ПЕЛАГЕЯ МЕН АЙША. БІРІ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ, БІРІ ЖЕСІР ҚАЛДЫ
24.10.2019
1271
0

Ұлы Абайдың «Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге» деген ақыл сөзін жатқа білмейтін қазақ жоқ, сірә?! Алайда кітапты таңдап, талғап оқу және оқығанын түсініп, өмір қажетіне жарата білу әр адамның өзіне байланысты.  Біз «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырмандарына» мынадай сауалдар қойдық: Сүйікті жазушыңыз кім? Оның шығармашылық қолтаңбасы несімен ерекшеленеді? Жаныңызға айрықша жақын шығармасы қайсы?

Бекет МОМЫНҚҰЛ, жазушы-журналист, Қазақстан  Жазушылар одағының мүшесі

Біз оқыған мектепте қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы пәндері бар еді. Бірақ оқытатын мұғалімдер болмай, соның есесінен орыс тілі мен әдебиетін жақсы білдік. Тургенев, Чехов, кейінірек Шукшиннің шығармаларын қызыға оқыдым. Әлі есімде, Тургеневтің «Му-му» деген әңгімесін оқып, жылап алғанмын.

Студент кезімізде әлемдік әдебиетпен танысып, өрісіміз кәдімгідей кеңейген. Колумбиялық Габриель Гарсиа Маркес, грузин Нодар Думбадзе, қырғыз Шыңғыс Айтматовтың кітаптарын оқып, жаңа әлем аштық. Сондықтан бір ғана жазушыны жақсы көремін, шығармашылығын құрметтеймін деген дұрыс емес-ау. Әрқайсысы санамызда өз ізін қалдырғаны – ақиқат.

Ал қазақ әдебиетімен терең танысуыма себепкер болған – Момышұлы Бақытжан көкем. Ол орысша жазды. Бірақ кезінде қазақ авторларын орыс тіліне аударумен айналысты. Бәкең Шерхан Мұртазаның «Қара маржан» романын орысшаға аударып жатқанда біраз уақыт қасында болдым. Сөйтіп, Шерхан көкем менің өміріме кірді. Жазушы, суреткер ретінде. Бала кезімізде талай көрген ағамды басқа қырынан тани бастадым. Кейінірек отбасымызбен араласып та кеттік. «Әй, Бекет, сенің атаң Момынқұл мен менің әкем Мұртаза жекжат болған. Сен оны білмейсің ғой, сірә. Айша жарықтық айтушы еді, Момынқұлдан асқан досы да, туысы да болған жоқ Мұртазаның. Енді солардың жолынан біз таймайық», – деп, Шераға мені өзіне тартатын. Сонда мен «Айша кім?» – деп сұраймын ғой. «Е-е, ол менің шешем, әулие адам еді, жарықтық», – деп күрсінді көкем.

Айша апаммен мен кейінірек таныстым, Шерағаның «Ай мен Айша» романын оқып. Өмірімде кітап оқып отырып екінші рет жыладым сонда, «осындай да қайсар, балалары үшін жанкешті ана болады екен-ау» деп. Ананың бейнесін Шераға аса шеберлікпен сомдаған. Шынында да, Айша апам әулие болған екен. Кезінде Максим Горькийдің «Мать» деген романын оқып қайран қалған едім. Біздің Айша апамыз бен Горькийдің анасы – Пелагея Ниловна екеуінің тағдыры ұқсас. Саналы өмірі күреспен өткен. Бір ғана айырмашылығы мынада: Пелагея Кеңес өкіметін құруға талпынса, сол Кеңес өкіметі Айшаны балаларымен жетім-жесір етіп, өмірдің азабын таттырды.

Мен Шерағаның төрт-бес новелласын орысшаға аударып, өзім жұмыс істеп жүрген Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінде жарияладым. Күндердің бірінде Шерхан көкем Астанадан келді. Аудармаларды көрсеттім. Үңіле оқыды. Мұрты жыбыр ете қалды. Ұнады. Бірақ «аудара бер» демеді. Арада талай жылдар өтті. Өзінің сексен жылдығының алдында сол әрекеттерімді есіне түсіріп, «Бір кем дүниені» аударасың ба?» – деді. Аудардым. Тексті қолына ұстаттым. Үш-төрт апта өткенде аударманы қайтарып, «жарадың»,– деді. Сол жарағаннан «Бір кем дүние» орыс тілінде «Один изъян бытия» болып шықты.

Қали ОМАРОВ, ғалым-қаламгер, Қазақстан  Жазушылар одағының мүшесі

ӨМІР ҚҰБЫЛЫСТАРЫН ТЕРЕҢ ТАЛДАЙТЫН СУРЕТКЕР

Бұл сұраққа жауап беру бір жағынан оңай, бір жағынан қиын. Оңай болатын себебі  – кітаптарды көп оқу менің замандастарыма ортақ құштарлық еді. Мен де қазақ совет әдебиеті алыптарының, орта буын және жас ақын-жазушыларының шығармаларын оқып өстім. Бұларға қоса, студент кезімде (80-жылдар)  А.Дюма, Т.Драйзер, Ги де Мопассан,  Э.Золя, Дж.Лондон, Э.Хемингуэй, Л.Толстой  және т.б. әлемдік әдебиет және орыс әдебиеті  классиктерінің шығармаларымен жүйелі түрде таныстым. Әрине, жас қиялыма қанат бітіріп, қияға самғатқан туындылар аз болған жоқ. Кейіпкерлердің бейнелі образдарына еніп, арман қуған мінездерінен қуат алып, бірге тіршілік еткендей күй кешкенбіз талай.

Ал енді  жоғарыдағы сауалдың қиын болатыны – тұлға болып қалыптасудың сындарлы соқпақтары өмірліктей болып көрінген құндылықтардың көпшілігін қайта қарауға әкелетіні. Демек, кешегі  кереметтей көрінген шығарманың  бүгінгі талғам биігінен басқаша бағалануы да заңды.

Соңғы жылдары Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, С.Елубаев, Б.Нұржекеұлы, Т.Жұртбай, Ұ.Есдәулет, Ғ.Жайлыбай,  М.Құлкенов, С.Байхонов сынды ақын-жазушылардың  шығармаларын  қалт жібермей оқып жүрмін. Бұл қатарда қарымды қаламгер Сұлтанәлі Балғабаевтың шығармашылығына құрметім бөлек. Ол қазақ әдебиетінің көркем проза, драматургия және публицистика жанрларында ұзақ жылдар бойы өнімді еңбек етіп келеді. Поэзия әлеміне де бөтен емес. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бастап маңызды қызметтерге араласа жүріп, сондағы қыруар шаруаларды жемісті атқарған  жазушының азаматтық тұлғасы мен ұстанымы,  қайраткерлік  келбеті мен адами болмысы қоғамға белгілі.

Өткен жылы жазушы ағамыз маған «Сыр мен Сарысу» (Алматы, 2016 ж.), «Алтын сағым» (Алматы, 2017ж.) атты кітаптарын сыйлады. Аталған шығармалар жинағына  1978 жылдан бері шыққан таңдамалы повестері мен әңгімелері топтастырылыпты. Бұрыннан жақсы таныс бұл дүниелерін ой-санамнан  өткізе отырып түгел қайтадан оқып шықтым.

Өткен кезеңдердегі халықтың тыныс-тіршілігінде тағылымы мол тарих жатыр десек, сол мұраны ұрпаққа қалдыру ұлт рухының айнасы іспетті әдебиеттің де міндеті. Дәл осы ой, осы жол  рухани дариясына айналған жазушы өз шығармашылығы арқылы  туған халқының алдында перзенттік парызын  ақтағандай.  Ал қаламгердің  туған жеріне келсек, ол – ежелгі заманнан көшпелілер  өркениетінде маңызды рөл атқарған, исі Алаштың жақсылары мен жайсаңдары шыққан  Сыр бойы. Демек, оның суреткерлігінің түптамыры сол өңірдің қасиетті топырағында жатыр. Оған  нақты дәлелдің бірі – «Сыр мен Сарысу» жинағы. Осы кітаптағы атамекенге деген іңкәрлік менмұндалап тұрған «Дала», «Дария», «Ұрпақ», «Кіндік қаны тамған жер», т.б. повестерді оқи отырып, жан тебірентер толғанысқа толы жолдардан эстетикалық ләззат алып, қаламгердің шеберлігіне тәнті боласың. Мұндай сәттерде туған жердің өміріңдегі маңызын түйсініп, қадірін ұғынасың, көкейіңдегі нәзік пернелер дөп басылғандай күй кешесің.

Ауылда ес біліп, балалық шағын өткізген жазушы қоршаған орта (таулар, өзендер мен көлдер, қорымдар мен кесенелер, т.б. нысандар), мал бағу, аң және балық аулау, егіншілік, т.б. елдің  тұрмыс сипаты мен  тіршілік дағдысын, мәдениетін әрі осының бәрінің негізі болып табылатын уақыт  (жаз, қыс, т.б.) пен кеңістіктің (жайлау, қыстау, т.б.) өзара байланысын асқан білгірлікпен сипаттайды. Бұдан біз сайын даладағы әсем табиғат пен өмір-тіршіліктің жас өскіннің  ой-қиялының жүйрік болуына кезінде өз ықпалын мықтап тигізгенін байқаймыз.

«Алтын сағым» жинағына енген повестер мен әңгімелерде кейіпкерлердің бітім-болмысы, олардың тағдыр  өрімдері мен иірімдері құнарлы тілмен өрнектелген. Қызықты сюжеттер кім-кімді де баурап алады.

Жалпы, кейіпкерлер мен олардың іс-әрекеттерінің бір-біріне қарама-қайшы келетін тұстарын және қозғаушы күштерін астарлы сөздермен бейнелеу, уақыт сырын сезіну, өмір құбылыстарын терең талдау әрі оқиғалар сабақтастығын парасатпен пайымдау – суреткердің шығармашылығына тән сипаттар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір