Айрықша кеш өтті айта жүрер
Жуырда Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясы мен партия хатшысы Қайрат Сатыбалдыұлының тікелей қолдауымен кино және цирк әртісі, өнер зерттеушісі, Қазақстан КИнЭС рекордшысы Жәмәли Диханұлының «Сырлы өнердің сырласы» атты кеші өтті.
Жәмәли Диханұлы қазақтың ұлттық спорты мен қазақ өнерін дәріптеу жолында көп жылдар бойы талмай еңбек етіп келеді. Оның рекордтар кітабының жеңімпазы болуы да осы қажырлы еңбегінің жемісі. Жәмәли Диханұлы Қытай Халық Республикасымен шекаралас Дербілжін ауданы, Күрті ауылында дүниеге келген. 1991-1995 жылдары СУАР педагогикалық дене шынықтыру факультетінде оқып, 1995-1999 жылдары Шаңхай, Шан-ши қаласында шығыс жекпе-жегі мен цирк өнерінен білімін жетілдірген. Қытай елінде жүріп спортшы және цирк өнерпазы ретінде танылған Жәмәли елге келген соң «Абылай ханның балалық шағы» туралы фильмде Әбілмансұрдың тәрбиешісі Ораздың рөлін сомдады.
Ш.Айманов атындағы киностудия түсірген «Ақсұңқар», «Орындалған арман» атты фильмдерде де каскадерлік ойындарға түсті.
Қанат МҰСАҒҰЛОВ, «Нұр Отан» партиясы хатшысының кеңесшісі:
– Жәмәли Диханұлы Алланың берген ерекше қасиетінің арқасында жалаңаш денесіне найза қадайды, велосипедті тісімен-ақ тік көтереді, тіпті, тісімен көлік сүйрейді, аузымен от бүркіп, пышақтан баспалдақ жасап, соның үстімен жалаң-аяқ жүре алады, ол аз десеңіз, ат құлағында ойнайды. Мұның бәрі қазақтың жауынгерлік өнерінде бар тәсілдер десек артық айтқандық емес. Осындай өнер иесін халыққа таныстыру мақсатымен осы кешті ұйымдастырып отырмыз.
Концерт барысында спортшы 18 пышақтан баспалдақ жасап, оның үстінен жалаңаяқ жүріп өтті. Кір тасын қаңбақтай ойнатты. Жәмәли Диханұлының айтуынша, бұл өнерді меңгеруіне әкесі себепші болған. «Менің алғашқы ұстазым – әкем. Ол: «Сенің қанша миллиондаған ақшаң болса да, мыңғырған малың болса да, олар саған пайда әкелмейді. «Мал бір жұттық» дегендей, олар бір демде жоқ болып кетуі мүмкін. Ал бойыңда өнерің болса, білімің болса, оны ешкім ұрлап немесе тартып ала алмайды. Сондықтан білім ал, өнерлі бол. Өнер есіктегі басыңды төрге сүйрейді», – деп үнемі айтып отыратын. Әкемнің өзі де темірден түйін түйген ұста болды. Қазіргі кеудеге найза қадап көрсетіп жүрген нөмірді үйрену үшін бала кезімізде қамыспен жаттығатынбыз», – дейді Жәмәли Диханұлы.
Сонымен қатар, Жәмәли Диханұлы «Қара жорға» биін насихаттау мақсатында «Қара жорға» қауымдастығын құрды. Моңғолия мен Қытай жеріндегі қазақтар мекендеген ауылдарды аралап, бидің тарихымен танысты. Мұрағаттарды ақтарып, деректер жинады. «Қара жорға» қазақтың биі екендігіне дәлелдер келтіріп, халық биі туралы кітап жазды. Қазақтың ұлттық спорты мен өнерін бір-бірімен қабыстырып, қатар насихаттаған кешке қазақтың зиялы азаматтары мен қатар бірқатар өнер адамдары қатысты.
Серік ЖҰМАБАЕВ.