Жас таланттардың өнер фестивалі өтті
15.11.2022
423
0

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Біз – Жаңа Қазақстан жастарымыз!» атты жас таланттардың өнер фестивалі өтті.

Мұндағы мақсат –  талантты жастардың өнері арқылы жаңа Қазақстан жастарының  ұлттық рухани өре биіктігін таныту.

Фестиваль биыл алғаш рет ұйымдастырылды. Оған қатысуға 2000-ға жуық студент өтініш білдірді. Байқау талаптарына сәйкес өнерпаздарды іріктеу бір ай бойы жүргізілді.  Ақтық сынға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 300-ге жуық жас жолдама алды. Олардың арасында шетелдік студенттер де бар.

Үздік шыққан өнерлі жастар Студенттер сарайында өткен салтанатты кеште сахна төрінен көрінді.  Олар дәстүрлі, эстрадалық, классикалық және заманауи әндерді әуелете шырқап, жарысқа түсті. Түрлі ұлттың биін нақышына келтіре билеген өнерпаздар көпшілікті  талантымен тамсандырды. Сонымен қатар шығармашыл жастар музыкалық аспаптарда шебер ойнап, өнерге деген зор талабы мен талантын байқатты.

Танымал әншілер Жігер Ауыпбаев, Мұхтар Ханзада, Мақсат Рахмет, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрінің солисі Нұрғали Төлеби, қоюшы-режиссер Төлеген Қуанышбек, «Қазақ әуендері» АҚ креативті директоры, хореограф Ким Анна сынды өнер тарландарынан құралған әділқазылар алқасы байқауға төрелік етті.

Өнер додасында топ жарған жастарға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы  –  Ректоры Жансейіт Түймебаев тағайындаған арнайы жүлделер табысталды. Бас жүлдеге  3 шәкіртақы, 1-орын иегерлеріне – 2,  2-орын иегерлеріне 1 шәкіртақы көлемінде қаржылай сый ұсынылса, 3-орын жеңімпаздарына Ыстық көлдегі ҚазҰУ спорт-сауықтыру лагеріне жолдама берілді.

Жарыс нәтижесінде химия және химиялық технологиялар факультетінің білімгерлері бас жүлдені жеңіп алды. Ал номинациялар бойынша «Халық би» бас жүлде иегері – география және табиғатты пайдалану факультетінің студенттері,  «Классикалық би» – химия және химиялық технология факультетінің 4-курс студенттері:  Ныған Нұрсәт және Амантаева Майя, «Соло би» – жоғары оқу орнына дейінгі білім бері факультетінің студенті  Хайрол Ахгул, «Заманауи би» – механика-математика факультеті студенттері, «Флейтада ойнау шеберлігі» – философия және саясаттану факультетінің 2-курс студенті Маржан Ертілес, «Дәстүрл ән» – журналистика факультетінің 2-курс студенті Сабина Жеңісханова, «Эстрадалық ән» – физика-техникалық факультетінің 4-курс студенті Жәнібек Сәбитбек  және  география және табиғатты пайдалану факультетінің 2-курс студенті Гүлден Кенжеғали, «Классикалық ән» – Экономика және бизнес жоғары мектебінің 3-курс студенті Арайлым Берік жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ фестиваль аясында ұлттық құндылықтарды ұлықтаған «Жаңа Қазақстан – ұлттық құндылықтар мен рухани дәстүрлер кеңістігі»  атты этнографиялық  көрме өтті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір