЛІБЕК