Нобель сыйлығы кімдерге бұйырды?
24.10.2019
2529
1

1895 жылы 27 қарашада швед өнертапқышы әрі өнеркәсіп иесі Альфред Бернхард НОБЕЛЬ  бес сала бойынша Нобель сыйлығы берілу керектігін айтқан. Сол өсиетнамаға сәйкес 1901 жылдан бастап физика, химия, медицина, әдебиет және бейбітшілік салалары бойынша елеулі жетістікке жеткен тұлғалар аталған сыйлықпен марапатталып келеді. Нобель сыйлығына үміткерлерді Нобель қорынан арнайы мұрсат алған адамдар ғана ұсына алады. Олардың қатарына ақын-жазушылар, Нобель сыйлығының лауреаттары, прфессорлар мен әдебиет сыншылары, сондай-ақ кәсіби шығармашылық ұйымдар кіреді.

Мамыр айында үміткерлердің қысқаша тізімі бекітіліп, олардың туындыларын оқып шығуға академия мүшелеріне  бес ай уақыт беріледі. Кандидаттарды ұсынумен байланысты қағаздар мен жекелеген құжаттар, мәліметтер құпия түрде елу жыл сақталады.

Биылғы қорытынды бойынша, польшалық ақын әрі жазушы Ольга Токарчук пен аустриялық жазушы, сценарист  Петер Хандке әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері атанды. Өткен жылы ішкі жанжалдың шығуына орай, Швед корольдік ғылым академиясы лауреаттарды жариялаудан бас тартқан. Нәтижесінде Токарчук 2018 жылдың жүлдесін алса, 2019 жылдың жүлдесі Хандкеге бұйырды.

Ольга ТОКАРЧУК өзінің ең алғашқы романын 1993 жылы жазған. Романнан өзге, бірнеше әңгімелер мен өлеңдер жинағын да өмірге әкелген. Негізгі мамандығы бойынша психолог болып қызмет атқаратын ол, өз жұмыстарында Карл-Густав Юнгтің аналитикалық психологиясының дәстүрлерін ұстанады. Токарчук көптеген танымал әдеби сыйлықтарды еншілеген. Соның ішінде Букер әдеби сыйлығына ие болған ең алғашқы польша жазушысы.

Токарчук «Жасылдар» партиясының мүшесі болғандықтан әрі леволибералдық журналдың редакция алқасының құрамына енгендіктен «Польшаны масқаралайды» деген желеумен, көптеген саяси қарсыластары мен Нова-Руда қаласының патриоттары одан өз өңірінің «Құрметті азаматы» атанудан бас тартуын талап еткен.

Ольга Токарчук – польшалық қаламгер­лердің арасында Нобель сыйлығын иеленген бесінші жазушы. Оған дейін бұл сыйлықты Генрик Сенкевич, Владислав Реймонт, Чеслав Милош, Вислава Шимборская секілді польша қаламгерлері иеленген.

Тілші, филология ғылымдарының докторы Наталия Ананьева оның шығармашылығына: «Токарчук адамдар арасындағы қарым-қатынас пен ұлттар арасындағы әртүрлі тарихи кезеңдерді шығармаларының негізгі тақырыбы етіп алған.  Мысалы, «Иакова  кітабында» ортағасырлық кезеңді, он алтыншы ғасырдағы айтулы сәттерді Еврей халқының тарихымен байланыстыра отырып сипаттайды.

Ольганың прозалық шығармалары күрделілігімен, көпжоспарлығымен ерекшеленеді. Славян халықтарының және өзге де халықтардың тарихына саяхат жасай отырып, олардың өзара байланысы мен айырмашылықтарынан көптеген философиялық ойлар түйіндейді. Негізгі образдарының арасында өмірде болған, шынайы кейіпкерлер көптеп кездеседі.

Оның прозасы ұлттардың ұйысуына, түсінісуіне молынан ықпал етеді деп ойлаймын. Токарчук нәсілшілдікке, нәсілдік кемсітушілік пен ұлтқа бөлінушілікке өз туындылары арқылы қарсылығын ашық білдіреді, әрі сол бағытта табанды түрде еңбек етіп келеді»,  – деп сипаттама берген екен.

Көлемі жағынан да, құрылымы мен мазмұны жағынан да әлемдік әдебиетте зор маңызға ие болған «Иакова кітабы» 900 беттен тұрады. Бір қызығы, кітап парақтары соңғы беттен бастап нөмірленген, яғни соңғы бетінен бастап оқылады. Шығармада 1752 жылы орын алған шынайы оқиғалар суреттелген. Онда поляктардың еврейлерге көрсеткен қысымшылығы, әділетсіздіктері мен зорлық-зомбылығы, құл иелену белең алған шақтағы шектен тыс өктемдіктері ашық бейнеленеді. Бұл кітаптың желісі поляк ұлтшылдары мен патриоттарына ұнамай, ел тарапынан үлкен қарсылыққа да ұшыраған. Ольга Токарчук отандастарын тарихи шындықпен бетпе-бет келуден қашпауға, керісінше, уақыт тұңғиығындағы ақиқатты айқындап, әр кезеңді нақты дәйектермен, бұрмалаусыз деректермен қайта жазып шығуға шақырды. Алайда бұл тектес сөздер де  қарсылықты тойтара алмады.

Тағы бір танымал кітабы – «Жүгірушілер» («Бегуны») ескі діни секталардың атымен аталған көрінеді. Шығарма барысы осы ұйым мүшелері мен олардың «бір орында тоқтап қалған адам қара күштердің, зұлымдықтың шабуылына ұшырайды.  Ал үнемі қозғалыста болу адам жанын әртүрлі келеңсіздіктерден құтқарып қалады» деген түсінігіне құрылған.

Петер ХАНДКЕ 1942 жылы өмірге келген. Әдеби кеңістікте 1960 жылдары, студент шағында  бой көрсете бастады. Алғашында авангардизмді қолдаушы ретінде танылған ол, кейіннен неғұрлым дәстүрлі стильде жаза бастайды. Сонымен бірге, «ақиқатты аңғартудың, шындықты жеткізудің басты құралы – Тіл» деген қағида оның жұмыстарының негізгі кілті болды.

«Рецензия жазушылар менің кітап­та­рымның тамаша екенін, бірақ шығар­мала­рыма әлдебір хикаяттар желісі мен ішкі шиеленістің, шытырман оқиғалардың жетіспейтінін жиі жазады. Ал маған шытырман оқиғалар, шииеленіскен іс-әрекеттер ұнамайды. Тіл – ең асыл құндылық  және ол ойды жеткізу үшін ғана қолданылмайды. Тіл ұлы кітаптардың тілі болу үшін өмір сүреді», – дейді ол өзінің бір сұхбатында.

Хандке әңгіме, романдардан, өлеңдер мен пьесалардан өзге киноларға жазған сценарийлерімен де кеңінен танылған. Осы бағытта неміс режиссері Вим Вендерспен бірлесіп көп жұмыс жасағаны киносүйер қауымға мәлім. Екеуінің шығармашылық одақтастығының алғашқы нәтижесі ретінде Хандкенің осы аттас романының желісімен түсірілген  «Он бір метрлік жердегі қақпашының қорқынышы» деген толықметражды фильмді атауға болады. Вендерс пен Петердің тағы бір жемісті туындылары – «Жалған әрекет» пен «Берлин аспаны» ең танымал фильмдердің қатарын толықтырған.

Сондай-ақ, Хандке өзі жазған сценарий бойынша, «Солақай әйел» («Женщина-левша»), «Ғайып болу» («Отсутствие») фильмдерін түсірген.

Хандке әдеби кеңістіктен тысқары, бұрын­ғы Югославия аумағында ұзақ жыл­дар­ға созылған  соғыс өртінің тұтануына және аймақта гуманитарлық апаттың бола жаздауына тікелей кінәлі саналатын Слободан Милошевичті қолдауымен де белгілі. Осы әрекеті үшін баспасөз беттерінде қатты сыналған кездері де болған.

Осы жолы да «Сыйлықты әскери қыл­мысты, соғыс әрекеттерін қорғаушы адам алып отыр»,  – деп, словендік философ Славой Жижек   Нобель камитетінің шешіміне қарсылығын ашық білдірді.

Жазушының өзі де 2006 жылы  New York Times газетіне берген сұхбатында  Нобель сыйлығын алуды жас кезінен армандайтынын, бірақ коммунистік Югославияны жақтайтын көзқарасы үшін оны ешқашан ала алмайтынын айтқан екен. Тіпті,  сыйлықты алған сәтте де өз  пікірін айта келе, комиттеттің мұндай шешім шығарудағы батылдығына таң қалғанын жасырмайды.

Ол Нобель сыйлығына тілтанымдық дарындылығы арқылы адамзат тіршілігінің өзгешелігі мен перифериясына терең зерттеулер жасап, әр детальды тілдің құдіретімен шебер үйлестірген еңбегі үшін лайық саналғанын айтады комитет мүшелері. Аустриялықтардан Хандкеге дейін бұл сыйлықты бір ғана жазушы – Эльфрида  Елинек еншілеген.

Хандке шығармаларын тәржімалаушы, әдебиетші Михаил Рудницкий оның шығармалары хақында: «Хандке – өте терең адам әрі жақсы жазушы. Бірақ ол оқырман үшін жазуды әлдеқашан доғарған, шығармаларын көбіне дерлік өзі үшін жазады. Сөйте отырып, өзінің ең қалтарыстағы нәзік ойлары мен толғамдарын бірге тануға  оқырмандарына ерік береді, мүмкіндік туғызады.

Оның бойында тақуаға тән болмыс бар, яғни өзіне өзі ғана жеткілікті, өзге ешкімді қажетсінбейді.

Хандке әрқилы революциялық тол­қуларға белсенді түрде қатысатын. Оның басты тезисі – «Капитализмді сынап, мінеудің қажеті жоқ, керісінше, жаңа қоғамның адам санасын шектеп, жаншып, оны қалай мазаққа айналдырып жатқанын түсіну керек» деген ойға негізделген. Шығармаларының басты тақырыбы да осы төңіректе өрбиді», – дейді. 

Хандке бір повесінде анасы жайлы баяндай отырып, елеусіз, қарабайыр  сәттермен, күнделікті қайталана беретін бір сарынды оқиғалармен өтетін өмір барысында адам өз арманын жүзеге асыра алмайтыны турасында айтады. Өйткені мұндай өмір сүру формасында адамның қабілетін көрсете алатын, тұлғалық даралығын танытатын мүмкіндіктер болмайды деп түйіндейді автор. Шығарманы оқи отырып, анасының ешқандай мақсатсыз, сүреңсіз өткен өмірі баласының жанына қатты бататынын сезінеміз.

Хандкеден кейін көптеген жазушылар осы жолмен жүрді. Нақтылы өмірлік жағдаяттар мен жазушының тікелей өмірбаянынан алынған оқиғалар көркем ойды жеткізудің ең қуатты әдісі екенін түсінген олар, өз өмірлерін өзек етіп, жанды туындыларды өмірге әкелді.

Герман тілді елдер үшін бұл айтулы сыйлықтың Хандкеге бұйырғаны зор мақтаныш, әрине. Бірақ Германия, Аустрия және Швейцария арасында өзара іштей әдеби қызғаныштың бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Әрі мұндай пейіл көбіне шағын ұлттардың тарапынан туындап жатады. Әсіресе аустриялықтар мен швейцарлықтардың төл әдебиеттеріндегі өзгешеліктер мен көрнекті шығармалардың авторы ретінде танылған жазушылардың өзгеге телініп кетпеуін қатты қадағалайтын әдеті бар. Ал немістер өздерін үлкен әрі қуатты ел санағандықтан болар, мұндай жайттардың олар үшін аса маңызы жоқтай кейіп танытады.

Қалай болғанда да, көптің арманына айналған бұл әдеби сыйлықтың Ольга Токарчук пен Петер Хандкенің қанжығасында кеткеніне қуанғандардың үлесі артық секілді. «Сыйлықты берудің қағидасы тап баяғы қалпынан айнымаған. Бұл жолы да ең әуелі әдебиет үшін табысталды. Хандке саяси көзқарасы жағынан қарама-қайшылығы мол тұлға (Слободан Милошевичті қорғаушылар қатарында болғандықтан). Ал әдеби көзқарас тұрғысынан қарасақ, екеуі де мықты жазушы, мықты сөз шеберлері» деп есептейтіндер көп.

«Токарчук классикалық үлгіге жаңа­шыл­дық енгізе отырып жазады. Сөздер мен сөйлемдерді сезінуі өте жоғары деңгейде дамығаны сондай, атмосфераны, жанның тербелісі мен адамның ең нәзік сезімдерін керемет жеткізе алады. Оның туындылары жеңіл оқылады, ондағы пайымдар мен ой астарын түсіну үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Ал Хандкені оқу үшін, керісінше, іштей үлкен дайындық керек. Жеңіл туындыларынан бастап, бірте-бірте ауысып отырып, күрделі шығармаларына ойысу қажет. Өйтпеген жағдайда, Петер прозасы оңайлықпен ашыла қоймайды. Ол – әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін шығармашылығына дарытқан соңғы толқынның белді өкілі. Оған ең әуелі шығарманың тілі, сөздермен эксперимент жасау және мәтіннің көзге көріну барысы қызық»,  – дейді әдебиет зерттеушілері.

Қайткенде де, әлем көз тіккен ең беделді сыйлыққа қызығушылар қатары жыл сайын артуда. Ол турасындағы әрқилы әңгімелер мен ойлар легі де толастаған емес. Ал жүлденің қаншалықты әділетті берілгеніне уақыт төреші.

Материалды әртүрлі
дереккөздерінен алып дайындаған

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІРЛЕР1
Аноним 28.10.2019 | 23:49

Керемет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір